АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 12.02.2018


ЖАЛПАҚТАЛДА ЖАҢА МАЛ СОЮ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 164 рет оқылды

Жалпақтал ауылында модульді мал сою алаңы ашылды. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған кепілсіз несие көмегімен үш ай ішінде тұрғызылған нысан – «Жалпақтал» АӨК мүшелеріне ғана емес, барша ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Шыны керек, ауылда ашылған заманауи мал сою алаңының маңызы өте зор. Ауылда мал баққан шаруа енді бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып сандалып жүрмейді. Оның үстіне мал сою бекеті жанында болашақта – шұжық, ет цехы және асханасы мен қонақ үйі болмақ. Мал сою алаңының ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков кәсіп иелерін ашылу салтанатымен құттықтады. -Елбасымыз биылғы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында елдің дамуының жақсартуда мемлекет алдындағы жаңа он міндеттерді айқындап берген болатын. Осы құжаттың үшінші міндетінде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері қарастырылып, ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігін атап көрсеткен болатын. Тәулігіне 10-15 бас ірі қара малын соятын модулдік мал сою пунктінің құрылысы өткен жылдың қараша айында басталып, қысқа мерзім ішінде пайдалануға беріліп отыр. Бұ ауыл тұрғындарының қуанышы, баршамыздың қуанышымыз. Жаңадан ашылған модульдік мал сою пунткінің жұмысы жанданып, тұрғындарға қызмет көрсетуде жаңа жетіктіктерге жете берсін,-деді аудан басшысы Абат Абайұлы. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған модульді мал сою пунктінің құрылысы қараша айында басталған. Тез құралатын қабырғалардан тұрғызылған қасапханада тәулігіне 10-15ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы және бар. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған 19 млн.700 мың теңге несие алған. Жаңа орынның тұсауы кесіліп, келген меймандар шаруашылық тынысымен танысты. Ахметқали ҚАРАҒОЙШИН, «Жиенбай» ЖШС-нің басшысы: — Кеңес дәуірінде құрылған Жалпақтал ауылындағы еткомбинаты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын тоқтатқан еді. Енді міне шағын ғана мал сою алаңы бүгін өз жұмысын бастады. Елдегі ырыс-берекенің, осындай мүмкіндіктің бәрі еңбектің арқасында келеді. Дархан Догоров, «Жалпақтал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы: -Бүгінгі таңда мемлекет ұсынып отырған жеңілдетілген несиелер біз сияқты кооперативтерге үлкен мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бастаған ісіміздің болашағы зор екенін байқап отырмыз. Мал сою пунктіміз санитарлық талаптарға сай.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ҚАЗТАЛОВ-ОРАЛ МАРШРУТЫ АЛҒАШҚЫ РЕЙСІН БАСТАДЫ

Күні: , 164 рет оқылды

12 ақпан күні Қазталов-Орал маршрушты бойынша қатынайтын жолаушылар автобусының алғашқы рейсіне ашылуына орай шара өтті. Шара да сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — «Жиенбай» ЖШС-ы Қазталов және Жалпақтал ауылдарының тұрғындарын 28 орындық микроавтобус көлігімен жолаушыларды тасымалдауын бастады. Бұл облыс орталығымен аудан тұрғындарының қатынау мақсатында Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен келісіп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомабиль жолдары бөлімі тендер жасаған кезде «Жиенбай» ЖШС-гі ұтып алды. Ендігі мақсат аудан тұрғындары болып, қолдау көрсету. Барша жолаушыларға сәтті сапар,-деді. Сонымен қатар шарада «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы Ахметқали Қарағойшин де сөз алып, құттықтау тілегін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі Абат Абайұлы «Жиенбай» ЖШС-ны өткен жылы өткізліген республикалық «Парыз-2017» конкурсының дипломымен марапаттады. Шара барысында облыс орталығына жүргелі тұрған №211 маршрутына Бостандық ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Жапақов лебізін білдіріп, ақ батасын берсе, ауданды мәдениет үйінің өнерпаздары Ж.Хайрушев пен Б.Сәртөк «Жолың болсын, жолаушы!» әнін орындады. 28 орындық микроавтобустың бүгінгі рейсінде 12 адам облыс орталығына аттанды. Осы автобуспен бара жатқан ауылымыздың «Алтын алқа» иегері Фариха Есенғалиеваға жеңілдік жасап, тегін билет берілді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ЖҰМЫС ЖАСАУДА

