АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 09.02.2018


ШӘКІРТТЕРДІҢ ЖҮЗІНДЕ ӨНЕРГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ БАР…

Күні: , 116 рет оқылды

Қазталов балалар саз мектебі өзінің тарихы жағынан бай деп айта аламыз. Бұл мектепте иісі қазақтың ардақтысы, «Айман-Шолпанды» жатқа айтатын Қатимолла Бердіғалиев те қызмет жасады. Бұл мектептен талай өнер тарландары шығып, бүгінде өнердің биігінде жүр. Бүгінгі саз мектебінің орны тар болғанмен, олардың өнерге деген құлаштары кеңге сермелуде. Қазіргі күнде саз мектебінің директоры болып өнер десе ішкен асын жерге қоятын шаңырақтан шыққан Жадыра Тілеубаева қызмет жасауда. Жадыра Тілеубаева былай деп әңгімелейді: -Күні кеше ғана жағдайымызды білу үшін аудан әкімі Абат Абайұлы келіп кетті. Жұмыстарымызбен танысты. Қай қызметте жүрсе де өнерді назарынан тыс қалдырмаған аудан әкімі алдағы уақытта мектепке материалдық жағынан көмегін аямайтынын жеткізсе, Алла қосса жаңа орынның да игілігін көретін күннің алыс емес екенін айтып, ұжымымызды бір қуантып тастады,-деді. Мектепте білікті ұстаздар қызмет жасауда. Домбыра сыныбынан Нұргүл Рысмағанбетова, Әсемгүл Жұмабаева, Жанат Өтешова, қобыз сыныбынан Жасқайрат Баймурзин, Айгүл Салаватова, Динара Сапарғали, баян сыныбынан Ерлан Уаресов, Әсем Бекжан, Әділ Нығметов, фортепиано сыныбынан Нұрлан Нығметов, Майра Қапизова шәкірттерге дәріс берсе, ал хореографиядан Зәмзәгүл Қуандықова, Ақнұр Шәріпова шәкірттерді мың бұралған би өнеріне баулуда. Сонымен қатар прима, сольфеджио аспаптарынан да Розагүл Байғонақова және Гүлшат Ізмағамбетова дәріс беруде. Саз мектебінде ұлттық өнеріміздің биік шыңы болып саналатын терме сыныбынан Гүлзия Жанғалиева сабақ беріп, терме өнері тек Сыр өңірінде ғана емес, Сарыөзен өңірінде де даму үстінде екенін дәлелдеуде. Бұнымен қоса оқушылардан құралған хорға ауданымызға танымал әнші Гауһар Мерғалиева жетекшілік жасаса, өнер династиясын жалғастырып келе жатырған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген Асхат Нығметовтің де еңбегі зор. Біз барғанда саз мектебінің ұстаздары шәкірттерге өнерден дәріс беруде екен. Әр бөлмеден шығып жатқан түрлі әуендер осы бір тар орынға сыймай, ақпанның ашық аспанына тарап жатқандай болды… Шәкірттердің жүзінен өнерге деген құштарлықты байқадық. Ал сол құштарлықты әрі қарай дамыту үшін жоғарыда аталған ұстаздар аянбай еңбек етуде.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


НЕГЕ «НЫСАНБАЙ КӨПІРІ» АТАНДЫ? ҚАРАШЫҒАНАҚҚА ФИНЛЯНДИЯДАН ҚҰБЫР ТАСЫҒАН КІМ?..

