АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 29.03.2018


«ШАҒАЛА АРАЛЫ» БҰЛ — ТЕРЕҢКӨЛ АУЫЛЫНДА

Күні: , 98 рет оқылды

Біз Қайыңдыны айтқанда алқызыл қызғалдағын қосып айтамыз. «Қайыңдының қызғалдағы» деген атауды облыс жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық болмас. Енді Нұрсай ауылын, (Тереңкөл ауылдық округі) «Шағалалы Тереңкөл» деп атау беруге болатын сияқты. Бұны білмей жүріппіз. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз: -Жұмыр-Қылыш зираты жатқан жерден алыс емес сордың ортасында шағын арал бар. Ал сол жерді жаз айында тек құстардан шағала ғана мекендейді. Көктем айында бара қалсаң ұя басып жатқан немесе ұшып жүрген шағала құсынан көзін сүрінеді. Сол жерді білесіңдер ме? -деп сұрағанда білмейтінімізге ыңғайсызданып та қалдық. Түсірілген суретті көргенде таң қалдық. Теледидардан көріп жүргеніміздей «Жануарлар әлемі» бағдарламасындағы мұхит жағалауындағы көріністер сияқты. Осы суретті Уәлиолла ағамыз Ресейдің «Фото-страна» сайтына салып, 1000 лайк жинапты. Сонымен қатар шағалалар жұмыртқалаған кезде кейбір адамдар барып, шелек-шелек жұмыртқа жинап алатын көрінеді. Жалпы шағалалар көлдерде көп кездесіп жатады ғой. Бірақ мынандай бір жерде шоғырлануы және сол жерді мекен етуі қызықты жәйт. Осы «Шағала аралы» туралы Уәлиолла ағамыздың мұғалім келіні Лузия Ищанова Экология тақырыбында арнайы жоба да әзірлепті. Міне, туған жеріміздің кейбір құпияларын әлі игере алмай жатырмыз. Ал енді суреттегі Жұмыр-Қылышқа арналып қойылған белгі туралы айтар болсақ, тарихи деректер бойынша Жұмыр Исатай, Махамбеттің үзеңгілес серігі болған батыр. Жұмыр мен Қылыш екі бөлек адам. Махамбет «Жұмыр-Қылыш» күйін шығарған. Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төкен елді мекенінің қасындағы он бес шақырым жерде орналасқан. Енді мынандай мәселе туындайды. Бірік ауылдық округіне қарасты Жұмыр деген жер (тоған) бар. Жоғарыда жазғанымыздай Тереңкөл ауылдық округіне қарасты осы жерде Жұмыр-Қылыш жерленген деп тағы белгі қойылған. (Суретте көріп тұрғандарыңыздай) Сонда бұл жерде Жұмыр батыр жерленген бе, әлде Қылыш батыр ма? Бұны анықтауды тарихшылардың үлесіне қалдырайық. Жалпы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына орай ауданымыздың тереңде жатқан тарихынан сыр шертетін көптеген мәліметтер бар екеніне көзіміз жетіп отыр. «ШАҒАЛА АРАЛЫ» БҰЛ — ТЕРЕҢКӨЛ АУЫЛЫНДА БЕЙНЕКӨРСЕТІЛІМ ТҮСІРІЛЕДІ)

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАСТАРҒА КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ

Күні: , 134 рет оқылды

Бүгінде жастардың жұмысқа орналасуы үлкен мәселе. Себебі, тәжірибенің болмауы, еңбек өтілінің жоқтығы да жұмысқа орналасуға кедергі. Алайда қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалып, олардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туып отыр. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастарды қабылдап, жұмысқа орналасуға ниетті жастарға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндірді. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз-ақ жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» жоспарын жүзеге асыруға да мол мүмкіндік береді, -деді аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары. -Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған. Адамдар осы жерде жұмыс таба алады. Мен Жаңажол ауылдық округінің жастар ресурстық орталығының маманы бос жұмыс орнына жолығып, құжаттарымды тапсырдым. Егерде осы орталыққа қызметке орналассам, болашақта жастар саясатын дамытуға өз үлесімді қосамын деп білемін, — дейді жаңажолдық Айнагүл Насырова.

Жұлдыз АСҚАР


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Күні: , 132 рет оқылды

28 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде «Электронды Үкімет» порталын пайдаланып, электронды қызмет түрлерін алуды, электронды түрде анықтама алу немесе электронды-сандық қолтаңбаны қолдануды түсіндірді. -Жәрмеңкенің басты мақсаты — халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен түсіндіру. Электронды цифрлы кілті алғысы келетіндердің барлығына 15 минут ішінде қызмет көрсетілді. Олар бұл мүмкіндікке үйлерінен шықпай-ақ қол жеткізе алады әрі уақыттарын үнемдейді, -деді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Дархан Меңдіғалиев. Жәрмеңкеге сәулет және қала құрылысы, білім, азаматтық хал актілерін тіркеу, жер қатынастары және басқа да бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар қатысты. Жәрмеңкеге келушілер электронды қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.

