АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 01.02.2018


90 ЖАСТАҒЫ АНАҒА ҚҰРМЕТ

Күні: , 202 рет оқылды

Бүгін Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, Жалпақтал аймағы бойынша жалғызбастылар мен мүгедектерге үйден көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнара Құсайынова тыл ардагері Бердалиева Мариям ананың отбасына арнайы барды. Кездесу барысында сөз алған округ әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы Мариям ананы 90 жасымен құттықтап, ақ жаулықты анаға ұзақ ғұмыр тілеп, сый-сияпат пен алғыс хат табыс етті. -Ұмытпай ескеріп келгендеріңе көп рахмет. Алла сендерге де осындай ғұмыр берсін, — деп Мариям әжей аналық алғысын айтып, батасын берді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ШАҢЫРАҚ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШҚА НЕГІЗДЕЛГЕН НЕМЕСЕ АҚПАНДАҒЫ БАЛ ҚЫМЫЗ…

Күні: , 142 рет оқылды

Осы бір орта бойлы, жасы 70-тің төріне жақындап қалған Қошанкөл ауылының тұрғыны МЕҢДІХАН ХАЛЫҚҰЛЫ ағамызды аудан орталығынан жиі көреміз. Қолынан тастамайтын сөмкесі бар ағамыз біресе Орал қаласынан келе жатады, біресе басқа өңірден келе жатады, әйтеуір тыным таппайды. Апырмай, осы ағамыз неге үйінде тып-тыныш жатпайды екен? – деп те ойлаймыз. Енді соның мәнін ұққандай болдық. Анықтап тұрып баяндайық. Боранды күні Қошанкөл ауылына, дәлірек айтқанда Меңдіхан ағаның шаңырағына барудың сәті түсті. Ағамыз мал жайлап, соның ішінде жұбайы Тойған апай және келінімен бірге қолдағы биелерді сауып ішке кіріп жатыр екен. Амандық сұрасып, төрге озған біздер жеке шаңыраққа емес, ұлттық рухани орталыққа кіргендей әсерге қалдық. Суреттерде көрініп тұрғандай шаңырақ жасауы ұлттық негізге, былайша айтқанда ұлттық тәрбиеге қарай жасақталған. Шындығы керек, қазіргі күнде қай үйге бара қалсаң, алдыңнан заманауи еуропалық үлгідегі жабдықталған үй бөлмелеріне тап боламыз ғой. Ал мынандай шаңырақты бірінші рет көруіміз. Меңдіхан аға айтады: — Мына тұрған бұрыш ұлтымыздан бөліп ала алмайтын жылқы туралы жинақталған жәдігерлер деуге болады. Қамшының тоғыз түрі ілініп тұрса, сонымен қатар қымызды сақтайтын электр энергиясымен жұмыс жасайтын саба да бар. Білетін болсаңыздар қымыздың құнарлылығын және дәмдік қасиетін жоймау үшін екі мыңнан үш мыңға дейін қымызды пісу керек. Бұл ыдыстар тек қана ағаштан жасалған. Ал тостақтар және басқа да жылқы туралы еңбектерді өткен жылы медицина ғылымының докторы, академик, жылқы сүтінен 5 түрлі арнайы тағам шығарған Төрегелді Шарманов ағаның арнайы фирмасында болып, әңгімелескенде алып қайтқан едім. 1990 жылдардан бастап жылқы кәсібімен айналысып келемін. Өздеріңіз білетіндей табын-табын жылқы ұстап отырған жоқпын. Бірақ жазы-қысы қолдағы биелерден қымыз өндіріп, пайдаланудамыз. Қазіргі қыс айында 3 бие сауып отырмыз. Бұл биелерді келінім Мейрамгүл сауады. Қазірдің өзінде жылқының саумал сүтімен емделіп жүрген адамдар бар. Солар сұраныс беріп тұрады. Тек бір жылқымен ғана айналысып отырған жоқпыз. Балам «Балауса» шаруа қожалығын құрды. Биыл қандай нәтижесі болар екен?