АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 05.03.2018


БИШІ БҮЛДІРШІНДЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 142 рет оқылды

5 наурыз күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің кіші тобы бишілерін қабылдады. Айта кетуіміз керек, бұл бүлдіршіндер Астана қаласында өткен бүлдіршіндер арасындағы IV Халықаралық «Astana Grand festival» би фестивалінде 1 орынды жеңіп қайтқан болатын. Фестивальға Ресейдің және республикамыздың түпкір-түпкірінен келген 30-ға тарта би топтары мен ансамбльдері арасында өздерінің үздік өнерлерімен Елорда халқын тәнті қылған биші қыздарымыз, ауданымыздың «бишілер елі» екенін тағы да бір мәрте дәлелдеп берді. Қабылдауда Абат Абайұлы,- би өнері халқымыздың мінезі мен ұлттық нақыштарын бейнелейді. Сіздердің бұл жеңістеріңізді ауданымыздың атынан Астананың 20 жылдық мерекесіне тартуы деп білеміз. Өнерлерің үстеп, биік белестерді бағындыра берңіздер!- деген тілегін жеткізді. Қабылдауда сөз алған Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Ғабдуллина,- бұл бүлдіршіндерді балабақшадан бастап би өнеріне баулып келемін. Ел үмітін ақтап, жүлделі орынға алғандары мен үшін үлкен қуаныш. Астана қаласында өткен байқауға баруға демеушілік қылған ата-аналарға алғысым шексіз! Осындай қабылдау жасап жатырған сізге де ризашылығымды білдіремін,- деген лебізін білдірді. Қабылдауда аудан әкімі Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің атына жазылған алғыс хаты мен естелік сыйықты ансамбль жетекшісі Ақмарал Мәлікқызына табыс етсе, биші бүлдіршіндерге Астана қаласында алған дипломдармен марапаттады.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖҰЛДЫЗДЫҚ ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Күні: , 114 рет оқылды

3-4 наурыз күні Алматы қаласында өткен «Аналар — асыл жандар» атты балалар мен жасөспірімдер конкурсында А.Хұсайынов мектебінің оқушылары жүлдемен оралды. Əн жанры бойынша Асылжан Хайредденов жəне мəнерлеп оқудан Інжу Асхатқызы бас жүлдені иеленсе, Айлəззат Қадерова, Ақжүніс Жəрдемова, Əмірова Аружан мəнерлеп оқу жанры бойынша 1 орынды алса, Нұрəсем Бисенғалиева 2 орынды, Əдемі Берікова 3 орынды қанжығаларына байлады. Бұл байқауда жүлделі алған оқушылар жоғарғы, орта, кіші топтар бойынша өнерлерін көрсетті. Оқушыларды шығармашылық байқауға дайындаған жетекшілері Дана Ғинятованың еңбегінің зор екенін айтқан жөн. Жарайсыздар, жұлдыздықтар!

«Ауыл айнасы» ақпарат


АҚЫНДАРЫН ҚАДІРЛЕП, ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА БІЛГЕН

