АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.04.2018


«БЕРШІМБАЙ» СОРЫ ҚАЛАЙ «МЫРЗАҒАЛИ КӨЛІ» АТАНДЫ?

Күні: , 100 рет оқылды

Кезекті іссапарда «Бершімбай» соры қасынан қоныс тепкен «Әли» шаруа қожалығына барғанда осы қожалықтың мүшесі Баймағамбет деген азаматтың ауызынан,- ана жақта «Мырзағали» көлі бар,- деген сөзді естіп қалдым. – Қай Мырзағали? –деп сұрағанымда, -Саралжын ауылында тұрған Мырзағали Мусин ғой,- деді. Сәл шегініс… Мырзағали ағаны жақсы танитын едім. 70-ші жылдары өмірден озды. Бала кезімізде үлкендердің ауызынан,- Мырзағали соғыстан қашқан. Ол 30-40- шы жылдары әскери комиссариатта қызмет жасаған. Орыс тіліне жетік және сауатты да жаза білген,- деген әңгімені жиі еститінбіз. Бұл адамның сауатты екенін өз көзімізбен де көрдік. Үнемі қолында «Правда» газеті жүруші еді. Оның қашқын аталуы қалай болған? Әскери комиссариатта қызмет істеп жүрген кезінде шатылған. Себебі белгісіз. Соғыс басталған кезде оған шақырту келеді. Мырзағали ағамыз себебі белгісіз соғысқа бармай, бой тасалайды. Сол бой тасалап жүрген кезінде бір ауылға барып колхоздың жұмысына да араласады. Әлгі ауылдың адамдарына,- мен орыспын. Орталықтан осы жаққа жұмысқа жіберді,- деп айтқан көрінеді. Расында да ағамыздың көзі көк, өңі сары болатын. Әрі орысша мүдірмей таза сөйлегесін ауылдың аңқаулары оны орыс деп ойласа керек… Енді қашқын болып жүргенде ол осы «Бершімбай» сорының қамысының арасында тығылған. Сол қамыстың арасынан лашық (жертөле) жасаған. Қасында соғыстан қашқан өзі сияқты Қасқыр, Шолпан деген адамдар болыпты. Бір қызығы лашық-жертөленің алдынан кіріп, артынан шығатын бірнеше метр жерден шығатын ауызы да болған. Бір күні Шолпан мен Қасқырды осы жерден НКВД-ның адамдары ұстап алып кетеді. Бұл кезде Мырзағали ағамыз азық іздеп ауылдарға қарай кетіпті. НКВД-ның адамдары екеуін ұстағаннан кейін жертөленің екінші ауызын бітеп кеткен. Мырзағали ағамыздың тығылатын жеріне келе жатқан кезінде олар құрықтамақшы болған. Соны байқап қалған ол қашып жертөлеге келеді. Екінші ауызынан шығайын десе оны бітеп тастаған. НКВД-ның адамдары оны жертөледен шығару үшін айналасындағы қамысты өртеген көрінеді. Амалсыздан ағамыз қолға түсіп, қолына кісен салынып, айдалып кете барыпты. Соғыс біткеннен кейін ағамыз жазасын өтеп елге оралған. Ауылда ұзақ жылдар шопан болды. Бірақ ағамыз осы басынан хикая туралы тіс жарғанын естіген жоқпыз. Иә бұл сол бір сұрапыл, қиын замандағы адам тағдырының бір көрінісі болатын. Мырзағали ағамыз бен Нұрсұлу апамыздан 4 ұл, 1 қыз ұрпақтары қалды. Қызы Жұмабике, баласы Жұмағазы бүгінде Атырау қаласында тұрады. Ал ең кенжесі Талғат Қызылорда жағында. «Бершімбай» сорының жанындағы ағамыз тығылған жер «Мырзағали» көлі атанып, бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетіп отыр. Ал осыны көргенде «адамзаттың Айтматовы» жазған «Бетпе-бет» хикаятындағы басты кейіпкер Ысмайыл – Мырзағали аға болып көзімізге елестеді…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


