АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 02.04.2018


ВОЛЕЙБОЛДАН АУДАНДЫҚ ЛИГА ӨТТІ

Күні: , 84 рет оқылды

31 наурыз күні аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қазталов аудандық «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен волейболдан аудандық лига өтті. Жарыста Бірік ауылдық округі мен Қазталов ауылының командалары ойын өрнегін көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша Ақпәтер ауылдық округінің командасы 1 орын, Жалпақтал ауылдық округі командасы 2 орынды иеленсе, ал 3 орынды Бірік ауылдық округінің командасы қанжығаларына байлады. Сондай-ақ финалдық ойында Абзал Сапарғали «Үздік байланыстырушы», Жарқын Тайшыбаев «Үздік ойыншы», Жігер Сатқан «Үздік шабуылшы», ал Қуандық Молдағалиев «Үздік қорғаушы» аталымдарына ие болды. Барлық жеңімпаз командалар кубокпен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Әсем ХАЛИУЛЛИНА


АЛМА ОРАЗБАЕВА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДАН ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Күні: , 76 рет оқылды

Құрметті оқырмандар! Сіздермен тағы да бір жағымды жаңалықты бөліскелі отырмыз. Ауданымыз респкбликалық байқауда алға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Күні кеше Орал қаласында өткен «Ұлы дала ұрпағымыз» атты l республикалық балалар мен жастар байқауына Алма Оразбаева орта мектебінің оқушылары қатысып, жүлдемен оралды. Байқауда «Жас саxна» жанры бойынша аталмыш мектептің 10 сынып оқушылары «Діннен адасқандар» қойылымын саxналап, бас жүлдені жеңіп алса, ал «Эстрадалық вокал» жанры бойынша Луиза Аxметова 1 дәрежелі лауреат, Перизат Жәрдемова 3 дәрежелі лауреат атанды. Қойылым рөлдерін тамаша сомдап, әсем үндерімен ән шырқаған бұл өнерпаздардың жетекшісі аталмыш мектептің музыка пәні мұғалімі Камшат Молдағалиева. Сондай-ақ «көркем сөз» жанрында Ақтілек Маратова 1 орынды (жетекшісі Фариза Оразғалиева), 2 орынды Динара Кенжеғалиева ( жетекшісі Гүлдария Темешова) иеленсе, ал «Бейнелеу өнері» жанры бойынша 6 сынып оқушысы Әлиxан Өтебаев 1 орынды жеңіп алды (жетекшісі Ерлан Дүйсенов). Алма Оразбаева мектебі ұжымын жеңістерімен құттықтай келіп, оқушыларға оқуда озат, ал ұстаздарға қызметте осындай жетістіктерге жете берулерін тілейміз!

Әсем БОЛАТ


ТАСҚЫНҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ТОЛАССЫЗ ЖҮРУДЕ

Күні: , 60 рет оқылды

Көктем келіп, күн жылынған сайын тасқын су мәселесі кесе-көлденең шығады. Еріген қар суы мен өзендердің еруі тасқын су басу қаупін төндіруі мүмкін. Осы қатердің алдын алу мақсатында ауданымызда көктемгі су тасқынына тосқауыл қою жұмыстары толассыз жүруде. Соның бір айғағы бүгін, 30 наурыз күні Қайыңды ауылдық округіндегі Қараөзен өзенінен өтетін қалқымалы көпірдің бойындағы өзен мұзын, Қараөзен ауылдық округіндегі Гүрілдеуік бөгетінің мұзын кестіру жəне тестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылда су басу қауіпті деген аймақтар бақылауға алынған.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӨШЕЛЕР БАҚЫЛАУДА ТҰР

