АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.01.2018


ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ ЖОЛДАУДА

Күні: , 148 рет оқылды

19 қаңтар күні Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында Жалпақтал жастарының отырысы өтті. Олар Елбасының биылғы Жолдауын талқылап, көптеген маңызды ұсыныстарын ортаға салды. Бас қосуға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова қатысып, жастармен Елбасы жолдауы туралы ой бөлісті. -Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көптеген маңызды мәселелер қозғалғандығын оқып, елден бұрын ерекше серпіліп қалдық,-деді Жалпақтал жалынды жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмат Нетқалие,-біздің жастар жолдауды қолдайды. Себебі осы жолғы Жолдаудың мәні мен маңызы ерекше. Сонымен қатар Жалпақтал колледжінің өндіріс шебері Аяжан Мұхамбетқалиева, қос білім ордасының ұстаздары Жансерік Мақсотов, Анатолий Падапригора жарыссыөзе қатысып, өздерінің ұсыныс пікірлерін білдірді. Жаңа әлемде жаңғырған жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында жастар қашанда жұмыла жұмыс жасайды. Жолдауды Жалпақталдың жастары қолдай отырып, Жолдауда көрсетілген міндетті алда іске асыруға өз үлестерін қосатындарын айтты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


САЗ МЕКТЕБІ БОСТАНДЫҚТЫҚТАРҒА ӘДЕМІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 200 рет оқылды

18 желтоқсан күні аудандық балалар саз мектебінің ұжымы Астананың 20 жылдығына орай Бостандық ауылдық округіне барып, мерекелік концерт беріп қайтты. Кеште аудандық балалар саз мектебінің директоры Жадыра Жұмабаева сөз сөйлеп, барша бостандықтықтарды мерекемен құттықтады. Концерттік бағдарламада қобыз, домбыра, ән, баян, би үйірмесінің оқушылары және мектеп ұстаздары өнер көрсетіп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ кеште жерлесіміз Дархан Дәулетияровтың әнін орындағанда, бостандықтық көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Әдемі де әсерлі кеш сыйлаған саз мектебінің ұжымына Бостандық ауылының тұрғындары ризашылықтарын жеткізіп, алғыс хат табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ƏКІМДЕРІНІҢ ЖЫЛ БОЙҒЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЕСЕБІ

Күні: , 140 рет оқылды

18 қаңтар күні Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл ауылдық округтерінің əкімдері Нұрғали Дүйсеков, Радж Болақайұлы, Ернар Галимов ауыл тұрғындары алдында өткен жылда округ бойынша атқарылған жұмыстардан есеп берді. Есеп беру жиынына аудан əкімі Абат Шыныбеков, облыс мəслихатының депутаты Ескендір Елемесов, аудандық мəслихат депутаттары, салалық мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Округ əкімдері өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндай келе, алдағы атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Атап айтар болсақ, Қараоба ауылдық округі бойынша ауылды абаттандыру, жарықтандыру, ауыл мешітін жөндеу жұмыстарын жүргізу болса, Қошанкөл ауылы бойынша Ордабай елді мекеніне ауыз су құдығын қазу, абаттандыру, шиномонтаж жəне құс фабрикасын ашу басқа да жұмыстарды ағымдағы жылы жүзеге асырмақшы. Ал Тереңкөл ауылдық округі бойынша саябақ салу, Беспішен жəне Мереке ауылдарына таза ауыз су құдықтарын қазу, Нұрсай жəне Беспішен ауылындағы күл-қоқыстарын шығару сынды жұмыстар атқарылмақ. Сонымен қатар есеп беру жиынында ауылдық округтердің учаскелік инспекторларының жыл бойғы атқарылған есептері тыңдалды. Кездесуде аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбеков сөз алып, медиация, кəсіби емес медиаторлар туралы жəне «Сот кабинеті» сервисі жөнінде мəлімет берді. Қараоба ауылының тұрғындары мəдениет үйінің айналасын қоршау, фельдшерлік-акушерлік пунктке интернет желісін орнату мен медициналық көлік беру, мектепте оқу кітаптарының жетіспеушілігі жөнінде сауалдарын, Қошанкөл ауылының тұрғындары аудан орталығымен қатынайтын күре жолға қиыршық тас төсеу, интернет желісі жəне таза ауыз судың скважиналарының бітелуі жəне насостардың біреуі ғана жұмыс істеп тұрғанын айтып сауалдар жолдады. Тереңкөл ауылының тұрғындары да интернет желісінің жылдамдығын арттыру, күрделі жөндеуден өткен мектеп жанынан бақша салу жəне «Жігер» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныстарын білдірді. Жиналған халық алдында сөз алған аудан əкімі Абат Абайұлы ауданда жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде айта келіп, алдағы атқарылатын жобаларға тоқталды. Жиында тұрғындар сауалына жауаптар қайтарылды.

