АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 16.03.2018


ЖЕРЛЕСІМІЗ БАС ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫ

Күні: , 128 рет оқылды

Жуырда жерлесіміз, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің 3 курс студенті, армрестлингтен (қол күресі) спорт шеберіне үміткер Дәулет Әжғалиев Павлодар қаласында өтіп жатырған Қазақстан Республикасының VII қысқы универсиадасында 110 келі салмақ дәрежесінде армрестлингтен (қол күресінен) бас жүлдені жеңіп алды. Бұл қуанышты хабармен бізге Дәулеттің бауыры Жалғас бөлісті. Жарайсың, Дәулет!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ПАУЭРЛИФТИНГТЕН АУДАН БІРІНШІЛІГІ

Күні: , 158 рет оқылды

15 наурыз күні аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт кешенінде «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен пауэрлифтингтен ерлер жəне жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан біріншілігі өтті. Жарыстың ашылу салтанатында»Айбын» спорт клубының директоры Берік Рахымғалиев сөз алып, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі. Жарысқа көршілес Жəнібек жəне Бөкей Орда ауданы мен Темір Масин ауылынан, сондай-ақ Қазталов ауданы, Қараоба, Бірік, Тереңкөл ауылдық округтерінен командалары қатысты. Жарыстың жеңімпаздарына «Сибирское здоровье» компаниясы демеушілік жасады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТАЛДЫҚҰДЫҚТЫҚ АҒАЙЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Күні: , 146 рет оқылды

Бүгін аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан орталығынан шалғай жатқан округтердің бірі Талдықұдық ауылында болып, мұндағы ауылдың үлкендері мен ақ жаулықты аналармен жүздесті. -14 наурыз Батыс аймағы бойынша көрісу айт мерекесі. Соған орай кеше аудан орталығында мерекелік шара оздырылып, бүгін өздеріңізбен жүздесудің сәті түсіп отыр. Өздеріңіз білетіндей соңғы жылдары бұл мерекенің маңыздылығы ерекше. Сіздердің отбасыларыңызға бақыт береке, елімізге тыныштық,-тілеймін деген Абат Абайұлы ауданымыз бойынша атқарылып жатырған және алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Жалпы Талдықұдық ауылында бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр. Соңғы жылдары мектептің алдына шиыршық тастар төселіп, мектеп бітірген түлектер су бұрқақ орнатса, талдықұдықтық Манарбек Идрисов ауылдың қақ ортасына өз қаражатына үш пәтерлі тұрғын үй салып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен футбол алаңы мен балалар ойын алаңы да соңғы жылдары салынған болатын. -Ауданымыздың бірқатар елді мекендері көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Соның ішінде Талдықұдық ауылы да бар. Бүгінгі күні ауданды көгілдір отынмен қамту 44 пайызды құраса, жобалық сметалық құжаты жасақталған ауылдарды газдандыру жұмыстары аяқталған соң 77 пайызға жетпек. Биыл Талдықұдық ауылына көгілдір отын келіп, игілігін көру көп алыс емес. Облыс басшысы Алтай Көлгінов Талдықұдық ауылына көңіл бөліп, ұялы байланыс мәселесінде шешуді тапсырған болатын. Бұл жұмыстарды да қолға алып, ауылдас ағайындар мұның да игілігі көретін болады,-деген аудан басшысы мектептің ішінен мұражай жасақтау қажет екенін сөз етті. Кездесу барысында ауылдастардың ұсыныс пікірлері айтылып, аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді. Мұнан кейін аудан әкімі Абат Шыныбеков мектептің акт залында оқушылардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Кездесу соңында С.Есетов атындағы орта мектептің және шағын орталықты аралады.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


