АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 23.04.2018


ҚОЗЫ АЛУДАН «ЧЕМПИОН» — «ТОҒЖАН» ҚОЖАЛЫҒЫ

Күні: , 114 рет оқылды

Сонау Кеңес заманында 100 саулық қойдан 100 қозы алған немесе одан да көп төл алған малшылардың еңбектері жоғары бағаланып, озат шопандардың біразы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып еді. Осындай ерліктерін сан мәрте қайталағандары «Соцалистік Еңбек Ері» деген құрметті атаққа да ие болды. Сол кездегі дүркіреп тұрған миллионер кеңшарлар тарап, тарихтың бір парағындай ұмытыла бастады. Олай дейтін себебіміз бүгінгі күннің ұрпағы еңбегі еленген ата-әжелеріміз туралы білмейді десек артық айтқандық болмас. Ендігі күнде ауыл шаруашылық саласы жекелердің қолына көшкеніне біраз жылдың жүзі болды. Кеңес заманындағыдай мыңғырған болмаса да мал саны өсіп келеді. Ал бізді қызықтырғаны бүгінгі таңда төл алу қалай жүргізіледі, сол кездегідей 100 саулықтан 100 қозы алатын шаруашылықтар бар ма?- деген сұрақ көкейімізді көп мазалады. Бұл сұрақтың шешімін ауданымызға қарасты Қошанкөл ауылдық округінен таптық. Округте жүрген сапарымызда Қарақұдық қыстағында орналасқан «Тоғжан» шаруашылығына соқтық. Нұрлан Хамитов жетекшілік ететін шаруа қожалығында қой малын төлдетудің науқаны қызып жатыр екен. Мал басында жүрген Нұрлан ағамызды әңгімеге тарттық. — Қыс аяғы созылып кеткенімен малдан шашау шығармай көктемге аман-есен жеттік. Біздің қожалықта 800 бас қой малы бар. Соның ішіндегі 650 аналық малдар төлдеп жатыр. Қазіргі күнде 550 бас саулық қойдан 680 бас қозы алдық,- деп ағынан жарылды. Міне, есептеп қарасаңыз, 100 сауылықтан 100 қозыны артығымен алып жатыр бұл қожалық. Әліде 100-дей аналық қой төлдейтіні тағы бар. Қозы алудан «Тоғжан» шаруа қожалығы чемпион деуге толық негіз бар. Осындай жетістіктерді зерделей келе бізге бір ой туды. Жоғарыда ел басқарып отырған ағалардың құлағына алтын сырға. Ауданымызда «Тоғжан» сияқты шаруашылықтарды неге өзара жарыстырмасқа? Мал төлдету науқаны ауданымыз бойынша енді қызып жатырған жоқ па? Жарыс нәтижесінде Кеңес заманындағыдай оза шапқан шаруашылықтарды марапатауға да болатын сияқты. Тек жалған ақпарат пен науқаншылдықтан ада болғанымыз жөн.

