АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 13.04.2018


«ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР» АТТЫ СӘРСЕНҒАЛИ РАХМЕТОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Күні: , 112 рет оқылды

Бүгін Жаңажол мәдениет үйінде ардагер ұстаз, ақын, өлкетанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәрсенғали Рахметовтың «Қаламы қарымды қаламгер» атты шығармашылық кеші оздырылды. Сәрсенғали Рахметов ауданымызға қарасты Көктерек ауылында 1952 жылы дүниеге келген. 1981 жылы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих мамандығын алған біздің кейіпкеріміз Көктерек мектебінің жанындағы жатақханада тәрбиеші, меңгеруші, тарих пәнінің мұғалімі болып еңбекке етті. 1989-1991 жылдары аралығында Кіші Талдықұдық сегізжылдық мектебін басқарған Сәрсенғали Рахметов зейнет демалысына шыққанға дейін. Н.Дүйсенғалиев атындағы негізгі білім беретін мектебінде тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып жұмыстар атқарды. 2006 жылдан бастап ҚР Журналистер одағының мүшесі, 2012 жылы «Наз» атты жыр жинағы жарық көрсе, аудандық, облыстық газет беттерінде көптеген жыр жинақтары мен мақалалары жарық көрді. Шығармашылық кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, ауыл әкімі Қайыржан Өміралиев ізгі лебіздерін білдіріп, шапан жауып, естелік сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар «Ақжайық» телеарнасының ақпараттық жаңалықтар бөлімінің редакторы, кеш иесінің шәкірті Тұрар Кенжеғалиев, Ақжайық ауданының халықтық «Шаттық» әжелер ансамблінің жетекшісі Анар Есеналиева, жерлесіміз, айтыскер ақын Сәрсенғали Бисенғалиев, Ұзақбай Мақатов, ақынның замандастары, кеш қонақтары сахна төріне шығып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ кеште ән жырдан шашу шашып, мектеп оқушылары кеш иесінің өлеңдерін оқып берді. Тамаша ұйымдастырылған кеште Сәрсенғали Рахметовтың «Қарақоға. Қараөткел. Көмекші» атты атрихи-танымдық басылымның таныстырылым өтті. Бұл басылым ауданымыздың Жаңажол ауылдық округіне қарасты Көмекші ауылының арғы-бергі тарихы мен әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы туралы мәліметтер жинақталған. Кітап туған ел, өскен жер тарихын, оның мәдени құндылықтары мен рухани дамуының жетістіктерін білуге құштар қалың оқырман қауымына арналған. Кездесу кешінде көмекшілік, «Бекет» шаруа қожалығының жетекшісі Бекет Ғұмаров өз атынан кеш иесіне тұлпар мінгізсе, осындау кеш ұйымдастырған ауылдастарына Сәрсенғали Рахметов шексіз алғысын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


САРЫӨЗЕНГЕ СУ КЕЛУДЕ

Күні: , 158 рет оқылды

Еділден бастау алатын Сарыөзенге жоғарыдан су келіп жатыр. Қазталов ауылдық округіне қарасты шабындық жерлер – Солдаткөлге, Мышымға және Бірік ауылдық округіне қарасты Ағашүй бағытындағы көлтабандар да келііп жатқан сумен толығуда. Судың келуі бір деңгейде. Көлдіктерге жайылған сулардың үстінде өзен-көл еркесі шағалалар да көбейген. Ал енді аз күннен кейін сұлулық символы – аққулардың да айдын көл бетінде жүзетін болады. -Молшылық ұзағынан болсын, -дейік!

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ХАЛЫҚ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Күні: , 100 рет оқылды