Күні: , 46 рет оқылды

Ұзақ қыстың мұрты бұзылып, қалың қар еріп жатыр. Сол себептен аудан орталығы Қазталов ауылындағы көшелерде еріген қар суы жылма-жыл ағатын жылғаларымен арналарына кетудің қиындығы туып жатыр. Дегенмен, аудан орталығында қар шығару және су жүретін арналарды жыру және тазалау жұмыстары қарқынды жүруде. Коммуналдық шаруашылық мекемесі және ауыл әкімдігі бұл жұмыстардың дер кезінде атқарылуына білек сыбана кірісіп, аянбай еңбек етуде. Суреттерден көріп отырғандарыңыздай ауылымыздағы Оразбаева, Ихсанов, Маметова, Имашев, Лұқманов, Құрманғазы, Қ.Жақып, Садықов, Молдағұлова, Жүнісов, Даниялов көшелерінде су жүретін арналар тазартылып, ағын су мол жиналған жерлер мен үйлердің шарбақтары арнайы мотопомпа арқылы суылары сорылып, су жүретін бағыттарға айдалып жатыр. Бұл жұмыстарға араласып жатқан қоғамдық жұмыста жүрген азаматтардың еңбегін атап айтқанымыз жөн. Сонымен қатар аудан орталығындағы жастар да өз көмектерін беріп, ауылдағы жалғызбасты, қол күштері жетпейтін тұрғындардың шарбағындағы қарды аршып, су ағатын арналарын тазартуда. Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуовты әңгімеге тартқанымызда: — Өздеріңіз көріп отырғандай бұл жұмыстарға аудан орталығындағы коммуналдық шаруашылық мекемесінің арнайы техникалары жұмылдырылып, осы мекеменің қызметкерлері тыным таппай жұмыс жасауда. Әсіресе, мұзы қатып жатырған жылғаларды ротолы кескіш құралы арқылы кесіп, қар шығару жұмыстарына да кірісіп жатыр. Ауыл кәсіпкері Махамбет Тайгарин де өз көмегін көрсетуде. Қар шығару жұмыстарына оның қарамағындағы арнайы техника тартылып, кәсіпкермен келсем-шарт жасалды. Күшіміз жеткенінше осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз. Аудан орталығындағы басқа да көшелер назарымыздан тыс қалмайды. Бірінші ретте үйлеріне қар суы кіру қауіпі бар көшелерде әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық жұмысқа тартылған ауыл тұрғындары мобильді түрде су айдау жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Ауыл тұрғындарының алаңдауына еш себеп жоқ. Барлық жағдайды қатаң қадағалап отырмыз. Дегенмен, ауыл тұрғындары да «әкімшілік пен коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ғана бұл жұмыстарды атқарады» — деген түсініктен арылып, бізбен бірлесе қимылдаса екен. Барлық ауыл тұрғындарын қар шығару және жылғаларды тазарту жұмыстарына атсалысуға шақырамын,- деді.

Қайрат ЖАҚЫП


Осы жұрт Ветерок пен Уголекті біле ме екен? (Болған оқиға)