Қайрат ЖАҚЫП


МЫРЗАГЕЛДІНІҢ МЫРЗАЛЫҒЫ

Күні: , 114 рет оқылды

Ауданымыздың Қошанкөл ауылдық округіндегі «Әжкей» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзагелді Таспихов туралы газетімізде талай жазғанбыз. Еңбекқор азаматтың өз шаруасын дөңгелетіп, бүгінгі таңда ауданымыздағы бетке ұстар шаруашылықтардың қатарында өз ісін дамытып жатыр. Дамытып қана қоймай, сонымен қатар айналасындағы ағайындар мен ауылдастарына қол ұшын беріп жүрген жомар жан. Мұқтаж жандарға көмектесумен бірге аудандағы талай шараларда Мырзагелді ағаның жасаған игі істері де жетерлік. Қашанда қолында барын аямай, сауапты істердің айналасынан табылатын азамат оны жариялауды жөн көрмейді. Шаруашылығын алға дамытып, игі істер жасауға шаршамайтын азаматтың еңбегін оң бағалаған облыс басшысы Алтай Көлгінов 2017 жылы Мырзагелді Сатыбалдыұлына алғыс хат табыс еткен болатын. Жақында ағамыздың мырзалығының тағы да бір көрініс тапқан сәтіне бізде күә болдық. «Әжкей» шаруа қожалығында ұзақ жылдардан бері малшы болып қызмет атқаратын Қабдулғазиз Төлеповке ағамыз жеңіл автокөлікті сыйға тартты. Қуанышын жасыра алмаған Қабдулғазиз ағамен тілдескенде ол,- осы шаруашылықта қызмет жасап жүргеніме биыл 13 жылдан асты. Мырзагелді еңбегімді уақытында төлеп, әр уақытта қол ұшын беруге әзір тұрады. Осы жерден менің отбасыма арнап үй де салып берді. Міне енді жеңіл автокөлік сатып әперді. Қуанышымда шек жоқ. Мырзагелді сияқты азаматтар аман болсын! — деген алғысын білдірді. Сондай-ақ Мырзагелді ағамыз туған ауылы үшін тағы да бір игі істі атқарды. Шаруашылығының қарамағында тұрған шынжыр табанды ДТ «Казахстан» маркалы тракторды туған ауылының игіліген пайдалану үшін округ әкімдігінің сыйға берді. Соның арқасында биылғы жылдың қысында округтегі қар тазалау және жол аршу жұмыстарында бұл трактордың көп көмегі болды дейді қошанкөлдіктер. Міне, адам өмірі халқына сіңірген еңбегі, қоғамға қосқан өнегелі істерімен өлшенбек. Бүгінгі таңда елі үшін ет жүрегі елжіреп, халқы үшін күңіренер ерлер қатарында жүрген Мырзагелді ағамыз осындай жомарт жан. Қасиетті халқымыз «Жақсыдан – шарапат» деп бекерге айтпаған. Жан-жағына шарапатын шашып, қуаныш сыйлап жүрген азаматтың игі істері көпке үлгі болмақ.

Қайрат ЖАҚЫП


АЛМАТЫДАН ЖҮЛДЕ

Күні: , 92 рет оқылды

20-24 сəуір Алматы қаласында өткен «Атадан мұра» қоғамдық қорының 10 жылдық мерейтойына арналған бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған Халықаралық өнер мен білім байқауы оздырылуда. Бұл байқауға біздің ауданнан аудандық саз мектебінің жəне А.Хұсайынов мектебінің оқушылары қатысқан болатын. Байқау нəтижесінде «Көркем сөз» жанры бойынша Бас жүлдені Əділжан Хайредденов, 1 орынды Аймангүл Елеусінова, Арухан Өтегенова, Жанерке Бақтығұл, 2 орынды Інжу Талғат пен Іңкəрім Талғат иеленді. Ал «Аспапта ойнау» жанры бойынша Зере Уахит бас жүлдені, Ақиіс Маратова 2 орынды қанжығаларына байлады. Айта кету керек, байқауға басқа да облыстармен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен де таланттылар қатысты. Жарайсыздар, қосөзеннің талантты жұлдыздары!Жеңістеріңіз құтты болсын!

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» ІРІКТЕУ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 148 рет оқылды

22 сәуір күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» атты қазақ күресінен VIIІ Республикалық турнирінің аудандық іріктеу жарысы өтті. Бұл байрақты бәсекеде ауданымыздың 6 ауылдық округінен 6 палуан өз күштерін сынға салды. Жарыс нәтижесінде 1 орынды АҚПӘТЕРЛІК ЕРНАЗАР ХАМЗИН жеңіп алса, 2 орынды ҚАЗТАЛОВТЫҚ ЕРСҰЛТАН ХАМЗА, 3 орынды ҚАРАӨЗЕНДІК ҚАНАТ МҰСАҒАЛИЕВ иеленді. Жеңімпаз палуандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Енді Ерназар Хамзин турнирдің облыстық іріктеу жарысына жолдама алып, аудан намысын қорғайтын болады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ОН ТӨРТ» ҚОЙЫЛЫМЫ ОРАЛ САХНАСЫНДА