Жұлдыз АСҚАР


БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Күні: , 146 рет оқылды

28 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Артур Берденов, -Жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат — азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдем жасау, бос жұмыс орындар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және еңбек нарығындағы мәселелер туралы мәлімет беру болып табылады. Жыл басынан 245 бос жұмыс орындарына хабарлама түссе күні бүгінге 147 адам жолданып 98 бос жұмыс орындары күні бүгінге тұр.Бос тұрған жұмыс орындарының басым көпшілігі айта кетсек орта мектептерге мұғалімдермен дәрігерлер аудан бойынша жетіспейді, -деді. Бүгінгі жәрмеңкеге 18 жұмыс берушілер қатысып, 79 адам жолықты. Соның ішінен 32 адам тұрақты және уақытша жұмыстарға орналасса, жастар практикасына 10 адам бітіріп келген мамандықтарымен әртүрлі мекемелерге тәжірибе өтуге және әлеуметтік жұмыс орындарына 5 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 15 адам жолданды.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Күні: , 116 рет оқылды

27 наурыз күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ардагерлер мен қарттарды бірыңғай қоғамдық қабылдау шарасы өтті. Қабылдауда күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, — «Нұр Отан» партиясы ардагерлерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қолдан келгенше түрлі қамқорлықтар жасап келеміз. Өскелең ұрпақ мұны сана­сына сіңіріп, құрметпен қарауы қажет, — деді. Кездесуде болған зейнеткерлер аудандағы атқарылып жатырған жұмыстарға оң көзқарастарын білдіріп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ аудандық кəсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбек Хайронұлы Президенттің бес əлеуметтік бастамасы туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.

Жұлдыз АСҚАР


НАЗЕРКЕ БАС ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫ

Күні: , 118 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаетың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Үркер» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен 25-26 наурыз күндері Орал қаласында «ULY DALA DARYNY» телевизиялық жобасының республикалық байқау кезеңі өтті. Осы сайысқа Бостандық орта мектебінің оқушысы Назерке Қасым қолөнер жанры бойынша қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Сайыстан өзі секілді қолынан өнер тамған шеберлердің арасынан озып алға шығып, бас жүлдені жеңіп алуына ықпал еткен жетекшісі Жайнагүл Есендірованың еңбегі деп білеміз. Өнерің өрлей берсін, Назерке!

«Ауыл айнасы» ақпарат


НҰРАСЫЛ МЕН БАЛЫМ «ULY DALA DARYNY» БАЙҚАУЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

Күні: , 108 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаетың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Үркер» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен 25-26 наурыз күндері Орал қаласында «ULY DALA DARYNY» телевизиялық жобасының республикалық байқау кезеңі өтті. Осы байқауға вокал жанры бойынша Қазталов ауданы атынан қатысқан Қараөзен мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Нұрасыл Ғазез Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін орындап, «Күміс жүлде» иеленіп, лауреат атанса, аудандық саз мектебінің терме сыныбының оқушысы Балым Амантаева да «Күміс жүлде» иеленді. Ал Нұрасылдың ұстазы Нұрболат Тойғожин мен Балымның ұстазы Гүлзия Жанғалиева «Үздік жетекші» аталымдарымен марапатталды. Өңіріміздің түпкір-түпкірінен келген дарынды да талантты өрендер арасынан оза шауып, жүлделі орынға ие болған Нұрасылды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев марапаттады. Өнерің өрлей берсін, Нұрасыл!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАЗТАЛОВ АУДАНДЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАБАРЫ

Күні: , 168 рет оқылды

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 44-бабына сәйкес Қазталов аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиясы хаттамаларын негізге ала отырып, сайлау қорытындысын хабарлайды: № 13 Қарасу сайлау округі бойынша: Жалпы сайлаушылар саны – 1208, соның ішінде дауыс беруге қатысқандар – 1181 (97,76%), депутаттыққа үміткерлерге жақтап дауыс бергендері: Қ.М.Батыровқа – 82 (7,02%); Е.М.Бекмулдинге – 1006 (86,13%); Н.С.Булаевқа – 80 (6,85%). Жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 13. Жойылған бюллетеньдер саны – 39. Аудандық мәслихат депутаты болып Ерболат Мұратқалиұлы Бекмулдин сайланды. 1980 жылы туған, «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Қазталов ауылында тұрады, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Комиссия төрағасы Н.Құтхожин


