АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 26.04.2018


«ЕҢБЕГІҢ СІҢІП МЕКТЕПКЕ, ҚАЛДЫРДЫҢ САРА ЖОЛЫҢДЫ»

Күні: , 142 рет оқылды

26 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің 150 жылдығына орайластырылған, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен сабақтастырылған және осы білім ордасында қызмет атқарған ардагер ұстаздарды ұлықтау мақсатында «Еңбегің сіңіп мектепке, қалдырдың сара жолыңды» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ғасыр жарым тарихы бар мектептің ұжымы мен оқушылары ұйымдастырған бұл кеште мектеп тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, ұстаздардан құралған хор әуелетіп ән шырқады. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков мектеп ұжымын және ардагер ұстаздарды айтулы мерейтоймен құттықтап, ұстаздардың бала тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі туралы кеңінен айтып өтті. Киелі білім ордасы ұжымының жоғары талғамы мен кәсіби шеберлігінің үйлесімі тапқан бұл кеште оқушылар мен қатар ұстаздар ән шырқап, өлеңдер оқып, би де билеп берді. Кештің бір ерекшелігі сахна төріне әр жылдары Алма Оразбаева мектебінде қызмет жасаған ардагер ұстаздар шақырылып, олардың жүрек жарды лебіздері тыңдалып, мектеп ұжымы атынан раушан гүлдері сыйға тартылды. Сондай-ақ кеште ұзақ жылдар білім ордасында қызмет жасаған Жәния Аронқызы әжеміз ақ батасын берді. Кешке жиналған көпшілік 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева атындағы білім ордасы ұжымының өнеріне тәнті болып, алғыстарын ыстық ықыласпен соғылған шапалақтары арқылы білдіріп жатты.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 119 рет оқылды

26 мамыр күні Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы бірыңғай конкурстық комиссияның 2018 жылғы 26 сәуірдегі №17 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 2018 жылғы 26 сәуірдегі №76 өкімімен Қазталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымына Құсайынов Мирлан Нағымұлы тағайындалды. Мирлан Нағымұлы 1960 жылдың 5 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының Қошанкөл ауылында дүниеге келген. Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебінен алғашқы білім алып, 1977 жылы Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы сауықтыру мектеп-интернатынан бітірген. 1984 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының экономика факультетінің ауыл шаруашылық өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Жәнібек ауданының «Қайрат» кеңшары «Жас түлек» комсомол-жастар шопандар бригадасының мүшесінен бастаған. 1984 жылы Қазталов қой кеңшарында экономист қызметінде, кейін Қазталов аудандық өнеркәсіп бірлестігінде бас экономист, 1989-1991 жылдары Қазталов аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1991-1992 жылдары Халық депутаттары Қазталов аудандық Кеңесінде іс басқарушы, 1992-1995 жылдары «Жайықауылқұрылыс» ұжымдық кәсіпорнына қарасты №11 кіші кәсіпорынның бас есепші қызметтерін атқарған. 1995-2013 жылдары салық жүйесінде аға инспектор, бөлім бастығы, төраға, орынбасар қызметтерін атқарды. 2013-2016 жылдары Қазталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, Орал қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінде директордың орынбасары қызметтерін атқарды, 2016 жылдан күні бүгінге дейін Қазталов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келді. Отбасында жұбайы, ұл-қыздары бар.

