АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 12.04.2018


ТАБЫСТАРДЫ БЕЙНЕЛЕЙТІН «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЗАЛЫ

Күні: , 196 рет оқылды

12 сәуір Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына 1 жыл толуына орай Қазталов ауданында «Рухани жаңғыру» және «Көрме» залы ашылды. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков, облыстық «Рухани жаңғыру» сараптама кеңесінің хатшысы Нұржан Төлепов бағдарламаның түрлі бағыттары бойынша атқарылып жатқан істердің ашылған залдарда көрініс табуы келушілердің туған жерге деген сүйіспеншілігін және патриоттық сезімін тудырып, алдағы уақытта іргелі істердің атқарылуына ықпал ететіндігіне тоқталды. Ауданымызда бағдарлама аясында ауқамды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы облысымыздың аудандары арасында жерлестер форумы да біздің ауданда өткен болатын. Жан жақтан келген жерлестер ауданымыздағы атқарылып жатқан игі істерге риза болып, өздерінің де қолұшын беретіндіктерін жеткізген еді. Соның айғағындай биылғы жылы ауданда 125 миллион қаражат құрайтын түрлі жобалар іске асырылмақшы. Бүгінгі ашылған «Рухани жаңғыру» және «Көрме» залында ауданымыздың бүкіл тарихы көрініс тапқан деуге болады. Мәселен, осы залдардан қос өзеннің ортасында жатқан ауданымыздың жер-су атауларының тарихы тереңнен қазылып жазылса, ұлтымыздың негізгі тіні болып табылатын латын әліпбиі де көрініс тауып отыр. Сондай-ақ «Көрме» залында ұлттық құндылықты асқақтататын жергілікті қолөнершілер жасаған бұйымдар да жасақталған. Сонымен қатар осы залда жастар үшін коворкинг орталығы да жұмыс жасайды. Бұл орында жастар өздерінің алдағы мақсаттарын айқындайтын ашық алаң пікірталастарын да ұйымдастыруға жағдай жасалған. «Рухани жаңғыру» залының ашылуында «Жетістік жолы» тақырыбында алғашқы ашық алаң пікірталасы да ұйымдастырылды. Бұнда жастар ауданымыз ғана емес, республикаға есімі танымал «жас Атымтай» кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев пен және шаруасын дөңгелетіп отырған отбасылы Мереке, Лиза Қайбушевтермен де әңгіме-дүкен өрбітті. Осы арада бір тоқтала кетер жәйт, Нұрлыбай өзінің сөзінде кәсібін тек жеке шаруасын дамытып қоюға ғана жеткізбей, елге көмек тигізетіндей дәрежеге жетуінде (өткен жылы ауылына медициналық пункт салып берсе, биылғы жылы ауыл клубын өз қаражатына салмақшы) адал еңбекпен тапқан ақшаны қалай тиімді жұмсағандығын айтып берді. Шалғай ауданда алғаш рет жасалып отырған рухани жаңғыруға байланысты атқарылған істерді халыққа көрсететін арнайы орталықтың жұмысы айтуға тұрарлық. Ашылу салтанатына келген, тоқсанның төріне жақындаған Есімхан Меңешов ағамызды әңгімеге тартып едік, -Айналайындар, Елбасымыздың салып берген бағыты бойынша ауданымызда көп істер атқарылып жатырғанын бүгінгі шарадан көріп отырмын. Қай жағына да жастар үшін жол ашық қой. Ауданымызды басқарып отырған қолдарынан іс келетін жастар болғандықтан әлі талай жетістіктер молынан болады деп санаймын. Ұлттық қадір-қасиетімізді осылай дәріптеп, насихаттайтын болсақ, Мәңгілік Ел идеясы деген осындайдан шықпайды ма? –деді.«Рухани жаңғыру» залының ашылу салтанатына «Атымтай» кәсіпкерлеріміз құр қол келмеді. Ашылған «Рухани жаңғыру» залы қай жағынан да келушілерге үлкен ой салып, рухани азық алары сөзсіз. Соны түсіне білген кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев «Рухани жаңғыру» залына фотоаппарат сыйға тартса, ал Мереке, Лиза Қайбушевтер «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ашылған қорына 200 мың теңге қаражат аударды. Осындай істен тоқсанның төріне жақындаса да ел үшін жасалып жатырған істерге құлағын түріп жүретін Есімхан Меңешов ағамыз орталыққа өзінің жеке кітапханасынан кітаптарды сыйға тартты. Бүгінгі ашылған рухани орталықтың залдары жастарды рухани серпіліске одан әрі жетелейді деп санаймыз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАНҒАН ЖӨН

