АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 31.01.2018


ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ — ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫ

Күні: , 222 рет оқылды

30 қаңтар күні Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын ел арасында түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық-насиxат тобы Қазталов ауылы тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудың басты бағыттарын талқылау бойынша жиын өткізді.
-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауында «технологиялық» және жаһандық өзгерістер кезеңінде тұрақты даму үшін мемлекет пен қоғамның ең өзекті міндеттерін көрсетті. Қазақстан үшін де заманауи тренд болған Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде табысты әлеуметтік бейімделу үшін жаңа мақсаттар анықталды. Ұлттың рухани, зияткерлік дамуы, азаматтарымыздың моральдық және физикалық әл-ахуалын арттыру арқылы ғана қойылған мақсаттарға қол жеткізуге болады. Осы мәнмәтінде адами капитал индексін мемлекеттің жаңғыру негіздері ретінде дамыту мәселесі жеке бөліммен атап көрсетілген, -деді жиынды ашқан Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов. Жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, насиxат тобының мүшесі Уәлиолла Әбішев: — Президент Жолдауы аясында қабылданған әлеуметтік саладағы маңызды шешімдер адами капиталды жетілдіруге ғана көмектеспейді, сонымен бірге тұрақты және жаппай әлеуметтік-экономикалық прогресс негізі болып табылады. Бұл Жолдау мемлекетте жүзеге асырылып жатқан барлық реформалардың әлеуметтік бағыттылығының айқын куәсі болды. Сонымен бірге Жолдау мемлекет, қоғам және әр азаматтың өз тағдыры үшін өзара жауапкершілігін аңғартады. Осы себепті, «ұлттың табыстылығы факторы минералды ресурстар емес», нақ адамның өзі болады. Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру үрдісін дұрыс түсінуіміз бен әрқайсымыздың тікелей атсалысуымыз, жаңарудың қажеттілігін жете ұғынуымыз Қазақстанның жарқын болашағын құруда түйінді факторлар болып табылады, -деді. Басқосуда сөз алғандардың пайымынша, Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Жолдауды талқылаған мұндай жиындар ауданымыздың барлық округтерінде өтуде.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАСТАР — ИДЕЯ АЙТУШЫ ЕМЕС, ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУШЫ БОЛУЫ ТИІС

Күні: , 192 рет оқылды

30 қаңтар күні Бостандық ауылдық округінде «Рухани жаңғыру – жастарға жарқын жол» атты еркін форматта аудан әкімінің жастармен бейресми кездесуі өтті. Кездесуге ауданымыздың мекеме, ұйым басшылары мен жастар жетекшілері, белсенді жастар қатысты. Кездесу барысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов елімізде жүргізіліп отырған жастар саясатының негізгі тұстарына тоқтала келіп, Елбасымыздың кешегі халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру — жастардың басты міндеті болатынына тоқталды. Кездесуде сөз алған аудан әкімі Абат Абайұлы, -Бүгінгі күнде жастардың белсенділіктері, олардың қоғамға тигізер үлесі туралы қандай болу керек? — деген сұрақты қоя отырып, мына мәселелерді ашып айтты. Еліміз экономикасының негізі қозғаушы күші орта және шағын бизнес саласы болып табылады. Неге біздің ауданымыздың жастары осы салаларда бастаушы күш болып жүрмеске? Тек кәсіп дегенде мал бағу емес, түрлі сервистік қызметтерді атқаратын жұмыстар да жетіп жатыр. Кешегі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойлар жастарға тың серпіліс әкелетін идеялар. Сол идеяларды сіздер іске асырушы болып табыласыздар, — деді. Осы мәселеге орай белсенді жастарымыз өз ойларында ортаға салды. Мәселен, қошанкөлдік жастар құс өсіру фермасын ашуды жоспарлап жатса, бостандықтық жастар «Туған жер» бағдарламасы аясында «100 ән, 100 күй» жобасын қолға алған. Сонымен қатар аудан жастары ұлттық қолөнерді қолға алып, қолдары алтын жастарды бір жерге жинап, жастар фестивалін өткізуді де мақсат етіп отыр. Себебі біз енді шет елдік өнерге, мәдениетке таңдай қағып отырмай, керісінше өзімізді-өзіміз танытуға құлшыныс жасауға тиіспіз. Міне, осындай және басқа да еркін әңгіменің арқауы болған мәселелер төңірегінде қызу пікірталас ұйымдастырылды. Жастар көтерген мәселелерді тыңдай келіп, аудан әкімі әркезде де қолдау көрсететінін жеткізумен қатар, жастар тек идея айтушы ғана емес, жүзеге асырушы екендігіне тоқталды.