БІР СИЫР, ЕКІ ҚОЙ, БІР ҚҰЛЫН – БҮГІНДЕ ЕКІ ЖҮЗ СИЫР, ЕКІ ЖҮЗ ҚОЙ, 50 ЖЫЛҚЫ

Күні: , 98 рет оқылды

Осыдан 3-4 жыл бұрын бір жиында біздерге,- Бірік ауылдық округінде ағайынды Хайдаровтар бар. Олар 1 сиыр, 1 құлыннан бастаған шаруаларын бүгінгі күнде үлкен шаруа қожалығы деңгейіне жеткізді. Соны неге ақпарат бетінде жария етпейсіздер ме?- деген жұртшылық ойын білдірген еді. Соны округ әкімі Батырхан Байғонақов ретін шығарып, Әжбай ауылынан 30 шақырым жердегі қожалыққа алып барды. «Бершімбай» сорының қасында орналасқан «Бершімбай» бөгетінде шаруасын жасап жатырған ағайынды Табиғат, Баймағамбет Хайдаровтарға ат басын тіредік. Екі азаматпен әңгімелесіп, шаруаның жәйін сұрап, — 1 сиыр, 1 құлынмен мынандай үлкен шаруашылық құруға қалай қол жеткізідіңіздер?- деген сауалымызды да жіңішкелеп жеткіздік. Табиғат, — Кеңес келмеске кетті, тоқырау басталды, кеңшар тарап кетті. Басқалар сияқты түрлі жұмыстарда жүрген біздер де абдырап қалдық. Бәріңізге белгілі үкіметке сеніп отыра беріппіз ғой. Қолымызда көп мал да жоқ. 1 сиыр, 2 қоймен осы жерге келіп жекелердің бойдақ малдарын бақтық. Мына бөгет жанынан бау-бақша салдық. Әйтеуір көштен қалмаудың амалын ойластырудан басқа ой да болған жоқ. 1997 жылы көрші Бөкей ордасы ауданының Құрманғазы ауылының Шөкен деген жылқышының жылқылары осы жаққа келді. Аяғы ұзын жануарлар ғой… Біраз уақыт өткеннен кейін жылқышы іздеп келіп, жылқыларын кері алып кетті. Сол кезде бір бие құлындап, құлыны жүруге жарамайтын болғандықтан біздерге сыйға тартып кетті. Міне осы 1 сиыр, 2 қой, 1 құлын біздің қорамызда мал болып тұрды. Ойлана келе осы малдарды пышаққа да жыққан жоқпыз, қиналсақ та сатқан жоқпыз. Жыл өткен сайын бұлардың өз төлдерінен бастары көбейе бастады. Жиырма жылдың ішінде осы малдардың өз төлдері есебінен көбеюі және басқа-бас қосуымыздан шаруа қожалығын құрдық. «Әли» деп аталатын біздің шаруа қожалығымызда бүгінде 220 ірі қара, 200 қой, 50 жылқы бар. Биылғы жылдың өзінде бұл малдардан 40 бұзау, 80 қозы, 5 құлын алып отырмыз. Төл алу әлі жалғасуда. Ірі қараға үкіметтен субсидия да алдық. Алдағы уақытта қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз,- деп әңгімесін қайырды. Осы шаруашылыққа келіп көзбен көргенге дейін сенбей келіп едім. 1 сиыр, 2 қой, 1 құлыннан басталған шаруа осындай дәрежеге жеткенін көзіммен көргесін сендім. Қалай сенбессің? Мал өрісте өріп жүр. Үйдің жанында ауыл шаруашылық техникалары самсап тұр. Ал Әжбай ауылында даңғарадай үлкен үй салынған. Қос жеңіл көлік тағы бар. Оралда да үйлері бар. Міне ағайындылар адал еңбекпен ерінбей осындай дәрежеге жетіп отыр. Осыны көріп ойланасың… Шындығы керек, кейбіреулер қорасында бір-екі бас малы болса,- осы малдан не қайыр көріп отырмын,- деп не пышаққа іліктіреді, не сатып жібереді. Ал ағайынды Хайдаровтар шыдамдылықпен алдарына мақсат қойып, осындай табысқа жетіпті. Бұл – үлгі аларлық іс. Былайша айтқанда Адам Смиттен бастау алған нарықтың биік шыңы – мақсат, тәуекелшілдік, үнем осындайлардан көрініс табатын сияқты. Осы бір ерінбей биікке жеткен азаматтармен әңгіме барысында олар шаруаларының нәрі, көзі болып саналған «Бершімбай» бөгеті туралы айтып берді. Олардың айтуынша,- бұл жер малға құт мекен болып саналады екен. Сонау өткен заманда бұл бөгеттің ішінде құдық болыпты. Сол құдықтың ауызынан түйелер келіп су ішетін көрінеді. Түйелер қанша ішсе де су құдықтың бетімен бірдей болып тұрады екен. Бұның өзі малға құт емес пе? Сол құт бүгінде ағайынды Хайдаровтарға дарығандай…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЫРЫСТЫҢ КӨЗІ – КӨЛДІКТЕРДЕ СУ МОЛ