Күні: , 96 рет оқылды

Теріс діни ағымдардың қоғамда таралуы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Осы індеттің алдын алу мақсатында 12 сәуір күні аудандық білім бөлімі мамандарының ұйымдастыруымен аудан орталығындағы Алма Оразбаева және Қазталов орта жалпы білім беретін мектептерінде оқушыларымен кездесулер өтті. Кездесулерге облыстық дін істер басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Абдурасул Абдурашит арнайы шақыртылып, Алма Оразбаева атындағы, Қазталов, Бірік, Тереңкөл, Қоныс орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына жат ағымдардан сақтану туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Кездесулерде теолог маман жат ағымдардардың арбауына түспеу жолдары, жат ағымының жетегінде жүрген адамдарды анықтау, дінге байланысты ғаламторда қандай ақпаратты қарауға, таратуға және елімізде тиым салынған, рұқсат етілген әдебиеттер туралы кеңінен әңгімелеп беріп, қысқаша роликтер мен слайдтар көрсетті. Сонымен қатар дінтану мамандықтарына қызығушылық танытқан оқушыларға қандай оқу орындарында білім алуға болатындығы туралы да айтылды. Кездесулер соңында теолог маман дін мәселесіне қатысты оқушыларды толғандырып жүрген сұрақтарға жауаптар берді.

Қайрат ЖАҚЫП


КІТАПХАНА МАМАНДАРЫ АРАСЫНДАҒЫ «ҚАДЫР ОҚУЛАРЫ»

Күні: , 110 рет оқылды

 11 сəуір күні аудандық кітапханада мемлекет сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырза Əлидің шығармаларын насихаттамақсатында ауданданның кітапхана мамандары арасында аудандық Қадыр оқулары өтті. Байқауға 25-50 жас аралығында қатысқан кітапханашылар ақынның өлеңдерін мəнерлеп оқу, актерлік шеберліктерін көрсету, нақыл сөздерін жақта оқу сынды бөлімдерде бақтарын сынады. Шарада сөз алған кітапхана əліскері Гүлжан Базартаева барша қатысушыларда сəттілік тіледі. Əділқазылардың əділ бағасының нəтижесінде жүлделі 3 орынды Жұлдыз ауылының кітапханашысы Нұрсəуле Қойшекенова мен Жас ауылының кітапханашысы Индира Ибатова, 2 орынды Бозоба ауылының кітапханашысы Балауса Сапарова иеленсе, 1 орынды Қазталов аудандық кітапханасының кітапханашысы Данагүл Хайдар қанжығалады. Ал БАС ЖҮЛДЕНІ Жалпақтал орталық кітапхананың кітапханашысы Мөлдір Ғазизова жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ! «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫ

