АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 17.04.2018


ТАҒЫ ДА ТАЗАЛЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Күні: , 72 рет оқылды

17 сәуір күні аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бегжановтың төрағалық етуімен ауылды көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру мәселелері бойынша жиналыс өтті. Жиынға салалық мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар қатысты. Жиында сөз алған ауылдық округ әкімі Жүсіп Шакуов аудан орталығындағы көпқабатты үйлер және жеке үйлердің аула ішіне тазалық жұмыстарын жүргізу мәселесіне ерекше тоқталды. -Ауданымыз таза әрі көрікті болуы үшін барлық ауыл тұрғындарының белсенді атсалысуы керек. Басқа ешкім келіп, біз тұратын жерді тазалап бермейді. Сондай-ақ ауылымызды жасыл желекке айналдыру үшін әр тұрғын үйлерінің алдына тал-теректер отырғызса, нұр үстіне нұр болар еді,- деді. Жиналысқа қатысқан басқа да мекеме, ұйым басшыларының тарапынан тазалық жұмыстары жөнінде көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары өткен аптада өткен тазалық жұмыстардың нәтижесі көңілді көншітпейтінін және алдағы уақытта сенбілікке барлық мекемелердің атсалысуын айта келіп, тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 70 рет оқылды

16 сәуір күні аудандық «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында аудандық мәслихат депутатттары қоғамдық ұйым өкілдері мен мекеме, ұйым жетекшілері және ұстаздармен кездесті. Кездесу барысында №2 Мерғалиев сайлау округінің депутаты Жұмабек Хайруллин, №1 Қазталов сайлау округінің депутаты Мейірбек Рамазанов өздерінің округтері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, есеп берді. Депутаттар өз сөздерінде аудан орталығындағы С.Даниялов көшесінің бойына жаяу жүргіншілер үшін асфальт жолын төсеу, А.Оразбаева мектебіне жаңа ғимарат салу, Қазталов орта мектебіне техникалық су тарту және «Совхозтехника» бағытына тоған қазу сынды мәселелердің алдағы уақытта шешімі табылатынына тоқталды. Кездесуге қатысқан сайлаушылар қозғалған мәселелер бойынша түрлі сауалдар қойып, оған тұшымды жауаптар алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

Күні: , 84 рет оқылды

16 сәуір күні А.Оразбаева мектебінде «Болашаққа қадам» тақырыбында аудандық жастар ресурстық орталығы мен Жастар қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен мектеп бітіруші түлектермен кездесу өтті. Кездесуде аудандағы түрлі салалық мекемелердің өкілдері қатысып, өздерінің салалары туралы түсініктер беріп, әңгімелер айтты. Осы орайда мектеп бітіруші түлектерге кәсіпті таңдауда дұрыс қадам жасауға нақты бағыттар берілді. Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасында» айтылғандай әрбір жасқа болашақта айқын бағыттар беріліп, мемлекеттік қолдаулар көрсетілмекші. Міне осыны әрбір жас ұғына білу қажет. Сонымен қатар елімізде ауылшаруашылығын дамыту, атакәсіпті қолға алу – маңызды міндет болып қалуда. Біле білген адамға төрт түлік малдан келетін пайда да, табыс та көп. Осыны дамыту үшін бүгінгі мектеп бітіруші түлектер ауылшаруашылық мамандығын таңдағандары да дұрыс деп айтамыз. Кездесуде мектеп түлектері өздерін толғандырып жүрген сауалдарына тиісті жауаптар алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚЫЗЫЛОРДАДА ТОП ЖАРДЫ

Күні: , 92 рет оқылды

13-15 сәуір күндері Қызылорда қаласында 2003-2004 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында дзюдо күресінен республикалық турнир өтті. Бұл турнирге қатысқан Жалпақталдың қос қызы Айшабибі Мұрадымова мен Айдана Қасенқызы жеңімпаз атанды. Ең алдымен Орал шаһарында ұйымдастырылған облыстық чемпионатта топ жарып, жеңімпаз атанған Айшабибі Мұрадымова мен Айдана Қасенқызының жеңістерін атап өткенді жөн көрдік. Мұнан кейін 13-15 сәуір айнда Қызылорда қаласында өткен республикалық турнирде 36 келі салмақ дәрежесінде Айшабибі Мұрадымова мен 40 келі салмақта өнер көрсеткен Айдана Қасенқызы ауылдың, облыстың намысын қорғап, турнирдің жеңімпазы атанып, олжалы оралды. Сонымен қатар бүгінде облыстық спорт интернаттың тәрбиеленушісі, жерлесіміз Элеонора Анарбек ІІ орынға табан тіреп, жүлдегер атанды. Жалпы ұйымдастырылған республикалық турнирдің мақсаты — Елбасының Жолдауынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыру, жастар арасында дзюдоны кеңінен насихаттау, жастарды спортпен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Бүгінде Айшабибі мен Айдана спортты жанынан серік еткен Ғаділбек Сатыбалдиевтің шәкірттері. Қызылордада өткен руспубликалық жарыста жеңімпаз атанған қос қызымыз әлі талай додаларда топ жарып, елдің сенімін ақтайды деп сенеміз.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.