АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 16.02.2018


САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Күні: , 230 рет оқылды

Елімізде 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы салық кодексі» күшіне енген болатын Бұл жаңа кодекс көптеген елеулі өзгерістер мен толықтырулармен қамтылған. Осыған орай 16 ақпан күні жаңадан қабылданған салық кодексін түсіндіру мақсатында БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Ж.Сағынов, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Т.Төлеповтің қатысуымен семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин, салалық мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдігінің мамандары, есепшілер мен шара қожалық жетекшілері және кәсіпкерлер қатысты. Семинарда БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Ж.Сағынов салық кодексіне енгізілген өзгерістер жөнінде кеңінен түсіндірсе, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Т.Төлепов арнаулы салық режиміндегі патенттік жүйе, оңайлатылған декларация, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері туралы баяндады. Мәселен, жаңа салық кодексі барлық түсініксіз баптар салық төлеушінің пайдасына шешіліп және салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Мысалы, бұл кодекс бойынша салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданданылмайды. Сондай-ақ мұнда аграрлық секторға ынталандыру шаралары да ұсынылған. Яғни, шаруа-фермер қожалықтарында мүшелері мен жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салық алынып тасталынған. Бұл Салық кодексінің бұрынғылардан негізгі өзгешілігі, артық кедергілерден арылып, қарапайым халық мүддесін қорғауға басымдық берілуінде. Мәселен, бұған дейін 2017 жылдың мүлік және көлік салықтарын сол жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек болатын. Енді жыл қорытындысы бойынша төлейсіз. Бұдан бөлек қарызды кешіру кезінде жеке табыс салығы алынып тасталды. Сонымен қатар салықтық тексерістер саны азаяды. Семинарда оңайлатылған салық режимі бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимі, кассалық бақылау машинасы, тіркеуге байланысты өзгерістер, қосылған құн салығы бойынша енгізілген өзгерістер, акцизделетін тауарлар бойынша өзгерістер т.б кең көлемде түсіндірілді. Семинар-кеңес соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«АРДЫ ОЙЛАҒАН АЗАМАТ»

Күні: , 148 рет оқылды

14 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Абат Кадемұлы Есенғалиевтің 70 жасқа толу құрметіне орай «Арды ойлаған азамат» атты ұлықтау кеші өтті. Еңбек жолында Абат Есенғалиев ірі лауазымды қызметтер атқарды. Абат Қадемұлының туған жері – Жаңақала ауданы, Айдархан ауылы. Әке-шешесі дүниеден ерте озғандықтан, алты жасар баланы Ресейдің Саратов облысы, Александр-Гай ауданында тұратын әкесінің інісі Бақыт Есенғалиев қолына алып, қамқорлайды. Балалық шағы туған жерімен шекаралас Алғайда өткен бозбала елге оралып, Қазталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы мектебінің 11сыныбында оқиды. Мектеп түлегі 1965 жылы Ресейдің Саратов малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Институтта білім алғаннан кейін жолдамамен Қазталов ауданында еңбек жолын бастады. Іскер азамат Қазталов ауданында қызмет істеген жылдары ауыл шарушылығын дамытуға зор үлес қосты. Абат Қадемұлы осындай іскерлік қабілетінің арқасында облыстық деңгейдегі жоғарғы қызметтерді абыройлы атқарды. 1992-1994 жылдары Орал облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарса, еліміздің Жоғары Кеңесінің депутаты болып та сайланды. Абат Қадемұлы облысымыздың басқару саласында жүргенде ауыл шаруашылығы іргелі дамыды. Ал осы атқарылған, бүгінгі күнде өз нәтижесін беріп жатқан жұмыстарда бұл азамат ағаның өзіндік қолтаңбасы қалды. Мәселен, 1990-93 жылдары Ақ Жайық өңірінде 1,5 млн. га жерге дәнді дақылдар егіліп, жақсы өнім алынса, ол егістік алқаптың көлемі 250 мың гектарға дейін кеміген еді. Егістік науқанына тұқым әзір болмады. Осыны көре білген білікті басшы құзырлы құрылымдар алдында мәселе көтеріп, облыс бюджетінен ауыл-аймақ деңгейін көтеруге 1 млрд. теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөлгізіп, шаруаларға қолдау жасады. Төрт түлік санағы жүргізілді. Малдәрігерлік коммуналдық мекемелері құрылды. Облыстағы зауыттар арқылы ауыл шаруашылығына керекті қосалқы бөлшектер мен қондырғылар шығару жолға қойылды. Соның нәтижесінде 2004 жылы егістік көлемі 700 мың гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар Абат Қадемұлы бастаған облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді суландыру-суғару жүйесін дамыту да іске асырылды. Ал бүгінгі күнде бұл жұмыс қарқынды дамып келе жатқаны мәлім. Жетпіс жасты алқымдаса да, Абат ағамыз әлі тың. Ұлықтау кешінің алдында облыстық «Aqjai’yq» арнасы түсірген «Арды ойлаған азамат» деректі фильмі жиналған көпшілікке ұсынылды. Мерейтой иесін аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар мерейтой иесіне иығына шапан жапты. Сондай-ақ облыстық деңгейдегі ұйымдар атынан құттықтау хаттар табысталды. Ұлықтау шарасында Абат Қадемұлымен қызметтес болған аға-апалар жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сондай-ақ ауданымыздың сыйлы азаматы Жасұлан Байғонақов ел сыйлаған абзал азаматқа сәйгүлік міңгізді. Осы бір өткен мерейтой шарасында сөз алған Абат Қадемұлы: -Мен қандай лауазымды қызметте болсам да, халқыма қызмет етуді мақсат еттім. Сол мақсат жолында бойымдағы барлық күш-жігерімді аямадым. Туған елден құрмет алу — адамның ең биік шыңы болып табылады ғой. Сол құрметті бүгін мен туған жерімнің халқынан көріп отырмын. Ал бұдан асқан маған бақыт жоқ. Сондықтан өзімнің өмірдегі бүкіл жинаған тәжірибемді бүгінгі елімізде жасампаз істермен айналысып жатқан жастарға үйрете беруден жалықпаймын, -деп жүрекжарды тілегін айтты. Елі сыйлаған азаматтың мерейтойы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлының мазмұнды бағдарламасымен жүргізіліп, ұлттық бағыттағы әндермен өріліп отырды. Бұндай шараның бүгінгі жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікке, туған елге деген патриоттық сезімінің қалыптасуына әсер етері сөзсіз.