103 ЖАСҚА КЕЛГЕН ӘЖЕНІҢ БАТАСЫН АЛДЫ

Күні: , 148 рет оқылды

Ауданымыздың Талдықұдық ауылының тұрғыны 103 жасқа келген Мафтуға Айтқалиеваға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы барып көрісіп, көктемнің шуақты мекересімен құттықтап, ақ батасын алды. 1915 жылы дүниеге келіп, өткен ғасырдың басындағы аштық, саяси қуғын-сүргін. Одан кейін соғыс жылдарының азабы. Мафтуға Айтқалиева – осының бәріне куә болған кейуана. «Қиындықтың бәрін еңбекпен жеңе білдік», – дейді қария. Қарапайым отбасында дүниеге келіп, бастауыш мектепте оқып, сауатын ашқан ол көршілес Жаңақала ауданындағы Борық елді мекенінде дүкенші болады. Тарас Айтқалиевке тұрмысқа шыққан Мафтуха әжеміз өмірде қиындықты аз көрген жоқ. Әсіресе, арқа сүйер ерінің қазасы ауыр тиеді. Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанған аға лейтенант Тарас Айтқалиев 1943 жылы Сталинград қаласында ерлікпен қаза тапты. Басына түскен ауыртпалыққа қарамастан, шаңырақтың отын сөндірмей, балаларын өсірді. Ұлы Ерлан көп жыл дәрігер болып, елге қызмет етті. Қазір ол жоқ болғанымен, өзін бағып-қағып отырған келіні Алтын бар. Бүгінде жиендері мен жиеншарларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. — Өмірің, тұрмысың жақсы болса, ол – бақытың. Денсаулық та бақыт. Денің сау болып, жақсы жүрсең, ол да бақыт. Аллаға шүкір, тәуба осыған да. Аллаға риза болып отырамын. Қиындықты біз көрсек те, кейінгі ұрпақ бақытты болсын. Тәуелсіз еліміз одан сайын өркендей берсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болып, кең байтақ елімізге ырыс-береке әкелсін!- деді Мафтуха Айтқалиева. -Көпті көрген көнекөз қарияларымыз ақылдың кені емес пе. Олар ауыр күндерге мойымай, өнегелі отбасын құрды, елге-жерге адал қызмет етті,-деген аудан басшысы 103 жасқа келген әжеміздің иығына камзол жауып, естелік сыйлық тарту етті.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


МАЛ ҚЫСТАТУ БІР ҚАЛЫПТЫ ӨТУДЕ

Күні: , 74 рет оқылды

Биылғы қыстың аяғы созылып кетті. Басында күн жылынды, одан кейін қар жауып, аяқ асты суытып кетті. Ауа райының бұндай мінез көрсетуі ауданымыз бойынша біраз қиындықтар туғызып жатқаны белгілі. Жол қатынасы мен мал қыстақтарына шөп-жем тасымалдаудың жағдайы қандай болып жатқанын білмек болып аудандық ауыл шаруашылығы және шалғай орналасқан ауылдық округтермен хабарластық. Қазталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі ауданда мал қыстату науқанының өту барысы туралы келесі жағдайды хабарлады: — Ағымдағы жылдың 14 наурызына дейінгі жағдайға ауданда барлық санаттағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілер бойынша 76905 бас мүйізді ірі қара малы, 195785 бас қой, 33398 бас ешкі, 22325 бас жылқы 316 мал қыстақтары мен 50 елді мекендерде қыстатылуда. Мал қыстату науқанының өту барысына бөліммен аптасына екі рет мониторинг жасалып, мал азығымен қамтылуы және қыстақтарға жол қатынасының жәйі туралы ауылдық округтер мен қыстақтар бойынша ақпараттар жинақталып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолданып келеді. Бүгінгі күнге ауылдық округтердің берген мәліметтеріне сәйкес нақты қолда бар табиғи мал азығының көлемі мал қыстақтарында — 44130 тонна, елді мекендерде – 34290 тонна, аудан бойынша барлығы — 78420 тоннаны құрайды. Барлық мал қыстақтары мен елді мекендер мал азығымен жеткілікті мөлшерде қамтылған. Қазіргі уақыттағы бір бума (рулон) шөптің бағасы аудан орталығында 5000-6000 теңгені, елді мекендерде 4000-4500 теңгені құрап отыр. Мал азығының тапшылығы сезілген шаруашылықтар ауданның басқа шаруа қожалықтарымен өзара келісіп, шөп тасымалын ұйымдастыруда. Сонымен қатар, кейбір ауылдық округтерде (Қазталов, Болашақ, Қайыңды, Ақпәтер, Талдықұдық, Бірік және Тереңкөл) қар жамылғысының қалың болуы жылқы малының тебіндік жайылымы мүмкіндігінің азаюына әкеліп соқтыруына байланысты осы ауылдық округтер бойынша мал қыстақтары мен үйілген шөп орындарына қуатты техникалармен (К-700, С-100 тракторлары) жол аршылып, жылқы малының тебіндеуі үшін жайылымдық жерлер қардан тазартылды. Ауылдық округтер бойынша мал қыстату науқанының өту барысы ұдайы қадағалауға алынды, мал азығының тапшылығы мәселесі туындаған жағдайда, ауданішілік мүмкіндіктер арқылы дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету шаралары алынатын болады. Ал ауданымызға қарасты шалғай орналасқан Қараоба, Қарасу, Болашақ ауылдық округтерінің әкімдігі мамандарымен хабарластық. Олар,- жағдай бір қалыпты. Мал азығы толығымен жетеді,- деген тұшымды жауап берді. Ләйім, солай болғай. Көктем де лебі сезіліп, қалың қардың мұртын бұза бастады. Санаулы күндерден кейін күн шуағын шашып, көктемнің өз күшіне енетіні сөзсіз. Ендігі мәселе, қалың қар ерігеннен кейін қиындық туғызатын судан сақтану.

