АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 02.02.2018


ӨҢІР БАСШЫСЫ ОҚУШЫЛАР ӨНЕРІНЕ ТӘНТІ БОЛДЫ

Күні: , 162 рет оқылды

Ауданымыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағдарламаларға сәйкес ауқымды істерді атқаруда. Соның бір айғағы – өңір басшысы Алтай Көлгінов іссапармен келгенде тағы да бір көрініс тапты. Мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары (Жалпақтал өнер мектебі және Бостандық мектебі, аудандық тәрбие орталығы) аудандық мәдениет үйінде көрмеге қойылды. Мал сүйектерінен жасалған түрлі бұйымдарға өңір басшысы қызығушылық танытты. Облыс әкімдігінің ғимаратының макетін оқушылар Алтай Көлгінов ағасына сыйға тартты. Облыс әкімі ризашылық білдіріп, алтын қолды оқушыларға тілегін айта келіп, бұл сыйлықты облыстық музейге тапсыратынын жеткізді. Келген қонақтарға көрменің таныстырылымын оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түсіндіріп берді. Міне, бұл білімнің ұлттық өнермен ұштастырыла жүргізіліп жатқанын байқатып тұрған жоқ па?!

Гауһар ӘДІЛЖАН


ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЕЛ РИЗА

Күні: , 176 рет оқылды

2 ақпан күні облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапармен Қазталов ауданына келді. Іссапарда өңір басшысы өткен жылы Қазталов ауылында пайдалануға берілген 100 орындық интернаттың жағдайымен және аудандық мәдениет үйінің фойесінде қойылған оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылық жұмыстары мен қолөнер бұйымдарының көрмесімен танысты. Облыс әкімі Қазталов ауданы әкімінің халыққа есеп беру кездесу жиына қатысты. Халық жиынына облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және облыстық басқарма, департамент басшылары да қатысып отырды. Халық жиынында аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданда 2017 жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.
  — Өткен жыл халқымыз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды деп айта аламыз. «Қазақстанының үшінші жаңғыруы», халықаралық «EXPO – 2017» көрмесінің Елордамызда өтуі, ел дамуына қарқын беретін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы, қоғамға оң серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын толық сенімен айта аламыз. Елбасымыз жыл басын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен ашты. Бұл Жолдау еліміздің өндірісін индустрияландыру, көлік-логистика саласын дамыту, құрылыс пен коммуналдық секторға көңіл бөлу мақсатымен қатар, сапалы да саламатты қоғам құру, әлеуметтің әлеуетін арттыру секілді міндеттерді қоғамға жүктеп отыр, -деп бастады баяндамашы өз сөзін. -Өткен жыл аудан үшін де табысты жыл болған. Аудан бюджеті 2017 жылы 7, 7 млрд теңгеге орындалды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 25,8 пайызға артық. Аудан экономикасының негізі болып саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 14,2 млрд. теңге құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,5 пайызға ұлғайып отыр. Ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары үкіметіміздің «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруға белсене қатысуда. Осының нәтижесінде 86 шаруашылық құрылымы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ынтымақ», «Бірлік», «Іскер», бағдарламалары бойынша 450 млн. теңге несие алуға қол жеткізіп, осы қаражатқа 1800 бас ірі қара, 400 бас қой, 96 бас жылқы сатып алды. Сонымен қатар «Береке» несиелік бағдарламасы шеңберінде 49 адам 156,6 млн теңгеге 858 ірі қара мал сатып алса, мал бордақылау алаңдарында барлық шаруашылық субъектілерімен 1200 бас бордақылануда. Ал «Қанат» бағдарламасы арқылы 8 шаруа қожалығы 40,6 млн. теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға қол жеткізді. Бұнымен қатар өткен жылы шаруа қожалықтары 13 жаңа қоралар салып, 13 құдық қазу жұмыстарын атқарып, 78 шаруашылық 167,1 млн. теңге инвестсубсидия алуға қол жеткізді. Нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылық тауарын өндірушілеріне өткен жылы 612,0 млн. теңге көлемінде субсидия төленіп отыр. Күні бүгінде аудан аумағында көлдетіп және жүйелі суармалы жер көлемі 68411 гектар жерді құрап отырса, «Сакрыл» суландыру жүйесі бойынша 14901 гектар, «Мамай» суландыру жүйесі бойынша 1967 гектар жер суландырылады. Сондай-ақ республикалық бюджет арқылы аудан аумағы арқылы өтетін «Киров-Шежін» су арнасы бойынша ІІІ-кезеңдегі жаңа құрылыс және қайта құру жұмыстарына 2 млрд. 291 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда 1 млрд. 976 млн. теңгенің жұмыстары жүргізілді. Ауданымызда шағын және орта бизнес саласында 1307 субъектілер тіркеліп, өткен жылы жергілікті бюджетке 