«Ауыл айнасы» ақпарат


КИІКТЕРДІҢ ӘУЕ САНАҒЫ ЖҮРГІЗІЛЕ БАСТАДЫ

Күні: , 134 рет оқылды

24 сәуірден бастап Орал аймағы, яғни Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала аудандарында киіктердің санағы басталды. Орал аймағы бойынша авиасанаққа 50 сағаттан бөлінген. Бұл туралы «Охотзоопром» МҚК» ӨБ Батыс өңірі бойынша филиал басшысы Дархат Саматов айтып өтті. Қазір өңіріміздегі киіктер АН-2 ұшағымен әуеден саналып жатыр. Ұшақ базасы Қазталов ауылында орналасқан. Мамандар күніне 8-10 сағатқа дейін киіктерді әуеден бақылайды. Әуеден бақылауға «Охотзоопром» МКҚ» ӨБ қызметкерлерімен қатар «Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының», «БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының» мамандары қатысуда. Биылғы санақтың қорытындысы киіктер төлдеп болғаннан кейін белгілі болуы тиіс. Ал төлдеу мамыр айында басталады. Жалпы, мамандар жылдан-жылға киік санының көбейіп келе жатқанын айтады. Қуантарлығы, биыл аймақтарда ақбөкендердің жаппай қырылып қалу дерегі тіркелген жоқ. Мысалы, өткен жылы олардың саны Орал аймағы бойынша 96200-ге жеткен. Есесіне браконьерлік әрекеттер де жиілеп тұр. Мәселен, өткен 2017 жылы киікті заңсыз аулау бойынша 42 факт тіркелсе, биыл жыл басынан бері 20 киікті заңсыз аулау оқиғасы орын алған. -Киіктің мүйізін сату арқылы оңай олжа тапқысы келетіндер көбейіп тұр. Оларға тосқауыл қою баршамызға ортақ міндет. Қазіргі күнде 50 инспектор жол талғамайтын көліктермен киіктерді осы қаскөйлерден қорғауда, -дейді «Охотзоопром» МҚК» ӨБ Батыс өңірі бойынша филиал басшысы Дархат Талғатұлы. Айта кетер жайт, 2002 жылы ақбөкендер Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біздің елде де 2020 жылға дейін киікті аулап, атуға тыйым салынған.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АУДАНДА БОЛДЫ