Гауһар ƏДІЛЖАН


БІЛІМ БӨЛІМІНДЕ ЖАҢА БАСШЫ

Күні: , 132 рет оқылды

Қазталов ауданы әкімінің 18 қаңтардағы №8 өкімімен Қазталов ауданының білім беру бөлімінің басшысы лауазымына Нұрлығали Сағынғалиұлы Дүйсеков тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова таныстырып, Нұрлығали Сағынғалиұлының қызметіне табыс тіледі.
Нұрлығали Сағынғалиұлы Дүйсеков 1973 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Қараоба ауылында дүниеге келген. 1998 жылы А.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінде, кейін 2008 жылы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде білім алған. Мамандықтары – дене тәрбиесінің мұғалімі, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры. 2013 жылға дейін 15 жыл білім саласында еңбек етті. 1998-2000 жылдары Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. 2000-2013 жылдары Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының директоры. 2013 жылдан бері Қараоба ауылдық округі әкімі қызметін атқарып келді.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚОС ҰСТАЗ ФИНАЛДЫҚ БАЙҚАУҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Күні: , 196 рет оқылды

Күні кеше облыс орталығында ел арасындағы таланттарды танып, дарынды жастардың шеберлігін шыңдайтын облыстық «Танылмаған талант» жобасы өткен болатын. Сол жобаға аудандық саз мектебінің ұстаздары Гүлшат Ізмағамбетова мен Әсем Бекжан қатысып, «Үздік аспап орындаушы» аталымын иеленіп, финалдық байқауға жолдама алды. Қос талантты ұстазға финалдан да сүрінбей өтулеріне сәттілік тілейміз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚОС ЕЛДІ МЕКЕНГЕ АУЫЗ СУ МЕН ГАЗ КЕРЕК

Күні: , 136 рет оқылды

Ауданымыздың округіне қарасты әкімдердің есеп берулері жалғасуда. 17 қаңтар күні Қараөзен ауылдық округінің әкімі Мұрат Рахметуллин округке қарасты Серік, Жас ауыл тұрғындарының алдында өзінің жұмыс есебін берді. Бұл есептік кездесуге аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қатысты. Округ әкімі өзінің есептік баяндамасында Қараөзен ауылдық округінің 2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады және округ тұрғындарының осы кезге дейінгі әкімдермен болған кездесулерде көтерген мәселелерінің орындалуы жайлы айтты. Былтырғы жылы округте ауыз суды мәселе ретінде көтерілген болса, сол шешімін тауып, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қараөзен ауылына ауыз су тарту жұмыстары өз шешімін тапқан. Сонымен қатар орталықтағы саябақты абаттандыру жұмыстары да шешімі табылған. Сонымен қатар округ әкімі болашақтың еншісінде атқарылатын жұмыстардың жайымен де бөлісті. Қос елді мекенде өткен есептік кездесуде ауыл тұрғындары ауыз су, көгілдір отын, Жас елді мекенінің клубын күрделі жөндеу, музыкалық аппаратура алу, ұялы байланыс секілді мәселелерді көтерді. Сонымен қатар Әлкеш, Қожантай, Жүзбай қыстақтарына арнайы трансформатор болса деген сауалдарын да қойды. Осы кездесуде Жалпақтал аудандық электр торабының басшысы Бауыржан Бердалиев, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, Жалпақтал ауруханасының директоры Алмас Тоғайбайұлы, Қараөзен ауылдық округі бойынша учаскелік инспекторы Талғат Темешев өз салалары бойынша түсінік жұмыстарын айтып, тұрғындардың сауалына жауап берді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жолдауы да есептік кездесудегі әңгіменің өзегіне айналды. Есептік жиналысты аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы қорытындылады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДАН ЕСЕП БЕРІЛДІ