49,9 млн. теңгенің салық төлемдерін түсірді. Кәсіпкерлік картасына енгізілген жалпы құны 165 млн. теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылып, 31 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында нысандардың жалпы құны – 2 318,4 млрд. теңгені құрайтын жұмыстар 13 елді мекенде іске асырылып жатыр. Сондай-ақ аудан орталығында 100 орындық интернаттың құрылысы аяқталса, аудан бойынша 4390 шаршы метр тұрғын үй салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Жалпақтал ауылындағы Масалиев көшесін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен бөлінген 50,7 млн теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қазталов, Жалпақтал ауылдарында 56,7 млн.теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында ағымдағы жылы ауданда 865 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 40 адам 172,2 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, өз істерін бастауға мүмкіндік алды. Облыстық бюджеттен Жалпақтал ауылындағы «Ертегі» бөбекжайының күрделі жөндеу жұмысына 93,6 млн.теңге және Қошанкөл ауылындағы Ғ.Беғалиев атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысына 167,581 млн.теңге бөлініп, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына толық жағдай жасалды. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде елдің Қ.Бозымов, А.Әйтімов, А.Қарағойшин сияқты жомарт жүрек азаматтардың көмегімен 3,3 млн. теңгеге Бірік орта мектебі жанындағы жатаханаға, Қараөзен орта мектебі жанындағы шағын орталыққа, Бостандық бастауыш мектебінің төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.Дегенмен, ауданымызда 6 жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Сонымен қатар аудандық аурухана ғимаратына, Ақпәтер, Жаңажол, Қараөзен, Бостандық АДА күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауданда «Айбын» спорт клубы құрылып, бүгінде аудан тұрғындарының 29 пайызы тұрақты спортпен шұғылдануда. Бұнымен қоса Талдықұдық, Талдыапан, Ақпәтер, Қарасу, Бостандық, Қошанкөл ауылындарында футбол ойын аландарының орнату жұмыстарын жүргізуге 48 млн. теңге бөлінді. Қоғамдық тыныштық пен тұрақтылықтың ең бірінші кепілі — тәртіп пен заңдылықтың сақталуы екендігі белгілі. Ауданымыздың құқық қорғау органдары заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 267 қылмыс тіркеліп, алдыңғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда азайғанмен, бөтеннің мүлкін ұрлау азаймай отыр. Соның ішінде мал ұрлығы есепте мерзім ішінде 49 факті тіркеліп отыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда үлкен оңды серпіліс берген құжат болды. Жалпақталда аудандық және 8 ауылдық округте жерлестер форумы ұйымдастырылып, оған 7800-дей адам тартылды. «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. Нәтижесінде өткен жылы 33 млн. теңгеге 33 жоба іске асырылды. Алдағы 2018-2021 жылдарда әрбір ауылдық округтер бойынша нақты атқаруға болатын 75 жоба жоспарланса, .биылғы жылы болжамды құны 110 млн. теңге шамасындағы 34 жобаны іске асыру көзделуде. Дегенмен алда атқарылар ауқымды жұмыстар тұр. Солардың қатарында Жалпақтал, Қараөзен, Ақпәтер, Қайыңды, Жаңажол, Танат, Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарың ауыз су жүйесі құрылысын аяқтау, Қазталов және Жалпақтал ауылдарының 10 көшесіне ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тұрса, Қазталов ауылындағы саз мектебінің құрылысын бастау жұмыстарын да айтқан жөн. Сонымен қатар Бозоба-Қайыңды бағытындағы Қараөзен өзені арқылы өтетін қалқымалы өткелді жөндеу, Қайыңды, Болашақ, Қараөзен, Көктерек және Жаңажол ауылдарында 45 млн. теңгеге футбол ойын алаңдарын салу да биылғы жылдың еншісінде. Сондай-ақ Қазталов ауылында құны 20 млн теңге және Жалпақтал ауылында құны 19 млн. теңгеге қуаттылығы тәулігіне 10-15 бас соятын, тоңазытқышымен, көлігімен қамтылған мал сою пункттері және 4 ауылға мал сою аландары салынбақшы. Бұнымен қоса ауданымызда Қазталов ауылында 900 орындық мектеп, Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Қараөзен ауылында 60 орындық балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатырса, Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектебінің құрылысының жобасы аяқталуда. Сондай-ақ Қазталов, Жалпақтал ауылдарында 2 қабатты 12 пәтерлі алты тұрғын үй құрылысы және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Жалпақтал, Казталов ауылдарындағы 61 және 85 жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Ауданымыздағы 13 елді мекенді көгілді отынмен қамту үшін жалпы құны 1, 653 млрд. теңгенің 3 жобасы жасақталып отыр. «Бірлігі бар елдің босағасы берік» дейді дана халқымыз. Сондықтан Елбасының Жолдауларындағы басым бағыттарды мақсат ете отырып, алдағы биік белестерді бағындыру жолындағы жұмыстарымыз жалғаса беретін болады, -деп баяндамашы сөзін аяқтады. Халық жиынында өңір басшысы Алтай Көлгінов сөз алды. — Құрметті ағайындар! Еліміздің барлық өңіріндей облысымыздың оңтүстік аудандарының да жылдан жылға әлеуметтік-экономикалық дамуы өркендей түсуде. Бүгінгі күнге дейін Жаңақала, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында болып, халықпен жүздестім.