АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 26.01.2018


ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЖЕТ

Күні: , 144 рет оқылды

25 қаңтар күні аудан әкімдігінің кіші залында аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожиннің төрағалық етуімен Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі № 2036 әскери бөлімінің офицерлері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық ветеринариялық құрылымдарының басшылары және жергілікті полиция өкілдері қатысты. Отырыста мемлекеттік шекара мен шекара режимінің бұзылмау жолдарын алдын алу бойынша шаралар қабылдау туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі № 2036 әскери бөлімінің командирінің орынбасары Тимур Қоқабаев баяндама жасады. Баяндамаға қысқаша тоқталсақ, шекаралық аймақта орналасқан тұрғындар мен шаруа қожалықтарының малдарының бағылмауына байланысты мемлекеттік шекараны бұзу фактілерінің орын алатындығы, шекара аймағындағы өртке қарсы жолақты жаңғырту, шекаралық аймақта орналасқан тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік шекараны қорғауға үшін тұрғындар арасынан еріктілерді тарту сияқты мәселелер айтылды. Отырыста сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Ихсанұлы шекара қызметкерлері мен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтып, бірлесе жұмыс атқаруды күшейту керек екендігін атап айтты.

Қайрат ЖАҚЫП


БОЛҒАНБАЙ БӨГЕТІ. БҰЛАҚ ЖӘНЕ САЗ БАЛШЫҚ

Күні: , 184 рет оқылды

Жарықтық, жеріміз киелі ғой. Соның мәніне жетіп жүрміз бе..? Кейде бөтен жердегі кереметтерге таңданып, дәл іргеміздегі өзіміздің асылымызды көрмей жатамыз. Соның бірі – Қошанкөл ауылынан 40 шақырым жердегі Болғанбай бөгетінің жанындағы БҰЛАҚ және Серғазы сорының «Салық өткелі» деп аталатын жерден ескерткіштер жасау үшін алынып жүрген САЗ БАЛШЫҚ. Бұл туралы қошанкөлдік азамат, бүгінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы қызметінде жүрген Аманжол Қажығалиевтен естіп білдім. Оның айтқаны: — Бұл бұлақты Шүкірей ( марқұм болды) деген ағамыз тауып берді. Сонау 2000 жылдары су тапшылығы кездесті. Мал суаратын құдықтардың өзі тартылып кетті. Сол кезде Шүкірей ағамыз осы жерге бастап келіп, құдық қаздыртты. Екі метрден кейін тап-таза су шықты. Бүгінгі пластик ыдыстарға құйып әкеліп сатып жатырған сулар бұл судың қасында жіп есе алмай қалады. Бір ерекшелігі – екі метрден артық әрі қарай қаза алмайсың. Судың өнігі сондай, қазылған құдықтың аузына жетеді. Бұл су малға да, жанға да жетті. Енді Серғазы сорының қасындағы «Салық өткелі» аталып кеткен жерден жергілікті тұрғындар зиратқа құлпытас қою үшін саз балшық алып жүрді. Құлпытас жасалғанда бетіндегі судың үстінен тұрып құлпытастың сөздері жазылады. Содан кейін құлпытас жасалған саз балшықты кесіп, судан шығарып алғанда бірден тас болып қатып қалады. Бұл да бір сол жердің қасиеті болар. «Салық өткелі» деп аталатын себебі – осы жерден жаз айларында түрлі көліктер сордың арғы бетіне шыға береді. Ал Болғанбай бөгетінің аталу себебі – бізге жеткен дерек бойынша сонау 19-20 ғасырлар шамасында 3000 жылқымен көшіп келе жатырған Болғанбай деген бай осы жерде түнеп, жылқысын суарған екен. Дәм таусылып Болғанбай бай осы жерде көз жұмыпты. Содан Болғанбай бөгеті аталып кеткен. Қазіргі күнде бұл жер бөгеліп, үлкен тоған болып тұр, — деп Аманжол ағамыз қызықты әңгімесін аяқтады. Апырмай, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» туралы айтылған құнды ойлар осындай киелі жерлермен байланып жатырған жоқ па? Бұл да өңіріміздің бір киелі жері болып картаға енері сөзсіз. Ал осындай қасиетті орын жас ұрпақты өзінің кіндік қанын тамған жерін одан әрі құрметтей түсеріне әсерін тигізері анық.
(ЕСКЕРТУ: СУРЕТ ҒАЛАМТОРДАН АЛЫНДЫ.ЖАЗ АЙЫНДА БҰЛ ЖЕРЛЕРГЕ АРНАЙЫ ІССАПАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ)