Күні: , 118 рет оқылды

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы туралы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкімін іске асыру мақсатында, «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінімдерді кабылдау басталды. Ағымдағы жылғы мамыр айында «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық конкурсының аудандық кезеңі өтеді. Аталған конкурс өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Конкурсқа қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасыларының мүшелері жіберіледі. Конкурсты өткізудің мақсаттары: 1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану; 2) ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру; 3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау; 4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау. Мыналар: 1) қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар; 2) бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды. Конкурсқа қатысуға өтінім аудандық комиссияға конкурстың басталғаны туралы көпшілікке жариялаған күннен бастап 25 күн ішінде мынадай құжаттармен бірге беріледі: 1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері; 2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін – жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме; 3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса); 4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі – бар болса; 5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері; 6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер; 7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының); 8 ) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері. Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді. Аудандық комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды. Аудандық комиссия үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде мынадай критерийлерді басшылыққа алады: 1) отбасы мүшелері жетістіктерінің саны мен маңызы (отбасы тарихы – визит карточкасы – таныстыру рәсімі); 2) отбасылық дәстүрлер және жәдігерлер; 3) отбасының рухани-адамгершілік құндылықтары; 4) балаларының жетістіктері; 5) ата-аналарының үлгі тұтарлықтай жетістіктері; 6) өздерінің шыққан тегін білуі (шежіре – ру тарихы); 7) отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны – бір аумақта бірге тұрып жатқан бірнеше ұрпақтың өкілдері); 8 ) отбасының дарындары; 9) отбасының өмір сүру салты (саламатты өмір салты, бос уақыты және т.б.); 10) отбасының қоғамдағы беделі. Конкурс туралы хабарландыру «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінде және Ғасеbоок, Іnstagram әлеуметтік желісінде жаряланып отыр. Конкурсты өткізу қағидаларымен танысу және конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2018 жылғы 11 сәуір- 6 мамыр күндері аралығында келесі мекенжай бойынша жүргізіледі: Қазталов ауылы, А.Оразбаева көшесі, 23 үй. «Қазталов ауданының ішкі саясат бөлімі» ММ. тел.8(71144)32063, 8(71144)40090, 8(71138)21431.

ЖІГЕРЛІ ЖАС БАСТАҒАН ІС ТАБЫСТЫ БОЛМАҚ

Күні: , 96 рет оқылды

Жәнібек ауданымен шекаралас ауданымыздың «Батыс қақпасы» саналатын Тереңкөл ауылдық округі. Тереңкөл ауданымыз бойынша мал шаруашылығы саласында алдыңғы қатардағы округтердің бірі болып саналады. Алыстан мен мұндалап тұратын Нұрсай ауылының да ажары жылдан-жылға кіріп, бүгінгі күнде халықтың әлеуметтік мәселелерінің біразы шешілген. Ауылда көгілдір отын жүргізіліп, алдыңғы жылы білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз суы тартылған болатын. Былтырғы жылдың аяғында округтің әкімі болып жігерлі жас Ернар Ғалымов сайланды. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болудан бастаған жас маманның алдағы болашақ үшін жоспарлаған бағыттары осы кезден анықтала бастап, баспалдақ бойынша сатылармен келе жатыр деуге толық негіз бар. Былтырғы жылдан бастап Тереңкөлдей іргелі елдің тізгінін қолына ұстаған жас әкім жұмысын бастап та кетті. Жұмыс сапарымызбен округтің аумағында жүріп Нұрсай ауылына әдейілеп соқтық. Қыстан аман-есен шыққан ауылда тазалық жұмыстары басталып жатыр екен. Ернарды осы істердің басынан таптық. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, әңгімеге тарттық. — Өздеріңіз көріп тұрғандай, көшелердің жолдарын тегістеу мен тазалық жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Әрбір тұрғынмен жекелей сөйлесіп, қыстан шыққан күл-қоқыстарын шығарып, үйлерінің айналасын тазартуға шақырудамыз. Сонымен қатар «Тазалық айлығы» аясында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдың абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Ауылдың ортасынан саябақ жасауды да жоспарға енгіздік. Осы мақсатта тал-теректер алдырып, көшелерге егіп, тұрғындарға үлестіретін боламыз. Осы айдың аяғына қарай көше тойларын өткіземіз деген ойымыз да бар. Ал округіміздегі Елбасымыздың «Рухани жағыру» бағдарламасына орай атқарылып жатырған істерге келсек, ауылда өлкетану музейін жасақталуда. Сондай-ақ мектеп бітірген түлектер ауылдың кіре берісіне композициялық құрылым орнатуға жұмыстануда,- деп ағынан жарылды. «Ел – халықтың ұясы, халық – елдіктің негізі»- демекші Тереңкөлдей ұйыған елдің халқын бір күшке жұмылдырып, округтің көркейуіне жұмыстанып жатырған азаматты көріп бір марқайдық. Міне, ел тізгіні Ернардай жігерлі жастың қолында тұрғанда қоғам алға басатыны айдан анық.