Қайрат ЖАҚЫП


«ҚАУІПТІ ЖЕРЛЕРДІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАП, ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ҮЗІЛМЕУ КЕРЕК»

Күні: , 104 рет оқылды

Бұл туралы  аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу барысында айтты. Аудан әкімі ең алдыменен Автобаза бөгетін, су басу қауіпі бар деген аймақтарды аралап, Бөлекқала бағытында болды. Ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин арықтарды тазалау жұмыстарының басталып кеткенін, су басу қауіпі бар деген жерлерді көрсетіп, ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілгенін, мұздың қалыңдығы 60-40 сантиметрдің шамасында екенін айтты. Қазіргі күні қар шығару жұмыстарына аудандық бюджеттен 1млн200 мың теңге қаражат бөлініп, бұл жұмыстарды Жалпақтал коммуналдық мекемесі атқаруда. Мұнан кейін аудан әкімі Абат Абайұлы «Дорремсервис» ЖШСнің басшысы Мұрат Ахметжановпен кездесті. -Қазіргі күні Талдыапан, Талдықұдық, Болашақ, Қайыңды, Қараөзен ауылдық округтерінің елді мекендеріне жол ашу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Техникамыздың ескілігінен жоқтан бар жасап, жігіттеріміз күндіз-түні жұмыстар атқаруда,-деп баяндап өтті серіктестік басшысы. -Қолымыздағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қауіпті аймақтарды қатаң бақылауға алып, ауыл ішіндегі қарларды тазалауымыз қажет. Сонымен қатар елді мекендер арасындағы жол қатынасы үзілмеу керек. Ауыл тұрғындары арасында әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауыл ішіндегі қарларды барынша тезірек шығарумыз тиіс. Тасқыннын алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жауапкершілікпен қарап, қоян-қолтық жұмыс жасауымыз қажет,-деді аудан басшысы.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН НАУРЫЗ ДУМАН

Күні: , 160 рет оқылды

Жалпақтал ауылында Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шаралар мәдениет үйінің алаңында жалғасын табуда. Бұл шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы келіп, ауыл үлкендерімен көрісіп, келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнімен ауыл тұрғындарын құттықтады. -Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді. Біз үшін бұл күнді ерекше атап өту үлкен мәнге ие. Бір дастарқаннан дәм татып, араздасқан жандар татуласып бақ-ырысқа кенелетін бұл мейрам – баршамыздың ортақ құндылығымыз,-деген Абат Абайұлы келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында, ел іргесі тыныштығын, береке – бірлікке, молшылыққа, сүйспеншілікке шақырып ақ тілегін білдірді. Мәдениет үйінің алаңында Жалпақтал өнер мектебінің ұжымы театрландырылған көрініс қойып, мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көп көңілін шалқыта түсті. Арнайы тігілген киіз үйде қазан көтеріліп, наурыз көже таратылып, ауыл қонақтары мен тұрғындары ыстық бауырсақ пен сан түрлі тәттіден ауыз тиді. Ал Ернұр, Ернар және Аман, Есен есімді егіз ұлдар тігілген киіз үйде ата-әжелеріне көрісе келіп, тақпақтарын айтып, үлкендердің батасын алды Киіз үйде бас қосқан ауыл ардагерлері ізгі жақсы тілектерін білдіріп, тоқсанның төріне шыққан Серік атамыз мерекелік дастархан басында жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Осы күні спорттық шараларда ұйымдастырылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖӘНЕ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ

Күні: , 118 рет оқылды

15 наурыз күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың төрағалық етуімен аудандық мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссияда «Саламатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы ұғым қалыптастыру, көшелерде, қоғамдық орындарда әлеуметтік жарнамалар орнату туралы» аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаев, «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды насихаттау, заңсыз жарнамалау фактілерін анықтау және жолын кесу жөніндегі шараларды жүзеге асыру туралы» аудандық жергілікті полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бисебай Төлепов, «Білім беру мекемелерінде профилактикалық жұмыстың ұйымдастырылуына мониторинг жүргізу туралы» аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков хабарламалар жасады. Комиссия отырысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова: -Аудан бойынша саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүргізілетін сауалнама шеңберін кеңейтіп, дәл осындай сауалнамалар тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтерде де жүргізілуі тиіс. Осы орайда түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты, алкоголизмді, нашақорлықты ерте анықтау және олардың алдын алу, нашақорлыққа қарсы газет бетіне мақала жариялау, түрлі акциялар ұйымдастыру, нашақорлық іс-қимылға қатысы бар адам болса, оны үнемі бақылауда ұстау сынды мәселелер. Сондай-ақ барлық мектептерде ағымдағы жылдың мамыр айына дейін «Нашақорлыққа біз қарсымыз» атты сурет және шығармалар байқауын өткізіп, үздік атанғандарды марапаттау, мектептерде арнайы бұрыштар даярлап, оның мәнін оқушыларға терең ұғындыру. Міне, осы аталған жұмыстарды ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдар, жастар, әр ауылдық округтегі белгіленген учаскелік инспекторлар нақты қадағалап, біріге жұмыс атқарулары тиіс, -дей келіп тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Әсем БОЛАТ


