АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Март, 2018


«КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ОРАЙ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Күні: , 166 рет оқылды

Еліміздегі көші-қон саясаты мәселелерін бақылау, заңдар мен қаулылардың орындалу жағын қадағалап отыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясына орай тақырыптық қабылдау өтті. Қабылдауға келген Ресей елінің азаматшасы Ақсәуле Аманғалиева Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетіндігі жөнінде айтып, кеңес сұрады. Осы мәселе бойынша ауданымыздағы көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция капитаны Балуан Жайынов түсінік беріп, азаматтық алудың заңдылығын түсіндірді. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ

АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 20 СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Күні: , 84 рет оқылды

30 наурыз күні аудандық мәслиxаттың кезекті 20 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Абат Шыныбеков, аудан әкімі орынбасарлары, мекеме-кәсіпорын басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сессияда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұретден Құтxожин аудандық мәслиxаттың №13 Қарасу сайлау округінен шығып қалған мәслиxат депутаты орнына депутат сайлау жөніндегі аудандық сайлау комиссиясының қорытындысын xабарлап, №13 Қарасу сайлау округіне депутат болып сайланған Ерболат Бекмулдинді құттықтап, куәлік табыс етті. Сессияда аудандық мәслиxаттың білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның есебі тыңдалып, «Қазталов аудандық кірістер басқармасының жергілікті бюджетті толықтыру, салық базасын нақтылау бағытындағы жұмыстары» туралы аудандық кірістер басқармасының басшысы Таумұрат Ғұсманов, «Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін және бірыңғай жер салығының мөлшерлемелерін жоғарылату туралы» аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Артур Айтжанов xабарлама жасаса, сонымен қатар аудандық мәслиxаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ «Қазталов ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныстар қаралды. Сессия соңында қаралған мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«КӘРІ ҚҰДАНЫҢ» СОҢҒЫ СЫНАҒЫНА ҚАРСЫ ЖАСАЛЫП ЖАТЫРҒАН ЖҰМЫСТАР

Күні: , 122 рет оқылды

27-28 наурыз күндері «Интергаз» ЖШС техникаларының күшімен Болашақ, Мирон, Қайыңды ауылдарының жолдары аршылып, сонымен қатар Ақсүйрік, Тоғызқарағай, Жаңақұдық қыстақтарына байланыс жолдары салынды. Бұнымен қоса «Орал-Строй» мекемесінің техникаларымен Көпкүтір, Аққурай, Хайруш ауылдарының жолдары аршылып, Васькин, Чебакова қыстақтарына да жол салынды. Бұнымен қатар Жаңажол, Таңат елді-мекендерінің де жолдары тазартылып, байланыс орнатылды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАУІПТІ ДЕГЕН АЙМАҚТАР БАҚЫЛАУДА

Күні: , 132 рет оқылды

Жалпақтал ауылында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүруде. Қараөзен өзені үстінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұзды кесу, ою жұмыстарын жүріп жатыр. Ауылда су басу қауіпті деген аймақтар бақылауға алынған. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының бас құтқарушысымен әңгімелескенімізде, оның айтуынша: -Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша Жалпақтал ауылына бір бірлік автокөлікпен сегіз құтқарушы келдік. Қазіргі күні мұздың кептеліс болады деген жерлерді кесіп, ою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімшілік карта бойынша қай жерлерді ою қажет екеніні көрсеткен болатын. Жыл сайын қай жерлерде мұз кептелісі болады сол аймақтарда іс шаралар жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Гүрілдеуік, Автобаза бағыттарында болып, мұзды кесу, ою жұмыстарын атқардық. Алдағы уақытта Қайыңды аймағында болып, сол аймақта мұз ойып, бұрғылау жұмыстарын жүргізетін боламыз,-дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Тимур Бегалиев. Ал Жалпақтал ауылдық округі әкімі Самиғолла Ақмурзиннің айтуы бойынша күні бүгін қауіпті деген аймақтар бақылауға алынып, сол көшелерде су сору жұмыстары, арықтарды қайта тазалау жұмыстары жүргізіліп отыр екен. Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігі қауіпті деген аймақтарға парақшала үйлестіріліпі, көктемгі су тасқыны кезінде 3 млн20 мың теңге қаражат бөлінген. Әр округтерде мотосорғылар, Жалпақтал ауылына 20500 дана қапшық. Қауіпті деген аймақтардан 10 мың метру куб қар шығарылған. Кез-келген жағдайда сақтық шараларын бәсеңдетпей, қауіпті деген аймақтар ұдайы бақылауда ұсстап отыр.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«КӘРІ ҚҰДАНЫҢ» СОҢҒЫ СЫНАҒЫНА ҚАРСЫ ЖАСАЛЫП ЖАТЫРҒАН ЖҰМЫСТАР