Күні: , 126 рет оқылды

Белгілі қаламгер Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты романының жарыққа шыққанына бұған дейін жазып, ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында сол «Он төрт» атты кітаптың Жалпақтал ауылында тұсауы кесілген болатын. Еркіндікті аңсаған он төрт жастың елі үшін жанқиярлық ерлігі жайында баяндалған туында облыс орталығындағы А.Н.Островсикй атындағы орыс драма театрында сахналанды. Бұл қойылымның режиссері. Сахнаған дайындаған ҚР мәдениет қайраткері Нұрлан Шаканаев. Азаттықты аңсаған бұл қойылым қысқартылып, сахна төрінде шынайы түрде көрініс тапты. Ұйымның жетекшісі Ғұбайдолла Əнесов сол кезде небәрі 17 жаста болатын. Ұйым мүшелерінің мақсаты айқын, ел тәуелсіздігін аңсады. Бұл қойылымды М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық тетары сахнаға алып шықты. -Бұл қойылымды сахнаға алып шыққан М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрының әртістерінің және Нұрлан Шаканаевтың еңбегі орасан зор деп есептеймін,-дейді романның авторы Мұнайдар Балмолда кітапты жазар алында шынайы зерттей білген. Әрине кітапта жазылғанды сахнадағы көрініске сыйдыру мүмкін емес. Рөлдерді сомдаған Ғұбайдола Әнесовты Нұрхат Жалмұханов, Сейітқали Бажекенов рөлін Мержан Дүйсенов, Иманғали Насыровты Жандос Жексенбаев, Қамал Мақұлбаевты Азамат Дүйсенов, Сатқали Молдағалев рөлін Талғат Неғматуллин, Жолдасбай Шоқпаров аудандық атқару комиетінің төрағасы болып Бейбіт Оразов, Ғайнолла Сатымовты Айдар Боранғалиев, Сергей Сергееевич НКВД майоры және Иванович түрме бастығы рөлін Раухат Чавкин, Ғабиден Құлбасов Нұрбек Мұқамбетқалиев, Анна рөлінде Шалқыма Меркулова, НКВД тыңшысы Гаяз Мазгутов, күзетші рөлін Серік Сахипов сомдаған бұл қойылым көрерменнің көңілінен шыға білді деп есептейміз. Бүгінде М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры жастармен толығып, аға-апаларының ізін жалғастырып келеді. Қойылым соңында аудан әкімі Абат Шыныбеков, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын, жазушы, «Ақжайық» телеарнасының тілшісі, романның авторы Мұнайдар Балмолда, тарихшыс Жаңабек Жақсығалиев сахна төріне шығып, шынайы ризашылықтарын білдірді.