Күні: , 132 рет оқылды

Елімізде халықты жұмыспен қамту, сол арқылы олардың тұрмысын жоғары деңгейге көтеру — басты міндет болып табылуда. Бұл орайда Елбасымыздың халыққа арналған Жолдауларында айтылып, тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр. Ауданымызда да халықты жұмыспен қамтуда іргелі істер атқарылып жатыр. Өткен жылы халықты жұмыспен қамту орталығы заманауи жөнделген, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алатын ғимаратқа көшті. Бұған аудан әкімі Абат Шыныбеков үлкен қолдау жасады. Нәтижесінде ауданымыздың халықты жұмыспен қамту орталығы облыс бойынша Орал мен Ақсай қалаларындағы қызмет көрсету түрлері бойынша жетілдірілген орталық болып отыр. Қазіргі күнде орталықта жұмыс іздеушілер мен жұмыс атқаратын арнайы менеджерлер қызмет жасауда. Олардың негізгі қызметтері — жұмыс іздеушілерді жұмыссыз ретінде еңбек нарығы базасына енгізу, профильдеу, жұмысқа орналастыру және жұмыссыздар арасында мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жұмыс атқаратын промоутер қызметі де бар. Қызмет орталығында арнайы электронды күту залы орнатылып, тұрғындар кезекпен талон алады. Сондай-ақ орталықта жұмыс іздеушілерге арналған өз-өзін басқару аймағы да қызмет атқарады. Бұнда жұмыс іздеушілер мекен-жай анықтамасын, бос жұмыс орындарын және тағы да басқа өздеріне қажетті қызмет түрлерін іздеп, таба алады. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Артур Берденов, -Кешегі Елбасының Жолдауында айтылғандай әлеуметтік саясаттың азаматтарды толығымен экономикалық өмірге тарту міндеті тұр. Бұндай бағытта ауданымыздағы жұмысқа орналаса алмай жүрген адамдарды жұмысқа тарту — өте өзекті мәселе болып табылады. Сонымен қатар қай жерден қандай мамандық алуға болатынын туралы және еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін зерттеп, нақты болжам жасау да біздің міндетіміз. Міне, біз қазіргі күнде осы бір жаңартылған жаңа жұмыс форматы бойынша қызмет істеп жатырмыз, -деді.

Әсем БОЛАТ


БАЛЫҚ АУЛАУДАН САЙЫС ӨТТІ

Күні: , 152 рет оқылды

10 ақпан күні аудандық туризм және экология орталығының ұйымдастыруымен Сарыөзен жағасында балық аулаушылар арасында жарыс өтті. Жарысқа балық аулауға деген қабілеті бар ауыл тұрғындары қатысты. -Балық аулауда тәжірибеміз мол, сондықтан да оны қармаққа түсірудің еш қиындығы жоқ. Балық аулауды жастайымнан кәсіп етіп келемін. Балық аулағанда өзімді сергек сезініп, табиғатта тамаша демалып қаламын. Ірі балық ауыма түсіп жатыр, қуаныштымын, -дейді қайыңдылық Аслан Жайынов. Жарыс соңында қармаққа іліккен балықтың салмағы мен өлшеміне байланысты қазылар алқасы жүлделі орындарды белгіледі. Айта кетер болсақ, 1 орынды Аслан Жайынов, 2 орынды Талапқали Қожанов, 3 орынды Асылбек Қазиуллин алса, басқа да қатысушылар «Жас балықшы», «Ең үлкен балықшы», «Үздік жабдықталған балықшы», «Бірінші балық» номинацияларын иеленді. Салауатты өмір салтын ұстанған басқа балықшылар да назардан тыс қалмай, дипломдармен марапатталды. Халықтың басым бөлігі бос уақытында балық аулаумен айналысады. Біздің мақсатымыз – әуесқой балықшыларды біріктіріп, тамаша демалыс сыйлау, -дейді аудандық туризм орталығының директоры Нұрлан Жасқалиев.