Атқарылып жатырған жұмыстарды көзіммен көрдім. Атқарылып жатырған жұмыстар өте көп. Елбасымыздың міндеттеп берген тапсырмаларына орай жоспарлы жұмыстар қай ауданда да жүргізілуде. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Соның бір ауқымдысы республикалық маңызы бар жолдар салу. Өздеріңіз білетіндей осыдан 10 жыл бұрынғы жол жағдайымен қазіргі жолдарды салыстырып көріңіздерші? 2016 жылы облысымызда 290 шақырым жолдар жөнделсе, 2017 жылы 500 шақырым жолдар жөнделді. Тасқала ауданының 70 шақырым жолы жасалып отыр. Енді биыл аудан орталығы Қазталовқа келетін 35 шақырымдық жол асфальтталады деп айтамын. Сонымен қатар оңтүстік аудандардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы өңіріміздің драйвері деп санайтын болсақ, мал өсіруге қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ал оны өсіру үшін оның жем-шөп қоры болуы керек қой. Сондықтан су мәселесін шешу бірінші кезектегі міндет болып қалуда. Осыған орай Киров-Шежін каналының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнде 1 шақырымдық жұмыс көлемі қалып отыр. Мұнымен қоса көктемгі келетін суды ұстап қалу үшін су қоймасын жасақтау да міндеті тұр. Егер бар суды тиімді пайдалансақ, мал басын өсіруге де қолайлы жағдайлар болады. Тек Қазталов ауданы ғана емес, Ақжайық ауданының Азнабай-Тайпақ каналын, Жәнібек су каналдарын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Байқап қарасақ, жылдан жылға мал басының саны өсуде. Мысалы, Жаңақала ауданында мал басы саны Кеңес үкіметі кезіндегіден әлдеқайда көбейген. Міне, осының нәтижесінде малмен айналысқан шару адамдарына үкіметтен берілер қамқорлық та арта түсуде. Мәселен, өткен жылы облысымыз түрлі бағдарламаларға қатысқан ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне 10 млрд. субсидия бөлінсе, соның 800 млн. теңге қаражатын Қазталов ауданы алған. Жетістік пе? Иә, ауданның жетісітігі деп айтамыз. Сонымен қатар өңірімізде орта және шағын бизнесті дамыту – басты міндет болып қала береді. Барлық дамыған елдер осы саланы дамыту арқылы әлемнің өркениетті көшіне ілесе алды. Облысымызда да шағын бизнес саласы даму үстінде. Өңірімізде дамудың 42 пайызы осы шағын бизнестің үлесінде. Сондай-ақ биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтудың» жаңа бағыты бойынша жұмыс жасауды бастап кетттік. Енді халыққа «Балық беруді емес, қармақ беруді» қолға аламыз. Себебі әрбір адам өзіне пайда келтіретін істерін жүргізу үшін жағдай жасауға күш саламыз. Мемлекеттің басты ұстанып отырған қағидасы осындай. Сонымен қатар жаңа баяндамада айтылып кеткендей, әр ауылдағы әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізіле береді. Ал өздерінің туған ауылына көмек қолын созып жатқан азаматтар болса, оларды да қолдаймыз. Сіздердің аудандарыңызда Нұрлыбай Жолдыбаев өткен жылы Сарықұдық ауылына фельдшерлік пункт салып берсе, биылғы жылы мәдениет үйін салуды қолға алмақшы. Сондай-ақ Ақпәтер ауылында Самат Хамзин дәрігерлік амбулаторияны салуды қолға алайын деп отыр екен. Өте құптарлық іс. Бұндай істі әркезде де дәріптеп отыруымыз қажет. Алдағы уақытта Қазталов ауданында да Елбасының Жолдауында айтылған міндеттеріне сәйкес цифрландыру жұмыстары да іске асырылатын болады. Сонымен қатар аудандарда да жеке балабақшалар ашуды ойластыру қажет. Тұрғын үй мәселесі қай жерде де өткір күйінде қалуда. Бұл мәселе де өз шешімін табады деп санаймын, -деді. Облыс әкімі осы бір келелі мәселелерді қозғай келіп, өңірімізге дәрігер, мұғалім мамандарын тарту, олар үшін облыста жасалып жатқан қолдаулардың барлығына, ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде жүн-терілерді өткізу, ауылға қажетті мамандардың жетіспеушілігінің орнын толтыру мақсатындағы атқарылар жұмыстарға тоқталып өтті. Халық жиынында сөз алған тұрғындар «Ақбұлақ» бағдарламасының одан әрі жалғасуы, тұрғын үй мәселесі, дәрігерлік амбулатория салу, ауылдарды көгалдандыру тағы басқа да мәселелерді қозғап, сауалдарына тиісті жауаптар алды. Ашық әңгімеге құралған, ресмиліктен тыс өткен халық жиынынан аудан тұрғындары ризашылық сезіммен тарады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


