АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 26.03.2018


«РАХМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!»

Күні: , 116 рет оқылды

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасына орай Қазталов ауданында біраз істер мен шаралардың атқарылғанын мақтанышпен айта аламыз. Туған жердің төл перзенттері кіндік қаны тамған ауылы үшін өз үлестерін қосып жатыр. Осындай азаматтардың қатарынан көрінген жерлесіміз, халықаралық «Жас Қанат — 2016» байқауының лауреаты, талай республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері, танымал әнші Айбек Дәулетқалиев туаған ауылы Қазталовқа келіп, «Рахмет саған, туған ел!» атты есептік ән кешін берді. Аудандық мәдениет үйінде лық толы жиналған жұртты руханият бесігінде тербеткен тағылымды кеште Айбек «Ассалаумағалейкум», «Туған ел», «Қазақ осы» сияқты тыңдармандарға жақсы таныс әндерді орындап бір серпілтіп тастады. Бүгінгі күнде Теректі аудандық мәдениет үйінде қызмет жасап жүрген Айбек жолдасы Райгүл екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр. Кеште қызы Айсезімді тұңғыш рет сахнаға алып шығып, әке жолын қуған қызының өнерін ауылдастарына паш етті. Әртүрлі әндерді шебер орындаушы ретінде танылып жүрген Айбек соңғы жылдары облыс жұртышылығына сазгерлік өнерімен де көрініп жүр. Кеш барысында теректілік ақын Әділет Орынбасаровтың сөзіне жазылған «Қос шынарым» әнін аудан тұрғындары алдында тұңғыш рет орындап берді. Сонымен қатар кеште Айбек жерлес ағаларымыз Нұрлан Нығметов пен Өтеген Шоқпановтың «Сиқырлы саз», «Тәуелсіз Қазақстан» атты әндерін әуелете орындап, туған еліне деген сағыныш сездіргендей болды. Халықтың зор қошеметі мен ықыласына бөленген кеште Айбекпен қатар ауылымыздың әншілері Оралхан Ерғалиев, Ботагөз Мақатовалар қосыла ән шырқап, әншіге қолдау көрсетті. Сондай-ақ Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің ортаңғы тобының бишілері де өз өнерлерін ортаға салып, кештің сәнін кіргізді. Ал кеш қонақтары, жас әншілер Айтемір Дәулетқалиев пен Елжас Мағзом ағаларымен бірге «Ағама», «Рахмет саған, туған ел!» әндерін дуэт болып шырқап, тыңдармандарын ән әлеміне жетелей түсті… Кеш соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов сахна төріне көтеріліп, әншіге жүрек жарды тілегін арнай келе, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Міне, Қазталов топырағында аунап өскен өнерлі өреннің туған ауылына келіп, жерлестеріне тегін осындай тамаша ән кешін сыйлауы әншінің туған еліне деген сүйіспеншілігі мен киелі өнердің дамуына қосқан үлесі деп білеміз.

Қайрат ЖАҚЫП


ВОЛЕЙБОЛДАН МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДА АУДАН БІРІНШІЛІГІ

Күні: , 158 рет оқылды

24 наурыз күні аудандық орталық балалар және жасөспірімдер спорт кешенінде А.Оразбаева мектебінің 150 жыл мерейтойына арналған мұғалімдер арасында волейболдан аудан біріншілігі өтті. Жарысқа Жаңақала, Александров-Гай аудандарынан және Қазталов ауданынан А.Оразбаева мен Қазталов, Бостандық және Бірік, Ғ.Қараш және Ғ.Беғалиев мектептерінің және Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің командалары қатысып, бақтарын сынауда. Жарыстың ашылу салтанатында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков, А.Оразбаева мектебінің директоры Әлия Ғұсманова сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ЖАДЫРА» ОЙЫН-САУЫҚ ОТАУЫ КӨРЕРМЕНГЕ КӨҢІЛДІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 118 рет оқылды

Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының ұйымдастырылуымен өтетін «Жадыра» ойын-сауық отауы Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінде жалғасын тапты. Бүгін, яғни, 23 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Жадыра» ойын-сауық отауының концерттік бағдарламасы өтті. Мерекелік кештің бір ерекшелігі – әсем әндер де, мың бұралған билер де Наурыз мерекесімен ұштасып жатты. Залға жиналған өнер сүйер көрермендер көңілді кештің куәсі болды. Әдемі де әсерлі болған кеште Қайрат Абдулов, Оралхан Ерғалиев, Нәрік Дүйсенов, Тауасих Тақаев, Самғат Алмасов, Нұргелді Камаледенов сынды актерлардың шебер сомдауының нәтижесінде «Ауруханадағы оқиға», «Мектептегі оқиға», «Алаяқтар» интермедиялаы көрерменнің көңілінен шығып, бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ М.Қабошев, Б.Мақатова, Б.Ғұбашева, Д.Жұмабева,Ж.Хайрушев, С.Құсайынова, М.Ахметов, Д.Қадырованың орындауындағы әсем әндермен қатар, аудандық балалар саз мектебінің ұстаздары орындаған Г.Ізмағанбетова, Ә.Бекжан, Ж.Өтешованың Юрий Шатуновтың «Белые розы» әні көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, Өтеген Шоқпановтың орындауындағы «Көңіл толқыны» күйін, «Шаттық», «Қарлығаш» халықтық би ансамблінің жаңа әрі тамаша билерін көрермен ерекше ықыласпен қабылдады. Кеш соңында ұйымдастырушылар жас актерлар Самғат Алмасов пен Нұргелді Камаледеновке ризашылықтарын білдірді.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОШАНКӨЛДЕ ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

Күні: , 146 рет оқылды

22 наурыз күні Қошанкөл ауылының жылқы десе ішкен асын жерге қоятын азаматтары Ғ.Жұмағалиев пен Р.Негметовтың ұйымдастыруымен, ауыл әкімшілігінің қолдауымен ұлттық ат спортынан ойындар өткізілді. «Жаппай көкпар», «Аударыспақ» , «Арқан тартыс» ойындарын, сәнділенген «Ат әбзелін» жұртшылық тамсана тамашалады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Жаппай көкпар» ойынына 17 көкпаршы қатысып, ойын барысында өз өнерлерімен көзге түскен салымшылар Р.Нигметов, К.Хамитов сыйлықтармен марапатталды. Ал «Аударыспақ» ойынында 1 орынды Е.Закариянов иеленсе, 2 орынды Б.Айболатов, 3 орынды Ж.Ғалым өзара бөлісті. Бұл спортшылардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Ат әбзелдері» бойынша сәнділеуі келіскен 5 аттың иесіне жүлде берілді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«НҰР СЕБЕЛЕ, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ»

Күні: , 114 рет оқылды

22 наурыз — Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Бірік ауылдық округінде «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты мерекелік шара өтті. Шарада Бірік ауылдық округінің әкімі Батырxан Байғонақов пен аудандық статистика басқармасының басшысы Әділбек Лұқпанов барша ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Мәдениет үйінің фойесінде мерекелік дастархан жайылып, қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды. Наурыз мерекесіне жиналған жұртшылық мерекелік дастарханнан, наурыз көжеден дəм татып, ауыл үлкендері мен жастары және «Айзере» əйел-аналар тобы әсем ән шырқап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Мерекеде мекеме басшылары өздерінің арнайы дайындаған Наурыз қоржындарын көпбалалы отбасыларға табыстады. Осылайша Наурыз мерекесінен ауыл тұрғындары керемет көңіл-күймен тарқасып жатты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТАЛДЫАПАНДА ӨТКЕН НАУРЫЗ ТОЙЫ