Күні: , 132 рет оқылды

17 қаңтар күні Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолов Сатыбалды ауылы тұрғындары алдында өткен жылда округ бойынша атқарылған жұмыстардан есеп берді. Есеп беру жиынына аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты. Округ әкімі өзінің есептік баяндамасында өткен жылы округ бойынша атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, болашақтың еншісінде атқарылатын жоспарларымен де бөлісті. Айта кетсек, ағымдағы жылы округ орталығында кіші футбол алаңының құрылысы, мейрамхана мен ойын алаңдарын салу және Сатыбалды ауылында ауыл тұрғындары салып жатырған клубтың құрылыс аяқтау сияқты жұмыстарға тоқталып өтті. Жиында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков былтырғы жылы ауданымызда атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, Сатыбалды ауылының тұрғындары көтерген техникалық су, қоқыс қалдықтарын шығару, көпір салу, ауыз судың қымбаттауы, малдануға несие алу секілді біраз мәселелер төңірегінде тиісті жауаптар берді.

Қайрат ЖАҚЫП


«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» — МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

Күні: , 132 рет оқылды

17 қаңтар күні «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қазталов ауылының тұрғындары, 3 топ мүгедектері Рауан Жасқалиев және Асанбай Шамұратовтың отбасында болып, оларға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсінік берілді. Шараға «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Артур Берденов және аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Бақдәулет Әміров қатысты. Бұл кездесудің мақсаты — ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуына жол көрсетіп, олардың жұмыспен қамтылуы бағытында пікір алмасу. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мамандар мүмкіндігі шектеулі жандардың түйіткілді сұрақтарына жан-жақты кеңес берді.

Әсем БОЛАТ


ЖОЛАМАН ЖЫЛҚЫ ҮЙІРМЕСІН АШТЫ

Күні: , 148 рет оқылды

Бүгінде Жоламан Есетовпен қазталовтықтар «күнде жүздеседі». Неге дейсіздер ғой? Ауданымыздың ауылдарындағы көшелерде ілініп тұрған барлық баннерлер Жоламанның қолынан шыққан. Сонымен қатар түрлі буклеттер де Жоламанның қолымен жасалып жатыр. Осыларды ескерсек, Жоламан замандасымызбен аудан тұрғындары күнде жүздесіп тұрған жоқ па? Өйткені Жоламан ауданымыздағы ең алғашқы полиграфия кәсібімен айналысып отырған бірден бір жас кәсіпкер. Осындай еңбегінің нәтижесінде ол осыдан 2 жыл бұрын облыстық «Үздік жас кәсіпкер» аталымының жеңімпазы атанды. Енді Жоламан тағы бір қырынан көрінуде. Жастайынан жылқы малын қадір тұтқан ол сәйгүліктер ұстап, баптап күтеді. Бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып та жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алды. Баптауындағы 7 сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдары) мектеп оқушыларына үйрету үшін тегін үйірме ашты. Жылқы десе қандары қозатын қазақтың балалары емес пе? Үйірмеге үйіріліп қарадомалақтар көптеп келе бастады. Олардың ішінде тіпті қыз бала да бар. Бүгінде сол балалар бос уақыттарында Жоламанның қасынан табылуда. Олар атқа мініп үйренумен қатар бәйгеге шабу, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату ұлттық ойындарын да үйренуде. Сонымен қатар Жоламан оларға жылқы тарихы туралы дәріс те оқып жүр. Біз барғанда қарадомалақтар атқа мініп-түсіп, мәз болып жүр екен. Оларды әңгімеге тартып едік, -Атқа мінсек бәйгеге шапқымыз келеді, -деді. Міне, олардың бойында ұлттық рух оянып келеді. Былайша айтқанда «қазақ тарихын айтсақ жылқы тарихын айтамыз, жылқы тарихын айтсақ қазақ тарихын айтамыз» деген даналық сөз ойға оралады. –Алдағы уақытта тай жарысын ұйымдастырамын. Сонымен қатар түрлі ұлттық ат спорты ойындарын да өткізу жоспарымда бар, -деді бізбен әңгімесінде Жоламан. Міне, осындай ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтайтын, оны жасөспірімдерге үйретіп жүрген ісін байқаған, әркезде де жаңашылдық бастамаларға қолдау көрсететін аудан әкімі Абат Абайұлы Жоламанға жаңадан құрылып жатырған «Айбын» спорт клубы арқылы үйірме ашуға қолдау көрсететінін білдірген. Сондықтан алдағы уақытта ауданымызда қасиетті жануар жылқы малын дәріптейтін «Жоламан мектебі» қалыптассын деген тілегімізді жеткіземіз. (P.S. Сенбі, жексенбі күндері Жоламанның сәйгүліктерімен отбасылық ат серуеніне шығуларыңызға болады)

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.