АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Апрель, 2018


«ЖЫЛҚЫ БАПТАУ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ»

Күні: , 144 рет оқылды

Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Міне, осындай шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегінің бірі – қошанкөлдік Ғайса Жұмағалиев. Қошанкөл ауылдық округіндегі «Қарасу» шаруа қожалығына жетекшілік ететін атбегіге ат баптау өнері әкесінен дарыған қасиет екен. Әкесі де жылқы бағыпты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау өнерді қазір Ғайса ағамыз өзінің өміріндегі ең құнды қазынасына балайды. — Жылқының шын жүйріктігін танытатын тұсы дөнен жасы. Осы кезде жылқының бабы келісіп, сүйегі қатая түседі. Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол дөнен жасында бәйге бермейтіні анық. Дегемен, нағыз сәйгүлікті құлын, тай кезінен-ақ танып-білесің. Негізі бізде шауып жүрген аттардың дені араб, ағылшын тұқымдас будандар. Ал өзіміздің қазақы жылқылар сиреп кетті. Сиреген себебі қазақ жабылырын былай сырып қойып, будан аттарға жармасып жатырмыз. Бабын келтірсе қазақы жабылардан да жүйріктер шығады. Ол үшін бұрынғыдай ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгелерді ұйымдастыру керек. Біріншіден бұндай аламан бәйге әуелі, ұлтымыздың тарихи дәстүрін және санасын жаңғыртады. Екіншіден бұндай қашықтыққа аттың аты ғана шаба алады. Яғни, біз осындай дәстүрлі бәйгемізді жаңғырту арқылы жоғалтқан жүйріктерімізді табамыз. Бұндай қашықтыққа будан тұқымдар шаба алмайды. Мендегі тұлпарлардың дені жабылар. Будан тұқымдастары да бар. Оларды күтіп- баптауға ешқашан ерінген емеспін. Жылқы жанын түсіну жан рахатын береді. Жылқы баптау – қазақтың қанындағы қасиет, — дейді атбегі. Жылқы десе делебесі қозатын ағамызды аудандағы ат спортының жанашыры деуге толық негіз бар. Қашан көрсең де ауданда өтіп жататын бәйгелердің ортасында жүреді. Сонымен қатар соңғы жылдары Қошанкөл ауылында көкпаршылар командасын құрып, оларды жаттықтырып жүрген де осы Ғайса ағамыз. Міне, қаламымыз арқылы қазақтың қанында бар қасиетті дамытып, жылқы малын баптап жүрген атбегі ағамыз Ғайса Жұмағалиевтің бейнесін көретуге тырыстық. Осындай атбегілер тұрғанда қазақ пен жылқы ұғымы егіз бола бермек.

Қайрат ЖАҚЫП


НҰРЛЫБАЙ ӨНЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Күні: , 113 рет оқылды

Аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбаев Қараөзен мәдениет үйіне вокалды-аспапты құрал-жабдықтар алып беріп, өнерге бір қолдау көрсетті. -Ауылдық жерде бір мәдени шара ұйымдастырайық десек, музыкалық аспаптардан қиындықтарға тап болатын едік. Осыны көріп жүрген өзіміздің депутатымыз Нұрлыбай демеушілік жасап, біздерді бір қуантып тастады. Сондықтан туған жеріне үнемі қолұшын беріп жүрген Нұрлыбайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, -дейді Қараөзен мәдениет үйінің директоры Оразғали Машеров. Әркезде де азаматтық биіктен көрініп жүрген Нұрлыбайға аудан тұрғындары атынан табысың өрлей берсін! -деген тілегімізді жеткіземіз.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МАЛ БАҚҚАН ОЗАДЫ НЕМЕСЕ 37 ЖЫЛ МАЛ БАҚҚАН ЖАН

