АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.05.2018


«БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҚАЗАҚСТАН»

Күні: , 90 рет оқылды

1 мамыр — Халықаралық бірлік, ынтымақ, бейбітшілік мерекесіне орай Қазталов ауданы халқы татулықты ту етті. Көктің иісін мүңкітіп, теректерге гүл таға келетін көктемнің шырайлы мейрамының бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні Қазталов ауданы орталығында «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік шара оздырылды. Сағат 10:00-де орталық алаңға жиналған мекеме, көсіпорын ұжымдары және қоғамдық ұйым өкілдері салтанатты шеруге шықты. Шеруді аудан әкімі Абат Шыныбеков өзі бастап, орталық алаңнан шыққан шеру легі көтеріңкі көңіл-күймен «Достық» саябағына келіп кірді. Шеру легінің қатарында түрлі ұлт өкілдерінің костюмдерін киген мекеме қызметкерлері саябақтағы шаңырақ асты арқылы өтіп, алаң ортасында өз өнерлерін ортаға салды. Халықтар достығын насихаттайтын бұл мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдері болып киінгендер — қазақ, орыс, белорус, украин, татар, кәріс, армян, грузин, өзбек, шешен сияқты ұлттардың билерін билеп берді. Шарада сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков жиналған көпшілікті бірлік мерекесімен құттықтап, — татулық пен бірліктің арқасында дамып келе жатырған еліміздің аспаны ашық болсын!-деген тілегін жеткізді. Шарада барлық ұлт өкілдері шеңбер жасап, аудан әкімі Абат Абайұлымен бірге бейбітшіліктің символы көгершін және шар ұшыру рәсімін жасады. Шара барысында аудан жастары флешмоб биін ұйымдастырып, саябаққа жиналған көпшіліктің назарына ұсынды. Сондай-ақ мерекеде мекеме ұжымдары өздері таңдаған түрлі ұл өкілдерінің ұлттық дәмдері қойылған дастарханнан саябаққа жиналған көпшілікке дәм татқызды. Шара соңы аудан көркемөнерпаздары даярлаған мерекелік концертке ұласты.

Қайрат ЖАҚЫП


1 МАМЫР — БІРЛІКТІҢ ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕСІ

Күні: , 120 рет оқылды

Жалпақтал мәдениет үйінде 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты мерекелік шара өтті. Бұл шараға Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин қатысып, ауылдастарды мерекемен құттықтады. -1 мамыр бірлік күні деп, ынтымақ күні деп мерекелейміз. Себебі, елімізде ең бастысы — ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын басталуына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатыр. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін! Сіздерді тағы да айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, береке – бірлік, еңбектеріңізге табыс тілейміз,-деді Самиғола Сафиоллаұлы. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бір ананың баласындай бір шаңырақтың астында еңбек етіп, тату тәтті өмір сүріп жатса, Жалпақтал ауылында қазақ ұлтынан басқа орыс, татар, әзірбайжан, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, белорус халықтары бейбіт өмір кешіп мекен етуде. Осы мерекелік шарада Ассамблея мүшесі Марина Васильева да өзінің құттықтау лебізін білдірді. Мерекелік шара ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ҚОНАЕВ ҰШҚАН ҰШАҚ АҚБӨКЕНДЕРДІ ҚОРҒАУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Күні: , 104 рет оқылды