Күні: , 186 рет оқылды

Зәйлім Исатайқызымен қызметтес болған уақыттан бері бір байқағанымыз — қазақ xалқы қадір тұтқан философ,ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың өлеңдерін жатқа айтатыны. Әдебиетте поэзияға жақын адам өмір құбылыстарына терең үңіліп қарайды ғой. Әрине, екінің бірі поэзияны біледі деп айта алмаймыз, оларға талап қоя да алмаймыз. Бірде Зәйлім Исатайқызынан,-Сіздің мамандығыңыз — орыс тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі. Көріп жүргеніміздей бұл пәннің мамандары көбінесе орыс поэзиясына тереңірек ден қоятын еді… Осының сыры неде? -деген сұрағыма: -(күліп) Институтта оқып жүргенімде қазақ тілі,әдебиеті бөлімінде оқитын құрбыларыммен жатақxанада бірге тұрдым. Қолымыз бос уақыттарда поэзияға ден қоямыз. Көбінесе жатақxана бөлмесінің іші қазақ ақындарының өлеңдеріне толатын. Өзім Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали ағаларымның және Фариза апамның көп өлеңдерін жатқа білемін. Бұлар бір-бірін қайталамайтын xалқымыздың біртуар тұлғалары ғой. Поэзия — қандай қызметте жүрсең де бойға руxани күш береді. Мысалға Қадыр ағаның: — …Байқамайды екенбіз Бақыт, -деген екеуміз Аяқ екеу, қол да екеу Көз жанарың ол да екеу Екеу — қас та, құлақ та Жүрек жалғыз бірақ та… Қандай керемет өлең?! Адам бойындағы бүкіл руxани қасиетіміз жалғыз жүректен тарап жатқан жоқ па? Халқымыз «Жүрегің таза болсын!» деген ой да осында жатыр емес пе?! Саф алтындай поэзияға бір мезгіл үңілсек, адамның өмірден алары көп болады ғой,- деді. Иә, дұрыс. Қым-қуат тірлікте бұған да ой жіберген жөн-ау… Айтпақшы, Зәйлім Исатайқызы қызмет істеген мекеменің жұмыс бөлмесі гүлге оранатынын көріп жүрміз. Бұл да мәдениеттің, тәрбиенің бір ұшығы дейміз. Сізді төл мерекеңізбен оқырмандар атынан құттықтай отырып, отбасыңызға бақыт, тынымсыз мемлекеттік қызметіңізге табыстар тілейміз!

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ШӘКІРТТЕРІН ӨНЕР ЖОЛЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН АРДАҚТЫ ҰСТАЗ

Күні: , 148 рет оқылды

“Өнер жолы — ауыр жол” деп жатамыз. Осы өнер саласында болашақ өнерлі балалардың бойынан ерекше дарынды танып, бұлақтың көзін ашып, үкілеп жүрген ардақты ұстаздардың бірі — Гауһар Мерғалиева. Гауһар Рысқалиқызы 2003 жылдан бастап Қазталов балалар саз мектебінде хор, вокал сабағынан дәріс беріп, аянбай еңбек етіп келе жатырған білікті де, білімді ұстаз. Ол өнер мектебінің алғашқы баспалдағын аттаған әр шәкіртінің бойынан хормен ән айтуға деген қабілеттерін танып, өнерге деген қызығушылықтарын одан сайын қызықтыра түсіреді. -Өскелең ұрпақты өнерге тәрбиелей отырып, олардың қабілеттерін дамыту және жетістіктерге жеткізу — менің ұстаздық ұстанымым, -дейді аяулы ұстаз. Иә, білікті ұстаз әр сабағын шығармашылықпен ұйымдастырып, барлық шәкірттерінен ізденуді талап етеді. Осындай талапшылдығының арқасында шәкірттерін биік белестерден бағындырып жүр. Міне, ұстаздың жемісі деген осы. Өнер жолындағы шәкірттері халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Шәкірттердің қоңыр үндерімен шырқалған әндері ұстаз бойынан дарып, Ақжайықтан-Арқаға қарай жетті… Сондай-ақ хорда оқушыларға ғана емес, ардагерлерімізге де дирижерлік жасап, өнердің сан-салалы жұмыстарын төзімділікпен атқарып келеді. Гауһар Рысқалиқызы өнер мен өмір жолындағы барлық тірлікті қатар ала жүріп, 4 бірдей балаларын да тәрбиелеп жүрген ардақты ана. Өнер мектебінің әр оқушысына табалдырық аттаған сәтінен бастап өнер нәрін себетін ұстаздардың шыдамына өз басым қайран қаламын. Өнер баспалдағын алғаш аттаған өрендерді киелі өнерде үлкен асуларды бағындыратын сиқырына көздерін жеткізіп, үкілеп, баптап, өнерлі адам қылып қалыптастыратын өнер жолындағы ұстаздардың еңбегі бір төбе деуге болады. Ендеше, өнер жолында көкке самғаған Гауһардай әпкемізді келе жатырған төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздің шығармашылық жолыңызға тек табыстар тілейміз.