Күні: , 102 рет оқылды

Ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов ең алдымен Талдыапан округіне қарасты Байбоз қыстағында болды. Аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты. 13 мың га жері бар «Дархан» шаруа қожалығының иелігінде 440 бас аналық ірі қара малы, 12 бас асыл тұқымды бұқа, 467 бас жылқы, 1080 бас қой малдары өсіріледі. Нұрлыбай Жолдыбайұлы жетекшілік ететін қожалық еліміз бойынша ауылшаруашылығы саласына қатысты мал басын түрлендіру, лизингке техника алу секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып келеді. Соңғы жылдары 22 млн теңге қаражатқа ауылшаруашылығы техникаларынс атып алынған. Қазіргі күні шаруашылықта 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылы «Бауырлар» атта жаңа шаруа қожалығын құрып, 80 млн теңге қаражатқа 260 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас малын сатып алған. Қыстан шыққан шаруаның жұмысымен етене танысқан өңір басшысының бірінші орынбасары Игорь Стексов: -Елбасы өзінің Жолдауларында ауылды, әсіресе ауыл тұрғындарының ахуалын көтеруге ерекше назар аударып, осы мақсатта атқарылуы тиісті ауқымды істерді белгілеп беруде. Сіздердің ұсыныс тілектеріңізді тыңдап, айтылар ой пікірлеріңді тыңдау,-деді. Осы кездесуде Нұрлыбай Жолдыбайұлы ауылдық жердегі қазіргі күні ауылдық жерде интернет желісінің шамалы екенін сөз етті. Игорь Валерьевич бұл бағыттағы тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын сөз етті. Мұнан кейін Жалпақтал ауылындағы Дархан Догоровтың мал сою алаңының жұмысымен танысты. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған кепілсіз несие көмегімен үш ай ішінде тұрғызылған нысан – «Жалпақтал» АӨК мүшелеріне ғана емес, барша ауыл тұрғындарына қызмет көрсетпек. Қасапханада тәулігіне 10-15 ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы және бар. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған 19 млн.700 мың теңге несие алған. -Мал сою бекеті жанынан болашақта – шұжық цехы, ет және асханасы мен қонақүйді жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні біздің басты проблемамыз ол ірі қара малын алу үшін қаражатымыздың жоқтығы болса, екінші сол сойылған етті өткізу үшін орын қажет. Сонымен қатар сойылған ірі қара малының етін тасу үшін арнайы көліктің жоқтығы қол байлау болып отыр,-дейді Дархан Догоров. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта бұл айтылған ұсыныстарының шешу бағытын қарастырып, бір шешімінің болатындығын айтты. Өңір басшысының бірінші орынбасары Игорь Валерьевич Жалпақтал аймақтық ветеринариялық зертханасы және ветеринариялық мекемесінде болып, мамандармен кездесті. Одан кейін іссапарын Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округтерінің аумағындағы су шыққан жерлерді, «Автобаза», Гүрілдеуік» бөгеттеріне барып, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас директорының орынбасары Төлеген Ғұмаровпен кездесті. Сонымен қатар «Киров-Шежін» каналының жұмысымен танысты. Одан соң Ақпәтер ауылдық округіне қарасты «Қамқор» шаруа табан тіреген Игорь Валерьевич шаруашылық жетекшісі Мұрат Хасановтың мал бордақылау алаңын көріп, емін-жарқын әңгімелесті. Ағайынды Хасановтардың шаруа қожалығы 1999 жылы құрылып, содан бері 470 бас «Көшім» жылқысын, 1500 бас «Еділбай» қойы, 250 бас «Герефорд», 600 бас ірі қара малы бағылады. 2013 жылдан бері 1000 бас ірі қара малына арналған мал бордақылау алаңын салып, өткен жылы 311 бас малын бордақыласа, биылғы жылы 105 бас малды бордақылап Ақтау қаласына етке тапсырып отыр. Күні бүгін 70 бас ірі малы мен 100 бастың үстінде қой малы тұр. -Биылғы жылы қыстың созылуына орай қиыншылықтар болды. Қысымыз ұзарып, көбінің есептеген мал азығы жетпей қалды. Елімізде шаруа қожалықтарға, жалпы жұмыс істеймін деген азаматтарға барлықұ қолдаулар көрсетілуде. Сол қолдауларды бізді көріп отырмыз. Күні бүгін 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз,-дейді бізбен әңгімелескен Мұрат Хасанов. Ағайынды Хасановтардың қажырлы еңбектеріне табыс тілеген облыс әкімінің бірінші орынбасары еңбек ете білген жанға әрқашанда қолдаудың бар екендігін жеткізді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«ҚАРЛЫҒАШТЫҢ» БИШІЛЕРІ ОБЛЫСТА ТАҒЫ ДА ТОП ЖАРДЫ

Күні: , 120 рет оқылды

25 сәуір күні Орал қаласында Елордамыз — Астананың 20 жылдығына орай дәстүрлі облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылық фестивалі өтті. Осы фестивальде xореография жанры бойынша өнер көрсетен «ҚАРЛЫҒАШ» ХАЛЫҚТЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ ОРТА ТОБЫ жүлделі БІРІНШІ ОРЫНДЫ жеңіп алды. Облысымыздың 11 ауданының және 1 қалалық бишілер тобы арасынан суырылып алға шығып, гала-концертте «Зар заман» және «Серуен» биімен көпшілікті тәнті қылған бишілеріміз өздерінің жеңісті жолын тағы жалғады. ЖАРАЙСЫҢДАР, ҚАРЛЫҒАШТЫҚТАР! ҚАНАТТАРЫҢ ТАЛМАСЫН! ӨНЕР БИІГІНДЕ ШАРЫҚТАЙ БЕРІҢДЕР!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

