АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 08.02.2018


21 ЖАСТАҒЫ ЖАЛЫНДАҒАН АЙСҰЛТАН

Күні: , 172 рет оқылды

Біз кейде жастар мал бағуға бармайды деп реніш білдіріп жатамыз. Әрине, оның да бір жөні бар болар, бірақ бәрін бірдей жазғыруға да болмайды. Атакәсіпті өркендетіп жүрген 21 жастағы Айсұлтан Сағынғалиды «Қапай» мал қыстағы орнынан көргенде, пікіріміздің қате екеніне көзіміз жетті. Айсұлтан айтады: -Өткен жылы осы орынға келіп, «Алға» шаруа қожалығын құрдым. 200 бас ақбас тұқымды ірі қара малым бар. Мал басын асылдандыру бағытында 5 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алдым. Қазіргі күнде 30 тайөгізді бордақылауға қойып отырмыз. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын салу жоспарда тұр. Енді қазір мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізіп жатырмыз. Қыс айы да қысып тұрған жоқ қой. Бірақ «бөрікті ерте лақтырып тастауға болмайды» дегендей жем-шөп қорын да көктемге жететіндей есептеп отырмыз, -дейді. Айсұлтанның жас болса да шаруақор екенін бірден байқадық. Шындығы керек, осы мал ұстауға қолайлы «Қапай» қыстағында бұрын отырған шаруа қожалығында ескі қора, тіпті қасынан өтіп отырған көгілдір отынды да пайдаға асырмағанын білетінбіз. Сонымен қатар мал да өзеннен суарылатын. Ал бір жылдың ішінде бұл орын адам танымастай өзгерген. Мәселен, 80 метр жер астынан тұщы су көзін скважина арқылы шығарып алса, үйге көгілдір отын да тартқан. Ал жаңадан салынған жып-жылы қорада алғашқы төлдердің де үндері естілуде. Бір жылдың ішінде көп шаруа тындырған Айсұлтан алдағы уақытта бұдан да көп іс тындырары анық.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«ТӨРТҚҰДЫҚ» ҚАҺАРЛЫ ҚЫСТАН ҚАЙМЫҚПАЙДЫ

Күні: , 168 рет оқылды

Қазталов ауданы ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша өңірдегі көш бастаушы аудан болып табылады. Ауданның шаруашылық құрылымдары мемлекеттің түрлі бағдарламаларына қатыса отырып, көптеген нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл жөнінде ауданымызға іссапармен келген кезде өңір басшысы Алтай Көлгінов те атап өтті. Қазіргі күнде ауданымызда мал қыстату науқаны ойдағыдай өтуде. 316 мал орында 35 мыңға жуық ірі қара, 115 мың қой-ешкі, 15 мың жылқы және 158 түйе малы қыстатылуда. Әлі қалған қыс айына жеткілікті 98 мың тонна мал азығы бар. Сондай мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізіп жатырған «Мүслім» шаруа қожалығының жетекшімі Махамбет Тайгариннің «Төртқұдық» қыстағына ат басын тіредік. Біз барған кезде қазақтың ақбас мал тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқыбаев бастаған арнайы топ ақбас тұқымды сиырларды сұрыптаудан өткізіп жатыр екен. Әркезде де шаруа қамымен жүретін Махамбет күнделікті шаруаның басын қайыруда. Бізбен әңгімесінде ол: -180 бас ақбас тұқымды сиыр, одан өзге 120 бас ірі қарам болса, сонымен қатар 600-дей қой малы да бар. Оның үстіне 250 бас баспақ малы да бар. Осы малдарға 14 мың центнер табиғи мал азығы дайындалды. Биылғы қыс шаруа қуған адамдарға жайлы болып тұр ғой. Жалпы қыстан аман-есен шығамыз деген ойымыз бар. Қазіргі күнде ірі қараның алды төлдеп те жатыр, -деді. Махамбет сөз арасында алдағы уақытта ангар қорасын салуды жсопарлайтынын айтып өтсе, скважиналық құдық қаздырып жатқанын да тілге тиек етті. Осы жерде қазақтың ақбас мал тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқыбаев та әңгімеге араласты. -Жалпы облысымыз қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіру жөнінен республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан кейінгі екінші орында тұр. Қазталов ауданында да бұл жұмыс нақты жолға қойылған. Алдағы уақытта осы жұмыстар жалғасын таба беретін болса, аудан мал шаруашылығы саласынан үздіктер қатарынан көріне берері сөзсіз, -деп сөзін сабақтады. Махамбет Тайгариннің шаруа қожалығында болғанда Елбасымыздың кешегі Жолдауда айтып өткен ауыл шаруашылығына «Ақылды технологияларды» енгізу туралы міндеті іске асырылып жатқанын да көзіміз көрді. Бұл орын да электр энергиясын желден және күннен алатын «Гибридит» қондырғысын пайдаланып отыр екен. Бұл қондырғы 4 квт электр қуатын беретін көрінеді. Осындай қаһарлы қыс айында мал қыстату науқанын үлгілі өткізумен қатар қазіргі талаптарға сай заманауи технологияларды пайдалана отырып, алысқа көз тігіп отырған Махамбеттей шаруа азаматын көргенде еліміз болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатарда болатынына сеніммен қарадық.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАЛЫНДАҒАН ЖАЛПАҚТАЛДЫҢ ЖАСТАРЫ

