АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 27.04.2018


ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ МЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Күні: , 122 рет оқылды

27 сәуір күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудан әкімдігі отырысы өтті. Әкімдік отырысына ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары, мектеп директорлары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Әкімдік отырысында аудан бойынша жалпы білім беретін мектептердегі ҰБТ-ға дайындық барысы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарының жәйі туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков хабарлама жасады. -Аудан бойынша 325 түлек мектеп бітірсе, соның 262-сі, яғни 80 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары. К.Меңдәлиев, Ғ.Молдашев, А.Оразбаева, Қайыңды орта мектептерінің түлектерінің тестілеуге қатысу пайызы жоғары болса, Богатырев, Бостандық, А.Хұсайынов мектетерінің қатысу пайызы төмен. 28 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. ҰБТ өткізуге қажетті материалдық-техникалық базаға тоқталсақ, тестілеу орталығында 1 ұялы телефон желісін тұншықтырғыш, 11 бейнебақылау камералары, 1 рамалы металл іздегіш және 2 жай металл іздегіш бар. Ал оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары бойынша ауданда «Ақкөл», «Ақпәтер», «Қайыңды» және «Алау» демалыс лагерьлері 6 кезеңде жұмыс жасайды. Аудандық лагерьлерде 834 бала және 41 мектеп жанынан балаларға арналған лагерьлерде 3596, облыстық туристік-сауықтыру лагеріне 15 бала, республикалық «Балдәурен» лагеріне 7 бала, Италия еліне 2 бала және қосымша туристік орталықтар арқылы Астана, Түркістан қалаларына 30 бала қамтылмақшы. Сонымен қатар Самара және Саратов қалаларына да оқушыларды алып бару жоспарлары да бар. Биыл «Қайыңды» жазғы демалыс лагерінде оқу өндірістік бригадамен бау-бақша егу жоспарлануда. Осыған сәйкес қажетті жұмыстар қолға алынды, -деді өз сөзінде бөлім басшысы. Осы мәселелерге қатысты аудандық қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Талғат Хайдаров қосымша хабарлама жасап өтті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі, -ҰБТ ұйымдастыруда балалардың тасымалы, орналасуы бойынша қиындықтар болмауы керек. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру да маңызды мәселе. Мектептер тарапынан да оқушылардың лагерьлерге баруы қадағалануы қажет. Қажетті ұсыныс-пірірлер немесе мәселелер болса қазірден бастау шешімін табуға білесе жұмыстанатын боламыз, -деді.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 156 рет оқылды

27 сәуір күні аудандық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары қатысты. Қоғамдық кеңес отырысында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Қазталов ауданы бойынша бөлім басшысы Дархан Меңдіғалиев аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы хабарлама жасады. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімінде екі фронт-офис, яғни аудан орталығында және Жалпақтал ауылында орналасқан бөлім жұмыс жасайды. Өткен жылы осы бөлімдер арқылы 39344 қызмет түрі көрсетілген. Ал осы көрсетілген қызмет түрлерінің 26362-сі (67 пайыз) электрондық қызметтер. Қызметтердің басым көпшілігі жылжымайтын мүлікті тіркету, жер актілерін рәсімдеу, АХАЖ бағыты бойынша қызмет түрлері. Бөлімде «Мобильді ХҚКО» тұрақты жұмыс жасауда. Халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында бүгінгі таңда «Бір жолғы СМС-пароль» қызметі, яғни электронды санды қолтаңбаны қажет етпей-ақ ең керек етілетін 43 түрлі қызметті СМС пароль қызметімен алу жүзеге асырылуда. Дегенмен бұл орталық жұмысында интернет желісінің жылдамдығының төмендігіне орай көптеген кедергілер де кездесуде. 5 минутта көрсетілетін қызметтер уақыты 20-30 минутқа созылып кетіп жатады. Және ауылдық жерлерге «Мобильді ХҚКО» барған кезде де интернет желісінің жоқтығынан база ашылмай, сол орында қызмет көрсету мүмкіндігі болмай жатады. Сонымен қатар тұрғындар ауылдық округтердегі пошта байланыс торабы арқылы ХҚКО қызметтерін ала алатындықтарынан да бейхабар болуларына байланысты уақыт пен қаржы шығындап аудан орталығына немесе Жалпақтал ауылына келіп жатады. Осыдан-ақ тұрғындар арасында ақпараттың жетіспеушлігі, түсіндіру жұмыстарының жетіспеуі байқалады. Осыған орай ХҚКО мен аудандық «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесі тығыз байланысты болып, біріге жұмыс жасау керектігі айтылды. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызметтердің жергілікті тұрғындарға қолжетімділігін және қызметтерді алу әдістерін халыққа кеңінен түсіндіру бағытында мақалалар беру, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар жаоиялау, бейнероликтер арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Кеңесте сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері құрамына өзгерістер жасалды. Отырыс соңында аудандық қоғамдық кеңес отырысының Қарары қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«ЖАҚСЫДАН ЖАҚСЫ ІЗ ҚАЛАР» АТТЫ ӘЛИ АХМЕТОВТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Күні: , 118 рет оқылды

