АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.04.2018


«ЖЫЛҚЫ БАПТАУ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ»

Күні: , 134 рет оқылды

Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Міне, осындай шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегінің бірі – қошанкөлдік Ғайса Жұмағалиев. Қошанкөл ауылдық округіндегі «Қарасу» шаруа қожалығына жетекшілік ететін атбегіге ат баптау өнері әкесінен дарыған қасиет екен. Әкесі де жылқы бағыпты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау өнерді қазір Ғайса ағамыз өзінің өміріндегі ең құнды қазынасына балайды. — Жылқының шын жүйріктігін танытатын тұсы дөнен жасы. Осы кезде жылқының бабы келісіп, сүйегі қатая түседі. Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол дөнен жасында бәйге бермейтіні анық. Дегемен, нағыз сәйгүлікті құлын, тай кезінен-ақ танып-білесің. Негізі бізде шауып жүрген аттардың дені араб, ағылшын тұқымдас будандар. Ал өзіміздің қазақы жылқылар сиреп кетті. Сиреген себебі қазақ жабылырын былай сырып қойып, будан аттарға жармасып жатырмыз. Бабын келтірсе қазақы жабылардан да жүйріктер шығады. Ол үшін бұрынғыдай ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгелерді ұйымдастыру керек. Біріншіден бұндай аламан бәйге әуелі, ұлтымыздың тарихи дәстүрін және санасын жаңғыртады. Екіншіден бұндай қашықтыққа аттың аты ғана шаба алады. Яғни, біз осындай дәстүрлі бәйгемізді жаңғырту арқылы жоғалтқан жүйріктерімізді табамыз. Бұндай қашықтыққа будан тұқымдар шаба алмайды. Мендегі тұлпарлардың дені жабылар. Будан тұқымдастары да бар. Оларды күтіп- баптауға ешқашан ерінген емеспін. Жылқы жанын түсіну жан рахатын береді. Жылқы баптау – қазақтың қанындағы қасиет, — дейді атбегі. Жылқы десе делебесі қозатын ағамызды аудандағы ат спортының жанашыры деуге толық негіз бар. Қашан көрсең де ауданда өтіп жататын бәйгелердің ортасында жүреді. Сонымен қатар соңғы жылдары Қошанкөл ауылында көкпаршылар командасын құрып, оларды жаттықтырып жүрген де осы Ғайса ағамыз. Міне, қаламымыз арқылы қазақтың қанында бар қасиетті дамытып, жылқы малын баптап жүрген атбегі ағамыз Ғайса Жұмағалиевтің бейнесін көретуге тырыстық. Осындай атбегілер тұрғанда қазақ пен жылқы ұғымы егіз бола бермек.

Қайрат ЖАҚЫП


НҰРЛЫБАЙ ӨНЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Күні: , 107 рет оқылды

Аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбаев Қараөзен мәдениет үйіне вокалды-аспапты құрал-жабдықтар алып беріп, өнерге бір қолдау көрсетті. -Ауылдық жерде бір мәдени шара ұйымдастырайық десек, музыкалық аспаптардан қиындықтарға тап болатын едік. Осыны көріп жүрген өзіміздің депутатымыз Нұрлыбай демеушілік жасап, біздерді бір қуантып тастады. Сондықтан туған жеріне үнемі қолұшын беріп жүрген Нұрлыбайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, -дейді Қараөзен мәдениет үйінің директоры Оразғали Машеров. Әркезде де азаматтық биіктен көрініп жүрген Нұрлыбайға аудан тұрғындары атынан табысың өрлей берсін! -деген тілегімізді жеткіземіз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МАЛ БАҚҚАН ОЗАДЫ НЕМЕСЕ 37 ЖЫЛ МАЛ БАҚҚАН ЖАН