Күні: , 90 рет оқылды

Көктемгі қар суымен және жоғарыдан Сарыөзенге келіп жатқан судың молдығынан Қазталов, Бірік ауылдық округінің тоғандары мен көлдіктері толып жатыр. Ауыл тұрғындарын да, шаруа қожалығының жетекшілерін де әңгімеге тарта қалсаң, айтатындары,- молшылық ұзағынан болғай! Төрт жылдан бері осы көлдіктер кеуіп қалған еді. «Бесқонақтың» шығысы да өз ырымын жасауда. Яғни шөп бітік болады деп сенеміз,- дейді. Ауыл адамдарының көңіл-күйлері жоғары. Ырыстың көзі — көлдіктерде су мол. Көктеммен бірге келген құстар да өз «базарын» қыздыруда.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАСҚАЙРАТ АУДАНЫМЫЗДЫҢ «БАС МҰРАБЫ»

Күні: , 102 рет оқылды

«Ворошилов» бөгетін айтқанда Жасқайрат Дәулетов тілімізге бірінші оралады. Әрине Жасқайрат мұрап емес, шаруа қожалығының жетекшісі. Бірақ бұл бөгеттің аудан үшін үлкен маңызы бар екенін ескерсек, Жәкеңді қоғамдық негізде қызмет атқарып жүрген мұрап деуге де болады. Көктем айында жоғарыдан келетін судың босқа рәсуа болмай, немесе иә бір қиындықтарға душар жасамауына да Жасқайраттың көп еңбегі бар. Өліара кезінде алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрған Жасқайрат бүгінде шаруасын дөңгелеткен азамат. Қарамағында 700 қой, 120 сиыр, 300-ге жуық ешкі малы бар бұл шаруа қожалығы біз барғанда қауырыт жұмыс үстінде екен. — Малдар төлдеп, 230 қозы, 44 бұзау, 56 лақ алынып отыр. Малдың ауызы көкке ілінді ғой. Алынғын төлдер ширақ та жақсы жетіліп келеді,- деді Жасқайрат бізбен әңгімесінде. Жасқайраттың төлдерінің мойындарында қалақтар байланған. Осы бір қалақ байлау сонау Кеңес кезіндегі отар-отар қойларда болатын. Ал Жасқайраттың жасаған қалағында «Е» деген жазуды көзіміз шалды. Бұл нені білдіреді?- деп сұрағанызда, ол,- «Е» қалақшалары ешкінікі,- деп айтты. Көп қалақта «Е»-ден көрі «Е-2» деген қалақшалар көп екен. Себебі ешкі малы көбінесе-көп егіз туады ғой. Осыдан келіп байқағанымыз, төрт түлік малдың бірі – ешкі саны едәуір көп екен. Ал біздің жақта көбінесе назарымыз қой малына ауысып, соның басын көбейтумен жүреміз ғой. Ешкі малының мұндай көп болуы басқа шаруа адамдарына үлгі болғандай. Себебі ешкінің еті де, сүті де, түбіті де алтынмен пара-пар екенін әлі мойындамай келеміз. Ешкі малының етін де, сүтін де, түбітін де экспортқа шығарып, пайда тауып отырған елдер көптеп саналады. Сондықтан әзірге оның өнімін пайдаға асырмасақ та ең болмағанда санын көбейтуге баса назар аударған жөн сияқты. Көктем айы болғандықтан және өзен арқылы көлдерге шығып жатқан сулардың ортасында орналасқан «Дәулетов» шаруа қожалығының көрінісі «Ромбинзон Крузо» аралын елестетеді. Қамыстан ат құлағы көрінбейді десек, айдын көлде шулап жатқан құстар ғажайып аралды көз алдымызға әкелді. «Ворошилов» бөгетінің қақпасына көзімізді салдық. Гүрілдеп ағып жатқан судың үні,- Ей, адамдар, мүмкіншілікті пайдаланып мені қажетіме жаратыңдар,- дегендей… Ал осы жерде еңбекқор азамат Жасқайрат Дәулетов адал еңбегінің игілігін көруде.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«ТАРТА ЖЕСЕ ТАЙ ҚАЛАДЫ…» ДОСТЫҚ ЖЕТКЕН БИІКТІК

