АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.03.2018


ЧЕМПИОН! ЧЕМПИОН! ЧЕМПИОН!

Күні: , 154 рет оқылды

Футзалдан ЖОҒАРЫ ЛИГАДА Батыс Қазақстан облысының кубогінде ҚАЗТАЛОВ АУДАНЫ командасы «PETROUNIT» командасын 6:1 есебімен ұтып, ЧЕМПИОН атанды. ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! ЖАРАЙСЫҢДАР!!!

АЛЫС АУЫЛДАР МЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ АРАЛАДЫ

Күні: , 86 рет оқылды

17 наурыз күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков Қараөзен, Ақпәтер, Талдықұдық аылдық округтерінің ауылдары мен шаруашылықтары орналасқан қыстақтарды аралап, жағдайларымен танысты. Биылғы қыстың созылып, қардың қалың түсуі алыста орналасқан және мал баққан шаруашылықтар үшін біраз қиындық туғызып жатырғаны белгілі. Осындай жағдайға байланысты қыстақтарды аралай шыққан аудан әкімі Ащықұдық -1, Ащықұдық -2 қыстақтарындағы «Жанар», «Нұрболат» шаруа қожалықтарныда болып, шаруашылық жетекшілерімен кездесті. Бұл қыстақтағы шаруашылықтардың жағдайы бір қалыпты екен. Мұнан кейін аудан басшысы «Қамқор» шаруа қожалығы мен «Бейназар» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Тебін болмауына орай Мұрат Хасанов басқаратын «Қамқор» шаруашылығы жылқыларын Ащықұдық -2 қыстағына айдап әкеліп, әлсіздерін «Тақырсуат» қыстағына шөпке байласа, «Бейназар» қожалығы жылқыларын Кішкенешал ауылында ұстап отыр екен. Сондай-ақ Кішкенешал ауылында отырған «Бақытжан» шаруашылығының да жағдайы жаман емес. Жол бағыты Мәншүк Қарағойшина жетекшілік ететін «Бірлік» шаруашылығына түсіп, Бөлекшұбар қыстағында орналасқан бұл мал баққан ағайынның жағдайы бір қалыпты екеніне көз жеткізді. Тек Жаманшұбар қыстағында орналасқан «Қобланова» шаруа қожалығы шөптің азаюына байланысты тасымалдап отыр. Кішіталдықұдық ауылының ауылнайы Гүлжиян Ғабдолова апамызбен кездескен аудан әкімі ауылдың жағдаймен танысты. Кішіталдықұдық ауылында әзірге мал азығы жеткілікті. Мал қыстату бірқалыпты жүріп жатыр. Сонымен қатар аудан әкімі Талдықұдық ауылдық округіне қарасты «Берік» шаруа қожалығына соғып, жетекшісі Берік Аманғалиевпен кездесіп, шаруашылықтың мал қыстатуы туралы әңгімелесті. Осы сапары кезінде Абат Абайұлы Талдықұдық-Жалпақтал жолындағы қарды аршу туралы округ әкіміне тапсырмалар берді. Сондай-ақ жұмыс сапарын қорытындылаған аудан әкімі мал қыстату науқанын бір қалыпты және шығынсыз аяқтау үшін шаруашылықтарды өзімен бірге аралап көрген орынбасары Нұретдин Құтхожинге және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановқа тапсырмалар жүктеп, кейбір мәселелер төңірегінде олардың ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.

Қайрат ЖАҚЫП


«ШУАҒЫН ШАШҚАН, ӘЗ-НАУРЫЗ»

Күні: , 162 рет оқылды

Еліміздің батыс өңірінің тұрғындары Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Бүгін – Көрісу күні немесе «Амал» мерекесі. Соның ішінде Қазталов ауданының халқы 14 наурыздан бері Қазталов, Жалпақтал ауылдарында Наурыз мейрамын тойлатып жатыр. 18 наурыз күні «Достық» саябағында «Жадыра» мен «Ақбота» балабақшалары ауыл тұрғындарының құрметіне мерекелік шара оздырды. Бұл шараға ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері шақырылып, қос ұжымның өнерлеріне тәнті болды. Шарада сөз алған «Нұр отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин және Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ал сахна төрінде балабақша ұжымдары ән айтып, би билеп және халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрі «Шарана шайқауды» сахналады. Шара соңында қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

Күні: , 148 рет оқылды

Көрісу айты күнінен бастап Қазталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар басталған болатын. Бұл күндері аудан орталығындағы мекеме ұжымдары Наурыз мерекесін қарсы алуға және тойлауға атсалысып жатыр. Солардың қатарында 17 наурыз күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері де қалыс қалмай, қызықты мерекелік шара ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына тарту жасады. Саябақ алаңында балаларға арнап қазақтың ләңгі тебу, асық ату сияқты ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырып, саябаққа келген көрерменнің құрметіне концерттік бағдарламаларын ұсынды. Мерекелік шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтас латын әріптері жазылған асықтар арқылы балаларға сөйлем құратып, сонымен қатар ұмыт бола бастаған дәстүрлеріміздің бірі — «Жиен құрық» ырымы сахналық көрініс тапты. Концерттік бағдарламада сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов саябаққа жиылған қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтаса, кітапхана қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Мерекелік шара соңында қонақтар саябақта құрылған киіз үй ішінде арнайы дайындалған дастарханнан дәм татып, осындай керемет көңіл-күй сыйлаған ұжымға алғыстарын айтып, тарап жатты.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАЛПАҚТАЛДАҒЫ НАУРЫЗ ДУМАННАН

