АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.02.2018


АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Күні: , 164 рет оқылды

15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылған күні. Осыған орай бүгін ауданымыздың жастары «Қазталов ауданы жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Талапова, Жалпақтал жалынды жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмат Нетқалиев жалпақталдық, Ауған соғысының ардагері Файзулла Төреғалиевтың шаңырағында болып, сый-сияпат көрсетті. Файзулла Төреғалиев 1978 жылы Молдавия республикасына Отандық борышын өтеу үшін шақырылады. Кейін 1979 жылы Ауған жеріне жіберілді.Оның айтуынша, біздің азаматтарымызға жат елдегі отты жылдар қиын болған. Бірақ, соған бойдағы Отансүйгіштік, патриоттық қасиеттердің басымдығының арқасында төзе білген. Жалындап тұрған жастық шағында жат елге жол тартқан Файзулла Мусаұлы интернационалдық борышын Ауғанстанның Құндыз жерінде жерінде атқарды. -Отты жылдарда оққа қарай ұмтылу оңай емес. Ауған жеріне Отан алдындағы борышын өтеуге кірген жас солдаттар бастарынан небір ауыртпалықты өткізді. Кеше ғана мектеп қабырғасында отырып, қалам ұстаған балалар Совет өкіметінің үлкен саясатының салдарынан автомат ұстауға мәжбүр болды. Соғыста жүргенде туған жеріңді, ауылыңды, соғыстан аман келуіңді тілеп, күтіп жүрген ата-аналарын, бауыр, қарындастарынды қатты сағынасың, – деп ағынан жарылған ауған соғысының ардагері жастарға өзінің ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ҚЫСҚЫ ШАҢҒЫ ТУРИЗМІ

Күні: , 242 рет оқылды

17 ақпан күні аудан орталығында аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында аудандық «Ақшақар — 2018» шаңғы туризмі техникасының жарысы өтуде. Шаңғы туризмі жарысын аудан ішіндегі оқушылардың қысқы кездегі шаңғы тебу техникасын шыңдау, оқушылар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру және ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып жатырған қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында өткізіліп жатырған бұл сайыстарға Қазталов, А.Оразбаева, Бірік, Бостандық және Ғ.Беғалиев атындағы орта мектептердің оқушыларынан құралған 7 команда қатысуда. Жарыс техникалық қашықтық пен шаңғы туризмі техникасы, жекелей қашықтық, эстафета сайысы, спорттық бағдарлау, бутерброд байқауы, экспресс парақтар байқауы, қысқы жарыс кезіндегі фотосуреттер байқауы, экологиялық акция (балықтарға ауа жіберу) сияқты бағдарламалардан тұрады. Бұндай сайыстар оқушылардың қысқы туризммен айналысып шаңғы тебу техникаларын үйретіп қана қоймай, денсаулықтарының шыңдалуына да септігін тигізетіні сөзсіз.

Қайрат ЖАҚЫП


ШАЙБЫЛЫ ХОККЕЙ ЖАРЫСЫ

Күні: , 212 рет оқылды

17 ақпан күні аудан орталығында Астана қаласының 20 жылдығына орай және ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып жатырған спортшыларымызды қолдау мақсатында шайбылы хоккейден мекеме ұжымдары арасында жарыс оздырылуда. «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен өткізіліп жатырған жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудандық мәденеиет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов спортшыларға сәттілік тіледі. «Хоккейді нағыз еркектер ойнайды» деп белгілі әнде шырқалатындай, бұл жарысқа да білекті де жүректі жігіттер қатысуда.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚЫСҚЫ БАЛЫҚ АУЛАУ ЖАРЫСЫ