Тұрар БЕК


ЖАСТАРҒА МҰНДА ЖҰМЫС БАР

Күні: , 110 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығы Орал шаһарында білім алып жатқан студент жастармен кездесіп, оларды кіндік қаны тамған ауылда қызмет етуге шақырды. Кездесуге Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің, Батыс Қазақстан медициналық колледжінің, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің студент жастар қатысты. Ал кездесуде сөз сөйлеген аудан басшысы Абат Абайұлы осындай маңызды шараға жиналған қауымға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, бүгінгі күнгі демографиялық жағдайы туралы мәлімдей келіп, аудан болашағы жастардың қолында екендігін айтып өтті. Жалпы, студент-жастарды білім алып, жоғарғы оқу орнын тәмамдап, мамандық игерген соң, туған ауылдарына қайтып оралуға шақырды. Бүгінде облыс орталығы Орал қаласында жоғарғы және арнаулы білім ордаларында 500-ге жуық жастар білім алып жатырса, еліміздің түкпір-түкпірінде 1000-ның үстінде жастар студент атанып отыр. -Міне, күні бүгін жоғары оқу орнында оқитын студент жастарымыз жазғы демалыс кезінде. Осы сәтті пайдаланып, еліміздің белді жоғары оқу орындарында оқитын аудан жастарымен бас қосып пікірлесуді, Сіздер болашақ маман болғандықтан туған ауданымыздың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар етіп, болашақ атқарылар алдағы даму жобаларын таныстыруды ұйғарған едік. Тәуелсіз елімізде жастарға үлкен сенім артып, әрдайым қолдау білдіріп келеді. Білім алуға, мамандығың бойынша еңбек етуге жол ашық, мүмкіндік мол. Елбасы жастарға арнаған сөзінде «Мен сендерді Интернет алмастыра алмайтын белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып, білуге шақырамын» деген болатын. Сіздер ел патриоты ретінде жаңа өмір сапасына қол жеткізудің тек еңбек арқылы ғана келетінін есте сақтауларың керек. Осы жолда өз арман-мақсаттарыңа жету үшін республикамыздың әртүрлі қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарында оқып жатырсыздар. Ал елдің ертеңі жастар қолында. Аудан халқының 21 пайызы 29-ға дейінгі жастар дегенмен, қазіргі заманда жігерлі, инициативалы жастар қай салаға да қажет. Осы тұрғыда мектептерге кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, түлектердің қазіргі уақыт сұранысына ие мамандықтар таңдауына көмектесуге жаңаша мән беру міндеті қойылмай отыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария мамандары, білім саласы бойынша математика, орыс тілі, ағылшын пәні мұғалімдері, медицина саласы мамандары жетіспейді. Біздің ауданымыз ауыл шаруашылығы дамыған, өнер дәстүрі жалғасқан аудан ретінде де танылуымыз қажет. Кәсіпкерліктің өрісін кеңейтер жаңа жобалар кезегін күтуде. Біз ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысуға жастарды тәрбиелеуге баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауылдағы тірлік осы салаға байланысты. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ауылдарда мал басы өсіп келеді. Ал мал – ауылдағы кәсіптің негізгі көзі. Байқап отырсақ, жоғары білім алушылар саны аз емес, алайда оларды жұмысқа орналастыру қиындықтары барын жасырмаймыз. Ауданға жетіспейтін мамандар, әсіресе, дәрігерлер ауылға келмей қалада қалып қояды. Елдің тыныштығын, бірлігін насихаттаушы білімді жастарымыз көп болуы керек. Адамзат үшін ешқашан өзгермейтін бірақ нәрсе, ол — білім! Ол — еңбек! Сондықтан сіздердің белсенділіктеріңіз қажет! Жоғары оқу орнын жақсы аяқтап, елге қызмет етуге шақырамын. Сұрақтарыңыз болса, қысылмай қойып, жауап алуларыңызға болады. Толғандырған мәселелер болса, ортаға салыңыздар, пікірлеріңіз болса, айта отырыңыздар. Бүгінгі басқосудың мақсаты да сол, сіздермен еркін әңгімелесу, алдағы жоспарларыңызбен бөлісу,-деді аудан әкімі. Бүгін күні жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға Үкімет тарапынан бір жолғы жәрдемақы, тұрғын үй алуға өсімсіз несие берілуде. Жастарға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар ауданымызға келіп, алыс ауылға барған жас мамандарды тұрғын үймен қамтып, мал ұстауға да қолайлы жағдай туғызбақ. -Әлеуметтік желілерден көріп, біліп отырғандарыңыздай Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің қолауымен ауданның әрбір ауылдық округтерінде көптеген жобалар атқарылуда. Туған жерімізді, елімізді көркейту жолында аянбай еңбек етіп, жастық жігерімізді көрсетуіміз қажет. Сіздермен кездесудегі мақсатымыз осы,-деген Абат Абайұлы Аудан жоғары оқу орнында оқып жатқан жастардың ертеңгі күні оқуларын бітіріп, мамандық алысымен өздерінің туған ауылдарына келіп, оның экономикасын өркендету жолында білімдері мен біліктерін ортаға сала жүріп, өз үлестерін қосқандарын әңгіме арқауы етті. Аудан әкімімен кездесу кезінде студент жастар өздерінің таңдаған мамандықтары мен алға қойған мақсаттарына да бір сәт тоқталып өтті. Ал, орайы келгенде студенттер аудан әкімі Абат Абайұлына көкейлерінде жүрген сұрақтарын да қойды. Яғни, ауданымыздың өзінен, студенттер жазғы демалысқа келгенде аудан көлемінде ауданаралық спорттық шаралар өткізіліп, соған біздер де атсалыссақ, сонымен қатар бос жүрмей, құрылыс отрядтары ашылып, жұмысқа алынсақ деген ойларын жеткізді. Аудан әкімі айтылған мәселенің бәрін алға қарай шешуге жұмыстанатынын, алайда былтырғы жылы «Жасыл ел» жасақтары құрылып, 30 студент жастар қамтылғанын, биылдың өзінде 60 жасты қамтуды жоспарлап отырғанын айтты. Осы бір басқосу барысында студенттер бірі өздерінің мамандық алысымен туған жерге келетіндіктерін қуана жеткізсе, енді бірі оқуларын ары қарай жалғастырып, өздері білім шыңдайтындықтарын айта отырып, — Біздер ертеңгі күні еліміздің әр қаласында еңбек еткенімізбен, әр кез туған жерге жанымыз ашитын болады. Туған ауылымыздан жырақ жүрсек те сіздер осы өңірдің жастарының болашақтағы жеткен жетістіктерін көре жүріп, солармен мақтана аласыздар. Ал, туған жерге келіп еңбек етіп, үлестерімізді қосып жатсақ, ол да бұйырмыс қой, бірақ қазір алдымызда қандай жол күтіп тұрғанын ашып айтудың өзі қиын. Алла қаласа, туған жерге де келерміз,-деген шынайы лебіздерін жеткізді. Басқосу барысында жастар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ақындардың әдемі жыр жолдарына да кезек берді. Аудан әкімі студент жастардың өз ойларымен бөлісіп, әсерлі басқосу өткізуге ұйытқы болғандары үшін ризашылығын жеткізді. Жиын соңында Қазталов ауданының әкімдігі мен М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университеті арасында әріптестік меморандумына қол қойылды.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ҚАРАОБАДА КӨШЕТТЕР БОЙ ТҮЗЕДІ