Күні: , 192 рет оқылды

Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауыл. шаруашылығының берік тағаны –мал шаруашылығы. Ал осы мал шаруашылығында еңбек етіп жатырған жандар туралы көп жазылып жүргенімен, нағыз қызу еңбектің ортасында жүретін малшылар, механизаторлар яғни еңбек адамдары қалыс қалып жатады. Бүгінгі әңгімеміздің төркінін осы бағытқа бұрып, ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында қызмет жасап жүрген жан туралы жазуды жөн көрдік. Қошанкөл ауылдық округінің «Бессалом» қыстағындағы «Нұраман» шаруа қожалығы. Осы қожалықта қызмет жасап жүрген, төрт түлік малдың жәйін бір кісідей білетін, 37 жыл ғұмырын мал бағуға арнаған Жексенбай Ғиззатов ағамыз тұрады. Мал десе ішкен асын жерге қоятын ағамызбен жүздесудің сәті түсті. — Мал бағуды атадан қалған кәсіп десем артық айтқандығым болмас. Әкем Алпыс та ғұмырына үкіметтің малын баққан адам. Сол мал баққан таяғын мұра қылып қалдырды десе де болады. Мен де 1981 жылы әскер қатарынан келісімен мал шаруашылығына араласып кеттім. Сол кездегі кеңшар басшылары алдыма 1000 қой салып, мал бағуды аманаттады. Содан бері міне жұбайым Мәриям екеуміз тынбай еңбектеніп келеміз. Жасыратыны жоқ, басымыздан талай қиын кездер өтті. Бірақ қазақ халқы қай дәуірде де «Төрт түлігім – жан азығым» деп білген. Осы жиған азды-көпті малды кейінгі ұрпақтың кәдесіне жараса екен деп өсіріп жатырмыз, -дейді Жексенбай ағамыз. Иә, алпыстың асуына келген ағамыздың арманы асқақ, мақсаты айқын. Ең бастысы еңбектен қашпайды. Балаларының болашағы үшін тынымсыз тірлік етуде.

Қайрат ЖАҚЫП


«АСТАНА – ҰЛЫ ДАЛА ЕЛОРДАСЫ»

Күні: , 172 рет оқылды

Мемлекетіміздің символы, асқақ абройымыздың айғағы болған бас қаламыз, жас қаламыз Астанамызға биыл 20 жыл толып отыр. Осы орайда Қазталов ауданында мекеме ұжымдары арасында өнер фестивалі оздырылу көзделген болатын. Осы өнер фестивалін алғашқы болып 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева атындағы білім ордасының ұжымы бастады. 27 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің ұжымы ауыл тұрғындарының назарына «Астана – Ұлы дала елордасы» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Концертті бастаған ұстаздар хорында мектеп директоры Әлия Зербіқызы ұжымымен қосыла «Менің Қазақстаным» әнін әуелете шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Қазақ және орыс тілінде концертті жүргізген Марал Төлекенова мен Алиса Ерболатова өздерінің кәсіби конферансье екендіктерін дүйім халық алдында дәлелдей білді. Сахна төрінде мектептің тарих пәні мұғалімі Есбол Идресовтың төл туындысы «Астанаға арнау» атты өлеңдер топтамаларын оқушылар жатқа айтып, көременді бір серпілтіп тастады. Концертте өздерінің вокалдық талантарын тағы бір мәрте көрсете білген ұстаздар Лаура Аткеева мен Жайнагүл Құсайынова «Нұр Астана», «Елімінің жүрегі – Астана» әндерін әдемі орындаса, домбырада шебер ойнаған Ботагөз Сармалаева «Ерке сылқым» күйін көремендерге тарту етті. Сондай-ақ концертте мың бұрала билеген шәкірттерден ұстаздары да қалыспады. Мектеп оқушылары «Арулар» биін билесе, ұстаздар «Мерекеге тарту» биімен халық алдында өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны мектеп мұғалімдері Ербол Идресов, Айгүл Ануар және Фариза Байғонақовалар жалғастырып, «Елордам» атты поэзия топтамаларын үш тілде нақышына келтіре оқып берді. Сонымен қатар концертте «Дархан қазағым» әнін Айнагүл Дюсалиева мен Кәмшат Молдағалиева тамылжыта шырқаса, «Ауылға барам» әнін Есенболат Жаннатов тамаша орындап, тыңдармандарды баурап алды. Концерттің шымылдығы ұстаздардың қосыла шырқаған «Туған ел» әнімен жабылды. Сахна төріне көтерілген «Нұр Отан» партиясының Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин осындай тамаша кеш сыйлаған Алма Оразбаева мектебінің ұжымына ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.