АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Февраль, 2018


АСТАНАЛЫҚ ҚОНАҚ ЖАҢАРҒАН БӨБЕКЖАЙДА

Күні: , 146 рет оқылды

Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов Жалпақтал ауылындағы жаңарған «Ертегі» бөбекжайында болды. «Ертегі» бөбекжайы 40 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл жұмыстарды «Жолаушы-Жол» ЖШС-гі атқарған еді. Облыстық бюджеттен 96 млн теңге қаржы бөлініп, былтырғы жылдың күз айында жаңа кейіпке енген бөбекжай бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Бүгінде бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымында 19 педагог, 140 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сапалы жүргізілген бөбекжайды аралаған астаналық қонақ Замир Садықұлы тәрбиешілермен кездесіп, бөбекжайды аралады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫН КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРДІ

Күні: , 116 рет оқылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқанов ауданымыздың Жалпақтал ауылында мекеме-кәсіпорын басшыларымен, ауылдың ақсақалдарымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, Елбасы Жолдауын түсіндірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» Жолдауына халықтың қызығушылығы зор. Бұл Жолдау жаңашылдыққа толы, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған. -Жолдауда Президент жүзеге асырылуы тиіс 10 басым бағытты анықтап берді. Бірінші кезекте, Елбасы индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу керектігін атап айтты. Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тезірек енуі үшін сіздер мен біз жұмыла жұмыс жасап, алға қойылған мақсаттарды толығымен орындауымыз керек. Жолдауда агроөнеркәсіп саласын автоматтандыру айтылды. Біздің ауыл шаруашылығымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін бүгіннен бастап техникаларды жаңартып, автоматтандыру жүйесіне көшуіміз қажет,-деді Замир Садықұлы. Сонымен қатар жауапты хатшы Елбасының айтқандарын мысалға келтіре отырып, Жолдауды жұртшылыққа ұтымды насихаттап, еліміздің экономикасын дамыту жолында айтарлықтай ауқымды жобалардың жүзеге асырылу аясында айтты. Жиын барысында ауыл ақсақалдары, Әлібек Қоңырбаев, Нағым Ризуанов, Кенжебай Үмбетов, Хамидолла Берғалиев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысына толғандырған сауалдарын қойды. Сұрақтардың көбі Жәнібек станциясын пайдалану жөнінде, Жайықты тереңдету, су шаруашылығы мекемесі қайта құру, каналдардағы қақпаларды қалпына келтіру жөнінде бағытталды. -Қазіргі күні электр және көгілдір отын күннен күнге қымбаттауда. Сонымен қатар жанар-жағармай бекеттері қысқы уақытта дизель отынының сапасы өте төмен. Соны қолға алса екен,-деді жеке кәсіпкер Ахметқали Қарағойшин. Бас қосуда Замир Сағынов ауылдас ағайындардың қойған сауалдарына нақты жауаптар қайтарды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ТОБЫ АУДАН АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 114 рет оқылды

22 ақпан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын насихаттау және халық арасына түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері аудан активімен кездесті. Актив жиынына ҚР Инвестиция және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқанов, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер және мекеме-ұйым басшылары қатысты. Жиында сөз алған ҚР Инвестиция және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов: — Елбасы халыққа арнаған Жолдауында басты он міндетті айқындап көрсеткен болатын. Міне, осы орайда біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек. Кәсіпорындардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың санын 20-30 пайызға дейін өсіру, осы арқылы жаңа кадрларды даярлау басты міндетіміз. Бұл технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берері сөзсіз, -деді. Сонымен қатар активте «Нұр Отан» партиясы Қазталов ауданы филилалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, Қазталов орта мектебінің қазақ тілі және әдебиетi пәнінің мұғалімі Жасұлан Шүкіров Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндіре келіп, өз салалары бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға да тоқталып өтті. Актив жиынын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді орындау елімізді жаңа биікке көтеретінін, ол үшін бүкіл ел болып жұмыла жұмыс істеу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ топ мүшелері өткен жылы пайдалануға берілген 100 орындық интернаттың жұмыс жағдайымен де танысты.