12 сәуір күні аудан орталығында Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуовтың төрағалық етуімен және аудан әкімі Абат Шыныбековтің тікелей қатысуымен ауыл тұрғындарының басын қосқан халық жиыны өтті. Халық жиынына қатысқан қазталовтық ағайынмен бірге күн тәртібінде жеке тұрғындардың малын бағуды ұйымдастыру және 14 сәуір мен 14 маусым аралығында өтетін «Тазалық айлығы» кезінде ауылдағы тазалық жұмыстарын атқару мәселелері талқыланды. Мал бағуды ұйымдастыру туралы жиында сөз алған «Таңгер» ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі Ахмет Сұпығалиев түсінік берді. Оның айтуынша,- Қазталов ауылында жыл сайын 5 бағытта мал бағылады. Биылдан бастап «Таңгер» кооперативі «ПМК», «Совхоз», «Сельхоз» бағыттарында ғана мүйізді ірі қара малын бағуды ұйымдастырады. Қалған екі бағытта басқа кооператив жұмыстанбақ. Ал мал басына тұрғындардың келісімі бойынша 800-1000 теңге көлемінде бақташыға төленбек. Бұл қаражатты тұрғындардың өздері төлейді. Бойдақ малдарды жылдағыдай Қараөзен бойында ауыл тұрғыны Асылбек Байзуханов 1000 теңгеден бағамын деп отыр,- деді. Жиында мал бағуға қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар қайтарылды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша округ әкімі хабарлама жасап, «Тазалық айлығы» кезінде ауыл тұрғындары сенбіліктерге шығып, абаттандыру жұмыстарына да белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар Жүсіп Шакуов қыстан қалған күл-қоқыстар мен қатты қалдықтарды шығаруға ауылымызда арнайы техникалар тартылып, ол үшін тұрғындар 3500 теңге көлемінде ақша төлеу керектігін айтты. Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков көтерілген екі мәселеге қатысты өз ойын білдірді,- Біз аудан орталығында отырғасын мал бағылуды дұрыс ұйымдастыруымыз қажет. Болашақта ауыл ішінде ұстайтын мал санына шектеу қоямыз. Яғни, артық малдарды ауыл сыртында немесе басқа бір жерде бағуды қолдану керек. Бос жүрген малдар ауылымыздың тазалығы мен экологиялық-санитарлық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Бұны біз жасыратыны жоқ күнделікті өмірімізден көріп жүрміз. Сонымен қатар ауданымыз бойынша өтетін «Тазалық айлығы» кезінде бірлесе қимылдап, абаттандыру жұмыстарына және қалдықтарды шығаруға басты назар аудару қажет. Әрбір тұрғынға өз аулаларында егу үшін тал-теректер үлестіретін боламыз. Екі айдың ішінде ауылымыздың тазалық жұмыстарын толығымен аяқтау көзделуде. Егер де малдары бағусыз және өз айналасын тазаламаған тұрғындар болса, оларға жергілікті полиция инспекторларымен бірлесе отырып әкімшілік жауапкершілікке тартатын боламыз,- деді. Сонымен қатар аудан әкімі Абат Абайұлы аудан орталығында атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Атап өтсек, биылғы жылы аудан орталығында 6 көшеге қара жамылғы төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. 2 мейрамхананың, 3 екі қабатты үйдің және саз мектебінің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ аудан бойынша халықаралық «Қызғалдақ» ән фестивалі, Алма Оразбаева мектебінің 150 жылдық мерейтойы сияқты ауқымды шаралар оздырылатын болады.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Күні: , 160 рет оқылды

Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы білім ордасында БҚО дін мәселелерін зертеу орталдығының теолог маманы Абдрашит Абдрасул Арманұлы К.Меңдәлиев, Ғ.Молдашев атындағы, Ақпәтер, Жаңажол орта мектебінінің және Қараөзен мектеп-лицейінің 9-11 сынып оқушыларымен жүздесіп, теолог маманнан дәстүрлі дін туралы жан-жақты мағлұмат алды. Кездесу жиынына аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Қуанышбек Ахынбасов қатысты. Теолог Абдрасул Арманұлы дәстүрлі діннің құндылықтары туралы баяндап берді. – Бүгінде ислам атын бүркенген түрлі ағым көп. Өмірге жаңа қадам басып, оң-солын енді танып келе жатқан жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кету қаупі басым. Сондықтан жастармен жиі кез­десіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз, – деді теолог маман. Жастар неге қателеседі? Алдымен діни сауатсыздық адамды адастырады. Естігенін, көшеде сөз еткенді сараламай, сараптамай ойға түйген жас адасуға бейім келеді. Сондықтан дін жолына бет бұруды мақсат еткен кез келген адам алдымен мешітке барып, имаммен сөйлесуі шарт. Дін күнделікті өмір салтымызды өзгертіп, жанымызға жақын адамдардан алшақтатпауы керек. Дін достыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Бейбітшілікті сақтауға, ел тыныштығын берік етуге үндейді. – Біздің асыл дін – ұлтымыздың тарихымен біте қайнасқан, салт-дәстүріміз бен дүниетанымымызға ешқандай қайшылығы жоқ ізгілік діні. Күллі адам баласын бауырмалдыққа, бірлікке шақыратын дін. Біз осыны түсінуіміз қажет, – деді Абдрашит Абдрасул. Кездесу соңында теолог маман оқушылардың толғандырып жүрген сұрақтарына тұшымды жауаптар қайтарды.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ҚҰРМЕТТІ ЖОЛШЫНЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында жол саласының ардагері Мұқсен Бақтыгереевты 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтой иесі өз еңбек жолын қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, Фурманов аудандық №42 жолды іске қосу мекемесінде жол маманы, инженер, мекеме басшысы болып, жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбек жолында жинақтаған мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1965 жылы №42 жол пайдалану бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды және бұл жауапты қызметті 43 жыл атқарды. Адал атқарған еңбегінің арқасында бірнеше мәрте жоғарғы наградаларға, «Ауылдың құрметті азаматы», еліміздің «Құрметті жолшысы» атақтарына ие болған. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып, немере-жиен сүйіп, зейнеткер атанып отырған жан. — Әрдайым арамызда ақылшы ұстаз, ардақты азамат, абыройлы ақсақал болып аман-есен жүре беріңіз. Сіздің еңбегіңіз жас ұрпаққа үлгі боларлық. Бар ғұмырыңызды осы сала арнаған жұмыстың қыр сырын меңгерген білікті маман бола жүріп, басшылық қызметіңізді абыройлы атқардыңыз. Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, — деген аудан басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың атынан алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар кездесуде «Қазақавтожол» ЖШС-нің бас директоры Ұлан Әліпов ҚР Инвестициялар және дау министрі Жеңіс Қасымбектің, ҚР Автомобиль жолдары комитеті атынан құттықтап, жылы лебізі мен алғыс хатын табыстады. Осы кездесуде бірге қызметтес болған әріптестері облыс және аудан атынан құттықтаса, шәкірттері де, замандастары, інілері де жылы лебіздері білдірді. Қабылдауда аудандық ардагерлері де өздерінің сый-сияпаттарын тарту етсе, Жалпақтал ауыл тұрғындары атынан округ әкімі Самиғолла Ақмурзин естелік сыйлықтармен, құттықтау хатын табыстады. Жылы шырайлы жүздесудің соңында Мұқсен Ғұбайдоллаұлы еңбегін елеп құрмет көрсеткен «Қазақавтожол» ЖШС-нің бас директоры Ұлан Тоқтарбайұлына, аудан әкімі Абат Абайұлына, облыстан келген әріптестеріне, замандастарына, шәкірттеріне, аудандық ардагерлер ұйымына, Жалпақтал жұртшылығына зор алғысын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ТОҒАН-КӨЛДЕР ҚАР СУЫНАН ТОЛДЫ