КӨРІСУ АЙТ МЕЙРАМЫ ЖАЛҒАСУДА

Күні: , 112 рет оқылды

15 наурыз күні аудан орталығындағы «Достық» саябағында Көрісу айт мейрамына орай Қазталов орта жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары мен оқушыларының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Мерекеге арнайы шақырылған ардагерлер мен ауыл ақсақалдарының құрметіне әдемі ән,би, күймен өрнектелген концерттік бағдарлама ұсынылды. Концертте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин өзінің мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ мерекеде шашу шашылып, қонақтарға бауырсақ пен көже берілді. Мерекелік сахна төрінде халқымыздың ұмытылып бара жатырған «Босаға майлау» дәстүрінен көрініс қойылса, алаңда қазақтың ұлттық нақыштары мен салтын насихаттайтын ұлттық спорт түрлері арқан тарту мен асық атудан жарыс оздырылды. Мерекелік шара соңында қонақтарды киіз үй ішінде әзірленген дастарханнан дәм татқызды. Осындай шараны ұйымдастырған Қазталов орта мектебінің директоры Әлия Жақсыбаева мен білім ордасының ұжымына қонақтар алғыстарын білдіріп, ақ баталарын жаудырды.

Қайрат ЖАҚЫП


21-27 ЖАСТАҒЫ ЖАСТАР ТӨРТІНШІ МІНДЕТТІ ДӨҢГЕЛЕТЕРІ СӨЗСІЗ

Күні: , 116 рет оқылды

Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде 2018 жылы кәсіпкерлікті қолдау үшін 20 млрд. теңге бөліп, жалпы сомасын 62 млрд. теңгеге жеткізуді қадап тұрып тапсырды. Былайша айтқанда еліміздегі ішкі жалпы өнім үлесінің өсуіне байланысты шағын және орта сектордың маңызды буынға айналуына баса назар аудартты. Бүгінде білетініміздей дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес үлкен рөл атқарады. Тіпті кей елдерде шағын бизнестің ішкі жалпы өнімге қосып отырған үлесі 50-60 пайызға дейін жететін көрінеді. Енді осы жерде бір мәселені тарқатыңқырап айтайық. Сонау екінші дүниежүзілік соғыста Германия тас-талқан болып жеңілді. Бірақ өткен ғасырдың 50-60 жылдары гүлденіп сала берді. Ал осындай дәрежеге жетуіне шағын және орта бизнестің ықпалы әсер еткен көрінеді. Мысалға бұл елде шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға 5-8 пайыздық ставкамен несие ұсынылып, оны төлеуге 15 жылға дейін уақыт беріледі екен. Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасына» орай ауданымызда да шағын кәсіпкерлікті одан әрі қарай дамытуға мүмкіндіктер жеткілікті. Бұл орайда ауданымыздағы кәсіпкерлікке ден қойған жастарды тартсақ анағұрлым ұтарымыз айқын. Кәсіпкерлікті дөңгелентіп жүрген жастар аз емес. Мәселен, Қараөзен ауылындағы үш кәсіптің басын игеріп отырған 27 жастағы Индира Әлібекқызының өзі басқаларға үлгі болғандай. Сонымен қатар Қазталов ауылдық округіндегі шаруа қожалығының жетекшісі 21 жасар Айсұлтан Сағынғали мал өсіріп, кәсібін дөңгелетуде. Ал 27 жастағы жалпақталдық Арғын Кенжеғалиев мемлекеттен бір тиын қаржы алмай құрылыспен айналысуда. Арғынмен тілдескенімізде: -Егер осындай әлеуметтік бастамалармен біздерге тиімді несие-қаржы беріп жатса, әрі қарай шаруамызды дамыта түсер едік. Ал осы мәселені біздерге тереңірек түсіндірсе, жұмысымызды жандандырамыз ғой, -деген де ойдың ұшығын білдірді. Міне, Елбасы айтқан «Бес әлеуметтік бастамаға» соның ішінде төртінші міндетке ауылымызда да индустрия бар деген сөз. Өзіміз келтіріп отырғандай әлі орда бұзар жасқа жетпеген осындай және тағы басқа да жастарымыз «Бес әлеуметтік бастамадағы» төртінші міндеттің ауданымызда іске асуына үлес қосары сөзсіз. Бұл орайда аудандық кәсіпкерлік бөлімі ұйымдастыру, түсінік жұмыстарын нақты жүргізуін қалаймыз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.