Жұлдыз АСҚАР


СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 164 рет оқылды

30 қаңтар күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Неғметуллин, облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы Жалпақтал ауылында болып, спорт нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен округ әкімі Самиғолла Ақмурзинмен кездесіп, округте атқарылған жұмыстар жайында әңгіме өрбіді. Мұнан кейін Айбар Мұғалбаев жетекшілік ететін аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. Ең алдымен күрес залын аралап, палуандармен кездескен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Махамбетұлы жаттықтырушы Ғаділбек Сатыбалдиевтың жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінде аудандық спорт мектебінде бір ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, үш спорты шебері, 11 спорт түрінен 22 жаттықтырушы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 476 оқушы жаттығып, спортпен шұғылдануда. Аталмыш мекеменің басшысы Айбар Мұрадымұлы бұл спорт мектебі 1969 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілсе деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Неғметуллин, облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің мұражайында болып, жәдігерлермен танысты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ТОБЫ ЖАЛПАҚТАЛДА

Күні: , 144 рет оқылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан құрылған ақпараттық топтың өкілдері облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Неғметуллин, облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы 30 қаңтар күні ауданымыздың Жалпақтал ауылында болды. Жалпақтал ауылдық округі аппаратының мәжіліс залында өткен кездесуде сөз алған облыстық спорт басқармасы басшысынң орынбасары Жеңіс Махамбетұлы бүгінгі таңда еліміздің қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқандығын айтты. -Бұл жолғы Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу, жетістікке жету жолында не істеу қажеттігін айқындайды. Елбасымыздың өзі атап өткендей, біздің басты мақсатымыз — озық дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ол үшін түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. 100 нақты қадам — Ұлт жоспары жүзеге асырылып, индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. Президенттің жыл сайынғы Жолдауы уақыт талабына сай ерекшеленіп отырады. Биылғы Жолдау да соның бір жарқын мысалы. Елбасымыз негізгі 10 бағытқа ден қойып, елімізде жарқын болашақта атқарылуы тиіс жұмыстарды айқындап, әрбір қазақстандықтың алдына нақты міндеттер қойды. Жолдаудың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аталуының өзі көрсетіп тұрғандай, негізгі екпін шикізаттық тәуелділіктен арылып, жаңа технологияларды дамытуға, сол арқылы ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басуға беріледі. Әрине, алға қойылған міндеттердің барлығы адами ресурстардың сапасын арттыруды қажет етеді. Соның ішінде, мемлекеттік аппараттың деңгейін жоғарылату, мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін көтеру мәселесі бірінше кезекте болуы тиіс. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен де әлі де болса жасалуы тиіс дүниелер бар,-деді спорт басқарма басшысының орынбасары. Осы жиында КүМеңдәлиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Абылай Молдашев, Жалпақтал аймағы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Артур Жексенов Елбасы Жолдауының басты міндеттеріне тоқталып, ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Округ әкімі Самиғолла Ақмурзин Елбасы Жолдауын қолдайтындығын айтып, жиын барысын қорытындылады. Облыстық ақпараттық насихат тобының өкілдері ауданымыздың барлық округ орталықтарында болып, Жолдау аясында ұсыныс пікірлерімен бөлісті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


11 ЖАСТА 300 КІТАП ОҚЫП, ТАУЫСҚАНДАР

Күні: , 164 рет оқылды

Бүгінгі күнде кітапханаға келіп кітап оқушылар азайып бара жатыр деп жиі ауызға аламыз. Әрине, ғаламтордың шырмауы, басқа да ақпараттар тасқыны – кітапқа деген сұранысты азайтып бара жатқаны шындық. Дегенмен жасөспірімдер арасында кітапқа деген құмарлық әлі де басым. Солардың бірі Қазталов орта мектебінің 6 сынып оқушылары Қарақат Мусина мен Аружан Каримованы айтуға болады. Олар аудандық модельді балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары болып табылады. Мәселен, Қарақат осы кезге дейін 300-ге жуық кітап оқыса, соның көбі ертегілер, ал Аружан 200-ден астам кітап әлеміне енген. Бұл оқушылармен әңгімелесе қалсаң, ой-өрістері де жоғары. Яғни, көркем әдебиеттің олардың өмірге деген көкжиектерін кеңейткені көрініп тұр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай адамдардың сана-сезіміне көрікті ойлар қосатын, өмірді танып, білгізетін әдебиеттен ажырамау – ұлттық қадір-қасиетімізді одан әрі шыңдай түсері сөзсіз.