Жұлдыз АСҚАР


ҮШ КӘСІПТІҢ БАСЫН БІРІКТІРГЕН ИНДИРА

Күні: , 150 рет оқылды

Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер нәзік жандылар біздің өңірімізде де жетерлік. Ал солардың арасында ер азаматтармен иық тірестіріп, кәсіптің дарасын таңдаған қаркөздеріміз да бар. Кәсіп әлеміндегі жас іскер ару Индира Әлібекқызы солардың қатарында. Индира осыдан 28 жыл бұрын Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлібек жол инспекторы болып қызмет жасап, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысқан. Анасы Сара да кәсіптен шет қалмаған екен. Бүгінде дүкен ашып, сауда-саттық саласында жүр. Индираның негізгі мамандығы – заңгер. 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін зейнетақы жинақтау қорында, №2 Орал қалалық сотында қызмет атқарды. Дегенмен бұл жұмыс өзіне қол емес екенін түсінді. Ешкімге тәуелсіз болып, өз ісін бастағысы келді. Абай атамыздың «Ісім өнсін десеңіз ретін тап» деген ұлағатты сөзін ұстаным етіп, бұл тұрғыда кәсіптің не екенін түсініп, неден бастау керектігін және аз уақыттың ішінде нәтижеге жету үшін «Іскерлік байланыс», «Бизнес Бастау» жобаларына қатысып, түрлі курстарда оқыды. Сөйтіп Индира кәсіпкерлік саласына батыл қадам басып, 2015 жылы «Әлібекова» жеке кәсіпкерлігін ашты. Бұл кәсіпкерлік білім беру саласына қатысты. Кішкентай бүлдіршіндер мен оқушы балаларға ағылшын тілі, орыс тілі мен ментальды арифметиканы үйретуді жолға қойды. Жаз айларында балалардың бос жүрмей, есептеудің қыр-сырын үйреніп, тілді үйренулеріне көмегін тигізді. Алайда Индира бұл кәсіппен шектеліп қалуды жөн көрмеді. Жұмысы көп, қиындығы да жетерлік жолаушылар тасымалын қолға алды. «Бақыт Транс» ЖШС-н ашып, бүгінде «Жалпақтал-Жаңажол», «Жалпақтал-Қараөзен», «Қараөзен-Қазталов» бағыттары бойынша маршруттарды жолға шығарды. Әзірге қатынаста 2 автобус болса, алдағы уақытта олардың қатары тағы 2 автобуспен толықпақ. Сонымен қатар жақын күндері «Жалпақтал-Ақпәтер» бағытына да автобус шығармақ. Жастық жалын бойында жалындаған, бір іспен шектеліп қалуды қаламайтын жас кәсіпкер ару өткен жылы тағы бір жаңа кәсіпті бастады. «Қараөзен ауылы» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, қой өсіруді қолға алып, нәзік жанды болса да, қиындығымен қатар берекесі де мол мал шаруашылығымен айналыса бастады. Қасаң қағиданы бұзып, ерлермен қатар нәзік жандылар да күрделі шаруаны дөңгелете алатынын дәлелдеді. -Болашақта ауылішілік таксилердің жұмысын заңдастырып, диспечерлік бөлім ашқым келеді. Сонымен қатар жүн қырқатын құрылғы алу да ойымда бар. Бұл жоспарым іске асса, жүн экспортымен айналысатын боламын, -дейді жас кәсіпкер. Бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отырған Индира 2 баланың анасы да. 3 бірдей кәсібі, отбасының жұмысы, балаларының тәрбиесі оған бос уақыт қалдырмайтыны белгілі. Солай бола тұрса да Индира әйтеуір уақыт тауып, қайырымдылық жұмыстарына үнемі қатысып отырады. Атап айтсақ, мереке күндері жолаушыларды тегін тасымалдау, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға жеңілдіктер жасау, сонымен қатар көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға сыйлықтар тарату сынды қайырымдылықтарын айтуға болады. Өз ісін жанындай сүйетін Индира қандай жұмыс болмасын төзімділік пен жауапкершілік керектігін айта келе: «Адамда алдымен айқын мақсат болуы керек. Сонда ғана діттегеніңе жетуге болады. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға берілген мүмкіндіктер көп. Ендеше осы қолдауды біз жастар барынша пайдалануымыз керек» -деп ағынан жарылды. Осындай 3 кәсіптің басын қосып, ісін дөңгелендіріп отырған Индираны алдағы келе жатырған 8 наурыз – арулар мерекесімен құттықтай отырып, болашақта алға құрған жоспары іске асып, еңбегінің жемісін көре берсін деп тілек білдіреміз. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ

30 ЖЫЛ БІР ҚЫЗМЕТТЕ

Күні: , 196 рет оқылды

Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше екені сөзсіз. 8 наурыз мейрамы қарсаңында адам өмірінің сақшысы бола білген, нәзік жанды ақ халатты абзал жандар туралы жазуды жөн көрдік. Өмір жолын денсаулық сақтау саласымен ұштастырып, 30 жылдай қызмет жасап, бүгінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуде аудан тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан Ләззат Мұстахимқызы Хайрушеваны танымайтын жан кемде-кем. Ол Орал қаласындағы Орал медициналық училищесін 1986 жылы фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, сол жылдан бері медицина саласында талмай қызмет жасап келеді. Бүгінгі күнде облыстық жедел медициналық станциясының Қазталов подстанциясында фельдшер қызметін атқаратын апамыз туралы қазталовтық тұрғындардың айтатыны тек алғыс. Талай жанның өміріне араша түсе білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығатыны сөзсіз. «Алладан кейінгі құтқарушы ақ халатты періште» деуге боларлық дәрігер қандай мақтау сөзге де, алғыс сезімге де лайық емес пе?! Міне, осындай ақ халатты абзал жанның ана екендігін де естен шығармауға тиіспіз. Ләззат Мұстахимқызы отбасы берекесін келтіріп отырған қазақтың қарапайым келіні. Отбасының аяулы отанасы, жиендерінің сүйікті әжесі. Жолдасы Марат ағамен бірге 4 қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен қызы Амангүл тұрмыс құрып Тараз қаласында тұрып жатса, екінші қызы Әйгерім жоғары білім алып аудан орталығындағы ветеринария саласында қызмет етіп жүр. Ал анасының жолын қуған Наргиза Орал қаласындағы медицина колледжінде фельдшер мамандығы бойынша оқып жатыр. Кенже қыздары Жұлдыз 8 сынып оқушысы. Ләззат апамыз өнерді де жанынан серік етіп келген жан. Ол ауданымызда өтіп жататын әртүрлі мәдени шаралардың бел ортасында жүреді. Мамандықты қапысыз дұрыс таңдап, өз ісін шебер меңгергендер, айнала адамдарға мейіріммен қарап, қызметін адал атқарғандар ғана ел алғысына әрдайым бөлене бермек. Міне, осындай жандардың бірі — Ләззат Мұстахимқызы Хайрушеваны 8 наурыз — Халқаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасылық бақыт, еңбегіне табыс тілейміз! Қайрат ЖАҚЫП