Күні: , 108 рет оқылды

25 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Қазталов ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Игорь Валерьевич ауданымыздың Талдыапан, Жалпақтал, Ақпәтер ауылдық округтерін аралағаннан кейін ат басын аудан орталығы Қазталов ауылына бұрды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан орталығындағы аудандық ветеринария станциясында болып, мал мамандарының жұмысымен танысты. Әсіресе, облыстан келген басшыға дезинфекциялық құрлығы орнатылған автокөлікті көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин, бұл автокөліктің дала өрттерін сөндіруге тиімді қолдануға болатындығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар жаз айларында орын алатын дала өртіне қарсы осындай автокөліктерді көбейту немесе арнайы жасақтау туралы да ұсынысын білдірілді. Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Тереңкөл ауылдық округіндегі «Кеңдала» шаруа қожалығына соғып, ауданымыздағы іргелі шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты. Шаруашылықтағы бүгінгі заманға сай салынған үй-жайларын және ауыл шаруашылық техникаларын көріп, шаруа қожалығының жетекшісімен ашық-жарқын әңгімелескен Игорь Стексов шаруашылығын дамытып жатырған Абуғали Ғұмаровқа өз ризашылығын білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП


ӘЛЖУАЗДАН ОТАН ҚОРҒАУШЫ ШЫҒА МА?..

Күні: , 182 рет оқылды

Бәріміз біліп, көріп отырғандай әлем тынышсызданып тұр. Бір-біріне қоқан-лоқы жасаған алпауыт елдер… Арпалысқан араб елдері… Бет-ауызын тұмшалаған лаңкестер… Жазықсыз төгілген қан… Жер ортақ, ай ортақ, күн ортақ. Осынау бір Жер-Ананың түпкір-түпкірлерінде болып жатқан қым-қиғаш аласапыраннан ешкім сырт қала алмайтыны -бәрімізге де аян. Осындайда Елім, Отаным дейтін мінсіз қасиет қазір әр қазаққа қажет болуда. Ел шетін қорғаған, жат пиғылды пендені бір табан ілгері бастырмаған жауынгер қазақтың туған ел үшін іркер күші болмауы қажеттігі туындауда. Осы орайда ел қорғайтын оғыландар қандайма жағдайға да әзір болуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Жақында жоғарғы БАҚ беттерінде Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандардың 25-30 пайызы емделуді қажет ететіндігі жазылды. Бүгінгі жастар арасында бойдың аласалығы, көздегі кесел, құлақ аурулары, әлжуаздық дендеген. Тіпті тілдегі мүкістік, психологиялық өзгерістер де көрініс бере бастаған. Бұл ойландыратын мәселе. Көзі бұлдыраған ұлдан сайыпқыран сұр мерген шыға ма?.. Құлағы мүкіс, ой-санасында психологиялық өзгерісі бар адам ел қорғай ала ма? Аяқ-қолында кемістігі бар жас қарсы келгенге күш көрсете ала ма?.. Осы бір мәселе жөнінде аудандық қорғаныс бөлімімен хабарласқан болатынбыз. Бөлімнің әскерге шақыру бөлімшесінің басытығы Райымбек Амангелдінің бізге берген мәліметі бойынша өткен жылы 97 жас сарбаз әскер қатарына шақырылған соның екеуі мемлекеттік Күзет қызметіне алынса, 15 сарбаз десанттық бөлімде әскери міндетін атқаруда. Ал өткен жылы шақырылған жастардың 68-і денсаулықтары жарамсыз немесе уақытша жарамсыз болып шақыртудан кейінгіге қалған. Биылғы көктемгі әскери шақыртуға 53 сарбазға квота берілген екен. Бір қуаныштысы – деректер көрсетіп тұрғандай ауданымыздың жастары да күзет, десант бөлімдерінде әскери қызметтерін атқаруы мақтаныш деуге болады. Бірақ 68-ге жуық жастарымыздың бойынан кінәраттың табылуы да ойландырарлық жағдай. Мұның себебі неде? Қазіргі жастар табиғат-анадан да, өз ата-анасынан да алшақтап бара жатқандай. Олардың денсаулығын заманауи техникалар компьютерге телміру, телефон мен смратфонға үңілу бұзуда. Осы бір мәселе қанша айтылса да ата-аналар бұған мән берер емес. Ал бүгінгі «тыныш өмірі» пайдалы болғанымен ертеңгі ешнәрсемен толтыра алмасымыз ақиқат. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын» деген қанатты сөзі еске түседі. Отан қорғауда ұрпағымыз әлжуаздық танытып сүрініп жатса, елдікке сын емес пе?! Сын сағатта қайыспай ерлік көрсететін ұландарымыздың әлжуаз болып өсетінін ойласақ, ұлтымызға төнген нағыз қатер осы болып табылады. Өйткені батырмыз деп мақтанатын біздің ұрпағымыз уақыт өте келе ұнжырғасы түскен, көзі нашар көретін, құлағының қақпасы көп әлжуаз кейіпке түссе кім кінәлі?..