Күні: , 70 рет оқылды

1966 жыл. Наурыз айы. Калың қар ерігенімен, мал өріске әлі кете қоймаған кез. Мал таршылық көрмеу үшін, жем-шөп Березин ауылынан 35 шақырым жердегі «Аша» деп аталатын кыстаудан тасылатын еді. Берілген тапсырманы орындап, «темір тұлпарын» еркін тізгіндеп, алаңсыз отырған 18-дегі жас жігітті, кенеттен дүңк ете түскен дауыс шошытып жіберді. Ол айнала шолып шыққанмен ештеңе түсіне алмады. Тезірек ауылға тартып берді. Келсе көше бойы адамдар толып жүр. Гулеген әңгімеден түсінгені, Березин ауылына жақын 5-6 шақырым жердегі Ялов қыстағына жалтыраған тұқым тәріздес белгісіз нәрсе аспаннан құлап түсіпті, әскери адамдар толып кеткен деседі. Жаңағы түсініксіз дыбыс сол жақтан шыққан екен. Бұл хабар жас жігітке ерекше әсер етеді, не болса да өз көзімен көрмекші болады. «Барған кездегі көргендерім көз алдымнан кино ленталарындай өтіп жатты, әлі күнге дейін жадымда сақтаулы», -дейді ол. 10 жыл бұрын Есенияз ағаның әңгімесін «Орал өңірі» басылымына (Авторы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Өтепберген Жүсібәлиев) жариялаған екен (толық нұсқасын оқуға болады). Куәгер ағамыз Есенияз Ермұханов ауылда тұрады, зейнеткер, ел үшін еңбек еткен азаматардың бірі. Сол кезде көргендері жадында күні бүгіндей жатталып қалыпты. Березинге жақын келіп қонған бұл екі кішкене ғарышкерлер Ветерок пен Уголек деп аталатын иттер еді. 1951 жыл шілде айынан 1962 жылдың қыркүйегіне дейін 29 ит ғарышқа ұшыпты (Лайка, Белка, Стрелка, Лисичка, Альбина, Муха, Звездочка, Чернушка т.б.) Бұл сапарды осы Ветерок пен Уголек аяқтаған екен. Олар 1966 жылы 22 ақпанда «Восход» кораблінде зерттеу бағдарламасымен ұшырылған. 22 тәулік ұшқан күшіктер біздің ауылға аман-есен келіп қоныпты. Олар ұшқан кезде Кеңестер Одағының телеграф агенттігі (ТАСС) бұл хабарды «Космос – 110» атауымен биоспутник ұшырылды» деп хабарлаған екен. Содан кейін бұл бағдарлама біржолата жабылған. Арада 52 жыл уақыт өтсе де Березин ауылының іргесінде болған осы бір «таңғажайып оқиға» естіген жанды елең еткізетініне ешкімнің таласы болмас. Бұл оқиғаның ауыл тарихында алатын орны ерекше. Тарихи сәттің басқа куәгерлері бар ма екен?

Т.ИМАНҒАЛИЕВА, Қайыңды орта мектебінің тарих пәні мұғалімі


ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Күні: , 60 рет оқылды

«Қазақстан таланттары» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен облысымыздың Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылдық округінде 29-30 наурыз күндері аралығында республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты оқушылар мен жастардың байқауы өтті. Осы байқауда ауданымыздың Сатыбалды негізгі мектебінің оқушылары «Көркем сөз» номинациясы бойынша Жанерке Фазылова, Салауат Айтжан, Наргиз Мақпозова, Зейнеп Шабқат ІІІ дәрежелі лауреат атанса, ал Ақбота Қапиет І дәрежелі лауреат атанды. Сонымен қатар «Қолөнер» байқауында Жаңажол орта мектебінің түлектері Жансая Қанатова мен Дана Нұрғалиева І дәрежелі лауреат атанса, Жайна Булатова ІІ дәрежелі лауреат атанды. Ал Нұрбек Уразғалиев пен Айжан Мыңбай республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты оқушылар мен жастардың байқауында бас жүлдеге ие болды. Осы байқауда оқушылардың жетекшілері Үміткер Орынғалиев пен Гүлшат Бегалиева үздік тәлімгер төсбелгісі мен алғыс хатпен марапатталды. Жеңістерің құтты болсын жерлестер!

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ЖӨНІНДЕ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 80 рет оқылды

30 наурыз күні аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен аудан әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөнінде комиссия отырысы өтті. Отырысқа кеңес мүшелері, аудандық әділет басқармасы, мекеме, ұйым жетекшілері қатысты. Комиссия отырысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, — мемлекеттік рәміздер туралы Заңның сақталуы және насихаттау жөніндегі әділет басқармасы, ішкі істер бөлімдері, төтенше жағдайлар бөлімі, шекара заставасының жұмыстары туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ аудан әкімі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкес орнатылуы жөнінде ақпараттар айтып өтті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.