Қайрат ЖАҚЫП


МАЛ ТӨЛДЕП, ДАЛАДА ШУ…

Күні: , 104 рет оқылды

Көптен күткен көгілдір көктем кең далаға ерекшелік сыйлап үлгерген. Жер бусанып, жылылықтың лебі еседі. Далалықтағы ылғалды шөпке бөккен мал атаулы жерден басын алар емес. Қақаған қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күндеріне жеткен жан мен мал үшін «арқасын» кеңге салған рахаттанғандық сезім ғана бар. Аяғы ұзап кеткен қыстан аман-есен шыққан төрт түлік мал көкке езуі тиіп, төлдеп жатыр. Бұл көріністерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге шаруашылықтарды аралаған іссапарымыз кезінде көріп қайттық. Ауданымыз бойынша қыстың аяғы ұзап біраз қиындықтар туғызды. Сол кезде қиналған шаруашылықтар мен жекелерге қолұшын созған азаматтар туралы жазуды жөн көрдік. Солардың қатарында Тереңкөл ауылдық округіне қарасты «Кеңдала» шаруа қожалығының жетекшісі Әбуғали Ғұмаров қолжетімді бағамен қиналғандарға мал азығын беріп, мал баққан ағайынның алғысын алғаны біздің көз алдымызда. Қазталов, Қошанкөл, Тереңкөл ауылдық округтерінің тұрғындарына 300-дей бума шөпті 4 мың теңгеден беріп, көмек қолын созды. Өзіндегі азды-көпті малдан артылған мал азығын бөліскен бұл азаматтың көмеген ерлікке баласақ артық болмас. Міне, нағыз еліне жаны ашыған, жомарт жан! Ендігі әңгімеміздің төркінін мал төлдету науқанына бұрайық. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей ағамыздың берген мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 сәуірінде ауыл шаруашылығы есебі бойынша аудандағы 35 мың 946 мүйізді ірі қара аналығынан – 16 мың 131 бұзау, 139 мың 640 қой малы аналығынан – 58 мың 539 қозы, 23 мың 158 ешкіден – 10 мың 919 лақ, 11 мың 968 жылқы биесінен – 2 мың 144 құлын және 177 түйе аналығынан – 2 бота алынғаны белгілі болды. Біз көлігімізді Бірік ауылдық округіне қарасты Нұралы қыстағына бағыттадық. Қыстың қысуынан қиналмай шыққан «Қадірболат» шаруа қожалығының жағдайы жаман емес. Күзде мал азығын молынан жинаған бұл шаруашылықтың малдары «кәрі құданың» әсерін сезбегендей. Досболат Бердіғалиев жетекшілік ететін шаруашылықта 200 бас ірі қарадан 120 бас бұзау алыныпты. Қойлары енді ғана қоздап жатыр. Аутакөлігіміздің бағытын Тереңкөл ауылдық округіне қарай бұрдық. Округтегі Шора қыстағындағы «Береке» шаруа қожалағы, Ақболат қыстағындағы Нұрболат Әйешевтің шаруашылығында және Қырықпитөк қыстағында орналасқан «Кеңдала» шаруа қожалықтарында болып, мал төлдету науқанының ойдағыдай өтіп жатырғанын өз көзімізбен көріп қайттық. Көктемнің күн шуағына шомылған төлдердің кең дала төсінде аналарын еміп, жусан иісі аңқыған туған өлке төсінде ойнақтап жүргенін де көрдік. Міне, табиғаттың тепе-теңдігін өз қалпына келтіріп, төрт түлік малдың алаңсыз ұрпақ таратып жатқан кезін көріп тылысым дүниемен бірге сырласып, қуанғандай күй кештік.