Күні: , 188 рет оқылды

Сарыөзеннің үстінен өтетін көпір неге «Нысанбай көпірі» аталатыны қызықтыратын еді. Енді соның түйіні шешіліп келе жатқандай. Басынан бастайық. Өткен жазда ауылымызға Атырау қаласынан Радош есімді азамат баласымен арнайы келіпті. Келгендегі мақсаттары — өздерінің арғы аталары Нысанбай бабасының туған жері «Ағаш үй» атанып кеткен жерге тәу ету, зиратқа дұға жасау екен. Осы жоралғыларға ауылымыздың азаматтары Махамбет Тайгарин мен Серік Исмағұлов қызмет көрсетіп, қол ұшын берген (бұл азаматтарға алғыс айтамыз). Нысанбай деген кім? Оның руы — Тама. ХIХ ғасырда өмір сүрген. Ауқатты адам болған. Нысанбайдан Топыш және Қыдыр есімді балалар болыпты. Топыштан жеті бала болған екен. Соның Ғариф деген баласынан Марфияз есімді ұлынан Радош және Сәбина атты ұл-қыз қалған (Радош — Атырауда, Сәбина — Оралда тұрады. Екеуімен де телефон арқылы сөйлесілді). Ал Равиль деген ағалары 1945 жылы Венгрияда қаза тапқан. Біздің білгеніміз — ХIХ ғасырда Сарыөзен үстіне ағаш көпірді Нысанбай салдырған. Нысанбай Меккеге сапарында қайтыс болды деген әңгіме қалған (әзірге нақты емес). Нысанбайдың Топыш атты баласы және одан тараған жеті бала Кеңес үкіметі орнағанда қуғынға ұшыраған. Шет жаққа, соның ішінде Иран, Сауд Арабиясы жағы… Осы жеті баланың біреуі мұнай саласын зерттеген екен. Кеңес үкіметі орнамастан бұрын Қарашығанақта мұнай барын біліп, сонау Финляндиядан құбырларды да әкеліпті. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл жұмыс тоқтаған сияқты. Ал өзінің тағдыры тағы белгісіздеу. Марфияздың айтуынша (Радоштың әкесі) әкелері Топыш қазіргі Ағаш үй деп аталатын жерде екі қабатты қылып салған 12 бөлмелі үйде тұрыпты. Ал әжелері Топыштың жұбайы Қазандағы татар молдасының жалғыз қызы екен. Татар халқының есімдерімен аталуы да сондықтан болып отыр. Міне, Ағаш үй аталған жерден талай білімдар адамдар шыққаны анықталып келе жатыр. Ендігі бір айтар мәселе бұл мақалада қателескен кейбір деректер болуы да мүмкін (өйткені телефон арқылы алынғандықтан). Сондықтан осы деректерді әрі қарай тереңдету үшін бүгінде Орал қаласында тұратын Сәбина апайдың және ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болған, олардың тумалары Гүлжан апайдың мекен-жайларын аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығы (өлкетану) мекемесіне берілді. Рухани жаңарулар жүріп жатқан кезде туған жердің мүлгіп тұрған тарихын жас ұрпаққа білгізу — біздің міндетіміз болып қала бермек.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«СОЙҒАН МАЛДЫҢ ТЕРІСІНЕН ЫҒЫР БОЛДЫМ…»

Күні: , 158 рет оқылды

Сонау 90-ыншы жылдардың басы… Социализмді құлатып, коммунизмге жете алмай қалған уақыт… Дүние дүрбелең… Еншісін алып жатқан «мызғымайтын» Одақтың республикалары… Біздің еліміз де өз еншісін алып, жан-жағына қарап жатқан уақыты. Үлкен газеттерді оқи қалсаң сонау Түркияда, Алманияда, тіпті мұхиттың ар жағындағы Америкада тұратын қазақ бауырлардың тұрмыс-тіршілігіне қызығасың. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінде Түркияда тұратын бір бауырымыздың сұхбаты жарияланды. Оның әңгімесіне көз салсаң, -өзі Стамбулда тұрып, Алмания елінде шағын тері зауыты бар көрінеді. Қойдың жүз терісінен зауыттан шыққан жап-жаңа жеңіл көлікті ала алатынын айтқан. Сосын сіздерде байлық жерде шашылып жатыр ғой, -дейді. Сұрақ қойып отырған журналист ол не байлық?- деп сұраса, -Кәдімгі өзіміздің қойларымыздың терісі, қала берді жүнін айтып отырғаны екен. Таң қаласың, қалай жүз теріге жеңіл көлік сатып алады деп?!. Сүйтсек, бір қойдың терісінен төрт қабат алынатын көрінеді. Сонда 2-3 қойдың терісінен біздің жақта біреудің қолы жететін, біреудің қолы жетпейтін «натуральный дубленканың» кем дегенде бес-алтауы тігіледі екен. Міне, жүз теріге көлік алудың сыры осында жатса керек… Бұны неге келтіріп отырмыз? Тек біздің аймағымызда ғана емес, елімізге тән алаңдатып отырған мәселе – мал терісі мен оның жүнін тиімді пайдалану. Жоғарғы жақтың статистикалық мәліметіне сүйенсек, жылда елімізден 7,5 млн. тонна тері шикізат қалпында арзан бағамен шет ел асады екен. Негізгі себеп – өнімді өңдейтін қазақстандық кәсіпорындардың қауқарсыздығы. Ал еліміздегі малдың 80 пайызы жеке меншіктің қорасында. Сол қорада талай тері тулақ болып жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу еңбекті ақтамайды. Тым арзан. Бұған еліміздегі импорттың ықпалының басым болуы да кері әсерін тигізіп отыр. Осының салдарынан отандық өнім сырттан келетін тауарға жұтылып кетіп жатыр. Ал жаңа жоғарыда айтқан елдер жоқтан бар жасап малдың қиынан қылшығына дейін нарыққа салып жатқанда біздің тұрғындар теріні аяққа таптап, қоқысқа тастаудан аса алмай отыр. Тіпті мынандай да қызық жағдайлар болды. Ауылдағы бір ағайыным айтады: -Осы сойған малдың терісі мен жүнінен ығыр болдым. Ешкім алмайды. Ауылдың шетіне шығарып тастасам, үйдегі Бөрібасар жүнін шашып, кері алып келеді. Өртеуге келмейді. Амалсыз шатырдың төбесіне лақтырудамын. Кепкесін өртеп жіберемін, -дейді. Осы көрініске ой жіберсек, қып-қызыл ақшаны қалай «өртеудің» жолын табуға да қиналып жүр екенбіз. Қазіргі кезде әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі көрінеді. Бұл елде бір күнде үш мыңға жуық тері өндірілсе, жылына 2 млрд. АҚШ долларының тері бұйымдарын сыртқа экспортқа шығарады екен. Осы млрд. табыс тауып жүргендердің ішінде жоғарыда айтқан бауырымыз да бар шығар?.. Енді не істеу керек? Елбасымыз биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айырықша тоқталып, «Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз керек»-деді. Елбасы осындай тапсырма беріп отырғанда ауылдағылар не істеу керек?.. Баяғыша ауылда жұмыс көзі жоқ деп тағы ауызды қу шөппен сүртеміз бе? Неге ауылдағы іскерлер шағын тері цехын ашпасқа? Әрине, шет елдік технологияға бейімделген цех ашу оңай болмас, әрі қаражат та талап етеді, бірақ «алғашқы қарлығашын» жасауға болмай ма? Бұл қала берді біздің ата-бабамыздың кәсібі. Шындығына қалғанда сол түріктерді тері кәсібіне үйретіп жүргенде де сол жаққа қоныс аударған біздің қазақ бауырларымыз емес пе?!. Кешегі өңір басшысы қатысқан халық жиынында да осы мәселе көтерілді. Облысымызда мал терісін өңдейтін кіші зауыт іске кірісуде. Сондай-ақ «Аяз» ЖШС-да қара қойдың 1 келі жүнін 40 теңгеден қабылдаса, терісін 300-500 теңгеге дейін алады екен. Әрине, бұл да көңілге медеу. Бірақ бұл сапалы былғары өнімдеріне деген сұранысты қанағаттандырмайды, әрі мүмкіндігі де жетпеуі мүмкін… Тағы бір шегініс жасайық. Сонау Кеңес Одағы кезінде еліміздің ақ қойының жүндері тонна-тонна болып, Балтық теңізі елдеріне тиынға сатылатын көрінеді. Ал Балтық жағалауындағы ағайындар біздің ақ қойдың жүнінің 1 келісінен 2-3 костюм тігіп, пәленбай сомға кері өзімізге сатты. Бұл шындық. Бүгінгі күнде теріміз бен жүнімізді тиынға шет елге асырсақ, қала берді ауылдағы бөрібасарлардың нәпақасына айналдырдық. Тойынып кеткендіктен болар, кейде бөрібасарлар да азық қылмайды…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«БІР ӨЛЕҢІ БІР ЕЛДІҢ МҰРАСЫНДАЙ»