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЭКСПЕДИЦИЯ КӨКТЕРЕККЕ КЕЛДІ

Күні: , 112 рет оқылды

24 сәуір күні күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы бойынша құрылған Халықаралық ғылыми экспедициясы Көктерек ауылына ат басын тіреді. Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұлы бабаның 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбегіне енгізген болатын. Осыған орай «Күй атасы» атанған, ұлы қүйші-композитор, дәулескер домбырашы, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеп-зерделеу, күйлерін және құнды мұраларды қасиеттеп қастерлеу мақсатында экспедиция тобы жолға шыққан болатын. Экспедиция тобы құрамында БҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, ардагер журналист, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, күйшілер, мұғалімдер бар. Ғылыми-экспедициясының маршруты Қаратөбе ауданы – Жаңақала ауданы – Қазталов ауданы Көктерек ауылы – Бөкей ордасы ауданы – Ресей мемлекетінің Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылдарын қамтиды. Бабалар жолымен сапарға шыққан экспедиция тобын Көктерек ауылында аудан әкімі Абат Шыныбеков, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы қарсылап алды. Экспедиция тобы алдымен Көктерек тарихи-өлкетану музейіне келіп, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, музейді аралап, жәдігерлермен танысты. Осыдан кейін экспедиция тобы Құрманғазы баба 1878-1870 жылдары қоныс тепкен бұрын «Талсай», қазіргі күнде «Құрманғазы Қарасуы» атанып кеткен орынмен танысып, «Нарсойған» сайының жанына тал-теректер отырғызды. Бұл жерді болашақта «Құрманғазы тоғайына» айналдыру мақсат етіліп отыр. Осыдан кейін Құрманғазы Сағырбайұлының Көктерекке келу тарихы жөнінде, дәулескер күйші туралы кеңінен мағлұмат алу мақсатында Көктерек орта мектебінде «Күй атасы – Құрманғазы» тақырыбында дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстелге қатысушыларды аудандық саз мектебінің оқушылары Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйімен және «Қыз Жібек» үлгілі ансамблі «Жасай бер, Қазақстан» әнімен қарсылап алды. Дөңгелек үстелде алғысөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков күй атасын дәріптеп, тарихын зерттеуде бастама көтерген экспедиция жетекшісі М.Ерсаев бастаған топқа алғыс айтып, ақ жол тіледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар Құрманғазы бабамыз туралы құнды деректер айтып, Көктерек тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Ақмарал Әдиетова, Көктерек орта мектебінің тарих пәні мұғалі Кәмшат Әжкеева күй атасының Көктерекке келу тарихы, отбасының жерленген орындары жөнінде баяндады. Ал Құрманғазы бабаның туысы Нұрболат Құбиев ұлы күйші жөнінде аталарынан естіген деректерімен бөлісті. Дөңгелек үстел күйші Едіге Нәбиев пен Асқар Кенжеғалиевтің орындауындағы «Адай» және «Қоштасу» күйімен қорытындыланды. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ

«ӘЙЕЛ ЖӘНЕ БИЗНЕС» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Күні: , 128 рет оқылды