ҚАРАӨЗЕНГЕ ЖАЙЫҚ СУЫ ҚҰЙЫЛМАҚ

Күні: , 144 рет оқылды

2 наурыз күні облыс әкімі Алтай Көлгінов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Киров – Шежін су арнасындағы жұмыс учаскесінде болды. Киров-Шежін су арнасының соңғы үшінші кезеңі мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға берілмек. 180 шақырымды құрайтын магистраль 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Үшінші кезеңі бойынша барлық жұмыстар тиісінше атқарылып, бұл жұмыстарды «Азиятехстрой» ЖШС-гі қолға алып отыр. Басшылардың айтуы бойынша бөлінген қаражатты толықтай игеріп, биылға қалған 323 млн қаражатты игеріп мерзімінен бұрын қосуды жоспарлап отыр. -Қазіргі таңда 180 шақырым құрайтын каналдың 200 метрі қалып отыр. Жалпы, бұл жобаның мақсаты – Киров – Шежін магистралі арқылы Жайық суын Қараөзенге жеткізу. Сонда Ресейдегі Еділ өзенінен босатылатын 100 млн. текше метр суға жұмсалатын қаражаттан 30 миллион текше метр судың құнын үнемдейміз. Сондай-ақ төрт ауданның аумағын ішінара қамтитын 130 мың гектардан астам жайылымды қосымша суландыруға болады. Магистраль бойына шаруа қожалықтары орналасып, жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар көктемгі мезгілде Жайық суы тасыған кезде біз соны пайдаланып қалуымыз қажет,-деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.
Кездесу барысында аудан әкімі Абат Шыныбеков 29 елді мекеннің көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғандығын айтып, ауданның елді-мекендерін газдандыру сызбасымен таныстырды. Сонымен қатар аудан әкімі Қазталов, Жалпақтал ауылдарындағы тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жайында баяндады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Күні: , 128 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Бүгінгі күнге дейін тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Қоғамда да қызу талқылаулар жүргізілді. Оны біз бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен және әртүрлі әлеуметтік желілерден оқып, көріп жүрміз. Осындай талқылаулар мен пікірлер ескеріліп, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Қорытындысында халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы дайын болды. Ендігі міндет – латын әліпбиінің осы қабылданған жаңа нұсқасын халыққа таныстыру және түсіндіру жұмыстары тұр. Елбасымыз айтқандай біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Осыған орай 2 наурыз күні Қазталов ауданы орталығында ауданымыздың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері, білім беру, мәдениет саласының қызметкерлері, тіл мамандары, жастардың және оқушылардың басын қосқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – қоғамның жаңғыруы» атты облыстық семинар өтті. Семинар жұмысына аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов төрағалық етіп, Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ филология кафедрасының аға оқытушысы, магистр Нүргүл Дүйсенғалиева қатысты. Семинарда сөз алған Айгүл Мыңбаева,- Бүгінде латын жазуына көшудің бірнеше себептері бар. Біздің елімізде нақты міндеттер айқындалып та қойды. Атап айтқанда, латын графикасына көшудің түпкі мақсаты – ұлттық әрі түркілік бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігіне енгізу әрі мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту. Аталған айқын мақсаттарды ақпарат құралдары арқылы түсіндіру керек,- деген пікірін білдірді. «Жаңа әліпбиімен – жаңа өмірге қадам» атты баяндама оқыған магистр Нүргүл Дүйсенғалиева латын әліпбиіне көшудің тиімділігі туралы айта келіп, латын әліпбиіне көшудің өзі заманның талабы екенін жеткізді. Сондай-ақ семинарға қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев латын әліпбиінің маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салса, Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Аягөз Нұғманова баяндама жасады. Семинарда қойылған сұрақтарға түсініктер беріліп, айтылған ұсыныстар жазылып алынды. Қорыта келе ауданымызда өткен семинар қатысушыларға латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы толық түсінік берді деп ойлаймыз.