Күні: , 204 рет оқылды

17 ақпан күні Жалпақтал ауылында «Туған жер» бағдарламасы аясында жеке кəсіпкер Əлібек Сартаев, ауыл əкімшілігі жəне «Жалпақтал жалынды жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қысқы мұз үстіне балық аулау» əуесқой балықшылар жарысы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған аудандық жарысқа 100 –ге жуық балықшы қатысты. Оның ішінде Қазталов ауданынан Жалпақтал, Ақпəтер, Көктерек, Қарасу, Жаңажол, Қараөзен ауылдық округтері жəне Тасқала аудандарынан балықшылар келді. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Жалпақтал ауылдық округі əкімінің орынбасары Меңдіхан Халимуллин, -Біз салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, қысқы балық аулау түрлерін дамыту арқылы қысқы туризмге тың серпін беру болып табылады. Осындай шараны құптап, азаматтық танытқан демеушілерге алғысымыз шексіз, -деді. Қысқы балық аулау жарысына қатысушыларға іс-шараның ережесі мен мұздағы қауіпсіздік шарасы түсіндірілді. Ақпанның ақырған аязына қарамастан балықшылар сынға түсіп, қызығушылықтарын танытты. Жарысқа қатысушыларымыздың арасында жаңажолдық Шара Алипова анамыз, -Біз жолдасымыз екеуміз 10 жылдан бері балық аулау кәсібімен айналысып келеміз. Балық аулау – біздің сүйікті кәсібіміз. Өзім ұстаздық жолда қызмет жасасамда, отбасымызбен балық аулап, табиғатта демалғанды жақсы көреміз. Бүгін алғаш рет жарысқа қатысып отырмыз. Әрине, қатысушылар жан-жақтан көптеп келуде. Қармағымызға қанша балық түсетінін көре жатармыз, — дейді нәзік жанды балықшымыз. Қараөзен жағасындағы өтіп жатырған сайыс қытымыр қыстың суығын сездірмеді. Өйткені, жайма шуақ жаз айындағы жәрмеңке ме дерсіз? Айналада толған бала-шаға, сауда-саттық, дәмді кәуаптың көрінісі.. .Міне, осының барлығы да адам баласына қысқы табиғат аясында бір сәт демалудың сәтін түсіргендей. Таза ауа, спортқа деген қызығушылық және ауланған балық барлық қатысушыларға сый болғандай. «Ауылына қарап — азаматын таңы» Жалпақтал ауылында ұйымдастырылған қысқы балық аулаудан өткен жарыс ел азаматтарының ауызбіршілігі жоғары екенін дәлелдеуде. Кәсіпкер Әлібек Сартаев ағамыз 2010 жылдан балық шаруашылығымен айналысып, 2014 жылы 30 қыркүйекте БҚО әкімдігінің №249 қаулысымен Қазталов ауданында орналақан Кіші өзеннің «Ақсуат-Әбіш» және үлкен өзеннің «Байтұрған-Таңат», «Қожантай-Айдархан» бөліктерін конкурстық комиссияның шешімімен балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалану құқығына ие болды. Сондай-ақ кәсіпкер ағамыз 2017 жылы облыс орталығына «Тірі балық» дүкенін ашса, биылғы жылы Қазталов және Жалпақтал ауылдарына осындай дүкен ашуды жоспарлауда. Жарыста 1 орынға қайық, 2 орынға арнайы киім, 3 орынға шатыр, сондай-ақ «Жас балықшы», «Ең үлкен балықшы», «Ең кішкентай балық ұстаған», «Ең үлкен балық ұстаған» аталымдары бойынша қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жұлдыз АСҚАР


«САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ» ӘН КЕШІ

Күні: , 212 рет оқылды

Ән әлемінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған Шәмші Қалдаяқовтың еліне сіңірген еңбегі зор. Туған жерінің, туған халқының әрбір қуанышы мен шаттығына ән болып, жыр болып төгілген, шашу болып шашылған Шәмші жүрегі, Шәмші тілегі. Қазақ валсінің королі атанған Шәмші ағаның өнерін тәнті болған әрбір қазақтың жүрегінде ағаның туындылары жатталып шырқалуда. Әндерін естіген сайын елең етпейтін адам жоқ шығар… Сағыныш пен сағымға айналған асыл ағаның сан алуан тақырыптағы әндерін халық арасында насихаттау бағытында қазталовтық ағайынның назарына 16 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары «Сағынышым менің» атты ән кешін сыйлады. Кештің шымылдығы Шәмші ағамыздың өмірінен сыр шертетін бейнеролик арқылы ашылып, Сыйлық Құсайынованың орындауындағы «Сағынышым менің» әнімен әдемі көрініс тапты. Кеш барысында құдіретті композитордың «Ақмандайлым», «Қуаныш валсі» «Тамды ару», «Әнім сен едің», «Құшақ жайған қандай адам» сияқты әндері тыңдармандарды саз әлеміне жетелеп, алыста қалған балалық шақ, жастық дәурен, бала махаббат, тәтті армандаға қайтадан апарғандай әсер бергені сөзсіз. Кеш Шәмші ағаның халық арасында кеңінен таралған поппури әндерімен өрбіп, сағынышқа толы сезімнің құшағына енген көрермендер бұл әндерді қосыла шырқады. Кештің сәнін «Ақ ерке Ақ жайық», «Кешікпей келем деп ең», «Сүймегендер сағынбайды» «Арқалықтың ақ таңы», «Жіберілген хат», «Қаракөз», «Сыған серенадасы», «Шынарым», «Ана туралы жыр» әндері әншілердің шебер орындауында сахна төрінен әуледі. Кештен байқағанымыз Шәмшінің ән әлеміне сапар шеккен көрермен еріксіз сезімге беріліп, көз жасын сығып отырды. Кештің осындай әсерлі шығуы Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының еселі еңбегі деп білеміз.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.