24 сәуір күні аудандық әйелдер кеңесінің, «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің, аудандық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ақниет» мейрамханасында «Әйел және бизнес» атты кәсібін бастағалы отырған әйел адамдарға арналған семинар өтті. Семинарға аудандық мекеме-ұйым басшылары, ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер, өз кәсіптерін бастағалы отырған әйел адамдар қатысты. Шарада сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Соңғы он жылдықта еліміздің қоғамдық саяси өмірінде әйелдердің белсенділігі артқаны байқалады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында да қолдау тауып келеді. Ауданымызда да өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер бар. Олар мал шаруашылығымен, сауда-саттық саласында ауданның әдеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Жалпы ауданымызда 6 қоғамдық әйелдер бірлестігі жұмыс жасаса, соның ішінде «Шапағат», «Ұмай», «Тоғжан», «Нұр-Ана» қоғамдық бірлестіктері белсене жұмыс жасап келеді,-деді. Кездесуде Қарасу ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Толқын Моншатаеваның заманауи үлгіде тігілген көйлектерінен сән үлгісі көрсетілді. Кездесу барысында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Артур Берденов, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мирлан Құсайынов, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Аманжол Нығметов: -«Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарлама аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес оқытуды қолдана отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуге мүмкіндік беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 19 млн. теңгеге дейін ұлғайтылып, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Несие берудің жалпы мерзімі 5 жылға дейін беріледі. Өз кәсібін бастаймын деушілерге, қай салада болмасын іздене беру керек. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бизнестің қай саласымен айналысам десеңдер де жол көрсетіп, несиелер беруге дайын, -деді. Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамиля Сүпіғалиева бизнестегі әйелдер қауымының алатын орны жөнінде хабарлама жасады. Рамиля Сергейқызының айтуынша күні бүгін аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелгендер 353 кәсіпкер, яғни 29 пайызын әйелдер қауымы басқарып отыр. 45-і ауыл шаруашылығы саласында болса, 308 кәсіпкер сауда саласын басқарып жүр. Сонымен қатар бизнес жоспарларын жасақтап несие алуға өтініш білдірген азаматшалар да бар екен. «Игілік», «Береке», «Іскер», «Бизнес аймақ» бағдарламалары бойынша, жеке кәсіп ашуға несие алған. «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева кәсіпкер болудың қағидаларын таныстырып өтті. Кәсіптерін дөңгелетіп отырған Талшын Бермағанбетова, Сәуле Омарова, Бәтес Хайрушева, Лиза Хайбушева, Индира Әлібекова кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісіп, кеңестерін ортаға салды.Сондай-ақ кездесуде өз кәсібін бастағысы келетін және құжаттарын жинастырып жатқан ауылдық округтерден келген іскер әйел адамдар сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Мейрамхана фойесінде аудандағы әсмер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдардан, тәтті тағамдардан көрме ұйымдастырылды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


«АШЫҚ ӘКІМДІК» КҮНІ ӨТТІ

Күні: , 108 рет оқылды

24 сәуір күні аудан орталығы Қазталов ауылында «Ашық әкімдік» күні өтті. Бұл шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан тұрғындарын қабылдады. Сонымен қатар шарада аудан әкімінің орынбасары, аудандағы салалық мекеме және кәсіпорын басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сұрақтарына жауаптар берді. «Ашық әкімдік» күні тұрғындар жұмыспен қамту, қысқа мерзімді оқу, кәсіп ашуға несие алу, тұрғын үй мәселесі және де басқа да жекелей сұрақтарына жауаптар тапты. Бұл шараға аудан орталығынан, аудан орталығына жақын округтер мен елді мекендерден келген 20-ға тарта тұрғын қатысты. Солардың бірі Қазталов ауылының тұрғыны, зейнеткер Рахим Яруллин аудан әкімі Абат Абайұлының қабылдауында отырып, аудан орталығындағы абаттандыру, жарықтандыру және Қарасу тоғаны сияқты ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, тұшымды жауаптар алды.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.