АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 09.04.2018


«ҚАЗТАЛОВ АРУЫ – 2018»

Күні: , 90 рет оқылды

6 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде «Қазталов аруы — 2018» сұлулық байқауы өтті. Арулардың ақыл-танымы мен ажар-талғамын сынға салған бұл байқауға ауданымыздың 12 бірдей бойжеткені қатысты. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Байқаудың басты мақсаты – қазақ қыздарына тән әдептілік, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерді қалыптастырып, жастардың рухани талғамын кеңейту болып табылмақ. Осыған орай бүгінгі байқауға қатысып отырған ару қыздарымызға сәттілік тілейміз, -деді. Байқауда арулардың шығармашылық және өнерге деген қабілеті сыналды. Таныстыру, өнер сайысы, сән үлгісі және театрландырылған қойылым сияқты төрт бөлімнен тұратын байқауда арулар өздерінің сұлулықтарымен сай өнерге деген құштарлықтарын танытып, қазылар алқасының ғана емес, көрермен көңілінен шығуға тырысты. Бұл байқауға қатысқан аруларымыз тыңғылықты дайындықпен келгенін сайыстар барысында байқадық. Әр бикеш сахнаға ұлттық киіммен шығып, оның әдемілігі мен ерекшелігін таныта білді. Әсіресе, арулар сахналаған көріністер мен монологтар көрермендерді бей-жәй қалдырмай, еріксіз көздеріне жас алдырды. Бұл байқаудың керемет ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуіне аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен аудандық жастар кеңесінің жалынды да жігерлі жастарының еңбегі деп білеміз. Төрт сағатқа созылған байқаудың нәтижесінде «Ең әдемі көйлек» номинациясымен Жаңажол ауылынан келген Гүлжан Болат, «Ең үздік сахналық образ» номинациясымен талдыапандық Айнұр Қайыржанова марапатталса, «Көрермен көзайымы» номинациясы көктеректік ару Айкөркем Жәлеловаға бұйырды. Сонымен қатар өз өнерлерімен алға суырылып шыққан Бірік ауылдық округінің бойжеткені Алина Бисенбаева 3 жүлделі орынға ие болса, қызғалдақтардың мекені саналатын Қайыңды ауылының ару қызы Гүлнұр Сапарова 2 орынға тұрақтады. Жүлделі 1 орынды өзінің таланты мен талғамының жоғары екенін көрсете білген жалпақталдық сұлу Асылзада Қадырова жеңіп алды. Ал әділқазылардың шешімімен сұлу да сымбатты, талантты да талапты Қазталов ауылдық округі атынан сынға түскен ару Элеонора Табылды «Қазталов аруы — 2018» атанып, былтырғы «Көктем аруы -2017» байқауының жеңімпазы Орынғаным Нұртазинаның қолынан байқаудың бас жүлдесі — тәжді қабылдап алды. Жеңістеріңіз құтты болсын, арулар! -деген тілегімізді білдіреміз.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 88 рет оқылды

9 сәуір күні Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы бірыңғай конкурстық комиссияның 2018 жылғы 26 наурыздағы №16 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 2018 жылғы 9 сәуірдегі №64 өкімімен Қазталов ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндеттерін атқарушы лауазымына Әділжан Тимурұлы Өтебаев жұмысқа қабылданды. Әділжан Тимурұлы 1983 жылдың 22 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Қазталов ауылында дүниеге келген. А.Оразбаева атындағы орта мектебін 2000 жылы бітіріп, 2015 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2003 жылдан 2012 жылға дейін Қазталов аудандық коммуналдық кәсіпорынында бас инженер, 2012 жылдан 2014 жылға дейін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде статист, 2014 жылдан күні бүгінге дейін Қазталов аудандық коммуналдық кәсіпорынында директор қызметін атқарып келді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


САЙЛАУШЫЛАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Күні: , 88 рет оқылды

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» №148 Заңының 36-1 бабына сәйкес Казталов аудандық сайлау комиссиясының хаттамасын негізге ала отырып, Қазталов аудандық сайлау комиссиясы 2018 жылғы 9 сәуірде Қараоба ауылдық округі әкімі лауазымы қызметіне үміткерлерге дауыс беріліп, сайлаушылар өз таңдауын жасады. Жалпы таңдаушылар саны – 13, соның ішінде дауыс беруге қатысқандар – 11, әкімдікке үміткерлерге жақтап дауыс бергендері: Ж.Абдрахмановқа – 0, А.Галимовқа – 11, С.Темірғалиевке – 0. Сайлаудың қорытындысы бойынша Қараоба ауылдық округінің әкімі болып Арман Максимұлы Ғалымов сайланды, 1982 жылы туған, ұлты қазақ, Тереңкөл орта жалпы білім беретін мектебінің директоры, Нұрсай ауылында тұрады.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 78 рет оқылды

9 сәуір күні Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы бірыңғай конкурстық комиссияның 2018 жылғы 5 сәуірдегі №22 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 2018 жылғы 9 сәуірдегі №65 өкімімен Қадер Нұрғалиев Қазталов ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Қадер Қадірәліұлы 1963 жылдың 08 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Қайыңды ауылында дүниеге келген. Березин орта мектебін 1981 жылы бітіріп, Целиноград қаласының қаржы-экономика техникумына оқуға түскен. 1982-1984 жылдар аралығында Совет армиясы қатарында әскери борышын өтеп, оқуын жалғастырып 1986 жылы аяқтаған. 2001 жылы Алматы коммерциялық институтының қаржы және несие мамандығын меңгерген. 1986 жылдан 1990 жылға дейін Қазталов аудандық қаржы бөлімінің экономисі, аға салық ревизоры болып қызмет жолын бастап, 1990 жылдан 2006 жылға дейін Қазталов ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының бас мемлекеттік салық инспекторы, бөлім бастығы, Қазталов ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, 2006 жылдан 2010 жылға дейін Қазталов аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы, 2010 жылдан күні бүгінге дейін Қазталов ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді. Отбасында жұбайы, 2 қызы бар.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.