Әсем БОЛАТ


САФ АЛТЫНДАРЫМЫЗ ЛАТЫН ҚАРПІНЕ АУДАРЫЛА БАСТАЙДЫ

Күні: , 100 рет оқылды

Ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, А Байтұрсынұлы, М.Дулатов т.б көптеген ел мен тіл жанашырлары қазақ әліпбиін құруға көп еңбек сіңірген болатын .Бүгін халқымыз өз алдына дербес тәуелсіздігін алған күнде сол ата-бабаларымыздың салып кеткен соқпағына қайта үнілгендей. Елбасымыз Н.Ә Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашады» деген болатын. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл – заман талабы. 2018 жылдан бастап әлемге танымал, брендтік оқулықтар, яғни саф алтындарымыз латын әліпбиіне аударыла бастайды. Солармен жастар танысуы тиіс. Осы мықты 100 кітапты меңгерген жастардың ой-өрісі дамып, рухани тұрғыда байып шығатыны сөзсіз. Елбасының меңзегені – осы! Осыған орай әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі таңда латын қарпіне көшу бағытында кітапханаларда да қажетті жұмыстар жолға қойылуда. Мәселен, ұлттық академиялық кітапханада латын әліпбиі залы ашылды. Бұл залда 1929-1940 жылдары жарық көрген латын графикасы негізіндегі қазақстандық кітаптар мен мерзімді басылымдардың көрмесі және тақырыптық жаңартылған нұсқалары қойылған. Орталықта латын қарпіндегі ұлттық әліпби оқытылып, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері өтеді. Біз, қазақстандықтар көпшілік болып латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп ойлаймын.

Гүлдана ДӘУЛЕТОВА, Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры


МАЛ ҰРЛАУШЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ, АЛ МАЛДЫ «ҚАСҚЫРҒА» БАҚТЫРҒАН ЕКЕН…

Күні: , 102 рет оқылды

Бүгін, 22 ақпан күні Қазталов аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Бисебай Төлепов шұғыл хабарласты. Аудан тұрғындарының адал малын барымталап жүрген топ құрықталыпты. Тәртіп сақшысы мән-жәйді баяндады: — Үстіміздегі жылдың 14 қаңтары күні Қазталов ауылдық округіне қарасты «Байтұрған» қыстағынан М.Қажымовтың шаруа қожалығынан 5 бас ірі қара малының жоғалғаны туралы ішкі істер бөліміне хабар түсті. Осыған байланысты жедел жоспар жасақталып, қылмыстық іс қозғалды. 21 ақпан күні таңғы сағат 4-00-де жедел кезекші Нұржан Баймұхамбетовке осы қыстақтан «Газель» автокөлігімен мал ұрлап жатқандар туралы суыт хабар жетті. Жедел кезекші аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Дегенбаевқа хабарлаған. Ауданның бас сақшысының басқаруымен екі жедел тобы құрылды. Мал ұрлаушылар Қайыңды ауылына қарай бағыт алғаны белгілі болғаннан кейін, сол округтегі учаскелік инспектор Серік Ибрашевке, Болашақ ауылдық округінің учаскелік инспекторы Данияр Байдуллинге және «Александров-Гай», «Қарасай» шекара заставасына жедел хабар жіберіліп, ол жақтан арнайы топтар құрылды. Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Амангелді Үбішев басқарған құрамында полиция қызметкерлері Азамат Мұратов, Мәрлен Қарабаев, Роллан Бектұрғанов бар жедел топ барымташыларды Қайыңды, Болашақ ауылдық округтері аймағына жеткізбестен құрықтады. Мал ұрлаушылар Әжібай ауылының тұрғыны Д.К., А.Т., А.К. деген азаматтар болып шықты. Бұл топ үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері осы мал қыстағынан 7 рет мал ұрлағаны анықталды. Сонымен қатар бұл топ Жаңақала ауданынан да сыбайластар тапқан. Ал бір қызығы осы барымташыларға қорадан малды ұрлауға көмектесіп жүрген осы шаруа қожалығының малшысы екені де анықталып отыр. Осы арада «адам аласы ішінде» дегендей, шаруа қожалығының жетекшісімен күнбе күн жүздесіп, бірге еңбек етіп жүрген адамның арам ойға баруы — ойланарлық жағдай. Қазіргі күнде тергеу амалдары жүргізілуде, -деді. Міне, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне жаңа ғана кіріскен Ринат Дегенбаевтың және аудандық тәртіп сақшыларының жедел қимылдары нәтижесінде ұрылар қолға түсті. Егер халық және тәртіп сақшылары бірігіп қызмет жасаса, ұрылардың адымдары тарылары сөзсіз. Сондықтан ауданның тәртіп сақшыларына ризашылық білдіреміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


«ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ҚОҒАМНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ»

Күні: , 56 рет оқылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген өзекті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу болатын. Сонымен қатар 19 ақпан күні «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізіліп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Осыған орай 21 ақпан күні «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында «Латын әліпбиі – қоғамның жаңғыруы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған мекеме, ұйым басшылары, қоғамдық ұйым, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен тіл мамандары қатысып, қолданысқа еніп жатқан латын әліпбиі жөнінде сөз қозғады. Дөңгелек үстелді ашып, кіріспе сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік аларымыз анық. Дәл қазір елімізде латын қарпінің нұсқасы қабылданды. Болашақта қолданысқа енгізілетін болады. Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, латын графикасына көшу – заман талабына айналып отыр, -деді. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар латын графикасына негізделген әліпби жөнінде пікірлерін білдіріп, ойларын талқыға салды. Мәселен, «Нұр Отан» партиясын аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, қоғамдық келісім кеңесінің Тауфих Мұқанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, -қазіргі күнде бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, жастар бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Латын әліпбиіне көшу арқылы тіліміз тазарады. Елбасының бұл шешімі асқан көрегендікпен, ұзақ уақыт ой елегінен өтіп жасалған өте дұрыс шешім деп есептейміз, -деді. Ал аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Қуанышбек Ақынбасов, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Жасұлан Шүкіров, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирбол Адайәлі: -Латын әліпбиіне көшу – бай тіліміздің қаймағын бұзбай, тілдік, дыбыстық ерекшеліктерін сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, -деп ой түйіндеді. Расымен де, Латын әліпбиі – Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын көпір. Латынға оралу заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Сол себепті де Елбасының бұл шешімін бір ауыздан қолдауымыз қажет. Дөңгелек үстел шарасынан осындай ой түйдік. Ал ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету – қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«ЕСІКТЕРІНЕ КІЛТ САЛМАЙТЫНДАРЫН КӨРГЕНДЕ ТАҢ ҚАЛЫПТЫ»

Күні: , 96 рет оқылды

Ақпәтер ауылынан редакция поштасына келген сүйкімді егіз балалардың суреттері көзіме жылы ұшырады. Ата-аналарының телефон нөмірлерін біліп алып, қоңырау шалдым. Өзін Федор Гнедко деп таныстырған ағай былай деп әңгімеледі: -Менің ұлтым – украин. Сонау тың игеру жылдары кем арман қуып, Украинадан көшіп келіпті. Менің анам қазақ қызына үйленген. Бүгінгі күнде менің жасым 52-де. Қаным өзге ұлт болса да, жаным қазақ болып кетті. Өзім де Бота есімді қазақ қызына үйлендім. Қазіргі күнде 6 баламыз бар. Мына суреттегі екі балам – Әли мен Әліби егіздер. Қазақ мектебінің 6 сыныбында оқиды. Олар өздерін қазақ санайды. Әкем айтып отыратын қазақтай бауырмал халықты еш жерден кездестірген жоқпын. Алғаш келгенде олар үйлерінің есігіне кілт салмайтынын көргенде таң қалдым. Міне, мырзалық, міне дархандық!-дейтін. Міне, бүгінгі күнде мен де ердің жасынан астым. Қазақ болып кеттім. Сондықтан 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ақпәтерлік бауырларға рахметімді айта отырып, шаңырақтарына береке, бақыт тілеймін, -деді.