Күні: , 80 рет оқылды

Осы бір көктемнің күншуақ мерекесі — Наурыз мейрамын еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін сағына күтетіні баршамызға аян. Олай дейтін себебіміз барлық түркі халқына ортақ бұл айда бар табиғат еміреніп, жан-жануар түлеп, жапан дала жаңғыра бастағанда олармен бірге жасарып, бірге қунатын адам баласы қуанышын айналасымен бөліскен. 22 наурыз күні Ұлыстың Ұлық мерекесін бірлігі мен татулығы жарасқан талдыпанадық ағайындар да ерекше, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Округ орталығы Талдыапан ауылында өткен Наурыз мейрамына барша ауыл тұрғындары белсене қатысты. Наурыз мейрамына арнайы келген аудандық халықты жұмыспен қату орталығының директоры Артур Берденов, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбаев сөз алып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, аудан әкімінің сәлемін жодады. Сонымен қатар Артур Амантайұлы ауыл ағайындарына мерекелік тарту ретінде алтыбақан алаңын салып берген ауыл атымтайлары Дархан Аябалиев пен Самат Сейткереевті аудан әкімінің алхыс хатымен марапаттап, Талдыапан орта мектебінің ұжымына жаңа «Уаз» автокөлігінің кілтін табыс етті. Мереке күні ұйымдастырушылар жиылған көпшілікке наурыз көжеден дәм татқызып, әр көшенің тұрғындары болып өз өнерлерін ортаға салды. Көше тұрғындары ауылдың алты аузын орындай отырып, ұмыт болған дәстүрлерімізден сахналық қойылымдар қойды. Мерекеде ұлттық ойындар мен қызықты сайыстар оздырылып, мықтылық танытқандарға ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Мерекенің тағы да бір ерекшелігі — ақ батасын жолдаған Қыдыр ата кішкентай бүлдіршіндерге қоржынынан тәтті сыйлықтар сыйлап, қуантып тастады. Бұл мейрамның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халықтың көңілінен шығуы округ әкімі Асқар Есқалиевтің еңбегі деп білеміз.

Қайрат ЖАҚЫП


АЛТЫБАҚАН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 154 рет оқылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бүгінде халықтан кең қолдау тауып, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде игі шаралардың өтуіне себеп болып отыр. Соның бір айғағындай Қазталов ауданының азаматтары өздерінің кіндік қаны тамған туған ауылдарына аз болса да қолдарынан келген көмектерін жасап жатыр. Әсіресе, Талдыапан ауылдық округі бұл бағыттағы жұмыстардан көш алда тұр. Ауылының жанашыры Нұрлыбай Жолдыбаевтай азаматты облыс халқы ғана емес, республика жұртшылығы таниды десек артық болмас. Ал енді Талдыапан ауылында туған ел перзенттерінің қолымен жасалған тағы бір игі істің куәсі болдық. 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні Талдыапан ауылдық округі орталығында алтыбақан алаңы ашылды. Бұл алаңды ауылдастар игілігіне тарту еткен ауыл азаматы Дархан Аябалиев. Ауылда «Асқар» шаруа қожалығын басқаратын Дархан өз қаражатынан алаң құрылысына 1 мл.н 200 мың теңге жұмсаған. Ауыл орталығынан орын тепкен, көздің жауын алатын алаңның құрылысы талдыапандық шебер Самат Сейткереевтің қолымен жасалған. Бүгінгі таңда Орал қаласында тұратын Самат ағамыз бұл алаңды қазақтың ұлттық нақышына келтіріп жасаған. Айта кетуіміз керек бұған дейін ауыл орталығынан бой көтереген «Домбыра» композициясы да Самат ағамыздың төл туындысы. Алаңның ашылу салтанатына қатысқан аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Артур Берденов Талдыапан ауылының тұрғындарына аудан әкімі Абат Шыныбековтің сәлемін жолдап, осындай керемет туындыны халық игілігіне беріп жатырған ауыл азаматтарына алғысын білдірді. Міне, Талдыапан ауылының бірлігі басым, жанашыр азаматтарының туған ауылы үшін атқарып жатырған бұл істері көпшілікке үлгі бола бермек.