Қайрат ЖАҚЫП


«БАЛДӘУРЕН — 2018» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Күні: , 92 рет оқылды

10 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша жас таланттардың жаңа есімдерін ашатын «Балдәурен — 2018» байқауы өтті. Байқауда жас өрендер вокал, xореография, xалықтық музыка (домбыра), xалықтық ән (терме), поэзия жанрлары бойынша сайысқа түсті. Әділқазылардың шешімімен ЖҮЛДЕЛІ БІРІІНШІ ОРЫНДЫ вокал жанры бойынша — қарасулық БАҚАЙ МАНСҰР, xореография жанрында — қазталовтық «ҚАРЛЫҒАШ» ХАЛЫҚТЫҚ БИ АНСАМБЛІ, xалықтық музыка бойынша — жалпақталдық АЙЗАДА ҚИБАШЕВА, xалықтық ән бойынша — жалпақталдық ВЕНЕРА АСҚАРОВА, поэзия жанры бойынша — қараобалық СЕЛЕНА ХАМИТ жеңіп алды. Енді осы жеңімпаздар облыстық байқауда бақ сынайтын болады. Сәттілік, өнерлі өрендер!

«Ауыл айнасы» ақпарат


КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ АХУАЛЫ БАҚЫЛАУДА

Күні: , 106 рет оқылды

Қараөзен, Сарыөзен өзендердегі мұз ерімей жатып алды. Күн жылынып, сол өзендердің жағалары енді ғана ери бастады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бүгін көктемгі су тасқынына қатысты ахуалды біліп, алдағы атқарылар шараларды белгілеу үшін Гүрілдеуік, Автобаза, Мәнти бөгеттерін аралап, жағдайды көзбен көрді. Ауданымызда еріген қар суын бөгеп, көлдіктерге шығару жұмыстары қолға аланып, көлдіктерді толтырып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев қазіргі таңда судың келу күтілуде, сол тасқын суға дайындық жұмыстары тиянақты жүргізіліп жатқанын сөз етті. Ауданымызда ақпан айынан бастап су тасқынына қарсы жұмыстар тиянақты жүргізіліп жатыр. Абат Абайұлы Жалпақтал, Қараөзен ауылдарының көктемгі су тасқынына әзірлігімен танысты. Қос округтің әкімдері Самиғолла Ақмурзин, Мұрат Рахметуллин жергілікті жерде атқарылған шаралар туралы баяндады. Аудан әкімі қар түгелдей еріп кеткеннің өзінде босаңсуға болмайтындығын айтып, адам күші мен техниканы ұдайы әзірлікте ұстау туралы тапсырма берді. -Бүгінгі күнге су тасқынының жағдайы қалыпты. Бұған қарамастан бізге бір сəтке де босаңсуға жəне жұмыс деңгейін төмендетуге болмайды. Мұнымен қоса ауылшаруашылығына қажетті су қорын жинақтауды да ұмытпау қажет. Көлдіктер мен көлтабандарға, шабындықтарға су шығаруды ойластыруымыз қажет. Жалпы алғанда тасқынға қарсы жұмыс шараларын жүргізу күнделікті бақылауда,-деді аудан басшысы.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖАЛПАҚТАЛ АУЫЛЫНДА 700 ТҮП ТАЛ-ТЕРЕК ОТЫРҒЫЗУ ЖОСПАРЛАНУДА