Жұлдыз АСҚАР


МЕН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА БАСЫМДЫ ИЕМІН

Күні: , 98 рет оқылды

1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күні болып саналады. Осыған орай ауданымызда тұратын басқа ұлт өкілдері де өздерінің туысқандарындай болып кеткен жергілікті тұрғындарға ризашылықтарын білдіріп отырады. Соның айғағындай ұлты армян Юлия Даракчян өзінің тілегін жеткізді. -Менің жасым 27-де. Аудандық орталық ауруханада медбике болып қызмет жасаймын. Өзімді Қазақстанның, соның ішінде Қазталов ауылын туған жерім деп есептеймін. Ата-анам Андроник (марқұм), анам Валентина — 66 жаста. Олар үнемі Қазталовты туған жерім деп сүйіспеншілікпен айтады. Мен бала кезімнен қазақтың ұл-қыздарымен дос болып, өстім. Қазақ тілін шала қазақтардан артық білемін десем өтірік болмас. Бүгінде қызмет істеп жүрген жерімдегі ұлты қазақ аға-апаларымды, құрбыларымды құрмет тұтамын. Алдағы уақытта да жаны жайсаң, дархан мінезді қазақ халқына рахметімді айта келіп, туған елім гүлдене берсін деген тілегімді жеткіземін, -деді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ХАЛЫҚТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ. АУЫЛДЫҢ НЕГІЗГІ ТІНІ — МАЛ

Күні: , 98 рет оқылды

Ұлт тарихына көз жіберсек, өмір тіршілігіміз төрт түлік малмен байланысты екенін жақсы білеміз. Халқымыздың «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрауында да үлкен мән жатыр. Малың аман болса, яғни өзің де аман болатының белгілі. Сондықтан халқымыз өзінің төрт түлік малының аман-сау болуы үшін барлық жағдайды жасаған және халықтық ветеринарияның да пайдаланған. Мәселен күл ауруын (оспаны) қалай емдеу керек екенін ерте кезден білген. Күл ауруымен ауырған малдың жарасының бетін алып, сау малға жаққан. Ол малда иммунитет қалыптасып, күл ауруына шалдықпайтын көрінеді. Бұны ағылшындар ХVIII ғасырда тапса, ата-бабамыз баяғыдан қолданған. Тек бұл арнайы құжатталып, тіркелмегендіктен тұманды Альбион тұрғындары пайдаланып кетіп отыр. Осыны ескерсек, халықтық медицина туралы сөздерді жиі айтамыз. Түрлі халықтық медицинаны пайдаланып та жатамыз. Ал бірақ халықтық ветеринария дегенді ауызымызға да алмаймыз. Ғасырлар бойы жасаған емдеуді, былайша айтқанда дәлелденген тәсілдерді неге жаратпасқа?.. Біз білетін Кеңес заманы кезінде түрлі мал ауруының алдын алу үшін үлкен жұмыстар жүргізілетін. Тіпті сол малды бағып отырған адамдардың денсаулығы бірінші кезекте қойылмай қалып, малды бірінші кезекке қоятын да жағдайлар болып жүрді. Бұл мүмкін «…ветеринария адамзатты емдейді» деген қағидатты ұстанғандықтан да болар. Сол 70 жылдардың ортасында қызықты бір жағдайдың болғаны да бар. Саралжын ауылындағы «Сартүйе» атанып кеткен ой сылқара бар болатын. Шағын ауылдың «жедел жәрдемі, такси» тағы басқа қызметтерді осы «Сартүйе» атқаратын. Күні жетті ме, уақыты жетті ме әйтеуір «Сартүйе» о дүниелік болып кетті. Ал екінші күні облыс орталығынан тікұшақпен арнайы адамдар келіп, зерттеп қарап, оны мал моласына көмді. Қауіпті аурудың алдын алу шарасы болар, бірақ ауылдың қутілді адамдары, -апырмай, бізден гөрі үкіметке «Сартүйе» қымбат екен ғой. Біз осылай болып жатсақ, облыс орталығынан тікұшақ келер ме еді?.. -деген әзілдер айтқанын да естіп едік. Шындығына қалғанда адам ауруларының 70 пайызы мал және одан алынған өнімдерден берілетіні сөзсіз. Бүгінде ауылдық жерлердегі ветеринария қызметі енді-енді жанданып келеді. Дейтұрғанмен мына нарық заманында ауырған малды мал дәрігері емдеп, жазады деу де қисынсыз. Өйткені дәрі-дәрмектердің көбі ақылы. Ауырған мал үшін бір құлаш дәрі-дәрмектің атын қағазға түртіп, мал иесіне береді. Ал көпшілігінің бұған қаражаты жетпей, ауырған малын емдеуге жағдайы болмай жатады. Қазіргі күнде еліміздің әлеуметтік дамуы жоғарылауына байланысты ауданымызда да ветеринария саласы жақсы жолға қойылуда. Осыған орай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевті әңгімеге тартқан болатынбыз. — Ауданымыз бойынша биылғы жылға арналған құтыру, пастереллез, сібір жарасы, нодулярлы дерматит сынды жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық жұмыстар наурыз айында басталмақшы. Ауданымызда ауыл шаруашылығы жануарларының құлақ сырғалары да жеткілікті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары басталып кетті. Жалпы аудандағы ветеринарлық ахуал тұрақты. Мақсатымыз — қолдағы бар малды түрлі жұқпалы аурулардан сақтау үшін алдын ала кешенді жұмыстар жүргізу болып табылады, -деді. Осы бөлім басшысын әңгімеге тартқан кезде көкейімізге мынандай да ой келді. Бұрынғы ветеринария саласы қазіргі күнде төрт мекемеге бөлінген. Айталық, ветеринария бөлімі, ветеринарлық инспекция, ветеринария қызметі және ветеринарлық зертхана. Мекемелердің аттарынан ат үркеді. Ал жауапкершілігі қандай? Сөзіміз дәлелді болу үшін өткен жылы көшеде өліп қалған бір иттің өлімтігін кім жинайды? -деген жағдай кездескенде бұл мекемелердің құзырына кірмейтін болып шықты. Талап бойынша солай болар, бірақ бұлардың да белгілі бір ықпалы болмайды емес пе? Тағы да өткенге көз жібереміз ғой. Кеңес заманы кезінде төрт мекеме емес, бір аудандық ветеринария бөлімі барлығына да үлгіріп отырды. Күні кеше мерейтойын атап өткен өңірге белгілі тұлға, ауыл шаруашылығының білгірі Абат Қадемұлы кейін осы мекемені Тұрақбай Дүйсенов ағамыз биікке көтеріп еді… Күні кеше облыс басшысы халық алдында есеп бергенде ветеринария саласына және ауылдағы кадрларға байланысты ұсыныстар сөз болды. Ауылдан шыққан жастарды ветеринария саласынан білім алғызып, оларды сол туған жерінде тұрақтандыру үшін пәтермен басқа да тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету туралы құнды ұсыныстар айтылды. Бұл мәселенің түпкі қазығына келетін болсақ, ол ауылды көркейту болып табылады. Себебі қора-қора қойды, үйір-үйір жылқы ел байлығы. Байлық бар жерде бақытты тұрмыс болады. Сол тұрмыстың ауылдағы негізгі тіні ол — мал. Ал малды аман сақтауда мал дәрігерлерінің рөлі зор.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЖАҢА ӘЛІПБИ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАЗАҒЫМ!

