АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 15.03.2018


БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА — БАСТЫ БАҒДАР

Күні: , 94 рет оқылды

14 наурыз күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін түсіндіру және іске асыру жөніндегі аудан активінің жиналысы өтті. Жиын барысында аудан әкімі Абат Абайұлы Елбасы Үндеуін ауданда жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы айтып өтті.
-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда біздерге артылатын міндет жүгі салмақты. Ауданымызда бұл 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға толықтай негіз бар. Аудан тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары нәтижелі жүруде. Әсіресе, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылы аудан орталығында 22 коммуналдық-жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, биыл Қазталов, Жалпақтал ауылдарында 2 қабатты 12 пәтерлі алты тұрғын үй құрылысы жоспарланып, күні бүгінге Жалпақтал ауылындағы 1 тұрғын үйге 38 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондай-ақ Президент ұсынған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік бермек. Ауданымыз аграрлық-шаруашылық салаға арқа сүйеп отырған аймақ болғандықтан, сала еңбеккерлерінің табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасын қуана қабылдағаны анық. Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету жөнідегі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы да, «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы да ел ішінен қолдау тауып, нәтиже беретіні анық. Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстары біздің ауданымызда да жүзеге асатын болады. Аудан бойынша 22 ауыл (41%) көгілдір отынмен қамтылса, биылғы жылы 13 елді мекенді газбен қамтуға арналған (Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз, Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа, Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейістерек) 3 жоба (жалпы құны 1, 653 млрд теңге) аяқталып, құрылыс жұмыстары басталады. 15 ауылды газбен қамтуға ЖСҚ жасақтауға облыстық бюджеттен 7 млн. теңге қаржы бөлінді. Биылғы бес әлеуметтік бастама Елбасының Жолдауларында көрсетілген бағыттардың жалғасы деп айтуға болады. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді Елбасы жүктеген, ел үмітін артқан мүддеден шыға білуіміз керек, -деді. Актив жиынында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Таумұрат Ғұсманов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбек Әкімалиев, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Артур Берденов, аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Эльмира Сармалаева, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев әр бастама бойынша ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАЛПАҚТАЛДА НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАУ БАСТАЛДЫ

Күні: , 80 рет оқылды

Бүгін Жалпақтал ауылында Наурыз мейрамын тойлау басталып, ауылдас ағайындар мәдениет үйінің алаңына жиналды. Еліміздің Батыс аймағында кездесетін, жыл сайын сағына күтетін көрісу мейрамы мен 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күнін тойлауды бірінші болып Жалпақтал аграрлы және салалық технологиялар колледжі бастады. Қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдісте колледжі ұстаздары мен студенттері көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қазақ халқының ұлттық ойындары асық ату, арқан тарту, білектесу секілді спорттық шаралар ұйымдастырылды. Шараға қатысқан Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, облыстық мәслихат депутаты, Жалпақтал аграрлы және салалық технологиялар колледжінің басшысы Мағауия Есмағұлов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғилым Едекешев ауылдастарды бүгінгі көрісу мейрамымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылды. Мерекелік дастархан басына жиылған ардагерлер көрісу мерекесінің мән маңыздылығына тоқталып, Наурыз мейрамын тойлауды ең алғашқы болып бастаған Жалпақтал колледжінің ұжымына зор алғыстарын айтты. Сонымен қатар киіз үйге жиылған ардагерлеріміз елімізге береке бірлік, татулық тіледі. Жиын барысында ұйымдастырылған спорттық шараларда жеңімпаздар анықталып, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЖАСТАР МЕКЕМЕ, ҰЙЫМДАРҒА БАРЫП КӨРІСТІ

Күні: , 144 рет оқылды

14 наурыз Көрісу күні аудан жастары мекеме, ұйымдарды аралап, мерекемен құттықтады. «Қазталов жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл мерекеде «Ақбота» және «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының, аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің жастары әсем әндер шырқап, ақ тілектерін жолдады. Сондай-ақ «Достық» саябағындағы ақшаңқан киіз үйге жиналған аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді құттықтап, «Наурыз қоржындарын» сыйға тартты. Көрісу айт күні осындай қуаныш сыйлаған жастарға аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин және мекеме, ұйым басшылары өз ризашылықтарын жеткізіп, жастар тарапынан алдағы уақытта осындай шаралар көбейе берсін деген тілектерін жеткізді.
Көрісу күні құтты болсын!