Күні: , 92 рет оқылды

Ұзақ қыс айының жауын-шашыны ауылдарға береке болып келді. Соның бір айғағындай Тереңкөл ауылдық округіне қарасты «Қитар», «Нұрсай», «Нұрсай-2», «Тұржан» тоған-көлдеріне су түсті. Айта кету керек бұл тоған-көлдерге жыл сайын су түсе бермейді. «Ит — жеті қазынаның бірі» деп айтамыз ғой. Тереңкөл ауылдық округінде мал басы көп. Сол байлықты еселеу үшін Алланың беріп жатқан ризығы деп білейік.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАНҒА ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Күні: , 132 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, көркейіп гүлденуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерін марапаттады. Кездесу жиынында аудан басшысы Абат Абайұлы аудандық мәслихаттың шешімімен қос ардагерге, сексеннің сеңгірен шыққан Мұқсен Бақтыгерев пен Жаңыл Құспановаға «Қазталов ауданының құрметті азаматы» атақтарын салтанатты түрде табыс етіп, шынайы құттықтау тілегін білдірді. Қажырлы еңбек етіп, ауданымыздың шарықтап өсуі үшін аянбай тер төкен қос ардагерге көптің алдында құрмет көрсетілді. Жиын барысында мекеме кәсіпорын басшылары, әріптес замандастары еңбек жолдары туралы әңгімелер айтып, құттықтау лебіздерін жеткізді. Жиында Мұқсен Ғұбайдоллаұлы мен Жаңыл Құспанқызы осындай құрмет қошеметі үшін аудан басшылығына өздерінің зор алғыстарын айтты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


БІР ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРАР ДЕП САНАЙМЫЗ

Күні: , 122 рет оқылды

Күні кеше әлеуметтік желіде жазғанымыздай және Қазталов ауылдық округінің ескертуінде жарияланғандай ауыл тазалығын сақтау мәселесі көтерілуде. 14 сәуір – 14 маусым аралығы тазалық айлығы болып жарияланды. Аудан орталығында тазалық жұмыстары басталып кетті. Дегенмен, тазалық тек айлық болып жүру керек пе? Олай емес. Тазалық күн сайын жүргізілуі керек. Көшенің, үй айналасының таза болуы ол – айналаңды, қала берді халықты сыйлағандық болып табылады. Алайда мына суретте көрініп тұрғандай аудандық бизнес орталығының айналасы – адам көргісіз. Тіпті әлеуметтік желіге салуға да ыңғайсыздандық. Бірақ «ауруын жасырған өледі» дегендей, елдік мәселе болғандықтан бір қорытынды шығарар деп жариялап отырмыз. Ал бұл ғимаратта қателеспесек 20-ның үстінде түрлі кәсіптің иелері және мекемелер орналасқан. Енді қыс бойы жиналған осы қалдықтар ауыл көшелеріне ұшып жатыр. Ал қасында имандылық үйі – Мешіт тұр… Міне, бұл бір жағдай. Сонымен қатар көп үйлердің артындағы қыс бойғы лақтырған қалдықтардың да осындай жағдайға әкеліп жатырғанын көрудеміз. Сондықтан осы жерде мекеме жетекшілері өздерінің қарауында қызмет ететін қызметкерлерінен үйінің де, мекемесінің де айналасының таза болуы үшін талап қоюлары қажет-ау дейміз. Ауыл тазалығы – белгілі бір мекемелердің ісі емес, барлығының мойнындағы жауапкершілік.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.