Гауһар ӘДІЛЖАН


МЕКТЕПТЕ АУҚЫМДЫ ІСТЕР ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Күні: , 150 рет оқылды

Қазталов орта мектебі Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген істер тыңдыруда. Мектептің қосымша білім беру педагогі Гүлнұр Әжіғалиеваға жолыққанымызда былай деп әңгімеледі: -Бүгінгі күнде бағдарламаның «Туған жер» атты тақырыбы аясында жергілікті тұрғындардың жеке қолдарындағы көне жәдігерлерді, қолөнер бұйымдарын жинастырып жатырмыз. Сонымен қатар оқушылар кейбір тұрғындарға (қарияларға) қайырымдылық шараларын өткізуде. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарынан арнайы стенд ұйымдастырудамыз. Болашақта мектептің үлкен дәлізінде «Туған жер» бағдарламасына сәйкес тақырыптық бұрыштар ұйымдастырылатын болады. Тариx кабинеті ауылымыздың тариxынан сыр шертетін орынға айналмақшы. Мақсатымыз — мектептегі 400-ден астам шәкірттердің ұлт құндылығын білуге үйрету, -деп сөзін аяқтады. Біз мектептен шығып бара жатқанда оқушыларды үзіліске шақырған қазақтың күйі орындалды. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы естіледі екен…

Әсем БОЛАТ


ЖҰМЫСТАРЫНАН ЕСЕП БЕРДІ

Күні: , 170 рет оқылды

29 қаңтар күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №15-ші,№19-ші өрт сөндіру бөлімдерінің 2017 жылдың 12 айында жедел-қызметтік және әкімшілік-шаруашылық жұмыстары туралы есептері тыңдалған жиын өтті. Жиынға Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин, Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубеков, облыстық Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, полковник Максим Хайрекенов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамалары қатысты. Жиында атқарылған жұмыстар мен қатар ауданымыздағы құрамалардың техникалық базасы туралы және шешім таппай жүрген мәселелер төңірегінде де әңгіме қозғалды.

Қайрат ЖАҚЫП


АУДАНЫМЫЗДА КӘСІБИ МЕДИАТОР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Күні: , 128 рет оқылды

Соңғы бесжылдықта еліміздің сот жүйесіне енгізілген айтулы реформалардың бірі 2011 жылы қабылданған ҚР «Медиация туралы» заңымен байланысты. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған медиация жүйесінің басты мақсаты – түрлі дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей реттеу. Қазталов ауданы бойынша да кәсіби емес медиаторлар қоғамдық негізде жұмыс жасауда. Дегенмен, кәсіби түрде қызмет жасайтын медиатор қызметіне жүгіну үшін облыс орталығына бару қажеті туындайтын. Бұл ауылдық жерде тұратын азаматтар үшін тиімді емес. Осы мәселенің түйіні шешіліп, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, аудандар арасында алғашқылардың бірі болып аудан орталығында кәсіби медиатор қызметі ұсынылмақ. Кәсіби медиатор қызметінің арнайы сертификатын алып, қызмет жасауға ауданымыздың дамуына үлкен үлес қосқан, жақында ғана еңбек демалысына шыққан Марат Харесұлы Тоясов кірісіп жатыр. Марат Харесұлы осы күнге дейін кәсіби емес медиатор қоғамдық қызметінде үш жыл еңбектеніп, сотқа дейінгі біраз мәселелерді шешкен болатын. Осыған орай 29 қаңтар күні кәсіби медиатор қызметіне кіріскен Марат Тоясовты аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбеков қабылдады. Қабылдауда Райбек Серікқалиұлы,- медиация институтын дамыту арқылы әлеуметтік және құқықтық дауларды сотқа жеткізбеу және түрлі дауларды сотқа және басқа да құқық қорғау органдарының қатысуынсыз шешудегі медиацияның тиімділігін халыққа түсіндіру керектігін айта келіп, бастағалы отырған ісіңізге сәттілік тілеймін!- деген тілегін жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП


СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ — ҚОҒАМНЫҢ ӨЗЕКТІ МƏСЕЛЕСІ

Күні: , 206 рет оқылды

29 қаңтар күні аудан əкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиевтің төрағалығымен Елбасының «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының талқылау отырысы өтті. Талқылау отырысына аудан əкімі аппаратының жəне салалық мекеме мамандары қатысты.
Отырыста сөз алған Жандос Дүйсенғалиев: -Елбасының биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы 9 басымдылық «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі». Елбасы «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» деген. Осы мақсатта аудан əкімдігінің арнайы электрондық поштасы мен Watsapp желі ашылғаны бəрімізге мəлім. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму дамуына елеулі қауіп төндіреді, -деді. Жиынға қатысушылар Жолдаудың бұл тармағына қатысты, яғни сыбайлас жемқорлық туралы ойларын айтып, пікірлерін білдірді.

Гауһар ƏДІЛЖАН


ЖАЛПАҚТАЛДА ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН «ТАМАША» ӨТТІ

Күні: , 148 рет оқылды

Жалпақтал мәдениет үй жанындағы «Тамаша» ойын-сайық отауы кезекті қойылымы жұртшылық назарына ұсынылды. Жерлес ағамыз Әли Ахметовтың бастамасымен ұйымдастырылған жергілікті бүгінде дүниеден өткен Темірғали Жазбаев, Гузяль Хабиева, Жәрдем Тұяқов, Закария Оразаевтырдың арнайы сатиралық туындыларымен бастау алып, оларды сахнада әрлендіруде, тамаша өнерімен жеткізе білген «Тамаша» ойын сауық отауының алғашқы ірге тасын қалаушылар Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Зәуреш Ақмурзина, Қайрат Туляшев, «Мәдениет қайраткері» атағының иегерлері Нұрлан Шаканаев, Самат Ерғалиев, Сүлеймен Қайбалиев, Бейбіт Оразовтарды айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде міне мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» ойын-сауық отауы есігін айқара ашқан күннен бастап, көрермендердің көңілінен шығып, көзайымына айналуда. Басқа ауыл тұрғындарын қайдам, ал жалпақталдық ағайындар «Тамаша» ойын-сауық отауы өнер көрсетеді деген күні қонақтық пен той-томалақ былай тұрсын, алдындағы асын ішпестен мәдениет үйінің залына ертерек барып, орын алып қалуға асығады. Екі жүздің үстінде орындығы бар көрермендер залы лық толғанын айтпағанда ауылдастардың екі сағатқа жуық аяғынан тік тұрып, «Тамаша» тамашалағанына риза болды. Әсем безендірілген сахна. Күлкіден шегің түйілетін қойылымдар. Әсем ән, мың бұрала билеген билер, бәрі-бәрі көрермендердің сұрауы бойынша беріліп жатқандай әсер қалдырып жатты. Жоғары да есімдері аталған аға-апаларының ізін жалғастырушы, жас буын өкілдері сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздары Нұрхат Жалмұқанов, Азамат Дүйсеков, Мержан Дүйсенов, Ерлан Аманжолов, Нұрбек Мұхамбетқалиев, Жандос Жексенбаев, Анар Мусина, Шалқыма Меркулова, Шайзада Елжанова, София Мерғалиева, Асылғаным Құсайынова, Гаяз Мазгутов, Наргиза Сүлейменова, Гүлхан Елемесовалардың өнер көрсетуі көрермендердің көңілін көкке көтерді. Осы кеште «Тамаша» ойын сауық отауының алғашқылары болып ірге тасын қалаған Самат Ерғалиев сахна төріне шығып, өзінің шынайы ризашылық сезімін білдере отырып, мәдениет үйінің өнерлі жастарына шығармашылық табыс тіледі. Жалпақталда өткен талайды тамсандырған «Тамаша» ойын-сауық отауында өнерпаздардың өнеріне тәнті болған жалпақталдық ағайындар көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.