Күні: , 88 рет оқылды

Әжібай ауылының халқы бір қуанышты күндерін атап өткісі келсе, 7 шақырым жердегі аудан орталығындағы мейрамханаларға тапсырыс беретін. Өйткені Әжбай ауылында бір мейрамхана жоқ еді. – Апырмай, шаруалары шалқыған кәсіп иелері бар, бір мейрамхана неге салып алмайды екен? – деп ойлайтынбыз. Осыдан екі жыл бұрын «Мирас» мейрамханасы салынып, қонақтар күтетін орынға айналса, сонымен қатар ауылға да көрік берді. Ал бұның иесі кім дейсіз? «Қызылту» шаруа қожалығының жетекшісі Достық Жорасов болатын. Сәті түсіп Достықтың шаруасымен таныстық. Біз барғанда шаруа қожалығында қызмет жасайтын адамдар жазғы науқанға техникаларын сайлап жатыр екен. Достықпен болған әңгімеде ол:- Өздеріңіз білесіздер, осы жерде туып-өстім ғой. Әкем Шұғай марқұмнан 2 сиыр, 5 қоймен шаруа таяғын ұстап қалдым. Сонау 97 жылғы қиың кезеңдер ғой. Кімге барып тіленіп жүресің? Түрлі шаруаның басын қайырдық. «Тарта жесе тай қалады…» дегендей 2 бас сиыр мен 5 қойдың төлдеріне қол тигізбедік. Өсірдік. Ащы маңдай терді төктік. Соның жемісі болар бүгінде шаруа қожалығымда 600 қой, 120 сиыр, 20 бас жылқы малы бар. Қыстан қысылмай шықтық. Жинаған шөбіміз жетті. Қазіргі күнде мал басы төлдеп, 400 қозы, 40 бұзау алынып отыр,- деді. Осы бір қысқа әңгімеден соң біз жалпы Достықтың елге жасап жатқан көптеген қайырымды істерін білетінімізді айтқымыз келеді. Округ әкімі Батырхан Байғонақов,- ауылда Достық сияқты азаматтар көп болса көп іс тындыруға болады. Қазіргі күнде ауылды түлету үшін ашылған қорға да қаражат салуға жан ұшыра қызмет жасауда. Сондай-ақ қандайма бір көмек қажет болатын болса осы Достыққа келеміз,- дейді. Міне, ауылдың қарапайым азаматы еңбектің қандай болатынын, оның табысқа жеткізетінін айтқан әңгімесінен аңғаруға болады. Былай ойлап қарасақ, 2 бас сиыр мен 5 қойдан басталған шаруа бүгінде үлкен ауылға көмек беретіндей үлкен жағдайға жеткізіп отыр. Жарайсың, Достық!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ КІМ ҮШІН?…