Күні: , 204 рет оқылды

Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауыл. шаруашылығының берік тағаны –мал шаруашылығы. Ал осы мал шаруашылығында еңбек етіп жатырған жандар туралы көп жазылып жүргенімен, нағыз қызу еңбектің ортасында жүретін малшылар, механизаторлар яғни еңбек адамдары қалыс қалып жатады. Бүгінгі әңгімеміздің төркінін осы бағытқа бұрып, ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында қызмет жасап жүрген жан туралы жазуды жөн көрдік. Қошанкөл ауылдық округінің «Бессалом» қыстағындағы «Нұраман» шаруа қожалығы. Осы қожалықта қызмет жасап жүрген, төрт түлік малдың жәйін бір кісідей білетін, 37 жыл ғұмырын мал бағуға арнаған Жексенбай Ғиззатов ағамыз тұрады. Мал десе ішкен асын жерге қоятын ағамызбен жүздесудің сәті түсті. — Мал бағуды атадан қалған кәсіп десем артық айтқандығым болмас. Әкем Алпыс та ғұмырына үкіметтің малын баққан адам. Сол мал баққан таяғын мұра қылып қалдырды десе де болады. Мен де 1981 жылы әскер қатарынан келісімен мал шаруашылығына араласып кеттім. Сол кездегі кеңшар басшылары алдыма 1000 қой салып, мал бағуды аманаттады. Содан бері міне жұбайым Мәриям екеуміз тынбай еңбектеніп келеміз. Жасыратыны жоқ, басымыздан талай қиын кездер өтті. Бірақ қазақ халқы қай дәуірде де «Төрт түлігім – жан азығым» деп білген. Осы жиған азды-көпті малды кейінгі ұрпақтың кәдесіне жараса екен деп өсіріп жатырмыз, -дейді Жексенбай ағамыз. Иә, алпыстың асуына келген ағамыздың арманы асқақ, мақсаты айқын. Ең бастысы еңбектен қашпайды. Балаларының болашағы үшін тынымсыз тірлік етуде.

Қайрат ЖАҚЫП


«АСТАНА – ҰЛЫ ДАЛА ЕЛОРДАСЫ»

Күні: , 186 рет оқылды

Мемлекетіміздің символы, асқақ абройымыздың айғағы болған бас қаламыз, жас қаламыз Астанамызға биыл 20 жыл толып отыр. Осы орайда Қазталов ауданында мекеме ұжымдары арасында өнер фестивалі оздырылу көзделген болатын. Осы өнер фестивалін алғашқы болып 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева атындағы білім ордасының ұжымы бастады. 27 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің ұжымы ауыл тұрғындарының назарына «Астана – Ұлы дала елордасы» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Концертті бастаған ұстаздар хорында мектеп директоры Әлия Зербіқызы ұжымымен қосыла «Менің Қазақстаным» әнін әуелете шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Қазақ және орыс тілінде концертті жүргізген Марал Төлекенова мен Алиса Ерболатова өздерінің кәсіби конферансье екендіктерін дүйім халық алдында дәлелдей білді. Сахна төрінде мектептің тарих пәні мұғалімі Есбол Идресовтың төл туындысы «Астанаға арнау» атты өлеңдер топтамаларын оқушылар жатқа айтып, көременді бір серпілтіп тастады. Концертте өздерінің вокалдық талантарын тағы бір мәрте көрсете білген ұстаздар Лаура Аткеева мен Жайнагүл Құсайынова «Нұр Астана», «Елімінің жүрегі – Астана» әндерін әдемі орындаса, домбырада шебер ойнаған Ботагөз Сармалаева «Ерке сылқым» күйін көремендерге тарту етті. Сондай-ақ концертте мың бұрала билеген шәкірттерден ұстаздары да қалыспады. Мектеп оқушылары «Арулар» биін билесе, ұстаздар «Мерекеге тарту» биімен халық алдында өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны мектеп мұғалімдері Ербол Идресов, Айгүл Ануар және Фариза Байғонақовалар жалғастырып, «Елордам» атты поэзия топтамаларын үш тілде нақышына келтіре оқып берді. Сонымен қатар концертте «Дархан қазағым» әнін Айнагүл Дюсалиева мен Кәмшат Молдағалиева тамылжыта шырқаса, «Ауылға барам» әнін Есенболат Жаннатов тамаша орындап, тыңдармандарды баурап алды. Концерттің шымылдығы ұстаздардың қосыла шырқаған «Туған ел» әнімен жабылды. Сахна төріне көтерілген «Нұр Отан» партиясының Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин осындай тамаша кеш сыйлаған Алма Оразбаева мектебінің ұжымына ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП


ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ МЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Күні: , 124 рет оқылды

27 сәуір күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудан әкімдігі отырысы өтті. Әкімдік отырысына ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары, мектеп директорлары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Әкімдік отырысында аудан бойынша жалпы білім беретін мектептердегі ҰБТ-ға дайындық барысы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарының жәйі туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков хабарлама жасады. -Аудан бойынша 325 түлек мектеп бітірсе, соның 262-сі, яғни 80 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары. К.Меңдәлиев, Ғ.Молдашев, А.Оразбаева, Қайыңды орта мектептерінің түлектерінің тестілеуге қатысу пайызы жоғары болса, Богатырев, Бостандық, А.Хұсайынов мектетерінің қатысу пайызы төмен. 28 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. ҰБТ өткізуге қажетті материалдық-техникалық базаға тоқталсақ, тестілеу орталығында 1 ұялы телефон желісін тұншықтырғыш, 11 бейнебақылау камералары, 1 рамалы металл іздегіш және 2 жай металл іздегіш бар. Ал оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары бойынша ауданда «Ақкөл», «Ақпәтер», «Қайыңды» және «Алау» демалыс лагерьлері 6 кезеңде жұмыс жасайды. Аудандық лагерьлерде 834 бала және 41 мектеп жанынан балаларға арналған лагерьлерде 3596, облыстық туристік-сауықтыру лагеріне 15 бала, республикалық «Балдәурен» лагеріне 7 бала, Италия еліне 2 бала және қосымша туристік орталықтар арқылы Астана, Түркістан қалаларына 30 бала қамтылмақшы. Сонымен қатар Самара және Саратов қалаларына да оқушыларды алып бару жоспарлары да бар. Биыл «Қайыңды» жазғы демалыс лагерінде оқу өндірістік бригадамен бау-бақша егу жоспарлануда. Осыған сәйкес қажетті жұмыстар қолға алынды, -деді өз сөзінде бөлім басшысы. Осы мәселелерге қатысты аудандық қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Талғат Хайдаров қосымша хабарлама жасап өтті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі, -ҰБТ ұйымдастыруда балалардың тасымалы, орналасуы бойынша қиындықтар болмауы керек. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру да маңызды мәселе. Мектептер тарапынан да оқушылардың лагерьлерге баруы қадағалануы қажет. Қажетті ұсыныс-пірірлер немесе мәселелер болса қазірден бастау шешімін табуға білесе жұмыстанатын боламыз, -деді.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 162 рет оқылды

27 сәуір күні аудандық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары қатысты. Қоғамдық кеңес отырысында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Қазталов ауданы бойынша бөлім басшысы Дархан Меңдіғалиев аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы хабарлама жасады. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімінде екі фронт-офис, яғни аудан орталығында және Жалпақтал ауылында орналасқан бөлім жұмыс жасайды. Өткен жылы осы бөлімдер арқылы 39344 қызмет түрі көрсетілген. Ал осы көрсетілген қызмет түрлерінің 26362-сі (67 пайыз) электрондық қызметтер. Қызметтердің басым көпшілігі жылжымайтын мүлікті тіркету, жер актілерін рәсімдеу, АХАЖ бағыты бойынша қызмет түрлері. Бөлімде «Мобильді ХҚКО» тұрақты жұмыс жасауда. Халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында бүгінгі таңда «Бір жолғы СМС-пароль» қызметі, яғни электронды санды қолтаңбаны қажет етпей-ақ ең керек етілетін 43 түрлі қызметті СМС пароль қызметімен алу жүзеге асырылуда. Дегенмен бұл орталық жұмысында интернет желісінің жылдамдығының төмендігіне орай көптеген кедергілер де кездесуде. 5 минутта көрсетілетін қызметтер уақыты 20-30 минутқа созылып кетіп жатады. Және ауылдық жерлерге «Мобильді ХҚКО» барған кезде де интернет желісінің жоқтығынан база ашылмай, сол орында қызмет көрсету мүмкіндігі болмай жатады. Сонымен қатар тұрғындар ауылдық округтердегі пошта байланыс торабы арқылы ХҚКО қызметтерін ала алатындықтарынан да бейхабар болуларына байланысты уақыт пен қаржы шығындап аудан орталығына немесе Жалпақтал ауылына келіп жатады. Осыдан-ақ тұрғындар арасында ақпараттың жетіспеушлігі, түсіндіру жұмыстарының жетіспеуі байқалады. Осыған орай ХҚКО мен аудандық «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесі тығыз байланысты болып, біріге жұмыс жасау керектігі айтылды. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызметтердің жергілікті тұрғындарға қолжетімділігін және қызметтерді алу әдістерін халыққа кеңінен түсіндіру бағытында мақалалар беру, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар жаоиялау, бейнероликтер арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Кеңесте сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері құрамына өзгерістер жасалды. Отырыс соңында аудандық қоғамдық кеңес отырысының Қарары қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«ЖАҚСЫДАН ЖАҚСЫ ІЗ ҚАЛАР» АТТЫ ӘЛИ АХМЕТОВТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Күні: , 128 рет оқылды