- деп 7 бұқашықты бордақылауға қойдық. Бұның барлығы да өз қаражатымызға жасалып жатыр. Жаңа үйге кіріп табалдырықтан аттағанда сіздер таңғалып жатырдыңыздар. Оның себебі – басқасын білмеймін менің жеке басымда тәрбиенің барлығы, оның коды — ұлттық қасиетімізде деп санаймын. Сол себепті үйдің перделерінен бастап, басқа да қойылған дүние-мүліктер ұлттық бейнемізді көрсетуге арналған. Елбасымыздың Рухани жаңғыру төңірегінде айтқан сөздерінің түп-төркіні де осындай ұлттық құндылықтарды пайдаланудан шығып жатқан жоқ па? – деп ағамыз әңгімесін қайырды. Меңдіхан ағамен әңгімелесе отырып, мынаған ой жеткіздім. Тойған апа екеуі 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеген екен. Қыздары қияға қонса, ұлы Дархан ата-ана шаңырағында. Көп жағдайларда жалғыз ұл ерке өсіп, инфант болып өсетінін көріп жүрміз.Ал Дархан болса үйдегі барлық шаруаның басын ұстап отыр. Тағы бір қызықты қараңыз. Жалғыз ұлдың жұбайы, яғни осы шаңырақтың келіні Мейрамгүл 7 ұлы бар шаңырақтың жалғыз кенже қызы екен. Сол жалғыз қыз Мейрамгүл бүгінде жылқының бауырында отырып, бал қымызды дайындаған ибалы келін атанып отыр. Ал бұл тәрбие қайдан келді? Тәрбие – жоғарыда айтқан ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтағаннан келіп отыр деп түсінеміз. Сол ұлттық тәрбиені өзінің ұл-қыздарына дарытқан Меңдіхан аға мен Тойған апа деп білеміз. Егер осындай шаңырақтар елімізде көп болса, қазақ ұлты қай жерде де биікте тұрары сөзсіз. Айтпақшы, сөз басында ағамыз сапарда жиі жүреді деп айтқан болатынбыз. Оның да өзіндік себебі бар. Меңдіхан аға бірінші дәрежелі тоғызқұмалақшы. Облыстық сайыстардан қалып көрген жоқ. Қазіргі күнде бұл ісін келіні Мейрамгүл жалғастырып, мектепте үйірме жұмысын жүргізсе, немерелері Гүлxан мен Аделия облыстық деңгейдегі сайыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Қыстың қақаған аязында жаңа сауылған саумалдан дәм татып әрі ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтап жүрген шаңырақпен қоштасып шығып бара жатқанда, Меңдіхан аға: — Алдағы уақытта жорға сайысын ұйымдастырсам, — деген ойын жеткізді. Шаршауды білмейтін ағамыздың бұл мақсаты орындалады деп ойлаймыз.

СЕРІК ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАЛПАҚТАЛДА ӨТКЕН «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ

Күні: , 240 рет оқылды

30 қаңтар күні аудан әкімі Абат Шыныбеков және бөлім басшылары Жалпақтал ауылында болып, ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер бойынша бірыңғай қабылдау өткізді. Қабылдауға келгендердің дені көпшілігі тұрғын үй және тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін қозғады. Ал қабылдауда болған ауданымыздағы Жалпақтал ауылында орналасқан аудандық киножүйесі мекемесінің қызметкерлеріне аудан әкімі өзінің жауабын берді. -Аудандық киножүйесі мекемесінің атауы өзгереді. Мұндағы қызметкерлері ешқайда кетпей, қысқартуға ұшырамайды. Бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мұражай жасақтауды жөн көріп отырмыз,-деді Абат Шыныбеков Аудан басшысы Абат Абайұлы қабылдауда болғантұрғындарға олардың айтқан ұсыныстары кезең-кезеңімен шешімі табылатындығын жеткізді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.