АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 12.03.2018


СУ ТАСҚЫНЫНАН САҚТАНАЙЫҚ!

Күні: , 146 рет оқылды

Су тасқыны — бұл қардың еруі, жауын-шашын, суды желмен айдаған және кептелу кезінде өзендер мен көлдердегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде жерді айтарлықтай су басу. Су тасқыны көпірлер, жолдар, ғимараттар, құрылымдардың қирауына, елеулі материалдық шығынға, ал судың көп жиналуы (4 м/с астам) және су үлкен биіктікке көтерілсе (2 м көп) адамдар мен жануарлардың опат болуына әкеліп соқтырады. Қираудың негізгі себептері ғимараттар мен құрылымдарға су массасының, жоғары жылдамдықта жүзіп жүрген мұздардың, әртүрлі сынықтар мен жүзіп жүрген заттардың, т.б гидравликалық соққысы болуы мүмкін. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Бүгінгі күнге көшелердегі қарды аршуға техникалар жұмылдырылып, еріген қардың суы жиналатын орындары тазартылуда. Ауыл тұрғындарына ескертер бір жайт, ауыл әкімінің көмегіне қарап отырмай, үй иелері өз аулалары үшін қамданыстар жасауға тиіс. Өйткені ауыл әкімшілігінің барлығына бірдей көмектесуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан азаматтары, ер балалары, тума туыс, ағайындары бар үйлердің көппен бітетін іс болғандықтан, демалыс күндері, бос уақытында қарларын аршып, су ағатын жолдарына жыралар жасауға толық мүмкіндіктері бар. «Ұйымдастырған ұтады» деген қағида бойынша, әркім өз тірлігін өзі жасағаны дұрыс. Еріген қардың суы аула, қораларға кіргені төтенше жағдайларға жатпайтынын қаперлеймін. Ауыл әкімшілігі тек азаматтары жоқ немесе қариялардың үйлерінің ғана қарын тазартуға көмек бере алады. Ауыл тұрғындарын осы мәселелерді шешуге абдырап, байбалам салғаннан гөрі өздері ауызбіршілікпен, түсіністікпен дұрыс қарауға шақырамын. Су тасқыны мезгілінде штаб тәулік бойы жымыс атқарады. Орын алған оқиғалар бойынша, мына телефон нөмірлеріне қоңырау шалуды сұраймын: 31-4-58, 101 – тәулік бойы; 32-1-60, 31-1-67 – жұмыс уақытында;
СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ ӘРЕКЕТ ЕТУ ЕРЕЖЕСІ: Су тасқыны қаупі және көшіру туралы дабылды алғаннан кейін күттірместен, белгіленген тәртіп бойынша өзімен бірге қажетті заттар мен бұзылмайтын азық-түліктің екі күндік қорын алып апаттық су басуы ықтимал қауіпті аумақтан белгіленген қауіпсіз аумаққа немесе дөңестеу жерлерге барыңыз (шығыңыз). Үйден кетер алдында электр қуаты мен газды сөндіріңіз, отын жағу пештеріндегі отты өшіріңіз, ғимараттың сыртындағы барлық қалқитын заттарды бекітіп қойыңыз немесе қосымша жайларға орналастырыңыз. Егер де уақытыңыз болса үйдегі құнды заттарды шатырға немесе жоғарғы қабаттарға орналастырыңыз.

Жандос ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, Қазталов ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы


АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛҒАН

Күні: , 152 рет оқылды

Мал бағуға машықтанған өңіріміздің халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Мал шаруашылығы ауданымыздың экономикалық негізін құрайтыны да баршаға аян. Соның ішінде мемлекет тарапынан қолдау тауып, мал бағуды басты табыс деп санайтын ағайын соңғы жылдары мал басының асылдануына көңіл бөлуде. Соның айғағындай ауданымызға әкелініп жатқан асыл тұқымды ірі қараларды айтуға болады. Биылғы жылы ауданымыз бойынша алғашқылардың бірі болып «Райынбек» шаруа қожалығы «Ангус» асыл тұқымды ірі қара малын сатып әкеліп, өсіруді қолға алып отыр. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деп дана халқымыз айтқандай бұл асыл тұқымды мал өсірген шаруашылық орналасқан Сұлтаншеген қыстағына аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге барып қайттық. Ауданымыздың халқына жақсы таныс Серік Темірханов ағамыз басшылық ететін бұл шаруашылық «Ангус» асыл тұқымды малының 55 бас аналығы мен 2 бас бұқасын Қостанайдан сатып әкелген екен. Ағамыздан асыл тұқымды мал туралы айтып беруді сұрадық. -Бұл асыл тұқымды ірі қара малын ет өндіру және ауданымызға тарату мақсатында сатып алып отырмыз. Сонымен қатар «Ангус» малы біздің табиғатымызға бейім келеді. Соның ішінде қыстың суығына төзімтал. Оған дәлел малдарды сатып әкелгелі шарбақ ішінде ұстап, қораға қамаған жоқпыз. Алла сәтін салып, күн жылынысымен арнайы мамандарды алдырып, қолдан ұрықтандыруды іске асырмақпыз. Оның үстіне тағы да 25 бас аналық сатып алуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ бұл асыл тұқымды малды өсіруге қызығушылық туғызып отырған шаруашылықтар да бар,- деді ағамыз. Бұл асыл тұқымды малды өсіруді қолға алған Серік ағамыздың еңбегінің еш кетпейтініне ғаламтордан алынған мына жәйттер дәлел бола алады. «Ангус» тұқымы – тез өсіп жетілетін, мүйізсіз мал. Көзбен қарағанда өзімен тұқымдас малдардан көп ерекшеленеді. Абердин-Ангус ірі қара малы етті келеді. Денесі дөңгелек, аяғы қысқа, көзі үлкен. Сан еттері өте жақсы жетілген. Мойыны қысқа, денесімен тұтасып біткен. Басқа етті ірі қара малдармен салыстырғанда, тірідей салмағы төмендеу болып келеді, бірақ тез өсіп жетіледі. Сақа малының биіктігі 110-120 сантиметрге жетеді. Сиырларының орташа тірідей салмағы 550- 600 келіні құраса, сақа бұқаларының тірідей салмағы 800- 850 келіні құрайды дейді ақпарат көздері. Олай болса, мал тұқымын асылдандыруды қолға алып отырған шаруашылықтың алға қойған мақсаттары орындалып, жұмысы алға бассын дейміз!