Күні: , 106 рет оқылды

Жалпақтал ауылының тұрғындары мекеме кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен мәдениет үйінде жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Аудан әкімдігінің қаулысымен 14 сәуірден 15 маусым аралығында ауданда санитарлық-экологиялық тазалық айлығы жарияланған болатын. Осы айлықтың жариялануына орай ауыл тазалығын сақтау мен жеке тұрғындардың мал бағымын ұйымдастыру мәселелері жөнінде Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин хабарлама жасады. -Ауылдың малы бес бағытқа шығады. Күні бүгін ауылда екі ауылшаруашылық кооперативі жұмыс атқаруда,-деді Самиғолла Сафиоллаұлы. Өткен жылы мекемелермен бірлесе отырып, ауылдың тазалығы, сенбілік жұмыстар ұйымдастырылды. Сенбіліктерде ауыл ішіндегі көшелер, жол жиектері, Қараөзен өзенінің жағалаулары күл-қоқыстан, қалдықтардан тазартылды. Тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонға күл-қоқыс шығарылған. Жалпақтал полиция бөлімінің, учаскелік полиция инспекторы Балауса Қаженова кешкі мезгілде бос жүрген мал қамалып, мал иесіне тәртіптік шара алынатынын ескертті. -Ауыл келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Жыл сайын көркейіп келе жатқан ауылдың ажары тазалыққа байланысты. Ауыл тазалығы отбасынан басталады. Десек те бізде әлі күнге тазалық, экологиялық мәдениет орнықпай келеді. Шынын айту керек, егілген көшеттерді жұлып, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар арамызда жетерлік. Бұл адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ауылдың тазалығы басқаға емес, бірінші кезекте өзіміз үшін керек.Қоғамдық орындарда шылым шегіп, шемекі шаққан адамдарға айыппұл салынса, кез келген жерге қоқыс тастайтын адамдарға да неге айыппұл салмасқа деген ой келеді. Қазіргі таңда әр үйдің маңынан шыққан қоқыс көше бойына дейін артылып жығылады. Аулалардың бәрі таза, мін жоқ деп те айта алмаймыз. Осындайда, аула есіктерін тарс жауып, тек қана үй тазалығын ойластыратындардың әрекетіне таң қаласың. Адамдардың немқұрайлығына лажсыз ренжисің. Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатсақ та, кейбір елге жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, лезде тазалаған жерлер ластанып жататындығы өкінішті. Ал, енді «бұған кім кінәлі?» деген сауалға жауап іздесек, өзіміздің айналамызда жүрген адамдар, жасөспірімдер, әсіресе ересектер болып шығады. Үлкендер жағы өсіп келе жатқан балаға ақыл айтамыз да, өздеріміз керісінше жасаймыз. Аула түгіл, кейбіреулер тұтынған тағам қалдықтарын «пакетке» салып кез келген жерге тастай сала жүре беруді әдетке айналдырған. Айналасын бүлдіріп жүргендер жасаған әрекеттерін ұят санамайды.. Жәй айтқанды түсінгісі келмейтін жерлестерімізді тәртіпке шақырып, айналаны ластағандарға, тазалық сақтамағандарға айыппұл салып, берекетсіздікті азайтуымыз қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда әрбір тұрғын үшін жайлы да таза орта өте қажет. Ел игілігі үшін атқарылған ізгі істерге біздің халқымыздың қайтарымы ретінде ауылымыздың ажарын, ауылдың келбетін тазалықпен көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді?! — дейді округ әкімі Самиғолла Ақмурзин. Халық алдында сөз алған аудан басшысы Абат Абайұлы барша ауыл тұрғындарын ел тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Жиналыста ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, ауыл тазалығы жөнінде, ауылды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға төгу мәселелері бойынша өзіндік ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖАСТАРМЕН БОЛҒАН ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

