АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.01.2018


ТАРИХИ ӨРЛЕУ БАСТАУЫНДА ТҰРҒАН ЕЛ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Күні: , 78 рет оқылды

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы даму жоспарын айқындап берді. Рухани жаңғыруға бет алған еліміз бұдан былай «мұнайға» тәуелді болмай, өнеркәсіпте төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуі тиіс. Ол үшін 10 басты міндеттерді атап көрсетті. Біріншіден, индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялар мен «цифрлік дәуір» өнеркәсібін қалыптастыру. Екіншіден, ресурстық әлеуеттік одан әрі дамыту. Бұл жерде 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу, «жасыл» технологияларды дамытуға инвестиция салу, тұрмыс қалдықтарын заман талабына сай утилизациялау үшін «Экологиялық кодекске» өзгерістер енгізу керектігі айтылды. Үшіншіден, агроөнеркәсіп саласын «ақылды технологияларды» қолдана отырып дамыту, ауылшаруашылығы кооперативтерін жандандыру, 5 жыл ішінде еңбек өнімділігі мен ауылшаруашылығы өнімі экпортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Әсіресе Елбасымыздың агроуниверситеттерде мамандар даярлау кезінде оларға тек диплом беріп қана қоймай нақты ғылыммен айналысатын маман әзірлеуі тиіс екендіктерін баса айтқаны көңілге қонады. Төртіншіден, көлік-логистика кешенін жетілдіру жолдары көрсетілді. Бесінші, құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Алтыншы, қаржы секторын «қайта жаңғырту», Ұлттық банк пен Үкімет бизнеске ұзақ мерзімді несиелер беруді қамтамасыз етуі қажет. Жетіншіден, «Адами капитал – жаңғыру негізі» білім берудің жаңартылған жаңа әлемдік стандарттарына көшу, 2025 жылға латын әліпбиі көшу, үш тілділік мәселелеріне басымдық беріледі. Елбасымыз ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы нақ осында екендігін атап көрсетті. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне біртіндеп көшу, сапалы жұмыспен қамту, еңбек кітапшаларын электрондық форматқа көшіру, еңбекке қабілетсіз адамдарға мемлекеттік қолдау күшейтілетін болады. Сегізінші, тиімді мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, «бір терезе», «бір өтініш» қағидаты бойынша жекеленген мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, 2020 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу сияқты мәселелер көзделген. Тоғызыншы, жемқорлықпен күрес және заң үстемдігі, құқық қорғау органдарының өкілеттілігі мен жауапкершілік шегі айқындалады. Оныншы, «Ақылды қала» ақылды ұлт үшін, қалаларда «смарт сити» эталонын қалыптастыру, әлемдік озық технология мен практиканы қолдану керектігі көрсетілген. Біз алдағы уақытта жаңа заман талабына сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған ел болуымыз керек.

Мирбол АДАЙӘЛІ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе жетекшісі


«ҮЗДІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІ ЖӘНЕ ДЕНІ САУ ҰЛТ»

Күні: , 293 рет оқылды

Елбасының 10 қаңтар күні жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бөлімінде халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемін арттыра түсуге, саламатты өмір салтын насихаттау, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу керектігін жеткізді. Елбасы: «Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет. Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс. Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек» -деді. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезң-кезеңімен көшу және мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру керектігін, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызы туралы айтып өтті.

Жанна ЖӘРДЕМАЛИЕВА, Қазталов аудандық орталық ауруханасының 1 санатты дәрігер-неврологі


ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ БАСПАНА КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Күні: , 136 рет оқылды

Президент Жолдауы Қазақстан халқының және билігінің алдындағы шешілуге тиісті мақсат-міндеттер, жоспарлар мен шараларды қамтиды. Ғылыми негізделген, осындай нақты міндеттерді шешу жоспарлары бар мемлекеттер ғана ойдағыдай дамуға қол жеткізеді. Оны әлемдік тәжірибе үнемі дәлелдеп келеді. Қазақстан осындай мемлекет. Елбасының көрегендігі арқасында аз уақытта толағай табыстарға жетіп келеміз. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауына байланысты телеэфирде 9 қаңтар күні мәлімдеме жасап, толық мәтіні бұқаралық ақпарат беттерінде жарық көрді. Бұл Жолдауда Елбасы ел алдындағы 10 негізгі міндетті атады. Соның бірі – халықты баспанамен қамтамасыз ету. «ТҮКШ және құрылыс саласында заманауи технологияларды қолдану. Құрылыс жүргізудің жаңа әдістері, ғимараттың энергияны үнемдеу талабын көтеру, инфрақұрылымдарды интеллектуалдық жүйемен басқару – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жол ашады. Алдымызға жаңа тапсырма қоямыз — әрбір қазақстандықтың тұрғын үй көлемі қазіргіге қарағанда ұлғаю керек», -деді Мемлекет басшысы. Бұған қоса, Президент баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрағанын айта келе 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтқан. Заманауи технологияларды құрылыс саласында да пайдалану аса маңызды. Бұл халықтың баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Нұржан ИСЛЯМОВ, Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы


МАЛ СОЮ ПУНКТІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Күні: , 160 рет оқылды

Қазталов ауданы негізінен малшаруашылығына қолайлы өңір. Сол себепті мал өсіруге ерекше көңіл бөліп отыр.Үкімет тарапынанда жеңілдіктер қарастырылған. Содан болар асыл тұқымды мал сатып алып, мал санын көбейтіп, мал шаруашылығын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстардың бірі мал сою пунктерін ашу болып табылады. Осы мақсатта «Жалпақтал» ауылшаруашылық өндіріс кооперативінің басшысы Дархан Дагоров үкіметтен 19 млн 850 мың теңге несие қаражат алып, Жалпақтал ауылының шетінен мал сою пунктін ашуды жоспарлап іске кіріскен болатын. Аудан басшысы Абат Шыныбеков Дархан Дагоровтың жаңадан салынып жатырған мал сою пунктін аралап, ішкі жұмыстарымен танысты. Бекет тәулігіне үш тоннаға дейін ет қабылдауға қауқарлы. Яғни, мұнда 24 сағат ішінде 10 бас ірі қара сойылады. Жақын күндері толықтай бітіп, іске қосылмақ. -Шыны керек, мал сою пунктінің маңызы өте зор. Өйткені ауылдағы мал баққан шаруа енді бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып сандалып жүрмейді. Оның үстіне мал сою бекеті жанында болашақта ет өңдейтін, шұжық жасайтын, фарш тартатын цех ашу ойымызда бар,-деген «Жалпақтал» ауылшаруашылық өндіріс кооперативінің басшысы Дархан Дагоров алдағы жоспарларымен бөлісті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


МАЙДАНГЕР 95 ЖАСТА

Күні: , 138 рет оқылды

Ел тыныштығын ту етіп, от пен оқтың ортасында шайқасқан майдангер атамыз, Жалпақтал ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсенбиев 95 жасқа келді. Мерейтой иесін құттықтауды құп көрген аудан әкімі Абат Шыныбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия Есмағұлов және ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин майдангердің шаңырағында болып, облыс әкімі Алтай Көлгіновтың құттықтау хатын табыстаған болатын. Мерейлі жасымен құттықтай келген меймандарға ризашылығын білдірген Жұбат ақсақал: -Әрдайым қазыналы қарттарын елеп, сый-сияпат, құрмет көрсетіп отыратын басшыларға ризашылығымды білдіремін. Соғыстағы сұрапыл күндер артта қалды. Ендігі ұрпақ ол сұм уақытты бастан кешірмесе екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын, — деді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖЫЛҚЫ ТАНЫП, СӘЙГҮЛІК БАПТАҒАН…

Күні: , 280 рет оқылды

Атбегілік – бұл үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. Осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Дегенме ауданымыздың Көктерек ауылдық округіндегі ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Солдардың қатарында көктеректік Нұрболат Әдиетов пен Анарбек Жайлаубаевтардың есімдерін атап айтуға болады. Атбегілердің тыныс-тіршілігімен танысудың сәті аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге мал қыстақтарын аралаған кезде түсті. Шағын ғана Оразғали ауылында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жандандырып отырған ағайынды Қолғанат пен Нұрболат Әдиетовтер төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, текті жануар жылқыға ерекше көңіл бөледі. Осы жігіттердің атқорасында таза қанды және асыл тұқымды ағылшын жылқылары бағылуда. Атбегі Нұрболатты әңгімеге тартқанымызда: — Біздің атқорада 15 бәйге аты бапталып күтілуде. Осы жылқылардың көбін Ресей жерінен сатып алдық. Кейін өзіміздің еліміздегі текті жылқылардың құлындарын да алдық. Бәйге аттарын баптауды қаңтар айының басынан бастаймыз. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Аттың қыр-сырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді,- деді. Сонымен қатар бұл қожалықта қазақтың еділбай қойын өсіруді де дұрыс жолға қойған екен. Ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қамқор» шаруа қожалығынан 400 бас еділбай тоқтыларын сатып алған. Тағы бір байқағанымыз еңбекқор азаматтар мал бордақылауды да қолға алған екен. Арнайы орында 20 бас ірі қараны жемдеп отыр. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі – «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Анарбек Жайлаубаев деген азамат. Сарыөзен бойындағы Көктікен қыстағында орналасқан ағамыздың шаруашылығында жылқы малына арнап жаңа үлгідегі атқора салынған. Бұл қорада 10 асыл тұқымды ағылшын аттары бапталуда. — Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық. Сол себептен шамамыз келгенше асыл тұқымды жылқыларды баптаймыз. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. Бұл жылқы малының ерекше қасиеті, — дейді атбегі. Бұдан басқа Анарбектің шаруашылығында 200 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 1500-ға тарта қой өсірілуде. Сондай-ақ жаңа мал қораның да құрылысын бастап қойған. Міне, біздің көргеніміз осындай жарасымды тірлік. Әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкерлеріне, -баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін, -дейміз!