Гауһар ӘДІЛЖАН, Әсем БОЛАТ


АУЫЗ СУ УАҚЫТПЕН БЕРІЛЕТІН БОЛАДЫ

Күні: , 155 рет оқылды

13 ақпан күні аудандық коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны мекемесінің басшысы Әділжан Өтебаев және Қазталов ауылдық округі әкімі Жүсіп Шакуов аудан орталығында қалыптасқан ауыз су мәселесіне орай брифинг өткізді. -Қазіргі таңда Қазталов ауылында ауыз су қысымының азайып кеткені белгілі. Баршаға аян, таза ауыз су аудан орталығына Лекер су қоймасынан тартылады. Бұл су жүйесі құбырының ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Су мұнарасынан сағатына 10 текше метр, ал тәулігіне 240 текше метр су өндіріледі. Бұл судың 180 текше метрі су мұнарасы арқылы тұрғындарға, 15 текше метрі тікелей құбырмен ауруханаға, 15 текше метрі су таситын көліктер арқылы тасымалданса, ал қалған 30 текше метрі Әжібай ауылына беріледі. Яғни, тәулігіне өндірілген су толығымен шығындалуда. Сонымен қатар өткен жылы аудан орталығына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауыз су тартылды. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылдың осы маусымында аудан орталығындағы су құбыры тартылған аула саны 440 болса, ал 2018 жылы аула саны 1200-ге жеткен. Сәйкесінше, таза су тұтынушылар саны 3 есеге артты. Сол себептен де аудан орталығында таза суға қосылған үйлердегі, әсіресе Шарафутдинов, Лұқманов, Жангелдин көшелеріндегі үйлердегі судың қысымы мүлдем төмен. Осыны ескере келе жақында қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізіп, ақылдасып, суды белгілі бір уақытпен беру туралы шешім қабылданды. Су енді 19 ақпаннан бастап тұрғындарға қолайлы таңғы, түскі және кешкі уақыттарда берілетін болады. Ал бұл қалыптасқан су қысымының төмендігі мәселелесін шешу мақсатында қосымша екінші құбыр тарту үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып, ол аяқталуға жақын. Бұл жоба іске асқан жағдайда су мәселесі бір шешімін табады деп санаймыз. Ал судың берілу уақытының кестесі әлеуметтік желіде және газет бетінде жарияланады, -деді кәсіпорын басшысы Әділжан Өтебаев. Брифинг барысында осы және басқа да қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


КИІКТІ ЕЛ БОЛЫП ҚОРҒАЙЫҚ!