Күні: , 114 рет оқылды

Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында Көрісу айт мейрамы мен Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесін тойлау өз жалғасын тапты. Бұл күні К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің және №15 Жалпақтал өрт сөндіру бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік шара оздырылды Киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылып, театрландырылған көрініс қойылып, Қыдыр атамыз батасын беріп, шашу шашылып, той өз деңгейінде өтті. Мерекеге арнайы шақырылған ардагерлер мен ауыл ақсақалдарының құрметіне ән айтылып, күй шертілді. Киіз үйге жиналған ауыл ардагерлері ізгі жақсылықтарын білдіріп, той әнмен, бимен, ұлттық ойындармен өз жалғасын тапты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«ЖҰЛДЫЗАЙ» БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Күні: , 76 рет оқылды

16 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Жұлдызай» балалар шығармашылық фестивалінің іріктеу кезеңі өтті. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов аудан тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауда ән, би, аспапта орындау, әнді ым-ширатпен орындау, қолөнер кезеңдері бойынша 10-14, 15-18 жасқа дейінгі үміткерлер өнерлерін көрсетті. Ауданның әрбір ауылдық округтерінен келген өнерлі бүлдіршіндер көрермендердің ыстық-ықыласына бөленіп, керемет көңіл-күй сыйлады. Байқауда облыстық психологиялық-педагогикалық кеңес беру мекемесінің меңгерушісі Райса Маселова,облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының хорегрофы Нүргүл Мажитова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков сөз алып, барлық қатысушыларға алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ «Жұлдызай» фестивалінің өтуіне қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Қазиолла Рахматуллин, аудандық орталық аурухана директоры Қайырбай Алтаев, Қазталов орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Әлия Жақсыбаева, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Райымбек Нұрекешовтерге алғыс хат табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


АЛМА ОРАЗБАЕВА МЕКТЕБІ КӨРІСУ КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Күні: , 140 рет оқылды

16 наурыз күні «Достық» саябағында Көрісу айт мейрамына орай Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі ұжымының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Мерекелік шарада сөз алған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тауфих Мұқанов барша шараға жиналған ардагерлер мен ұстаздарды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Шарада ұстаздар және «Әдемі-ай» әжелер ансамблі әсем әннен шашу шашып, мың бұрала би де биледі. Сонымен қатар мерекеде халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін жаңғырту мақсатында «Біз шаншар», «Биеқысырамас» көріністері қойылды. Мерекелік шара соңында қонақтар киіз үй ішінде ұлттық мәзірде әзірленген дастарханнан дәм татты. Осындай мән-маңызы зор шараны ұйымдастырған Алма Оразбаева орта мектебінің директоры Әлия Ғұсманова бастаған мектеп ұжымына қонақтар алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді. Әсем ХАЛИУЛЛИНА

«АЗАМАТТАРДЫ БІРЫҢҒАЙ ҚАБЫЛДАУ КҮНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Күні: , 66 рет оқылды

16 наурыз күні «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы» негізінде жас кәсіпкер және кәсіп ашамын деген тұрғындарға қабылдау өткізді. Қабылдауда аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Артур Берденов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының ауданда жүзеге асу барысы туралы айтып өтті. -Бұл бағдарламаның І бағыты – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету аясында 151 адамды оқытуға республикалық бюджеттен 17 млн. 522 мың теңге қаражат бөлінсе, күні бүгінге Орал қаласындағы 3 оқу орталықтарына 30 адам техникалық мамандықтары бойынша оқуға жолданды. Сонымен қатар Елбасымыздың қазақстандықтарға жолдаған 5 әлеуметтік бастамасының төртінші бастамасы – «Шағын несие беруді көбейту». Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді, -деді орталық директоры. Қабылдауға келгендер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар қайтарылды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАН ӘКІМІ БАСТАМА ЖАСАДЫ, ХАЛЫҚ ҚОЛДАДЫ

Күні: , 118 рет оқылды

16 наурыз Ұлыстың Ұлы күніне орай аудан әкімі Абат Шыныбековтің бастамасымен, аудандық ардагерлер және аналар кеңестері, «Қазталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігі, аудандық жастар ресурстық орталықтары, аудандық ішкі істер бөлімі «Наурыз мейрамы ішімдіксіз өтсін» акциясын ұйымдастырды. Акция барысында аудан жастары мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған топ аудан орталығындағы дүкендерінде болды. Дүкен қожайындарымен және тауар сатып алушылармен Ұлыстың Ұлы күнін ішімдіксіз өткізу туралы ашық әңгімелер айтылды. Жаны да, қаны да таза халқымыз ішімдікті пайдалануды әдетке айналдырмаған. Керісінше, ұрпақтарына адамдықтан аздыратын әдеттен аулақ болуға тәрбиелеген. Міне, осындай ұлттық құндылықтарымызды насихаттаған акция кезінде дүкен қожайындары Наурыз мейрамы кезінде ішімдік сатпауды мақсат етіп отырғандарын жеткізді. Соның бір айғағындай «Сымбат», «Береке» дүкен иелері Маншүк Балдахова мен Қалампыр Жайынова қазірдің өзінде ішімдіктерді саттыққа шығармайтындарын айта келіп, болашақта дүкен сөрелерінде осы бір ғасыр кеселінің болмағанын қалайтындарын да айтты. Міне, шалғайда жатқан, қазақи қаймағы бұзылмаған Қазталов ауданында осындай өміршең дәстүр Ұлыстың Ұлы күнінде бастау алды. Осы бастама ауданның барлық округтерінде де жалғасын табатын болады.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.