Қайрат ЖАҚЫП


«ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН МЕЙІРІМДІЛІК»

Күні: , 128 рет оқылды

Жан жылуы. Осы бір сөз қай адамның болмасын жүрегін тебірентері анық. Себебі мына жарық дүниеге келген әрбір адамның бойында айналасына шуақ шашар, мейірімділік төгер қасиеттің болатыны сөзсіз. Сол мейіріміділіктен адамдар күш алып жатса, тіптен жарқырай түсері белгілі. Осындай ізгі қасиеттерді өздерінің бойына жинаған және соны мақсат еткен жастар ауданымызда көптеп саналады. Өткенге оралайық. Өткен жылы аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Жұлдыз Асқардың аудан жастарын ұйымдастыруымен «Жүрекке жылу сыйлаған мейірімділік» атты қайырымдылық жобасы өмірге келіп еді. Сол жоба аясында аудан округтеріндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы қайырымдылық кеші жүргізіліп, одан түскен 700 мың теңге қаражат сол балалардың дәрігерлік ем алуына жұмсалған болатын. Бұл жағымды жаңалық республикалық басылымдарда да жарияланды. Ал биылғы жылы Жұлдыз Асқар аудандық Жастар кеңесінің төрайымы қызметіне сайланғаннан кейін бұл жоба қайтадан жалғасын тапты. 1 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Қазталов ауданы жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жүрекке жылу сыйлаған мейірімділік» атты қайырымдылық шарасы өтті. Бұл қайырымдылық шарасы кішкентай Гүлназым Тілекқызына арналды. Шара көріністерімен және әсем әнмен өріліп отырды. Жастар және мектеп оқушылары көрсеткен көріністерде бүгінгі қоғамымыздағы көрініп қалып жүрген келеңсіз жағдайлар, отбасының ойраны, тастанды бала тағдыры, ғаріп жандардың қиын өмірі тағы басқа да адамның жүрегін жылатар бейнеленсе, поэзия, әндер де осы ойларды әрі қарай жалғастырды. Көрермендер осы шараға қатысты арнайы түсірілген бейнекөріністерге және бағдарламаларға бейжай қарай алған жоқ. Иә, оның да себебі бар. Бүгінгі санамыздағы рухани сілкіністер болып жатқанда адамдар айналамызға бір мезгіл ойлана қарайтын да уақыттың болғанын байқатты. Неге біздер өзімшіл болып жатырмыз? Неге біздердің жүрегіміз қатайып бара жатыр? Неге біздер айналамызға мейірімділік шашпаймыз? Уақыт дөңгеленіп өтіп барады. Ал, адамдар осынау бір күндік жарық дүниеде неге айналасына шуақ шашып кетпеске?…Міне осыған қайырымдылық кештің бағдарламасы нақты жауап берді. Нәтижесінде өткен қайырымдылық кештің барысында қайырымды жүректердің арқасында 250 мыңдай қаражат жиналып, бұл қаражат апасы Мөлдірге табысталды. Қолына қаражатты алып отырып сөз алған Мөлдір, -Бүгін туған сіңілім Гүлназым дүниеге қайта келгендей болды, балалық пәк күлкімен күліп келгендей болды, өзінің құрдастарымен бірге құлдыраңдап жүгіріп жүргендей болды. Осындай шараны ұйымдастырған жастарға мың да рақмет! -деп көзіне жас алды. Сонымен қатар жүрек жарды сөздерін арнаған Қазталов ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеу, аудандық мәслихат депутаты, облысқа белгілі «Атымтай» Нұрлыбай Жолдыбаев өздерінің қаражаттарын табыстады. Сондай-ақ осы кеш барысында мәдениет үйінің фоесіне қойылған арнайы жәшікке қайырымдылық кешіне келгендер қаражаттарын салып, тілек бұрышына лебіздерін жазды. Міне осындай қайырымдылық жобасы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ал, осы жобаны ұйымдастыру кезінде газеттің сан-салалы жұмыстарына және жастар ұйымындағы түрлі шараларға да уақыт таба білген әріптесіміз Жұлдыз Асқарға табыс тілей отырып, келе жатқан төл мерекесімен барша оқырмандар атынан құттықтаймыз.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.