Жалпақтал өңірі мәдениетінің өркендеуіне көп жыл еңбек сіңірген ауылымыздың аяулы азаматы болған Әли Сисенғалиұлы Ахметовты еске алу құрметіне орай мәдениет үйінде «Жақсыдан жақсы із қалар» атты шара өтті 1948 жылы 27 сәуірде Фурманов ауылдық кеңесінде дүниеге келген Әли Сисенғалиұлы 1965 жылы Фурманов орта мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих пәні бойынша жоғары білім алып, кейін ауылшаруашылық техникумында зоотехник мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1966 жылы аудандық мәдениет үйінде моторист, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, 1968 жылы Целиноград жоғарғы комсомол мектебінде дәріс алып келген соң Фурманов аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1975-1982 жылдары аудандық партия комиетінде үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, аудандық атқару комитетінің орынбасары, 1994-1996 жылдары аралығында Фурманов аудандық ауыл шаруашылық кәсіподақ комиетінің төрағасы кейін аудандық кеңес депутаты болып бірнеше рет сайланды. Әли Ахметов сол кездегі ауданның өсіп өркендеуіне соның ішінде мәдениет саласының ұлттық ұжымдарының жоғары деңгейге көтеріліп, республика, облыс көлеміне танымал болуына ат салысты. Сонымен қатар Әли Сисенғалиұлы Жалпақтал өнер мектебінің ашылуына, оның қалыптасуына мұрындық болған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Небәрі 48 жылғы қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай еңбек етті. «Сө саптауы, өнердегі домбыра, сырнай, гитара аспаптарында ойнауы, оған қоса ән салудағы ерекшеліктері және музыкалық сауаттылығы талай өнер майталмандарын таң қалдыратын. Сонымен қатар М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры мен Жалпақтал мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының өркендеуіне жаны шығып, аянбай тер төккені бәрімізге мәлім»,-деп бүгінде еске алады ауылдастары, замандастары.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


СЕРГЕК ЖҮРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

Күні: , 116 рет оқылды

Мына суреттегі Мұқанғали Бектілеу ағамыз – 72 жаста, ал Темірболат Нұғманов ағамыз – 73 жаста. Былай қарасақ, бұл ағаларға 80-нің қыраты жақыннан көрініп тұр. Бірақ ағаларымыз әлі тың. Олай болатын себебі – бұлар үнемі велосипедпен немесе жаяу жүреді. Ағаларымызбен тілдескенде, -Велосипед те, жаяу жүру де денсаулығымызға күш береді. Құдай көпсінбесін, анау-мынау сырқаттар біздерден алыстау жүр, -дейді. Ал, бір қызығы Темірболат ағамыздың жеңіл көлігі бар. Бірақ оны пайдаланып жатырған жоқ. Мұқанғали ағамыздың да көлік алуға жағдайы бар. Бірақ адамдарға «сырқат» сыйлайтын көлікке олар мініп жүрген жоқ. Осы ағаларды көргенде алдында бір облыс орталығынан бір замандасыммен жолаушы болып бірге келдік. Шындығы керек, әлгі замандасым уақытына жетпей артық салмақты аямай-ақ «жинап» алған… Әрине, артық салмағы бар адамдарды кінәлаудан аулақпыз. Бірақ адам денсаулығы өз қолында ғой. Сондықтан сергек жүріп, ұзақ жасағыңыз келсе жоғарыда айтқан ағалардай денсаулыққа пайдалы ұстанымдарға ден қойғанымыз дұрыс-ау.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.