Жұлдыз АСҚАР


«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» ƏДЕБИ-САЗДЫ КЕШ

Күні: , 158 рет оқылды

9 ақпан күні аудандық мəдениет үйінде М.Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» атты əдеби сазды кеш өтті. Əдеби кеш Мұрат Ахметов пен Сыйлық Құсайынованың орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» əнімен өрбіді. Сазды кеште ақынның өмірібаяны туралы айтылып, өз дауысымен оқыған өлеңдері тыңдалды. Сондай-ақ Нұрия Хабибуллина, Абзал Есенғазиев, Əсет Рахимов, Аружан Серік, Алтынай Бақберген жəне Қазталов орта жалпы білім беретін мектебінің бір топ оқушылары ақынның поэзия топтамасынан өлеңдер оқыды. Кеште мəдениет қызметкері Нафхат Базарғалиев «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» өлеңін қазақтың қара домбырасымен жүректерге жеткізіп жырласа, басқа да өнерпаздар ақынның өлеңдерінен əндер шырқады. Сазды əнмен, жүрек тебірентер жырмен төгілген кеш өте əсерлі өтті.

Жұлдыз АСҚАР


ҚАЗАҚТЫҢ АҚИЫҚ АҚЫНЫНА АРНАЛҒАН ƏДЕБИ ШАРА ӨТТІ

Күні: , 138 рет оқылды

9 ақпан күні аудандық кітапханада қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 87 жыл толуына орай «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби кеш өтті. Кеште аудандық кітапхананың директоры Гүлдана Дәулетова: -Ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі әр шығармасынан өрнек тауып, оқырманының ойына қанат, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді, -деді. Шара кітапхананың қызметкері Əсет Рахимовтың Мұқағали ақынның образын шебер сомдай отырып «Бұлқынып жатыр» өлеңін мəнерлеп оқудан басталды. Одан кейін «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді сахналанды. Қойылымдағы образдарды кітапхананың қызметкерлері Ербай Шамуратов, Əсет Рахимов, Данагүл Хайдар, Аян Айтмағанбетов кəсіби əртіс болмаса да шебер сомдай білді. Кеш «Поэзия менімен егіз бе едің?», «Жырлайды жүрек», «Ашық микрафон» сынды бөлімдерден тұрды. Бірінші бөлімде Қазталов орта мектебінің оқушылары мен Тереңкөл ауылдық кітапхананың оқырманы Əсемжан Отарбай, Бірік ауылдық кітапханасының оқырмандары Нұрхат Жанғалиев, Нұрсая Мерғалиева жəне кітапхананың оқырмандары Мұқағали ақынның өлеңлерін мəнерлеп, нақышына келтіре оқыды. «Жырлайды жүрек» бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндері Тереңкөл ауылдық округінен келген Ахат Айдос, қазталовтық оқырман Жəнібек Базарбек шырқады. Ал «Ашық микрафон» бөлімінде ақынға арналған туындыларды Беспішен елді мекенінің кітапханасының оқырманы Мұхит Закарин, Нұрхат Жанғалиев, т.б. оқырмандар мəнерлеп оқыды. Сонымен қатар кеште сергіту ойны да ойнатылды. Шара соңында аудандық кітапхананың əдіскері Гүлжиян Базартаева сөз алып, əсерлі де мағыналы шараға қатысқан кітапхананың оқырмандарына алғысын айтты. Сондай-ақ шараға белсене қатысқан оқырмандарға алғыс хаттар табыс етілді. Гауһар ƏДІЛЖАН

«ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРІП, САПАҒА ЖҰМЫС ЖАСАУ ҚАЖЕТ»