Күні: , 94 рет оқылды

Жалпақтал ауылында болған аудан әкімі Абат Шыныбеков мекеме басшыларымен кездесті. Кездесу барысында мекеме басшыларының атқарылып жатқан жұмыстарын тыңдап, алдағы жоспарымен бөлісті. -Қазіргі күні өздеріңе мәлім су тасқынының алдын алу, кезекшілік кестесі жасақталған болса сол бойынша жұмыстар атқаруымыз қажет. Аман-есен тасқын судан өтіп, келген суды ұстап қалу бойынша жұмыстар жүргізуіміз тиіс, -деді Абат Абайұлы. Қараөзен арнасына толып, су сыртына шығып жайылғанда, Жалпақтал ауылындағы «Автобаза» аумағындағы бес тұрғын үй ауылдан бөлініп, оқшау қалатын. Осы аймақтағы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары мен парақшалардың таратылғандығын айтқан округ әкімі Самиғолла Ақмурзин қазіргі күні қапшықтың жеткілікті екенін, су тасқынына байланысты кезекшілік кестесінің бекітілігенін, тасқын суға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар округ әкімінің сөзіне қарағанда алдағы күндері көше төрағаларымен кездесіп, сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру, Жалпақтал ауылында 700 түп тал-теректер отырғызу жоспарлануда. Осы кездесу барысында Абат Шыныбеков көктемгі әскерге шақырушыларды ұйымдастыруда жұмыстарының төмен екенін сөз етті. -Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – оның айбынды әскері. Елдігіміздің еңселі, тұғырлы болмағы тікелей сол жандардың қолдарында. Осындай жауынгершілік борыш жүктелетін сарбаздар қатарына қосылу бүгінде оңай емес. Әскерге дайын жастарымыз бүгінгі күні бармаудың айласын ойлап отыр. Осы мақсатта мектеп директорлары мен ата-аналарымен кездесу ұйымдастыруды жолға қою қажет,-деді аудан басшысы. Осы жиын барысында мекеме басшыларының жұмыстарын тыңдап, олардың жоспарға сай жұмыс атқарылып жатқандығын сөз болып, су тасқынына тас-түйін дайын екендіктері айтылды. -Биылғы болған қыс та, қар да келесі жылы да болады. Қар суына дайындықты, әзірлік жұмыстарын қазірден бастауымыз қажет. Тасқын су кеткен соң біз бәрін ұмытамыз. Енді тасқын су болмайтындай күй кешеміз. Өздеріңіз көрдіңіздер күн кеше жасалған тротуарымызды, асфальтталған жолымызды жылғалар жасаймыз деп бұздық, қираттық. Жылғалар жасақтап, осы жұмыстарды күні бүгіннне бастауымыз қажет. Алда 14 сәуірден 14 маусымға дейін сенбілік жұмыстарды ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Мекеме қызметкерлері сенбілікке шыққанымен, ауыл тұрғындарын сенбілікке шақырып, осы жұмыстарды ұйымдастыруды қолға алып, көшеттер отырғызуды жоспаралайық. Алда көптеген жұмыстарымыз тұр, -деген аудан әкімі аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып, кездесу жиынын қорытындылады. Осы күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«МЕДЕТСАЙДЫҢ» АРНАСЫ ТОЛЫП, МОЛШЫЛЫҚҚА КЕНЕЛМЕК

Күні: , 129 рет оқылды

Биылғы қыста түскен қар суының берекелігін ауданымыздағы көлтабандар мен сайларға түскен мол судан байқадық. Тіпті, кейбір жерлерде сай-салаға түскен су арнасынан асып, ағын судың қаупін де сездіргендей. Қошанкөл ауылындағы Көктеректен бастау алатын «Медетсай» сайына көп жылдан бері болмаған қар суы түсіп, түсіп қана қоймай айналасындағы кішкене сайлар мен көлдерге де су шыққан. Біз де аудан әкімі Абат Шыныбековпен шыққан жұмыс сапарымыз барысында «Медетсайға» соғып, өз көзімізбен көріп қайттық. Округ әкімі Радж Шәріповтың айтуынша осыдан бір апта бұрын даладағы қар суы еріп, осы сайға келіп құйылыпты. Құйылған ағын су кей жерлердегі жолдар мен бөгеттерді бұзып қатынас қиындығын да туғызған екен. Дегенмен, бүгінгі күнде судың сіңіп, деңгейі түсіп келе жатырғанын мына суреттерден көрулеріңізге болады. Береке деген осы шығар. Көп жылдан бері су деңгейі түсіп, ауылға кірер жердегі құйрығы кепкен «Медетсайдың» арнасы толығып Көктерек тоғайына әдемі үйлесім беріп тұрғандай.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.