Қайрат ЖАҚЫП


АРДАГЕР АНАЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Күні: , 126 рет оқылды

9 наурыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков еңбек ардагері Жұпар Мұхамбетова мен «Алтын алқа» иегері Сайран Дүйсенғалиеваның шаңырағында болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан аналарды мерекемен құттықтады. Қос ананың шаңырағында болған Абат Абайұлы көктемнің күншуақ мерекесі 8 наурыз — халықаралық әйелдер мейрамымен аналарымызды құттықтап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады. Мейрамда осындай құрмет көрсеткен аудан әкіміне аналарымыз алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін жаудырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 152 рет оқылды

Халқымыз қашанда әйел затын қастерлеп, отбасының ұйтқысына, ырыс пен ыңтымақтың алтын діңгегіне балаған. Сондықтан, бар тіршіліктің тұтқасын ұстап жүрген нәзік жандыларымыз қандай құрметке болса да лайық. Бүгін Жалпақтал мәдениет үйінде «Өмірдің шуағы — Ана» атты 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ауыл өнерпаздар əн жырдан шашу шашып, сый құрмет көрсетті. Мерекелік кешке қатысқан Жалпақтал ауылдық округінің әкімі: -Ана қуанышы, әйел қуанышы – ол әр үйдің, әр отбасының, Отанның мерейі. Сондықтан, қашанда жақсы күндеріңіз көп болсын, денсаулықтарыңыз зор, жұмыста табысты болып, отбастарыңыз аман болсын. Әрдайым жақсылықпен, тамаша көңіл-күймен өмір сүре беріңіздер, — деген тілегін жеткізген Самиғолла Сафиоллаұлы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері Гүлнар Батырованы, Жасдəурен Бексұлтанованы құттықтап, медальдарымен куəліктерін табыс етті. Сонымен қатар ауыл әкімі Астана қаласындағы «Айбын» ұлттық гвардиясында әскери борышын атқарып жүрген Есбол Қиматовтай ұлды тəрбиелегені үшін анасы Сәуле Қаринаға Елордамыздан жеткен алғыс хатты табыстады. Мерекелік кеште ауыл өнерпаздары, «Шапағат» əжелер бірлестігі, «Қыз Жібек» термешілер ансамблі, мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы нәзік жандыларға арнап махаббат, ана, көктем туралы ән шырқап, би биледі. Керемет мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға жиналған ауылдастар алғыстарын жаудырды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 78 рет оқылды

8 наурыз күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков Қазталов ауылының тұрғындары, ардагерлер Жәния Аронова мен Аққаным Мамбетованың шаңырақтарында болып, мерекемен құттықтады. Тыл еңбеккері, ардагер ұстаз Жәния Аронова мен еңбек ардагері,көп балалы ана Аққаным Мамбетованы арнайы құттықтаған аудан әкімі аналарға құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Құттықтауды қабыл алып ризашылықтарын білдірген ақ жаулықты аналар аудан әкіміне ақ баталарын беріп, дастарханнан дәм татқызды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


МЕРЕКЕДЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Күні: , 112 рет оқылды

Гүл көктемнің керемет мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін жалпақталдықтар ерекше салтанатпен атап өтті. Аналарға құрмет көрсетіліп, мәдениет үйінде 8 Наурыз мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараны Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин алғы сөзімен ашып, барша асыл жандарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. -Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес», – деген болатын. Үлкен бір саланы немесе мекемені басқарып, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегі ерлікке тең. Отбасы, ошақ қасын назардан тыс қалдырмай, кәсібінің нәсібін көріп те үлгеретін, бала тәрбиесін жіті қадағалап, барша мейірімді айналасына төгетін әйел- ана осындай асыл қасиеттерімен ерекше. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қол жеткізген жетістіктерге әйелдер қауымының қосқан үлестері зор. Алдағы уақытта да келешегіміздің келбетті де кемел болуына үлес қосуда еңбектеріңіз жемісті бола берсін демекпін. Сіздерге өмірдің бар жақсылығын, қуанышы мен шаттығын, деннің саулығын, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін,-деді Самиғолла Сафиоллаұлы. Сонымен қатар бір топ әйел аналарды алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер мен мадақтар айтылды.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