Күні: , 146 рет оқылды

9 ақпан күні Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен аудандық ветеринария саласы бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңес өтті. Бұл кеңеске аудандық ветеринария саласының мамандары ауданымызға қарасты округ әкімдері, шаруа қожалық жетекшілері қатысты. Қазіргі кезде мал шаруашылығын дамыту туралы көп айтылады. Бұрын олай еді, қазір былай болды деп жатады. Қалай болғанда да, мал шаруашылығын дамытудағы олқы тұстар аз емес. Мал шаруашылығы әңгіме бола қалса, маман жоқ дегенді естиміз. Шынымен мал мамандары жетпей ме әлде бұл мамандық иелері қажетсіз болып отыр ма? Қалай десек те, маман қашан да керек. Қазталов өңірінде қай кезеңде де білікті, дипломды мал мамандары жеткілікіті болыпты. Сонау өткен ғасырдың бас жағындағы ұжымдастыру кезінің өзінде талай мамандар еңбек еткен. Бүгінде мал дәрігерінің мамандары жеткілікті болғанымен, жаңа ғана бітіріп келген жас маман бірден креслоға жайғасқысы келетіні жасырын емес. Жиында аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық ветеринариялық станциясының директоры Талғат Есполов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов өз салалары бойынша хабарлама жасады. Бұрын кеңес үкіметі тұсында кеңшарлар мен ұжымшарларда 20-30 мың бас қой, мыңдаған бас сиыр, жылқы өсірілді. Әрбір шаруашылықта, оның бөлімшелерінде бір-бірден мал дәрігерлері болды. Малдың ауруға шалдықпауы қатты қадағаланды. Ауру мал шықса, дереу бақылауға алынып, өзге өңірге тарап кетпеуі үшін ветеринарлық жұмыстар жүргізілді. Вакцина мол болды. Ал қазір бір ауданда қанша мал басы бар, соған орай санап тұрып дәрі-дәрмек беріледі. Ал есепке енбей қалған малдың бірінен ауру шықса, бүкіл малға жұқтырады. Бұрын аурулардың ішінде жиі кездесетіні тек бруцеллез еді. Қазір аусыл, сібір жарасы секілді небір аурулар қаптап кетті. Бұрынғы мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, бүгінгі күні малдың сау болуы сол малдың иесін алаңдатуы керек қой. Кеңес үкіметі тұсында мал мемлекеттің меншігінде болды. Ал қазір мал халықтың өзінікі ғой. Неге өзінің қорасындағы малына жаны ашымайды, неге ауру шыққан жағдайда шығатын шығынды ескермейді. Шаруа қожалығының иесі жеке меншігіндегі малын ектіруге құлықсыз. Олар ветеринарияның мәні мен маңызын түсіне бермейді, түсінгілері де келмейді. Күндікше өмір сүріп отырған адамдар сияқты. Ауру шыға қалса, барлық малымнан айрылып қаламын-ау деп қорықпайды. Сауатты қожалық иесі малын күтіп, қарайтын мал дәрігерін ұстар еді. Және оған төлеген жалақының қайтарымы бар екенін білер еді. Мал дәрігерін ұстамайды, ұстаса да мардымсыз ғана жалақы бергісі келеді. Меніңше, қазір мал маманы жоқ емес, бар. Бірақ ол мамандарды қажетсініп отырған мал иелері жоқ. -Ақылы қызмет көрсетіп, қосымша қаражат көзін қарастыру қажет. Шаруашылықтарменкелісім шартқа отыру қажет. Жақсы жұмыс атқарған мал дәрігерінің жалақысын көтеріп, сапаға жұмыс жасауымыз керек. Сіздер көлік сұрап отырсыздар. Көліктер ветеринария саласына 2012 жылы берілді. Жаңа көліктерді ветеринария саласына аламыз ба әлде мектептерге көлік алып береміз бе? Қалай ойлайсыздар? Көлікті қадағалау жоқ,-деген Абат Абайұлы жаңа көліктің алынбайтындығын кесіп айтты. Жиында бірі мал моласына қаржы бөлінсе десе, енді бірі мал дәрігерінің штатының аздығы, кейбір округтердегі ветеринария мекемесінің күрделі жөндеу жүргізу секілді ұсыныс-пікірлерін айтты. -Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданымыз облыс бойынша алдыңғы орында. Ветеринария бөлімі мен ветеринариялық станцияның арасында ешқандай байланыс жоқ. Біліктілігін арттыру курсына барып жатқан мал дәрігерінің мамандарын көріп отырғаным жоқ. Сонымен қатар жеке тұрғындар арасында да байланыстың жоқтығын көріп отырмын. Қазірден бастап бірдейлендіруді жүргізу қажет. Былтырғы жылы Талдыапанның Қособасындағы жағдай қайталанбас үшін әр үйге барып, жеке тұрғынның малының есебін алу керек. Соңғы жылдары мемлекетіміз ветеринарияға көңіл бөліп, түрлі заңнамалық құжаттар қабылдап жатыр. Жалпы, ветеринария мал шаруашылығының ең беделді саласы болып табылады. «Медицина адамды емдейтін болса, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар. Өйткені ветеринария жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау малдың етін жеген адам аурудан алыс болады,-деп жиынды қорытындылады аудан басшысы Абат Шыныбеков.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ШКІ ІСТЕР БӨЛІМІ ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Күні: , 146 рет оқылды