Күні: , 108 рет оқылды

Қазақ еліне 2017 жылдың 26 қазанында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №569 Жарлығына сәйкес бекітілген Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі ұсынылған еді. Осы 4 айдың ішінде тіл тағдыры сыналған тұста, көзі ашық көкірегі ояу барша қазақ қауымы өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Ұлы дала елінің терең бұрыштарында, сайын даламызда жаңа әліпбиге қатысты түрлі ойлар айтылып, әр түрлі нұсқалар ұсынылған еді. Жаңа нұсқа — қазақтың зиялы қауымы, ғалымдар, тіл мамандары мен жүрегі «қазақпын» деп соққан әрбір азаматтардың еңбегінің жемісі. Енді міне, Елбасымыздың 19 ақпан 2018 жылы №637 Жарлығына сай жаңа әліпби нұсқасы ұсынылып отыр. Бұл мәселе халқымыздың бірлігін көрсетті, ой онға бөлінсе де ұстанымымыз ұқсас, мақсатымыз айқын еді. Халқымыздың басым бөлігі «Рухани жаңғыру» заманына сай жаңа әліпби қазақ тілін жаңғырту жолындағы құтты қадам екенін сөзсіз сезінді. Әрине бұл «су жаңа» әліпбиіміздің де талқыға түсері сөзсіз! «Жеті өлшеп бір рет кесетін» қазағым үшін бұл да бір сын. Салыстырмалы түрде қарағанда көкейге қонымды сияқты, бастысы апострафтардан құтылдық, акуттерге (әріп үстіндегі белгі) келдік, ендігі бұл әліпбиміздің «өміршеңдігі» уақыт еншісінде …. Бастысы «шешінген судан тайынбас», «көз қорқақ — қол батыр» деген, әлі-ақ үйреніп кетеміз. Жетістігіміз бен жеңісіміз көп болсын, ағайын!

Мирбол АДАЙӘЛІ, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе меңгерушісі


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.