«Ауыл айнасы» ақпарат


КӨРІСУ АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Күні: , 138 рет оқылды

14 наурыз күні аудан орталығындағы «Достық» саябағында Көрісу күніне орай мерекелік шара өтті. Мерекелік шарада аудан əкімі Абат Абайұлы сөз алып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Саябақта ақшаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Осы орайда аудандық балалар саз мектебінің ұжымы ұмыт болып бара жатырған салт-дәстүрден көріністер қойып, әсем әндер шырқады. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен ақжаулық әжелеріміз ақшаңқан киіз үйге жиналып, дастарханнан дəм татты. Бұл мереке алдағы уақытта басқа да мекеме, ұжымдардың ұйымдастыруымен жалғасын табатын болады. Наурыз құтты болсын, ағайын!

Жұлдыз АСҚАР


ҚАР ШЫҒАРЫЛЫП, ЖЫЛҒАЛАР ТАЗАРТЫЛУДА

Күні: , 156 рет оқылды

Қыстың аяғы ұзап «кәрі құданың» асықпай жатып алғаны біршама қиындық туғызғаны сөзсіз. Наурыз айының ортасы болса да, көктемнің күншуағы білінер емес. Қардың да қалыңдығы біршама. Дегенмен, ауа райы күрт өзгеретін жағдай болса қалың қар еріп, қолайсыздық тумауы үшін аудан орталығында қар шығару жұмыстары атқарылуда. Ол жұмыстарды мына суреттерден көрулеріңізге болады. Қажетті техникалар жұмылдырылып, көшелердегі қалың қар Қарасу тоғанына тасылып жатыр. Сонымен қатар жылма-жыл су ағатын жылғалар мен құбырларды да тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Қайрат ЖАҚЫП


ОРТАЛЫҚ КӨРІСУДЕ ДАСТАРХАН ЖАЙДЫ

Күні: , 132 рет оқылды

«Көріс айт» мерекесі барша ағайын-жұрағат, көрші-көлем, бір-бірімен қауышып, игі, жақсы тілектерін айтатын күн. Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Осыған орай 14 наурыз — «Көріс айт» мерекесінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері көрісуге келгендерді жылы шыраймен қарсы алып, ұлттық мәзірде дастархан әзірледі. Жұмыспен қамту орталығына жолдама алу үшін келген Болашақ ауылының тұрғыны Биғали Матаев, -Мен өз басым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы ұжымына ризамын. Қашан келсең де барлық жұмыстарымды тыңдырып жібереді. Бүгінде «Көріс айт» мерекесінде арнайы дастархан әзірлеп, құрмет көрсетіп жатырсыздар, -деп ризашылығын білдіріп, келесі мейрамға дейін аман-есен отыра беріңіздер деген тілегін жеткізді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 168 рет оқылды

14 наурыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Алматы қаласында өткен «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты республикалық Фариза Оңғарсынова өлеңдерін мәнерлеп оқудан және «Аналар – асыл жандар» атты балалар мен жасөспірімдер байқауының жүлдегерлері А.Хұсайынов орта мектебінің оқушылары мен олардың жетекшісі Дана Ғинятованы қабылдады. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» байқауында Әділжан Хайредденов ортаңғы топ бойынша 110 қатысушының арасынан суырылып шығып бас жүлдені қанжығасына байласа, 3-4 наурыз күндері «Аналар – асыл жандар» атты байқауда ән жанры бойынша Асылжан Хайредденов бас жүлдені иеленсе, мәнерлеп оқу бойынша Інжу Асхатқызы – бас жүлде, Айләззат Қадерова, Ақжүніс Жәрдемова, Аружан Әмірова – бірінші орын, Нұрәсем Бисенғалиева – 2 орын, Әдемі Берікова 3 орынды иеленді. Қабылдауда аудан әкімі Абат Абайұлы жеңімпаз өнерлі өрендерге, -өнерлерін өмір бойы жандарыңа серік болып, оқуда да озат болып, тек биік белестерден көрініңіздер! –деген тілегін жеткізіп, оларға естелік сыйлықтар сыйлады. Сонымен қатар аудан әкімі жүлдегер өрендердің ұстазы, тәлімгері Дана Ғинятоваға да алғыс хат табыс етті. Қабылдауда өнерлі оқушылар ана, туған жер туралы өлеңдерді нақышына келтіре мәнерлеп оқып, әсем ән де шырқады.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛУДЫ ТАПСЫРАМЫН