Күні: , 138 рет оқылды

«Ауылым – алтын бесігім» деп тегін айтпаса керек. Жалпақтал ауылы соңғы аз ғана жылдарда адам танығысыз өзгеріп, көркейіп келеді. Ауыл әкімдігі мен кәсіпкер ағалардың бірігіп жұмыс жасағанының арқасында ауыл жолдары тегістеліп, жаяу адамдар жүретін тратуарлар төселіп, су бұрқақтары да орнатылды. Айта берсе ауылдың көркіне көз тоймайды. Ауыл жастары да, спорттан, өнерден кенде емес. Ауылдан шыққан беделді, білімді адамдар да баршылық. Дипломмен ауылға бағдарламасы қарқынды жүзеге асып, ауылымызға ұстаздар, дәрігерлер, т.б маман иелері келуде. Бүгінде біз ауылымыздағы «Жалпақтал Жалынды Жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, төрағасы Алмат Нетқалиевпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. -«Рухани жаңғыру» бағыты бойынша «Туған жер» бағдарламасы аясында Жалпақтал ауылында «Мәдениет-ұлттың бет-бейнесі» атты тәлімдік тәрбиелік сипаттағы байқау оздыру жоспарымызда бар. Мұндағы біздің мақсатымыз ауыл жастарын мәдениеттілікке шақыра отырып, тазалық пен абаттандыруды қолға алу. Қазіргі уақытта осы жобаға байланысты ауылымыздың білім ошақтарында «Тәрбие тал бесіктен» атты ашық сабақтар өтуде. Сонымен қатар мекеме-кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. «Ақ балық, ақ балық қармағымды қап балық» демекші ауыл жастары мен тұрғындары арасында қысқы мұз үсті әуесқой балықшылар сайысын ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Мұнда біз мұз ойып, су тіршілігіне оттегін жіберуді қолға алып отырмыз. Бұл сайысты ұйымдастыруда жеке кәсіпкер Әлібек Сартаев өз демеушілігін көрсетуде. Жалпақтал ауылдық округі бойынша қоғамдық орындар мен көшелерде құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында мекемелермен бірлесе отырып кезекшілік кестесі бекітілген болатын. Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай шараларды өткізу жоспарымызда бар. Сонымен қатар ауылымызда өтетін мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруда Жалпақтал жастары белсенділік танытады деген сенім мол,-дейді Алмат Бауыржанұлы.