Қайрат ЖАҚЫП


АТАУЛЫ КӨМЕК ТУРАЛЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Күні: , 166 рет оқылды

9 қаңтар күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы семинар өтті. Семинарға жұмыспен қамту бөлімінің мамандары мен ауылдық округтердің мамандары қатысты. Семинар барасында сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қадер Нұрғалиев биылғы жылдан бастап енгізіліп отырған атаулы әлеуметтік көмек туралы мамандарға ақпарат берді. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әйгерім Шуақбаева әлеуметтік көмек жүйесін жаңғыру туралы хабарлама жасады. Хабарламада айтылғандай, биылғы жылы енгізілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамадардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі. Семинар барысында халықты жұмыспен қамту бөлімінің кеңесшісі Ермек Кналиев: -Қазіргі күнде атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 10 көмекші алынды. Бұл көмекшілердің басты міндеті атаулы көмек алушылармен тікелей жұмыс атқарып, оларды жұмыспен қамтуға ықпал ету, -деді. Жиында мамандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ӘКЕНІҢ ДӘУЛЕТІ – БАЛАҒА МҰРА

Күні: , 204 рет оқылды

Қазталов ауданының экономкалық дамуына өзіндік үлес қосқан, сауда саласында ұзақ жылдар қызмет жасаған, марқұм Амантай Салыховты барша қазталовтықтар жақсы біледі. Тоқырау заманында алғашқылардың бірі болып өз ісін ашқан еді. Қиын болса да сауда саласында тәжірибесі мол ағамыз кәсібін дөңгелете білді. Атакәсіп мал өсіруді де қолға алып, Қошанкөл ауылындағы Қошан қыстағынан «Бекбау» шаруа қожалығын ашты. Жаны жомарт ағамыз талай ауылдастарына қол ұшын беріп, көмектесіп те жүрді. Әттең, өмір өкінішсіз болмайды ғой. Аяқ асты дертке ұшырап өмірден озды. Дегенмен ағамыз жиған-тергенін балалары Асылбек пен Ақылбекке қалдырып кетті. Сол дәулетті кәсіпті ары қарай дамытып жатырған үлкен ұлы Асылбек Қошанкөл ауылында саудамен айналысып жатса, кіші ұлы Ақылбек әкеден қалған малға ие болып шаруашылықты жандандыруда. Аудан әкімі Абат Шыныбеков қыстақтарды аралаған жұмыс сапары кезінде осы Қошан қыстағына да соққан болатын. Еңбекқор азаматтың шаруасын көрген Абат Абайұлы ризашылығын жасырмады. — Осындай жігерлі жастарды көріп риза боласың. Мемлекет берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, аянбай еңбек етіп жатыр. Шаруаңның қарқыны қайтпай, еңбегің жана берсін! -деген тілегін де білдірді. Бүгінгі таңда қожалық меншігінде 100 бас ірі қара, 1000 бас қой малы, 100-дің үстінде жылқы бар екен. Мал азығын даярлайтын ауыл шаруашылық техникалары да жаңа. Келген қонақтарды құшақ жая қарсы алған Ақылбек ағынан жарылып, болашақ жоспарларымен де бөлісті: -Жақында Ордабай ауылының шетінен жер телімін алдық. Сол жерден құс шаруашылығын дамытамыз деген ойымыз бар. Өздеріңіз көріп отырғандай құс фермасына қажетті мына құралдарды да әкеліп қойдық. Алла қаласа, көктем шыға бастайын деп жатырмыз, -деді. Міне, әкеден қалған мұраға ие болып, еңбегінің арқасында атакәсіпті жандандырып жатырған Ақылбектей азамат көпке үлгі болмақ.