«ҚЫЗДАР-АЙ» АНСАМБЛІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Күні: , 78 рет оқылды

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай 7 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік концертте аудандық саз мектебінің жанынан құралған «Қыздар-Ай» вокалды-аспаптық ансамблінің тұсаукесер әндері орындалды. Барабанда – ЖАНАТ, бас гитарада – ДИНАРА, ритм гитарада – ГҮЛШАТ, сентизаторда – ӘСЕМ, ал солистері ГАУҺАР мен ӘСЕМГҮЛ. Өнерді әркезде де биік қойған арулар көрермендерді өздерінің әдемі әндерімен баурап алды. Болашақта бұл ансамбльдің жеке бағдарламалық концертін көрермендерге ұсыну да жоспарларында тұр. Сондықтан өздерінің төл мерекелерінде өнерлерін ортаға салған өнерлі топқа алдағы уақытта көрермендер көзайымына айналуын тілейміз.

Әсем БОЛАТ


«АНА — ӨМІР ШУАҒЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК САЛТАНАТТЫ ЖИЫН

Күні: , 86 рет оқылды

7 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынға қатысушыларды аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, -Дүниедегі сұлулық атаулы күн нұрынан, әйел жанының ажарынан, ананың мейірімінен жаралған. Ежелден қасиетті қара шаңырақтың отын үзбей, оған құт береке дарытып, көл-көсір ырыс, ынтымақ әкеліп отырған халқымыздың дәстүрі мен салт-санасын қастерлеп, өскелең ұрпақтың бойына дарытып, келе жатқан да әйел-аналар. Міне, сіздер бүгінгі күнде егемен еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келесіздер. Ауданымызда жүргізіліп жатқан реформалардың қай-қайсысында да сіздердің қолтаңбаларыңыз жатыр. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сондықтан сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шаңырақтарына шаттық, қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін, -деген тілегін жолдады. Салтанатты жиында Елбасының Қазақстан Жарлығымен ауданымыздағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне куәліктері мен медальдары табысталды. Бұдан кейін жиынға қатысушыларға «Ай көркі биіктетер аласаны, қыздарға тек әсемдік жарасады» атты аудан әйелдерінің қоғамдық-саяси өмірдегі қызметтері туралы бейнекөрсетілімі және аудан көркемөнерпаздарының «Ана — өмір шуағы» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.

Әсем БОЛАТ


ҒАСЫР ЖАСАҒАН ƏЖЕГЕ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУ ХАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 126 рет оқылды

«Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін алған партия болып табылады. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың жедел іске асуына, халық арасына түсіндіруде үлкен беделге ие. Сонымен қатар партия платформасында белгіленген жобаларын іске асыруда да белсенділік танытуда. Соның бірі — «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын айтуға болады. Партияның назарынан ардагерлер тыс қалып көрген жоқ. Осыған орай 7 наурыз күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин Талдықұдық ауылында тұратын ғасыр жасаған Мафтуха əжеге арнайы барып, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаевтің жəне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің құттықтау хатын салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары аудан əкімінің 8 наурызбен құттықтаған тілегін жеткізді. Осындай құрмет көрсеткені үшін ғасыр жасап отырған Мафтуха əже алғысын айтып, еліміз бақытты өмір сүрсін деген тілегін жеткізе келіп, ақ батасын берді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖЫЛЫ ШЫРАЙЛЫ КЕЗДЕСУ

Күні: , 72 рет оқылды

7 наурыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ауданымыздың әртүрлі саласында еселі еңбек еткен бір топ аналарымыз бен нәзік жандыларды қабылдады. Қабылдау кезінде аудан әкімі төл мерекелерімен құттықтай келіп, -Ауданымыздың қандайма жетіп жатырған жетістіктері болса, сол жетістіктерде сіздердің де қолтаңбаларыңыз бар. Сіздер тек шаңырақтың берекесін ғана келтіріп отырған жоқсыздар, бүгінгі заман талабына сай кәсіптің барлығына қатысып, өздеріңіздің белсенділіктеріңізді танытып келесіздер. Сондықтан сіздерге алдағы уақытта да отбастарыңа бақыт, қызметтеріңе табыс тілеймін, -деген тілегін жеткізді. Аудан әкімдігі атынан қабылдауға келгендерге естелік сыйлықтар табысталды. Қабылдауға қатысқандар да өздерінің ақжарма тілектерін білдіріп, еліміздің тыныштығы мен дамуы жолында қолдарынан келгенше үлестерін қоса беретіндерін айтты. Қабылдауда аудандық саз мектебінің ұжымы әсем әндер шырқады.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.