Күні: , 106 рет оқылды

12 ақпан күні Қазталов ауданы орталығында аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері, округ әкімдері және салалық мекеме басшыларына «Охотозоопром» ӨБ» РМҚК-ның бөлім басшысы Нұрбек Бекмановтың, осы мекеменің ғылыми қызметкері Бақтияр Ташеновтың, сондай-ақ инспекторлар А.Гринчинның және С.Сачаваның ұйымдастыруымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киіктерді ұрпаққа сақтайық!» атты тақырып бойынша киікті ел болып қорғаудағы өзекті мәселелер көтерілді. Жиын да сөз алған Бақтияр Ташенов ауданымыздағы табиғат байлығы киіктерді зерттеу және зерделеу туралы тағылым болатындай ақпараттармен таныстырды. Соның ішінде 2017 жыл санағы қорытындысы бойынша ауданымызда 98 мыңнан астам киіктердің бар екенін хабарлады. Бұл дегеніміз, еліміздегі киіктердің 80 пайызы Батыс Қазақстан облысы жерінде мекен ететіндігін көрсетіп отырғандығын атады. Киік санының көбеюіне аудан көлемінде және тыс жерлерден келетін түрлі қаскөйлердің бас көтеруі кедергі келтіріп, осы жағдайдың алаңдатушылық туғызып отырғанын атап айтты. Мысалы, тек киік бойынша 2017 жылда аудан көлемінде бірнеше қылмыстық іс қозғалған екен. Қаскөйлердің бұл қылмыстары үшін ҚР-ның заңнамасы бойынша мемлекетке келтірген залалын өтеу үшін қылмыскердің басындағы мүлкін тәркіленіп, бас бостандығынан айырылатындығы айтылды. Сондай-ақ болашақта қылмыскердің қара басына ғана емес, сонымен қатар балаларына зардап келетіні атап көрсетілді. Жиынның соңында Бақтияр Ташенов,- киікті ел болып қорғасақ қана даламыздың еркесін болашақ ұрпаққа сақтай аламыз! -деп тұжырымдады сөзін.

Қайрат ЖАҚЫП


АРДАГЕРЛЕР ОЙЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ

Күні: , 132 рет оқылды

12 ақпан күні аудандық ардагерлер кеңесінің Пленумы өтті. Пленумға аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер бастауыш ұйымының төрағалары мен қоғамдық ұйым және салалық мекеме жетекшілері қатысты. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінен туындайтын ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымдарының алдына тұрған міндеттер туралы баяндама жасап, биылғы жылғы алда тұрған міндеттерге тоқталды. -Ардагерлердің алдында болашақ қоғам үшін маңызды мәселелер әлі де көп. Солардың бірі еліміздегі той мәдениетін, өлім жөнелту дәстүрін қалыптастыру мәселесі, яғни ысырапшылдық пен астамшылыққа жол бермеу. Ардагерлер ұйымдары болашақта үгіт-насихат жұмысын жүргізудің үш бағыты бойынша, атап айтқанда «Дәстүр мектебі», «Алтын ұя мектебі», «Ағаның ақылы» бағыттары бойынша жұмыстар жүргізу міндеттері тұр. Осы жұмыстарға ардагерлер ұйымдарымен бірлесе отырып, мемлекеттік органдар, саяси партиялар бірге жұмыстанады деп санаймын, — деді. Отырыста сөз алған еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов рухани жаңғыру аясында қағазбастылыққа салынбай, негізінен жастарға ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру бағытында жанды жұмыстар жасауына көңіл бөлу қажеттігін айтып өтті. Отырыста аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетов ардагерлермен атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде хабарламалар жасады. Сондай-ақ Пленумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары болып Гүлжиян Измағұлова сайланды. Отырыс соңында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан бір топ ардагерлерге алғыс хаттар табысталды.

Жұлдыз АСҚАР


ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР БАС ҚОСТЫ

Күні: , 146 рет оқылды

12 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Азаматтық бастамаларды іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде қоғамдық сананы жаңғыртудың жолдарын, басқа да қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге байланысты пікірталастар мен оларды оң шешуге бағытталған шаралар туралы ой-пікір, ұсыныстарын айтты. Кездесу барысында аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Джангереева баяндама жасап, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы У.Əбішев, еңбек ардагерлері Н.Ризуанов, Т.Мұқанов өз ойларын ортаға салды. Кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды дер кезінде жарыққа шығару мәселелері көтерілді. Жиында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың ролі туралы, ауданда банктер, кәсіподақтар жұмысын жандандыру, аудандағы діни ахуал, теолог маманның тапшылығы, газет қызметкерлері жұмысы, блогерлер тапшылығы туралы пікірін білдірді. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Н.Хабибуллина қоғамдағы отбасы құндылықтарын арттыру туралы, Жалпақтал мешіт имамы Т.Нұрғалиев ауылдық округтерде діни мамандар тапшылығы, оларды даярлау туралы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Нығметов отбасы тәрбиесі, мал ұрлығы ауыздықтау туралы өз ойын ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.