Қайрат ЖАҚЫП


«НАУРЫЗ – КӨКТЕМ, НАУРЫЗ – ДУМАН»

Күні: , 130 рет оқылды

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Сарыөзен мен Қараөзенді ерітіп, ақ бұлақтарды ақтартып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып Ұлыстың ұлы күні Наурыз келіп жетті. Аудан орталығы. Мерекелік безендірілген орталық алаң. Тігілген киіз үйлер. Тігілген алтыбақан. Төгілген күй күмбірі адам жанын жадырата түсіп отыр. Жиналған көпшіліктің жүздері қуанышқа толы… Наурыз мерекесіне жиналғандарды аудан әкімі Абат Абайұлы және мерекеге арнайы келген көрші Ресей Федерациясы Александров-Гай ауданы басшысының бірінші орынбасары Василий Неверов құттықтады. Музыка әуенімен Қыдыр ата, Ұмай анна, Көктем ары келе жатыр. Оларды қошеметтеп ұлттық киім киген жігіттер бірге келеді. Орталық алаңға келген Қыдыр ата,- Тіршілікті жаңартатын, өмірді жаңғыртатын, пейілді түзететін, көңілді кеңейтетін Наурыз мейрамы құтты болсын,- деген тілегін жеткізді. Ұмай ана мен бір топ қыздар қолдарындағы бауырсақ пен көжені қалың жұртшылыққа үлестірді. Ұмай ана: -Бір тәңірім! Бәрімізді қолдап, жебе. Ұрпағыңды өзің сақта,-деп жүрек жарды сөздерін арнады. Бұлар да өздерінің көже, бауырсақтарын халыққа үлестіріп, таратты. Ауыз тигізіп жатырған жұртшылық,- Береке болсын!-деген тілектерін жеткізіп жатты. Мерекелік шарада халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі, аудандық ардагерлер кеңесі, жастар ресурстық орталығы, жастар қоғамдық бірлестігі ұмыт болып бара жатқан «Қонақ кәде», «Байғазы беру» «Қазан шегелеу» сынды салт-дәстүрлерден көрініс көрсетті. Наурыз мерекесінде аудандық салалық мекемелер дастархан жайып, Абат Абайұлы мен Александров-Гай ауданынан келген қонақтар бауырсақ пен Наурыз көжеден дәм татып, аудандық тәрбие орталығының дайындаған ұлттық бұйымдары қойылған көрмені аралады. Сондай-ақ аудан көркемөнерпаздарының әуелете салған әндеріне ұласты. Мерекеде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы лоторея ойынын ұйымдастырып, билеттері ұтқан ауыл тұрғындарына тұрмысқа қажетті бұйымдарды алды. Сонымен қатар лотореяның басты жүлдесіне қой малы тігілді. Мерекелік шарада ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, аудандық мекемелер киіз үй ішінде ұлттық тағамдардан дастархан жайып, «Нұрбалапан» балабақшасы және аудандық білім беру бөлімдері қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетті. Киіз үй ішінде жайылған дастарханнан шақырулы қонақтар дәм татты. Осы жерде айта кету керек, бүгінгі күнде сана-семізімізде сілкіністер жасалып, ұлттық кодымызды жаңғырту мақсатында ұмыт болып жатқан үрдістер де жандануда. Соның бір айғағындай, тамақтың төресі асты ағаш астауға салып, қонақтарға тартылды. Расында да табиғи жасалған бұрынғы тамақ салатын ыдыстар қазіргі жылтыратып қойған жасанды ыдыстарды жолға қалдырады емес пе?! Сонымен қатар алғайлық ағайынымыз Қанат Мұратұлы мен аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Мирлан Нұролла «Қара жорға» биін билеп, бір серпілтіп тастады. Мерекеде ұлттық спорт қой көтеру, күш сынасу, гір тасын көтеру сияқты сайыстар да өтіп, жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Гауһар ӘДІЛЖАН


АЛҒАЙЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 112 рет оқылды

22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні мерекесін аудан халқымен бірге атап өтуге көршілес Саратов губерниясы Александров-Гай ауданы муниципиалдық әкімшілік басшысының орынбасары Василий Неверов, мәдениет орталығының жетекшісі Орынай Мукатқызы және Қанат Сейткалив келді. Делегация мүшелерін аудан әкімі Абат Шыныбеков қабылдады. Қабылдауда аудан әкімі Абат Абайұлы екі елдің экономикалық және мәдиени байланыстарда зор жетістіктерге жетіп келе жатқанын айта келіп, екі аудандағы байланыс еш уақытта да үзіліп көрген емес, -деді. Сонымен қатар ауданның жетістіктерін айта келіп, алғайлық ағайындарға мерекелік тілегін жеткізді. Сондай-ақ Василий Юрьевич те ізгі ниетпен қарсы алып жатқандарына алғысын білдіріп, мейраммен құттықтады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАЛПАҚТАЛДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Күні: , 108 рет оқылды

Жалпақтал ауылында Әз-Наурыз мерекесі 14 наурыздан бастап тойланды. Үлкен-кіші, кәрі-жас бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, мәре-сәре болды. Көрісу күні басталғаннан-ақ, ауылдағы мекеме-кәсіпорындар біріктіріліп, күн сайын көже асылып, алтыбақан тепкен жастар, арқан тартысқан жігіттер, асық ойнаған балалар мерекенің көрігін қыздырды. 22 наурыз күні ауыл тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін ерекше қуанышпен қарсы алды. Күннің ызғарлығына қарамастан мәдениет үйінің алаңында жиналған халықтың қарасы көп болды. Алаңда мекемелер мерекелік дастархан жайып, сауда саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде мерекелік дастарқан жайылды. Елге тегін көже таратылды. Үлкендер ақ батасын беріп жатты. -Халқымыз үшін ғасырлар түкпірінен тін тартқан әз-Наурыздың орны бөлек. Еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне баланған Наурыз мейрамы жалпы халықтықтық тойға, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың думанына айналды, — деді сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова — Бұл жылы да әрбір тұрғынның, әр отбасының әл-ауқатының артуы біз үшін басты міндет болып қала береді. Сондықтан баршамыз ауызбіршілік пен ынтымақты ту етіп, ортақ игілік жолында еселі еңбек етейік. Еліміздің алға басқан әр қадамы сәтті болып, әрбір шаңырақта ырыздық пен береке нұры шалқысын! — деп жалпақталдықтарды мерекемен құттықтады. Мәдениет үйі алаңында ауылдың көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концерті өтті. Әсем сазды ән шырқалып, күмбірлетіп күй төгілді. Мың бұрала би биленді. Қазақтың салт-дәстүрлері сахналанып, әдемі көрініс тапты. Осынау мерекеде «Шапағат» әжелер қоғамдық бірлестігі ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қызды оң босаған отырғузы салтын дәріптеді. Бұл салт-дәстүріміздің маңыздылығы мен ерекешелігіне тоқталды. Сонымен қатар алаңда Жалпақтал өнер мектебінің ұстаздары жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Ал ауыл жастары лоторея билетін ұйымдастырып, мерекенің көркін қыздырды. Мереке қызған кезде алтыбақан жанында ұлттық ойындар басталды. Балалар асық атып, мергендіктерін байқатып жатқанда, жасөспірімдер гір тасын көтеріп, қол күресі өткізіліп, мекемелер бірігіп, арқан тартысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер спорт мектебінің дипломдарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін жалпақталдықтар осылайша тойлады

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.