Күні: , 130 рет оқылды

27 наурыз күні «Дорремсервис» ЖШС, «Оралстрой», «Казсушар» мекемелерінің техникаларының көмегімен Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Ақпәтер және оның елді мекендерінің жолдары аршылып, мал азығы жеткізілді. Сонымен қатар Бірік ауылдық округіне қарасты Қызылту, Шұңқыркөл, Кердері, Жаңабас, Мәңгүр, Ақбас, Ағаш үй елді мекендерінің жолдары тазартылып, мал азығы жеткізілді. 28 наурыз күні «ДорремСервис» мекемесінің техникасымен Қазталов ауылдық округіне қарасты Бозоба, Сексенбаев елді мекендерінің жолдары аршылып, Сайқұдық, Кардон, Қайран, Байтұрған қыстақтарына мал азығы тасымалданды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ӨЗЕН МҰЗЫН КЕСУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Күні: , 126 рет оқылды

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында ауданымызда жұмыстар қолға алынып, атқарылуда. Қызыл судан сақтану үшін Жалпақтал ауылында Қараөзен өзенінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мұзды кесу және тестіру жұмыстарын жүргізуде.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖЕМ-ШӨПТЕР ЖЕТКІЗІЛІП, ТОЛАССЫЗ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Күні: , 150 рет оқылды

Биылғы қыс жылдағыдан ерекше болды. Қар қалың жауып, бір жағынан халықты қуантса, енді бір жағынан алаңдатушылық тудыртты. Өйткені жауған қар жолдарды жауып, жол қатынасын қиындатты. Әсіресе, наурыз айының соңғы күндері жауған қар жол қатынасына кедергі туғызып, едәуір әуреге салғаны анық. Жиі-жиі жауған қар мен жаңбыр елді мекендер мен шаруа қожалықтарының қыстақтарына қатынайтын жолдарды да жауып тастауда. Осы қиындықтарды шешу бағытында ауданымызда толассыз жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағындай Әжібай-Қызылту-Кердері-Қыркөл-Тереңкөл-Кеңдала-Мереке бағыты бойынша «Дорремсервис» ЖШС мекемесінің техникасымен жолдар аршылуда. Әбуғали Ғұмаров жетекшілік ететін «Кеңдала» шаруа қожалығының қыстағынан 800 руллон шөп Нұрсай ауылының шөптері азайған тұрғындарға таратылып, берілуде. Сонымен қатар Абай Багисов жетекшілік ететін «Қазталов несие серіктестігі» және Өтепберген Бегжановтың «Миялы» шаруа қожалығы Бірік ауылдық округінің тұрғындарына, шөп қоры азайған шаруа қожалықтарына да көмектерін созуда. Ауа райын болжаушылардың алдын ала дерегіне сүйенсек, алдағы аптада көктемнің лебі сезіліп, күн шуағын төкпек. Тек наурыздың соңы мен сәуірдің «бес қонағы» тағы бір тосын мінез танытпаса, мал аузы көкке тиетін күн де алыс емес. Дегенмен «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, шаруаға тізгінді босатуға болмайды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ШАҒАЛА АРАЛЫ» БҰЛ — ТЕРЕҢКӨЛ АУЫЛЫНДА