Күні: , 106 рет оқылды

21 сәуір күні «Бүкіл қазақстандық терек отырғызу күніне» орай Қараоба ауылында Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы баққа көшеттер егілді. Игі шараға ақын, жазушы Дариға Мұштанова, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Самал Жангереева, Қараоба ауылдық округі әкімі Арман Ғалымов, ауыл тұрғындары қатысты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«АҢЫЗ БОЛҒАН АБЫСЫНДАР» ҚАРАОБАЛЫҚ ОҚЫРМАНДАРМЕН ҚАУЫШТЫ

Күні: , 144 рет оқылды

21 сәуір күні Қараоба ауылында ақын, журналист Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты кітабының тұсаукесері өтті. Иә, бұл кітаптың тұсаукесері 6 сәуір күні Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет орталығында өткен еді. Дегенмен бүгінгі тұсаукесер өзгерек. Себебі бұл кітаптың басты кейіпкерлері Қараоба ауылының аяулы үш анасы, үш абысын – Сақыпжамал, Сақып, Ділда еді. Қазақы дәстүрді берік сақтаған, имандылық, ибалылық, қайсарлық, кеңдіктің бейнесіндей үш абысынның тағдыры жазылған бұл кітап олардың туған жермен қайтадан қауышуындай болды. Сондықтан да бұл тұсаукесердің орны ерекше дейміз. «Қиындық деген – қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты қайрасаң жетіледі. Кетілмеді, жетілді қайран, қайсар үш Ана – үш абысын. Содан да олардың өздері – абыз, аттары – аңыз болды елде» -дейді кітаптың алғысөзін жазған жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов. Кітапқа үңілсең, үш абысынның бірі – Қайсағали ағаның жары Сақыпжамал анамыздың ақтүтек ала боранда шанадан түсіп қалған сәбиді жалғыз өзі жаяу іздеп барып тауып әкелуі, Қизағали аға мен Сақып ананың 5 бірдей баласының қызылшадан 17 күннің ішінде көз жұмып, ананың аңырап қалғаны, Сақыпжамал мен Ділда аналарымыздың ауырып жатқан Сақып абысындарына ем болар деп балық іздеп Астраханға барған сапары, бәрі-бәрі көз алдыңнан өтіп жатады. Тұсаукесер кешін осы кітаптың жазылуына ұйытқы болған Сақыпжамал ананың келіні Ырысты Қайсағалиева аса бір тебіреніспен жүргізді. Сахна төріне көтерілген шығарма авторы Дариға Мұштанова бұл кітаптың жазылу тарихына аз-кем тоқталып өтті. –Бұл кітаптың жазылуы бір Алланың, содан кейін аналарымыздың аруағының қолдауымен болғандай. Жолы өте жеңіл, бәрі бір алдын-ала жоспарланып қойғандай. Тек адаспай жүрсең болғаны дегендей олар. Қараобаның өзі бір киелі жер ғой. Бұл жердің адамдары да ерекше, пейілдері кең, нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ал осы ауылдың аттары аңызға айналған үш абысыны – нағыз қазақтың келінінің, елдің анасының көрінісі. Кітаптарыңыз құтты болсын, -деді өз сөзінде Дариға Ғазезқызы. Тұсаукесерде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева аудан әкімінің құттықтау хатын, Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов алғысхат табыс етсе, бүгінде осы әулеттің үлкені болып отырған Қайырболат аға мен Жеміс апа, сонымен қатар ауылдың бір топ үлкендері Аналары, үш абысын туралы естеліктерімен бөлісіп, кітап авторына алғыстарын білдірді. Ал Айса аға мен Ділда ананың баласы Шынтемір аға мен жұбайы Әлия апа Қызылорда облысынан арнайы келіп, өздері «Үлкен мама», «Тәтай мама», «Кішкентай мама» атап кеткен аналары жайында, туған жері – Қараоба туралы тебірене сөйледі. Айта кетейік, Шынтемір Айсин бүгінде «Сырдария ауданының құрметті азаматы», Мәдениет саласының үздігі. Осы келгенде Қараобаға арнап жазылған Дариға Ғазезқызының «Қараоба» өлеңіне қызылордалық сазгерге ән жаздырып, елге сыйлады. Сонымен қатар тұсаукесерде үш абысынның, үш дана ананың алақандарының табы қалған тұтқаны ұстап отырған үш келін, үш абысын – Жеміс, Әлия, Ырысты да жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал үш абысынның қайынсіңлісі Ағиза ана мен Дариға Ғазезқызы кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, шығарма авторы әсерлі кештен соң кітапты қолдарына алып, аңыз болған үш абысынның өмірімен танысуға асық боп тұрған оқырмандарға қолтаңба жазып берді. Иә, бүгінгі күнде санамызда рухани жаңғыру жүріп жатырған уақытта бұл шығарманың алар орны, берер тәрбиесі, ұғындырар ұлағаты көп. Бұл кештен қатысқандар үлкен тебіреніспен, әсермен тарқасты.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТЕРЕК ОТЫРҒЫЗУ КҮНІ»