Күні: , 116 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков ашық алаңда ауданның жастарымен жүздесті. Жалпақтал ауылындағы жастар демалыс орталығында өткен жиында жастардың өтініш тілектерін тыңдады. Қазталов ауданында 14 пен 29 жас аралығында 6393 жастар бар. Жастар саясатын жүзеге асырумен айналысатын ауданымызда «Қазталов жастар кеңесі», «Жалынды Жалпақтал қоғамдық бірлестігі», аудандық жастар ресурстық орталығы секілді үш қоғамдық бірлестік жұмыс жасауда. Қала берді ауданымыздың әр округтерінде жастар ресурстық орталықтарының кеңесші мамандары жұмыс атқаруда. Жастармен бас қосуда облыстық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Нұрғали Жолдасқалиев күні кеше Елордамыз Астана қаласында өткен съезінде алған әсерімен бөлісіп, жастардың ұсыныс тілектерін тыңдады. Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі мемлекеттің қолдауын көріп, жұмыспен, баспанамен қамтылған, әсіресе ауданымызда «Дипломмен -ауылға» бағдарламасы бойынша үй алып, жас отбасылар саны да жылдан жылға көбеюде екен. Жастармен жұмыс жақсы жолға қойылған, біршама жұмыстар атқарылып, жастар белсенділігі артқан. Жастар әсіресе, ауданның саяси, мәдени,қоғамдық жұмыстарына атсалысуда. -Бұның алдындағы кездесу Бостандық ауылында өтсе, бүгін міне Жалпақтал ауылында өздеріңізбен қайта жүздесіп отырмыз. Осындай жүйелі кездесу Қазталов жастар кеңесінің, Жалынды Жалпақтал қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастар ресурстық орталығының арқасында жүзеге асып отыр деп ойлаймын. Қандай жағдай болсын ең алдымен жүйе және бірлік, татулық болу қажет. Жуырда Елбасымыз жариялаған бес әлеуметтік бастамадан жастарды толғандыратын негізгі сауалдарға жауап алдық. Үндеуде студент жастарды жатақханамен қамту, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсібін ашуға мүмкіндік жасау секілді мәселелер қамтылды. Кез келген мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдің жастарына байланысты,-деді аудан басшысы Абат Шыныбеков. Емін-жарқын жүздесу барысында Болашақ ауылынан келген Ренат Тілепбергенұлы, Жалпақтал колледжінің ІІІ курс студенті Айнажан Байғанина несие алудың жолдарын сұрастырса, Жалпақтал ауылының жастары Әлия Серікқалиева, Арайлым Елтаева, колледждің ұстазы Аслан Алданов ауылдың тазалығы, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, Ғ.Молдашев мектебіне лингофон кабинетін ашу секілді және тағы да басқа ауыл жастары көкейтесті сұрақтарын қойды. -Қай салада еңбек етсең де, айналысатын ісіңді жақсы көруің керек. Сонда ғана жұмысың жемісті жүреді. Аудандық кәсіпкерлік палатасы нақты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал енді ауылдың тазалығы ол сіз бен бізге байланысты. Біз жыл сайын тал-теректер отырғызамыз. Ол тал теректердің саны бар да, сапасы жоқ. Оның барлығын әкімшілік суару керек, қоғамдық жұмысқа тартылған жұмысшылар атқару керек. Соны өзіміз жастар болып неге атқармасқа. Биылғы жылы жалынды Жалпақтал жастары тал теректер отырғызуды жайында жоба жасақтаған болатын. Өте дұрыс жоба деп есептеймін. Бес тал-терек отырғызсақ та, сол ағаштарымызды өзіміз, жастар болып күтімге алайық. Аудандық білім бөлімімен Қайыңды ауылында орналасқан бұрынғы лагерін оқу өндірістік бригадасына айналдырмақпыз. Онда 9-10 сыныптың оқушыларын бау-бақша егу жұмыстарын атқаратын болады. Тек қана егіп, көктетпейді, содан түскен қаражатты өздері жұмсайтын болады,-деген Абат Абайұлы барлық қойылған мәселелердің шешу жолдарын қарастыратындығын, ал жастар тарапынан түскен ұсыныстарға да үлкен мән берілетіндігін айтты.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ЖАЛПАҚТАЛДА ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ

Күні: , 88 рет оқылды

Ел ертеңі – жастардың қолында. Сондықтан Қазақстан жастарының бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі жоғары болып қалыптасуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Бүгін Жалпақтал ауылында ауданымыздың жастары бас қосты. Жалпақталдың саябағында басқосу кезінде жастар өздеріне артылған сенім мен мол мүмкіндіктер жайында талқылады. Ең алдымен саябақ ішінде домбыра-party шарасы өткізілді. Жастар ұйымдастырылған шараға Жалпақтал өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Мұнан кейін жастар күй шертіп, ән де салды. Осы шара барысында жастардың ұйымдастыруымен асық ату, ақ сүйек секілді ойындар өткізілді. Ашық алаңда бас қосқан жастар өздерінің ұйсыныс-пікірлері мен ойларын ортаға салды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.