Жұлдыз АСҚАР


СОРЛАРЫМЫЗҒА ДА МОЙЫН БҰРАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Күні: , 198 рет оқылды

Жаңажол ауылдық округінің аумағында, аумағы 553 га жерді алып жатқан минералды-сулы қабаты бар Еділбай деген сор бар. Балшығы мен суы емдік қасиетке ие. Буын ауруларын емдеуге пайдаланылады. «Бұл сор балшығы балығы тайдай тулаған Сокрыл көлінен он сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. Еділ¬бай соры бал¬шығының құрамын балшықпен емдейтін КСРО аума¬ғындағы ең шипалы өңір¬лердің бірі – Кисловодск курортына апарып сынама алған кезде, оның ем¬дік қасиеті өте жоғары екені белгілі болады. Сол кездегі аудан басшылары Еділбай сорының емдік балшығын тұрба арқылы Сокрыл көліне жеткізіп, осы аумақта емдеу-сауықтыру шипажайын ашу жөніндегі жобаны да ойластырыпты…» (Бұл сөйлемдер «Егемен Қазақстан» газетінде 2016 жылы жарияланған Темір Құсайынның мақаласынан). Осыны ескерер болсақ ауданымызда емдік қасиеті бар сорлар баршылық. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданымен шекаралас жатқан жерде (Бостандық, Саралжын елді мекені) Баяр деп аталатын үлкен сор бар. Ал осы сор не себепті Баяр деп аталатыны тағы белгісіз. Былайша айтқанда, қазақтың тілдік сөзінде баяр деген мағына беретін сөзді де кездестірген жоқпыз. Енді өздеріміз де жаз айларында (шілде, тамыз) аудан тұрғындары сорға барып түсетіндерін көріп жүрміз. Яғни, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сорға түсіп емделу әлі күнге дейін жалғасын табуда. Осыны ескере келе ауданымыздағы осы бір емдік қасиеті бар сорларды инвесторлар неге пайдаланбасқа? Олай дейтініміз, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасында қасиетті жерлерді игілікке пайдаланып, оның қадірін жас ұрпақтың бойына сіңіруді белгілеп берді емес пе? Сондықтан өзіміздің емдік қасиеті бар сорларымызға да мойын бұратын уақыт жетті деп білеміз.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ (Суретте 2017 жылы тікұшақ арқылы түсірілген Баяр соры)


АЛМАТЫДА ХАДИША БӨКЕЕВАНЫҢ ТҰРҒАН ҮЙІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Күні: , 180 рет оқылды

Ақбасты Алатаудың баурайындағы әсем Алматыдан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Досжан Аxметов қоңырау шалды. Оның айтқаны: — Мен Алматыда іссапарда жүрмін. Іссапардың мақсаты — облыс басшысы Алтай Көлгіновтің қолдауымен жерлесіміз, КСРО Халық Әртісі Хадиша Бөкееваның тұрған үйіне (Зенкова 96) ескерткіш тақта орнатылды. Сол ескерткіш тақта орнату салтанатына облысымыздан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев бастаған делегация барды. Оның құрамында Ақжайықтың ақшағаласы, ақын Ақұштап Бақтыгереева және Хадиша Бөкеева атындағы драма театрдың әртістері бар. Аудан әкімі Абат Шыныбековтің ұсынысымен бұл делегация құрамында мен де бармын. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында КСРО Халық Әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Алматы қаласының мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Данияр Алиев және басқалары сөз алып, Сарыөзеннің жағасында түлеп ұшқан саxнаның xас шебері Хадиша апамыз туралы естеліктер айтты. Сонымен қатар осындай салтанаттың ашылуына мұрындық болған облыс әкіміне алғыстарын жеткізсе, сондай-ақ 100 жылдығы туған жерінде атап өткен қазталовтықтарға да ыстық сәлемдерін білдірді, -деді. Міне, өнерге деген құрмет осындайдан көрінеді ғой. Өнер иесі туған жердің атын шығаратынын осындай сәттерден байқалады.