Жалпақтал өңірі мәдениетінің өркендеуіне көп жыл еңбек сіңірген ауылымыздың аяулы азаматы болған Әли Сисенғалиұлы Ахметовты еске алу құрметіне орай мәдениет үйінде «Жақсыдан жақсы із қалар» атты шара өтті 1948 жылы 27 сәуірде Фурманов ауылдық кеңесінде дүниеге келген Әли Сисенғалиұлы 1965 жылы Фурманов орта мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих пәні бойынша жоғары білім алып, кейін ауылшаруашылық техникумында зоотехник мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1966 жылы аудандық мәдениет үйінде моторист, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, 1968 жылы Целиноград жоғарғы комсомол мектебінде дәріс алып келген соң Фурманов аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1975-1982 жылдары аудандық партия комиетінде үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, аудандық атқару комитетінің орынбасары, 1994-1996 жылдары аралығында Фурманов аудандық ауыл шаруашылық кәсіподақ комиетінің төрағасы кейін аудандық кеңес депутаты болып бірнеше рет сайланды. Әли Ахметов сол кездегі ауданның өсіп өркендеуіне соның ішінде мәдениет саласының ұлттық ұжымдарының жоғары деңгейге көтеріліп, республика, облыс көлеміне танымал болуына ат салысты. Сонымен қатар Әли Сисенғалиұлы Жалпақтал өнер мектебінің ашылуына, оның қалыптасуына мұрындық болған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Небәрі 48 жылғы қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай еңбек етті. «Сө саптауы, өнердегі домбыра, сырнай, гитара аспаптарында ойнауы, оған қоса ән салудағы ерекшеліктері және музыкалық сауаттылығы талай өнер майталмандарын таң қалдыратын. Сонымен қатар М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры мен Жалпақтал мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының өркендеуіне жаны шығып, аянбай тер төккені бәрімізге мәлім»,-деп бүгінде еске алады ауылдастары, замандастары.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


СЕРГЕК ЖҮРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

Күні: , 122 рет оқылды

Мына суреттегі Мұқанғали Бектілеу ағамыз – 72 жаста, ал Темірболат Нұғманов ағамыз – 73 жаста. Былай қарасақ, бұл ағаларға 80-нің қыраты жақыннан көрініп тұр. Бірақ ағаларымыз әлі тың. Олай болатын себебі – бұлар үнемі велосипедпен немесе жаяу жүреді. Ағаларымызбен тілдескенде, -Велосипед те, жаяу жүру де денсаулығымызға күш береді. Құдай көпсінбесін, анау-мынау сырқаттар біздерден алыстау жүр, -дейді. Ал, бір қызығы Темірболат ағамыздың жеңіл көлігі бар. Бірақ оны пайдаланып жатырған жоқ. Мұқанғали ағамыздың да көлік алуға жағдайы бар. Бірақ адамдарға «сырқат» сыйлайтын көлікке олар мініп жүрген жоқ. Осы ағаларды көргенде алдында бір облыс орталығынан бір замандасыммен жолаушы болып бірге келдік. Шындығы керек, әлгі замандасым уақытына жетпей артық салмақты аямай-ақ «жинап» алған… Әрине, артық салмағы бар адамдарды кінәлаудан аулақпыз. Бірақ адам денсаулығы өз қолында ғой. Сондықтан сергек жүріп, ұзақ жасағыңыз келсе жоғарыда айтқан ағалардай денсаулыққа пайдалы ұстанымдарға ден қойғанымыз дұрыс-ау.