Мөлдір ТИМУРҚЫЗЫ


«ТЕСІК ТИЫН» КОМЕДИЯСЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ САХНАЛАНДЫ

Күні: , 142 рет оқылды

6 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры ағылшын драматургі Рэй Кунидің «Тесік тиын» атты қойылымын сахналады. Қойылымның режиссері Шалқыма Меркулова. Режиссер «Тесік тиын» комедиялық қойылымы арқылы адамдардың ақша үшін неге де болса баруға болатынын ашып көрсеткендей. Комедия бас кейіпкер Генри Перкинстің өзінің туған күнінде бір чемодан ақша тауып алуымен басталады. Одан арғы оқиға оның отбасында өрбиді. Ешқашан өтірік айтпайтын шыншыл Генри ақша тапқан күннен бастап түбегейлі өзгеріп шыға келеді. Генри Перкинс тіпті әйелімен басқа мемлекетке қашып кетуді де көздейді. Осылайша оқиғалар қым-қуыт сипат алады, барлық кейіпкерлердің шынайы бет-бейнесі бір чемодан ақша үшін күресте ашыла бастайды. Қойылымда басты рөлдерді Нұрбек Мұқамбетқалиев, Анар Мусина, Мержан Дүйсенов, Гүлхан Елемесова, Жандос Жексенбаев, Азамат Дүйсеков, Нұрхат Жалмұханов секілді театрдың актерлері шебер сомдады. Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова сөз алып, театр ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, ризашылығын білдірді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҰЛЫ АБАЙДЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» ҮҢІЛСЕҢ…

Күні: , 142 рет оқылды

Ұлтымыздың ұлт болып қалуы үшін ұлы Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ұлы Абайдың «Қара сөздеріне» үңілсең, бүгінгі жан-дүниеміздегі жоғалып бара жатқан барлық нәрсені табуға болады. Біз күнде ұлы ақынның сөзіне үңіліп отырсақ, адаспас едік. Ал оны бүгінгі жас ұрпаққа үйретіп отырсақ, ұтарымыз тіпті көп болады. Осыны 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаева мектебі өздерінің басты ұстанымы етіп отыр. Өткен жылдан бері мектепте Абайдың «Қара сөздері» тәрбие сағаттарында, сыныптарда арнайы бағдарлама болып енгізілген. Тіпті ата-аналар жиналысында да Абайдың өшпейтін сөздері айтылады. Бұған білікті ұстаз Бақытқаным Мырзағалиева жетекшілік етеді. Абайды одан әрі тану үшін өткен жылдары сонау Семейге де арнайы барып қайтқан. Бұндай жұмыс рухани жаңғыруымыздың бастысы деуге болады. Сондай-ақ мектепте оқушылардың қолөнер бұйымдары да жасақталуда. Бұнымен қатар мектеп оқушылары Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазталов ауылының көше атауларын зерттеумен шұғылданып жатыр. Туған ауылдың әрбір тасының, шымырлап аққан бұлағының, аңызақ желде тербеліп тұрған жалғыз терегінің тарихын білсе, оны білген адам туған жерден еш ажырамасы анық. Бұл санадағы сілкініс деп ойлаймыз.

Әсем БОЛАТ


ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫҢ ЖЕҢІСІ

Күні: , 188 рет оқылды

3-4 ақпан күндері аралығында Орал қаласында классикалық пауэрлифтингтен және жабдықтырылған пауэрлифтингтен ерлер мен әйелдер арасында ашық қала кубогы өтті. Жарысқа Орал қаласы, Тасқала, Бөрлі, Қазталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысып, 70-ке тарта зілтеміршілер өзара бақ сынасты. Тартысты өткен жарыс нәтижесі бойынша аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен 74 келі салмақ дәрежесінде Дулат Жәнібеков 2 орын, 66 салмақта Ерген Октябрят 3 орынды иеленді. Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушылары Айдын Елемесовті тағы бір мәрте жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындыруды тілейміз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.