Күні: , 104 рет оқылды

21 сәуір күні «Бүкіл қазақстандық терек отырғызу күніне» орай аудан орталығында тал-теректер егу жұмыстары қолға алынды. Аудан орталығындағы барлық көшелердегі қоршаулар мен саябақтарда, сонымен қатар Қазталов ауылының кіре берісіне барлығы 1104 түп терек отырғызылды. Оның 700 түбі көктерек (тополь), 200 түбі ерен (ясень), 104 түбі ақжелен (клен) және 100 түбі қарағаш. Тал егуге шыққан аудан орталығындағы барлық мекеме ұжымдары және қоғамдық ұйым өкілдері бір кісідей қатысты. Олар өздеріне берілген учаскелерде тазалау жұмыстарымен қатар талдар екті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАЛҒЫН БИШІЛЕР БАЙҚАУЫ

Күні: , 96 рет оқылды

29 сәуір – Халықаралық би күніне орай бүгін ауданымыздың үздік би ұжымдары мен жас бишілері арасында «Би марафоны – 2018″ байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – дарынды оқушыларды қолдау, олардың би өнеріне деген құштарлығын арттыру. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған байқауда 7 би тобы 3 дара және 1 дует бойынша би орындаушылар өнер жарыстырды. Бишілеріміз 4 кезең бойынша өз өнерлерін паш етті. «Қазақ биі», «Өзге ұлттық би», «Жастар биі» және «Модерн» билерін қойған бишілердің шеберліктері жоғары екенін аңғардық. Би – бишінің табиғаты мен жан дүниесіне сәйкес келгенде ғана көрерменнің жүрегіне жол тарта алады. Жарыс барысында көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген жас бишілер сахнаға шыққан сәттен-ақ жиылғандарды өзіне баурап алды. Сәні мен салтанаты жарасқан би топтарының қай-қайсысы да көңілден шығатындай өнер көрсетті. Байқау нәтижесінде «Би марафоны – 2018» байқауының БАС ЖҮЛДЕ иегері болып «КЕРІМ-АЙ» БИШІЛЕР ТОБЫ (Жалпақтал ауылы) танылды. Ал байқауда БІРІНШІ орынды А.ОРАЗБАЕВА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫНАН ҚҰРАЛҒАН «СҰҢҚАР» БИШІЛЕР ТОБЫ (Қазталов ауылы) жеңіп алса, ЕКІНШІ орынды «ЖАС ТОЛҚЫН» (Ақпәтер) және «ШАТТЫҚ» БИШІЛЕР ТОБЫ (Қайыңды ауылы) иеленді. Жарыстың ҮШІНШІ орнына «ӘДЕМІ» (Бостандық ауылы), «ГҮЛДЕР» (Жаңажол) және К.МЕҢДӘЛИЕВ МЕКТЕБІНІҢ «ІНЖУ МАРЖАН» (Жалпақтал ауылы ) БИШІЛЕР ТОБЫ тұрақтады. Жеке орындаушылар арасынан БІРІНШІ орынды ДИАНА ҚҰРМАНҒАЛИЕВА (Әжібай ауылы), ЕКІНШІ орынды ГҮЛСІМ ЕРСАЙЫНОВА (Қоныс ауылы) және Асылзада Набиуллина (Мереке ауылы) жеңіп алса, дует ретінде қатысқан «ҒАЖАЙЫП» ТОБЫ (Көктерек ауылы) БІРІНШІ орынды иеленді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.