Күні: , 114 рет оқылды

Бұл туралы бүгін Жалпақтал ауылында жауапты мекеме басшыларымен кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов айтты. Ауа райын болжаушылардың айтуы бойынша күрт жылынады деген болжам бар. Қазіргі күні наурыз айында орташа ауа температурасы 0…-8 градус болуы мүмкін. Ал ІІ онкүндігінде ауа температурасы түнде -15-20 градус аяз, күндіз -10 градус деп болжануда. Әрі қарай ауа температурасы түнде -2-7 градус, күндіз +7+12 градусқа дейін біртіндеп көтеріледі. ІІ онкүндіктің аяғында суытылады. Ал ІІІ онкүндігінде ауа температурасы -5 -10 градус аяз, күндіз +7 жылы болуы күтілуде. Айдың соңында түнде 0…-5, күндіз +7 +12 градус жылынады деген болжам бар. Сонымен қатар ауа райын болжаушылардың айтуы бойынша ай ішінде жауын шашын мөлшері норма шамасында. Жауын шашын, бұрқасын, көк тайғақ, желдің 15-20 м/с дейін күшеюі айдың І онкүндігінде күтіледі. Жиі тұман түсуі мүмкін деген болжам бар. Осы мақсатта аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев ауыл ішіндегі қарларды шығаруға қаржы бөлінгендігін, қазіргі күні Жалпақтал ауылына 2000 дана, ал Қараөзен ауылдық округіне 3500 дана қап мешоктардың берілгендігін айтты. Кездесуде жауапты мекеме басшылары өз салалары бойынша жауап берді. Ал округ әкімі Самиғолла Ақмурзин: -Қауіпті аймақтар анықталып, мекемелерге бекітіліп беріліп отыр. Су тасқыны кезінде кезекшілер кестесі бекітілді. Қазіргі күні арықтар тазаланып, қардың суына кететін үйлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,-деді. Ал аудан әкімінің орынбасары: -Әр тұрғын өзінің ауласындағы қарды өздері шығару қажет. Сонымен қатар әр мекеме берілген. Бекітілген көшелерді тазалауға көмектесулер керек. Бірігін жұмыс жасау қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу бағыты бойынша бірлесіп жұмыстану, жауапкершілікпен қарауымыз тиіс,-деп қорытындылады Сағынғали Ғабидоллаұлы.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


АУЛАСЫН ҚАРДАН ТАЗАЛАУҒА ТҰРҒЫНДАР ДА МҮДДЕЛІ БОЛУЫ КЕРЕК

Күні: , 154 рет оқылды

Аудан аумағында қардың көп мөлшерде түсуіне орай егер ауа температурасы күрт көтерілген жағдайда қар тез еріп, су басу қаупін тудырады. Сондықтан тұрғын үй құрылыстарын су басуға жол бермеу мақсатында, жедел түрде тұрғындардың өздері аула ішіндегі қарды аула аумағынан шығарып, арықтарды су жүретін жолдарды, құбырларды қоқыстан, қардан тазартулары қажет. Осыған орай 13 наурыз күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, ішкі істер бөлімі ауыл тұрғындарына қардан тазалау туралы жадынама таратты. Сонымен қатар қазіргі таңда су тасқынына қарсы аудандық шатаб құрылғанын хабарлаймыз. БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНДАРЫ: 871144 31458, 87114432160

«Ауыл айнасы» ақпарат


СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 118 рет оқылды

13 наурыз күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселері жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімі Абат Шыныбеков, мекеме, ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Комиссияда «2017 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі және алда атқарылатын жұмыстар туралы» аудан әкімң аппаратының заңгері Әсел Тәжібаева, «Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысК Досжан Аxметов xабарлама жасады. Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі мемлекеттік сатып алу заңын қатаң сақтап, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайластыққа жол бермеуді тапсырды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.