ЖОЛДАР ҚАРДАН ТАЗАРТЫЛЫП, МАЛ АЗЫҒЫ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Күні: , 68 рет оқылды

Биылғы қыс жылдағыдан ерекше болды. Қар қалың жауып, бір жағынан халықты қуантса, енді бір жағынан алаңдатушылық тудыртты. Өйткені жауған қар жолдарды жауып, жол қатынасын қиындатты. Әсіресе, наурыз айының соңғы күндері жауған қар жол қатынасына кедергі туғызып, едәуір әуреге салғаны анық. Елді мекендер мен шаруа қожалықтарының қыстақтарына қатынайтын жолдар жабылып, көлік қатынасы тоқтап қалды. Осыған орай мереке, демалыс күндеріне қарамастан ауданда жолдарды қардан тазарту жұмыстары қызу жүруде. Аудан бойынша қар тазалауға 15 техника әр ауылдық аймаққа жұмылдырылып, техникалар бөлініп, округі әкімдері мен бөлім басшылары бекітілді. Бұл жұмыстарға «Дорремсервис» ЖШС, «Казсушар» РМК БҚО филиалы, «ЗапКазРэк», «ОралСтрой» ЖШС, аудандық коммуналдық шаруашылық кәсіпорны және ветеринарлық стансасы, «Жиенбай» ЖШС, «Новосел» ЖШС, «Рүстем», «Мүслім» шаруа қожалықтарының К-700, МТЗ-100, МТЗ-82, экскаватор, ДТ-75, «Камаз» сынды техникалары жұмылдырылып, 16 ауылдық округте 10 маршрут бойынша жолдарды қардан тазартуда. Қардың қалың түсіп, қыс аяғының созылып кетуі мал баққан шаруаларға да жайсыздық әкелді. Әсіресе, қардың қалыңдығы әрі мұздақты болуы жылқы малының тебіндеуіне қиындық туғызуда. Алайда ауданда мал қыстатуға арналған жем-шөп қоры жеткілікті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнгі есеп бойынша ауданда 45 мың тонна мал азығы қоры бар. Оның 20 мыңы шаруа қожалықтарында болса, 25 мыңы елді мекендерде. Қазіргі күнде 5 ауылдық округтің кей шаруа қожалықтарында (Қазталов, Бірік, Ақпәтер, Қайыңды, Болашақ) мал азығыны азайған екен. Малдың шығыны туралы мәлімет түспеген. Ал мал азығы азайған қыстақтарға жем-шөп жеткізуге жолды әлсін-әлсін қар басып, қатынастың үзілуі кедергілер келтіруде. Дегенмен, бұл қиындықтар да шешілуде. Мәселен, бүгін 26 наурыз күні Әжібай-Қызылту-Кердері-Қыркөл-Тереңкөл-Кеңдала-Мереке бағыты бойынша жол аршылып, Бірік ауылдық округіне «Кеңдала» шаруа қожалығынан жем-шөп жеткізілді. Бұндай жұмыстар басқа ауылдық округтерде де жүргізілуде. Ауа райын болжаушылардың алдын ала дерегіне сүйенсек, алдағы күндері көктемнің лебі сезіліп, күн шуағын төкпек. Тек наурыздың соңы мен сәуірдің «бес қонағы» тағы бір тосын мінез танытпаса, мал аузы көкке тиетін күн де алыс емес. Дегенмен, «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, шаруаға тізгінді босатуға болмайды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАС КИКБОКСШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Күні: , 205 рет оқылды

24-25 наурыз күндері аралығында Орал қаласында ашық қала біріншілігі өтті. Біріншілікке 100-ден аса спортшы қатысып, өз бақтарын сынады. Жарысқа Казталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кикбоксинг тобының жас спортшылары да қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша 2006-2007 жылғы жасөспірімдерден 30 келі салмақ дәрежесінде Елдар Рашидов І орын, 33 келіде Мақсат Кұрманбаев І орын, 27 келіде Малик Ерасыл ІІ орынды иеленсе, 2004-2005 жылғылардан 33 келіде Жайық Қажымов І орын, 48 келіде Әділхан Халиханов ІІІ орынды иеленіп, ал 2002-2003 жылғы туылғандардан 54 келі салмақ дәрежесінде Арген Хайруков І орын, 48 келіде Әлихан Абаев ІІ орынды иеленіп, 54 келіде Бекзат Сәрсеков ІІІ орынды иеленді. Осындай жас кикбоксшылардың жеңіске жетіп, ауданның намысын қорғауға атсалысқан бапкері Мұхаммед Құрманалиевтің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Жарайсыңдар, жас кикбоксшылар! Жеңістеріңіз құтты болсын!

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.