КІШКЕНТАЙ АРСЕН КІТАПХАНАДАҒЫ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БӨЛМЕСІНЕ 532 АСЫҚТЫ СЫЙҒА ТАРТТЫ

Күні: , 142 рет оқылды

Жаңалыққа жаны құштар басшысы бар, жігерлі жастары бар аудандық орталықтандырылған кітапхана рухани саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың әркезде де басында жүретінін айтқымыз келеді. Бұны редакция кітапхана ғимаратында болған кезде көп байқадық. Сонымен қатар бір оқулық іздей қалғанда кітапханашылардың ерінбей, жалықпай қызмет ететіндеріне де тәнті болдық. Енді міне, кітапхана тағы да бір жаңалықтың бастамашысы болды. Кітапхана дәлізіне арнайы дыбыс қондырғысы қондырылып, жәй ырғақта қазақтың күйлері ойналса, арасында Абайдың «Қара сөздері» де беріліп тұрады. Кітапханаға келген адам өзін рухани әлемге енгендей күй кешеді… Сонымен қатар кітапханада «Рухани жаңғыру» бөлмесі ашылды. Бөлмеде руханиятқа қатысты оқулықтар болса, басқа да адамға қажетті материалдарды табуға болады. Енді бір таңғаларлығы осы рухани бөлмеге А.Оразбаева атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Арсен Асланұлы өзінің жинаған 532 асығын сыйға тартты. Мынандай «үлкен сыйлықты» көргесін Арсенді әңгімеге тартқан едік. -2 сынып оқып жүргенімде екі асығым және қызылға боялған сақам болды. Бос уақыттарымызда құрдастарыммен асық ойнаймын. Кейде ұтамыз, кейде ұтыламыз. Содан кейін асықтарды жинай бастадым. Анам да, әкем де әкеліп беретін. Барған жерімде асық көрсем алып келемін. Міне, 532 асығым бар. Енді осы асықтың «қызығын» өзім көрмей, кітапханаға келетін басқа құрдастарым да көрсін, ойындар ойнасын деп сыйлап отырмын. Әрі анам осы кітапханада көп жылдан бері қызмет жасайды, -деді Арсен. Кішкентай Арсеннің мына сөзіне риза болып қалдық. Кішкентай жүрегімен қоғамда жүріп жатқан сана өзгерісіне қосқан үлесі деп түсінідік.

Гауһар ӘДІЛЖАН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.