Әсем БОЛАТ


«ЕҢБЕГІҢ СІҢІП МЕКТЕПКЕ, ҚАЛДЫРДЫҢ САРА ЖОЛЫҢДЫ»

Күні: , 150 рет оқылды

26 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің 150 жылдығына орайластырылған, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен сабақтастырылған және осы білім ордасында қызмет атқарған ардагер ұстаздарды ұлықтау мақсатында «Еңбегің сіңіп мектепке, қалдырдың сара жолыңды» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ғасыр жарым тарихы бар мектептің ұжымы мен оқушылары ұйымдастырған бұл кеште мектеп тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, ұстаздардан құралған хор әуелетіп ән шырқады. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков мектеп ұжымын және ардагер ұстаздарды айтулы мерейтоймен құттықтап, ұстаздардың бала тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі туралы кеңінен айтып өтті. Киелі білім ордасы ұжымының жоғары талғамы мен кәсіби шеберлігінің үйлесімі тапқан бұл кеште оқушылар мен қатар ұстаздар ән шырқап, өлеңдер оқып, би де билеп берді. Кештің бір ерекшелігі сахна төріне әр жылдары Алма Оразбаева мектебінде қызмет жасаған ардагер ұстаздар шақырылып, олардың жүрек жарды лебіздері тыңдалып, мектеп ұжымы атынан раушан гүлдері сыйға тартылды. Сондай-ақ кеште ұзақ жылдар білім ордасында қызмет жасаған Жәния Аронқызы әжеміз ақ батасын берді. Кешке жиналған көпшілік 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева атындағы білім ордасы ұжымының өнеріне тәнті болып, алғыстарын ыстық ықыласпен соғылған шапалақтары арқылы білдіріп жатты.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ

Күні: , 127 рет оқылды

26 мамыр күні Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы бірыңғай конкурстық комиссияның 2018 жылғы 26 сәуірдегі №17 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 2018 жылғы 26 сәуірдегі №76 өкімімен Қазталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымына Құсайынов Мирлан Нағымұлы тағайындалды. Мирлан Нағымұлы 1960 жылдың 5 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының Қошанкөл ауылында дүниеге келген. Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебінен алғашқы білім алып, 1977 жылы Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы сауықтыру мектеп-интернатынан бітірген. 1984 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының экономика факультетінің ауыл шаруашылық өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Жәнібек ауданының «Қайрат» кеңшары «Жас түлек» комсомол-жастар шопандар бригадасының мүшесінен бастаған. 1984 жылы Қазталов қой кеңшарында экономист қызметінде, кейін Қазталов аудандық өнеркәсіп бірлестігінде бас экономист, 1989-1991 жылдары Қазталов аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1991-1992 жылдары Халық депутаттары Қазталов аудандық Кеңесінде іс басқарушы, 1992-1995 жылдары «Жайықауылқұрылыс» ұжымдық кәсіпорнына қарасты №11 кіші кәсіпорынның бас есепші қызметтерін атқарған. 1995-2013 жылдары салық жүйесінде аға инспектор, бөлім бастығы, төраға, орынбасар қызметтерін атқарды. 2013-2016 жылдары Қазталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, Орал қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінде директордың орынбасары қызметтерін атқарды, 2016 жылдан күні бүгінге дейін Қазталов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келді. Отбасында жұбайы, ұл-қыздары бар.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.