Күні: , 90 рет оқылды

Біз Қайыңдыны айтқанда алқызыл қызғалдағын қосып айтамыз. «Қайыңдының қызғалдағы» деген атауды облыс жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық болмас. Енді Нұрсай ауылын, (Тереңкөл ауылдық округі) «Шағалалы Тереңкөл» деп атау беруге болатын сияқты. Бұны білмей жүріппіз. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз: -Жұмыр-Қылыш зираты жатқан жерден алыс емес сордың ортасында шағын арал бар. Ал сол жерді жаз айында тек құстардан шағала ғана мекендейді. Көктем айында бара қалсаң ұя басып жатқан немесе ұшып жүрген шағала құсынан көзін сүрінеді. Сол жерді білесіңдер ме? -деп сұрағанда білмейтінімізге ыңғайсызданып та қалдық. Түсірілген суретті көргенде таң қалдық. Теледидардан көріп жүргеніміздей «Жануарлар әлемі» бағдарламасындағы мұхит жағалауындағы көріністер сияқты. Осы суретті Уәлиолла ағамыз Ресейдің «Фото-страна» сайтына салып, 1000 лайк жинапты. Сонымен қатар шағалалар жұмыртқалаған кезде кейбір адамдар барып, шелек-шелек жұмыртқа жинап алатын көрінеді. Жалпы шағалалар көлдерде көп кездесіп жатады ғой. Бірақ мынандай бір жерде шоғырлануы және сол жерді мекен етуі қызықты жәйт. Осы «Шағала аралы» туралы Уәлиолла ағамыздың мұғалім келіні Лузия Ищанова Экология тақырыбында арнайы жоба да әзірлепті. Міне, туған жеріміздің кейбір құпияларын әлі игере алмай жатырмыз. Ал енді суреттегі Жұмыр-Қылышқа арналып қойылған белгі туралы айтар болсақ, тарихи деректер бойынша Жұмыр Исатай, Махамбеттің үзеңгілес серігі болған батыр. Жұмыр мен Қылыш екі бөлек адам. Махамбет «Жұмыр-Қылыш» күйін шығарған. Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төкен елді мекенінің қасындағы он бес шақырым жерде орналасқан. Енді мынандай мәселе туындайды. Бірік ауылдық округіне қарасты Жұмыр деген жер (тоған) бар. Жоғарыда жазғанымыздай Тереңкөл ауылдық округіне қарасты осы жерде Жұмыр-Қылыш жерленген деп тағы белгі қойылған. (Суретте көріп тұрғандарыңыздай) Сонда бұл жерде Жұмыр батыр жерленген бе, әлде Қылыш батыр ма? Бұны анықтауды тарихшылардың үлесіне қалдырайық. Жалпы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына орай ауданымыздың тереңде жатқан тарихынан сыр шертетін көптеген мәліметтер бар екеніне көзіміз жетіп отыр. «ШАҒАЛА АРАЛЫ» БҰЛ — ТЕРЕҢКӨЛ АУЫЛЫНДА БЕЙНЕКӨРСЕТІЛІМ ТҮСІРІЛЕДІ)

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАСТАРҒА КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ

Күні: , 128 рет оқылды

Бүгінде жастардың жұмысқа орналасуы үлкен мәселе. Себебі, тәжірибенің болмауы, еңбек өтілінің жоқтығы да жұмысқа орналасуға кедергі. Алайда қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалып, олардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туып отыр. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастарды қабылдап, жұмысқа орналасуға ниетті жастарға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндірді. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз-ақ жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» жоспарын жүзеге асыруға да мол мүмкіндік береді, -деді аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары. -Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған. Адамдар осы жерде жұмыс таба алады. Мен Жаңажол ауылдық округінің жастар ресурстық орталығының маманы бос жұмыс орнына жолығып, құжаттарымды тапсырдым. Егерде осы орталыққа қызметке орналассам, болашақта жастар саясатын дамытуға өз үлесімді қосамын деп білемін, — дейді жаңажолдық Айнагүл Насырова.

Жұлдыз АСҚАР


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Күні: , 126 рет оқылды

28 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде «Электронды Үкімет» порталын пайдаланып, электронды қызмет түрлерін алуды, электронды түрде анықтама алу немесе электронды-сандық қолтаңбаны қолдануды түсіндірді. -Жәрмеңкенің басты мақсаты — халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен түсіндіру. Электронды цифрлы кілті алғысы келетіндердің барлығына 15 минут ішінде қызмет көрсетілді. Олар бұл мүмкіндікке үйлерінен шықпай-ақ қол жеткізе алады әрі уақыттарын үнемдейді, -деді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Дархан Меңдіғалиев. Жәрмеңкеге сәулет және қала құрылысы, білім, азаматтық хал актілерін тіркеу, жер қатынастары және басқа да бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар қатысты. Жәрмеңкеге келушілер электронды қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.