Қайрат ЖАҚЫП


АУДАНЫМЫЗДА МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Күні: , 213 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында ауылшаруашылық саласын дамытуға, соның ішінде мал басын көбейтіп, ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда еліміздің әр түкпірінде мал бордақылау алаңдары көптеп ашыла бастады. Соңғы жылдары біздің де ауданымыздың шаруалары да бұл жұмыстарға бет бұра бастағанын ауыз толтырып айтуға болады. Мемлекеттің бұл бағдарламасын іске асырып жатырған сондай іскер азаматтардың бірі — Қошанкөл ауылдық округіндегі «Әжкей» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзагелді Таспихов. Мырзагелді баласы Қанағатпен Мышым қыстағында өз қаражатынан 4 млн теңгеге мал бордақылау үшін ені 10, ұзындығы 50 метр құрайтын ангар салдырған. Бұл кешенде 34 бас ірі қараны бордақылауда. Сонымен қатар еңбекқор азамат желмен және күн сәулесінен қуат алатын электр қондырғысын да орнатқан. Осындай мал бордақылау алаңы Қараоба ауылында да салынып, жұмысы алға басып жатыр. Ауыл шаруашылық саласында үздік қызмет атқарып жүрген «Ақбота» қожалығының жетекшісі Мереке Қайбушев ағамыз мал бордақылау жұмыстарын дұрыс жолға қойған екен. Ауыл жанындағы ескі ғимаратты жөндеп алып, бүгінгі күнде оның ішінде 70 бас ірі қара, 600 бас қой малын бордақылауда. Сонымен қатар қожалық асыл тұқымды ақбас сиыр өсіруді де қолға алған. Бұндай нәтижелі жұмыстарды аралап көрген аудан әкімі Абат Шыныбеков шаруалардың еңбегіне риза болып, оң бағасын берді. Сондай-ақ мал бордақылауды қолға алған жеке адамдарды да айтуға болады. Әсіресе, Қошанкөл, Қараоба ауылдарындарының тұрғындары «Береке» бағдарламасы арқылы кепіл қойып жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп жатыр. Соның нәтижесінде қошанкөлдік Бибинұр Мыңжасова 4 млн теңгеге 16 бас ірі қара малын сатып алып, бордақылауда. Осы ауылдың тұрғыны Бибігүл Құлбаева да 1 млн несиеге 7 бас мал сатып алып, жемдеуге қойған. Ал қараобалық Қуатқали Өтебалиев, Досжан Серікбаев сияқты ауыл тұрғындары да «Береке» бағдарламасы арқылы 4 млн және 2млн 400 мың теңгеге қол жеткізіп, өз істерін ашып отыр. Алған қаражатқа 7, 12 бастан мал бордақылауда. Өз істерін ашқан мұндай еңбекқор азаматтардың істері көпке үлгі болмақ. Міне, бұл біздің тек Қошанкөл, Қараоба сынды екі округтен көргеніміз ғана. Ауданымызға қарасты басқа да округтердегі мал баққан ағайынның бұндай нәтижелі істерін мақтанышпен айта аламыз.

Қайрат ЖАҚЫП


ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ҚОЖАЛЫҚ

Күні: , 146 рет оқылды

              Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласындағы оң өзгерістер жиі көрініс тауып, мемлекет тарапынан шаруашылықпен айналысушыларға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде Қазталов ауданында ата кәсіп төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны жыл санап өсуде. Өсіп қана қоймай, заман талаптарына сай дамуда. Оны 8 қаңтар күні аудан әкімінің мал қыстату орындарын аралаған сапарында көзімізбен көріп қайттық. Адан әкімі Абат Шыныбековтің ат басын бұрған Бірік ауылдық округінің Нұрәлі қыстағы. Бұл қыстақта жас шаруа Досболат Бердіғалиев басқартын «Қадырболат» шаруа қожалығы орналасқан. Алыстан көзге түскендей, қыстақта орналасқан барлық нысандар көздің жауын алады. Бүгінгі заманға сай өз ретімен салынған тұрғын үй, мал қоралар және арнайы техника тұратын ангар да бар. Бейне бір комплекс дерсіз. Қыстаққа көгілдір отын, электр жарығы тартылған. Қожалық 190 ірі қара, 400 бас қой және жылқы малы өсірілуде. Ірі қара малын асылдандыру үшін асыл тұқымды 8 бұқа сатып алған. Мал азығын дайындайтын керекті техниканың барлығы дерлік бар. Досболатты әңгімеге тартқанымызда,- Біздер шаруа қожалығын құрғанымызға 4-5 жылдың жүзі болды. Мемлекет тарапынан болып жатқан қолдаудың арқасында жағдайымыз түзеп жатырмыз. Қыстаққа көгілдір отынды да тартып алдық. Өзіміз осы қыстақтың басында тұрамыз. Қыз мезгілінде 2 отбасы тұрақты жұмыс жасайды. Ал жазғы маусымда қосымша адамдарды уақытша жұмысқа тартамыз,- деді. Жігерлі жастың бұл ісіне риза болған аудан әкімі алдағы уақытта шаруашылықтан басқа да кіріс көздерін ашуды да ұсынды. Абат Абайұлы, — Сіздердің қыстақтарыңыз күре жолдың бойында орналасқан. Алдағы жылдары қара жамылғы төселген жол да келіп жетеді. Жол бойында отырып, жолаушыларға қызмет көрсететін кәсіпті ашу керек. Шаруаларыңыз алға бассын!- деген тілегін де білдірді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.