Әсем БОЛАТ


САЗ МЕКТЕБІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛМАҚ

Күні: , 156 рет оқылды

24 қаңтар күні Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов округ тұрғындары алдында 2017 жылы округ бойынша атқарылған жұмыстардан есеп берді. Бұл есеп беру жиынына аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, былтырғы жылы ауданымызда атқарылған ауқымды жұмыстар туралы да баяндап берді. Сонымен қатар аудан басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы да айта келіп, биылғы жылы аудан орталығынан саз мектебінің құрылысы басталатыны жайлы қуанышты хабарымен бөлісті. Бұнымен қоса биыл Қазталов ауылында 6 көшеге асфальт төселетінін, 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 900 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатырғаны туралы да айтып өтті. Халық жиынында тұрғындар ауыз судың қысымын көтеру, көшелерге электр жарығын үнемдейтін шамдар қою, көше комитеттерін жандандыру, қосымша футбол алаңын салу туралы мәселелер көтерді. Бұл мәселелерге аудан әкімі мен қатар жиынға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары және салалық мекеме басшылары жауап берді.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚАЗТАЛОВ АУДАНДЫҚ СОТЫ БІРІНШІ ОРЫНДА

Күні: , 154 рет оқылды

Қазталов аудандық соты 2017 жылы атқарылған соттар арасындағы жұмыс көрсеткішінің сапасы бойынша бірінші орынды иеленді. Қуанышты жағдай. Егер әділдік іздеп, оны Әділдік үйінен табатын болса, онда ол алға басқан қадам болып табылады. Аздап шегініс жасасақ, біздің ата-бабамыздың тарихында билер сотынан әділдік тапқаны туралы түрлі деректер жеткілікті. Бүгінгі қоғамда Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауларында да бұл мәселе үнемі айтылып келеді. Себебі, әділ қазылық ету – әр судьяның қасиетті парызы. Би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол сәтте айыпкер, бұзақы, жауапкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Міне, Қазталов аудандық соты соны дәлелдеп отыр. Бүгінде Қазталов аудандық соты Ұлт жоспарында айтылған қағидаттардың барлығын да қолданысқа енгізген. Мәселен, аудандық сот отырысы залы дыбыс-бейнетіркеу жүйесімен толық жабдықталған. «Сот кабинеті» сервисі арқылы соттарға электронды құжаттардың түсуі жылдан жылға саны өсуде. Электрондық сот өндірісін одан әрі дамытудың бір көрінісі ретінде 2015 жылы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалардың уәкілетті органдармен электронды түрде жолдануы іске асырылды. Сонымен қатар жаңадан енгізілген «Төрелік», «Дыбыс-бейнежазба», «Сот кабинеті» сынды бағдарламалар сот процестерінің аудио және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесі шын мәнісінде сот төрелігі ашықтығымен қамтамасыз етудің ғаламат құралына айналып отыр. Аудандық сотта 2 судья және 5 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды. Олардың қатарында тәжірибелі мамандар жеткілікті. Мысалы, кеңсе меңгерушісі Руслан Қаженов сот саласында 16 жыл еңбек жасаса, сот мәжілісінің хатшылары Асылгүл Сансызбаеваның және Дәмелі Әжіғалиеваның 10 жылдан 25 жылға дейінгі тәжірибелері бар. Бас маман Дәмелі Әжіғалиева мінсіз қызмет үшін БҚО соты төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Аудандық соттың қызметкерлері аудандымыздағы түрлі шаралардан да тыс қалып жатқан жоқ. Олар, -біз – сот қызметкерлеріміз, -деп «биіктен» қарап отырмай, бүкілхалықтық іске де араласуда. Ал бұның өзі бұқара мен сот арасын жақындата түсуде. Мәселен, кеңсе меңгерушісі Руслан Қаженов, сот приставы Алтынбек Қонақаевтар түрлі спорттық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ өткен жылдың аяғында Батыс Қазақстан облыстық сотында аудандық және оған теңестірілген соттардың арасында үздік мекеме сайысы ұйымдастырылып, байқау қорытындысы бойынша қалалық екі сотты алға жіберіп үшінші орынды иеленді. Осындай көрсеткішке жетуге аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбековтің еңбегінің зор екенін айтуға тиіспіз. Бұған жауап аудан тұрғындарымен кездескенде олардың пікірлерін тыңдай қалғанда аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбековтің адамгершілігін, қарапайымдылығын, әділеттілігін әңгіме ететіндерін естіп жүрміз. Бұның өзі әрбір азамат өзінің құқын қорғар кезде, -менің әділет іздейтін орным бар, -деген ойды білдірсе керек. Сондықтан аудандық соттың алдағы уақытта да еліміздің құқықтық мемлекетке айналуы жолында өзіндік үлес қоса береді деген сенімдеміз.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.