Мына суреттегі «АН-2» ұшағының біздер үшін тарихы бар екенін айтқым келіп отыр. 25 сәуір күні осы ұшақпен «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлерімен бірге біздің өңірдегі даланың ерке жануары – ақбөкендердің санағын алуға бірге көкке көтерілдік. Аспаннан төмен қарағанда туған жердің табиғаты өте сұлу болып көрінеді екен. Ал көк майсаға оранған далада ақбөкендердің жосылып шауып бара жатқаны қандай әдемі десеңізші?! Біздерді бастап келе жатырған жетекшіміз «Охотзоопром» мекемесінің Батыс өңірі бойынша филиалының басшысы Дархан Саматов: -Қарындасым, сіз өміріңізде есте қалатын сәтті бастан кешіріп келе жатырсыз. Мына ұшып келе жатырған ұшағымыз кезінде халқымыздың ардақтысы, ұлы атамыз Дінмұхамед Қонаев пайдаланған ұшақ, -деді. Бұл жаңалық мені елең еткізді. Дархан ағадан тарқатып сұрап едім, оның айтқаны, -бұл ұшақ 1964 жылы пайдалануға берілген. Сол кезде республиканы басқарып отырған Қонаев атамыз өзінің қызметтік бабына (шамасы республиканың алыс емес ішкі сапарларына) пайдаланған болар. Ұшақ үкіметтік қызмет құзырында (правительственный) болған. Уақыт өте келе бұл ұшақ «Фауна эйр» әуе компаниясының құзырына өтіпті. Бұдан кейін республикалық «Охотзоопром» ӨБ» МҚК-не берілді. Енді осы ұшақ даламыздың киелі жануары ақбөкендерді қаскөйлерден қорғауға қызмет жасауда, -деді. Ойға қалдым. Димаш Қонаев атамыз өзінің саналы ғұмырында ел мүддесі үшін қызмет жасады. Биік қызметте жүріп адалдықтың, қарапайымдылықтың, ұлтын құлай сүйген нағыз ердің үлгісін көрсетті. Оның жолы мәңгілік елдің бүгінгі ұрпақтары үшін өнеге. Ал ұлы адамға қызмет жасаған көліктің бүгінгі күнде елге, соның ішінде сар даламен ажырағысыз ақбөкенді қорғауға қызмет етуінде де бір байланыс жатқан сияқты.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАДЫР ОҚУЛАРЫНАН НҰРДӘУЛЕТ – 3 ОРЫН

Күні: , 98 рет оқылды

Ақпан айында VI облыстық Қадыр оқулары өткен болатын. Осы байқауға С.Есетов мектебінің 9 оқушысы Нұрдәулет Жандауов қатысып, 1 орынға ие болды. 27 сәуір күні Қадыр оқулары Сырым ауданында алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Күні кеше ғана өткен байқауға талдықұдықтық Нұрдәулет қатарластарынан оза шауып, 3 орынды жеңіп алды. Нұрдәулеттің жеңіске жетуіне С.Есетов мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Гүлдана Сейітованың еңбегі ұшан-теңіз. Жарайсың, Нұрдәулет!

«Ауыл айнасы» ақпарат


АКТИВ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 90 рет оқылды

27 сәуір күні аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен актив отырысы өтті. Актив отырысына ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары, мекеме және кәсіпорын басшылары қатысты. Отырыста аудандық экономика және қаржы бөлімінің міндетін атқарушы Айнұр Мусина, -2018 жылға жергілікті өзін-өзі басқарудың түсімдері және олардың жұмсалуы жөнінде, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Артур Берденов, -жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттері туралы және аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің шақыру бөлімше бастығы Райымбек Амангелді, -көктемгі әскерге шақыру кезіндегі атқарылған жұмыстар жайында хабарламалар жасады. Қазіргі күнде жастарды көктемгі әскерге шақыру науқаны бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр. Осы орайда ауданымыздың жастары Отан алдындағы борышын өтеуде немқұрайлық танытуда. Қорғаныс істері бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Бостандық, Қайыңды, Тереңкөл, Талдыапан ауылдық округтері көктемгі әскерге шақыруда арнайы тексеруден өтуде белсенділік танытса, керісінше Жалпақтал ауылдық округінде әскерге барудан бас тарту фактісі де бар. Яғни, 70 жас тіркеуде тұр. Әрине, барлық жастарға күйе жағудан аулақпыз. Дегенменде сылтау іздеп, себепсіз әскерге бармайтын жастарға қандай жұмыстар жүргізуге болады? Патриоттық сезім қалай қалыптасады? Патриоттық сезім үйден, мектептен, ортадан қалыптасады. Әрбір жас өзінің бейбіт күнде де іс-әрекеті арқылы өзін патриотпын деп санауы қажет. Міне, сондықтан да әскерге шақыру науқанында өзінің жауапкершіліктерін терең сезінулері керек, -деді аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің шақыру бөлімше бастығы Райымбек Амангелді. Жиында аудан әкімі «Жалпақтал жалынды жастары» және «Қазталов жастар кеңесі» қоғамдық бірлестіктеріне әскерге бармайтын жастарымызбен түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.