Күні: , 250 рет оқылды

8 ақпан күні ардагерлер үйінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 87 жыл толуына орай «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» атты шара өтті. Шара барысында «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің мүшелері және ауылымыздың ақ жаулықты аналары немерелерімен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін шырқады. Сонымен қатар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабиуллина Мұқағали ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы мәлімет беріп өтті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАЛПАҚТАЛДА SMS АРҚЫЛЫ ҚҰЖАТ РӘСІМДЕГЕН АНА СӘБИІНІҢ ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІГІН АЛДЫ

Күні: , 191 рет оқылды

Жаңа босанған аналарға енді перзентханадан шықпай тұрып балаларының тууы туралы куәлігін рәсімдеуге болады. Ол үшін egov.kz сайтына тіркелсеңіз болғаны. Сонда бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, аталған мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Осы қызметті алғаш қолданған Жалпақтал ауылының тұрғыны Надежда Полубабкина Жалпақтал перзентханасынан шықты. Жалпақтал ауылында орнласасқан «Азаматтарға арналған» үкіметтік мемлекеттік коорпарациясы АҚ БҚО бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету департаменті Қазталов аудандық бөлімінің басшысының орынбасары Артур Жексеновтың айуынша ауданымыз бойынша алғашқы болып Жалпақтал перзентханасында өмір есігін ашқан Аружан Хайрлиеваға проактивті әдіспен куәлік алу сәті бұйырып отыр. Аружан Хайрлиеваның анасы Надежда Полубабкина Жалпақтал перзентханасында ең алғашқы проактивті әдісті пайдаланып көруші. -Өмірге екінші қызымыз дүниеге келіп, қуанып отырмыз. Оның үстіне жедел, авоматты түрде оп-оңай рәсімделетін куәліктің алғашқы иегері болу қызымызға бұйырыпты. Қуаныштымыз, — дейді жас ана. -«Электронды үкімет» базасына тіркелген жас босанған ананың телефонына құттықтау хабарлама келеді. Ол хабарламада өмір есігін ашқан нәрестеге есім ұсынуға болатынын, сол арқылы туу туралы куәлікті рәсімдеуге болатыны айтылады. Одан кейін бұл жүйе арқылы тіркеуші орган кейбір ақпаратты анықтау үшін ғана қызмет алушыға хабарласуы мүмкін. SMS хабарлама арқылы тек туу туралы куәлікті емес, жөргекпұл, жәрдемақыны рәсімдеп, баланы балабақша кезегіне тіркеуге де болады,-дейді Артур Жексенов

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.