9 ақпан күні «Қамқорлық» республикалық акциясы аясында аудандық ішкі істер бөлімі тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсетті. Акция барысында аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Әділбек Ғазезов, — Бұл акцияның мақсаты – әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және басқа санаттағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету болып табылады, -деді. Кездесуде сөз алған аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Қуанышбек Ақынбасов осындай акциялардың әлі де жалғасын таба беретінін айта келіп, ішкі істер бөліміне алғысын білдірді.
«Ауыл айнасы» ақпарат

ҚАЗТАЛОВТЫҢ «АЙГҮЛІ»… ЖАҢА ӨНЕР ТОБЫ ӨМІРГЕ КЕЛДІ

Күні: , 160 рет оқылды

Аудандық саз мектебіне барғанда жанды дауыстағы әдемі ән естілді. …Сіңілім тоқта, тоқташы, Шекараң үйдің қақпасы. Әйелдің бақыты, әйелдің бақыты, Әйелдің бақыты – отбасы… Иә, дүниенің сұлулығын, жылулығын, әдемілігін біз нәзік жандылар әйел адамдармен бағамдаймыз. Адамзатты дүниеге әкелген әйел-ананың орны әрқашанда төр болып саналады… Осы бір әсем әнді Саз мектебінің жанынан нәзік жандылардан құралып жатқан алғашқы вокальдық-аспаптық ансамбль орындап жатыр екен. Әдемі әнді айтқанда орындап тұрған қыздардың өздері де әдемі болып кетеді екен!.. Тек қыздардан құралған бұл ансамбль енді жақында халық алдында өздерінің өнердегі тұсауын кеседі. Ансамбльдің атауы әзірше құпия. Барабанда – ЖАНАТ, бас гитарада – ДИНАРА, ритм гитарада – ГҮЛШАТ, сентизаторда – ӘСЕМ, ал солистері ГАУҺАР мен ӘСЕМГҮЛ. Осы бір әдемі қарындастарымыз өзара ақылдаса келе өнер тобын құрған. Ал оны Саз мектебінің директоры ЖАДЫРА қолдаған. Сонау 70-інші жылдары Алматының Қыздар педагогикалық институты жанынан «Айгүл» ансамблі құрылып, Франция елінде концерт қойғанын білеміз. Сол кезде мәдениеттің биік шыңында жүрміз дейтін француз халқы: -Beau!., Beau!., Une merveille!., -деп таңданғандарын білеміз. Енді міне, Сарыөзеннің жағасынан алғаш рет тек қыздардан құралған ансамбль өмірге келді. Өнерге қадам басқан бұл өнер тобына табыс тілейміз! (Р.S. Әзірше бағдарламасы құпия. Мерекелік концертте ансамбльдің тұсаукесері өтеді.)

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.