АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 27.12.2017


КӘСІПКЕРЛЕР БАС ҚОСҚАН БАЛ

Күні: , 148 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудан кәсіпкерлерінің бас қосқан Жаңа жылдық балы өтті. Әр түрлі кәсіп иелерінің бұндай бас қосуы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Еңбектері елене бермейтін, шаруаларынан басқаға мойын бұра бермейтін жандардың бас қосуына аудандық кәсіпкерлік бөлімі мұрындық болды. Салтанатқа жиналған кәсіп иелерін аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, — Бүгінгі таңда еліміздің дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлердің еңбегін атап өткеніміз жөн. Елімізде кәсіпкерлік саласы үлкен қолдауға ие болып, күннен-күнге өркендеп келеді. Баршаңызды қадам басқалы отырған Жаңа жылдарыңызбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін! — деген ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімі бір топ кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыс етіп, осы салада ұзақ жылдар қызмет жасаған, еңбек ардагері Әмина Кумаева анамызбен Жаңа жылдық шыршаны жақты. Тамаша өткен балда жиналға көпшілік әдемі әуендерге билеп, әндер шырқап, Аяз ата мен Ақшақардың таратқан мол сыйлықтарына да ие болды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Күні: , 151 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудандық мәдениет үйінде 2018 жылдан бастап төленетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндіру үшін аудан тұрғындарының басын қосқан жиын өтті. Жиында аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының директоры Жүсіп Шакуов, орталықтың мамандары және Қазталов ауылдық округі әкімдігі аппаратының мамандары қатысып, жиналған көпшілікке жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар қайтарылды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫ

Күні: , 175 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде аудандық білім беру ұйымының ұйымдастыруымен аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасы өтті. Жаңа жылдың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков сөз алып, — Біз үшін тауық жылы ерекше есте қаларлықтай жыл болды. Осы жылда еліміз, жалпы ауданымыз толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде халықаралық «ЭКСПО -2017» көрмесі өтсе, сонымен қатар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай көптеген игілікті істер атқарылуда. Бұл біздің ауданымызда да көрініс табуда. Осының барлығы жас ұрпақ үшін жасалып жатыр. Сондықтан сендер, Жаңа жылда білімде де, басқа да өздерін алға қойған мақсаттарда биіктерде жете беріңіздер, — деген тілегін жолдады.  Жаңа жылдық шыршаға аудан мектептерінен 90-ға жуық оқушы қатысты. Салтанатқа қатысушылар Елбасының құттықтауын экран арқылы тыңдады. Биылғы Жаңа жылдық бағдарлама «Қалқанқұлақ» ертегісі желісінде құрылған. Шыршаны шыр айнала билеген оқушылар ертегі желісінде түрлі көріністерді суреттеді. Сонымен қатар «Қарлығаш», «Шаттық» би ансамблдерінің мүшелері мың бұрала билесе, аудандық саз мектебі, аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің оқушылары мен «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері өнерлерін ортаға салды. Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алған оқушылар түрлі ойындарға да кезек берді. Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балалар үлкен әсерге бөленді. Осындай мерекелік бағдарламаны жасауға атсалысқан аудандық тәрбие орталығы, аудандық саз мектебі, аудандық психологиялық -педагогикалық түзеу кабинеті және «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының ұжымдары мен аудандық мәдениет бөлімінің режиссері Данагүл Жұмабаеваның, мәдениет қызметкерлерінің еңбектері бір төбе деуге болады.

Жұлдыз АСҚАР

 


ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАР ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІН ҚАРСЫЛАДЫ

Күні: , 132 рет оқылды

26 желтоқсан күні Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік шарада Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Альберт Талпахов барша қызмет алушыларды келер жаңа жылмен құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Жаңа жыл кешіне арнайы келген клоун, аю, жалмауыз кемпір сынды ертегі кейіпкерлері ертегіден үзінді көрініс қойды. Көңілді өткен мерекеде әлеуметтік қызмет алушылар ескі жыл тауық жылын шығарып салып, Жаңа жылдың басты қонағы саналатын Аяз ата мен ақшақарды қуана қарсылады. Мерекеде әлеуметтік қызмет алушылар Аяз ата мен ақшақарға өздерінің Жаңа жылға дайындаған тақпақтарын айтып, сыйлықтарын алды. Жаңа жыл кешінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері әсем әннен шашу шашып, қызмет алушылармен бірге би де биледі. Осындай көңілдері жарты жандарға аз да болса көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің жақсы өтуіне атсалысып, демеушілік білдірген «Саматком», «Бексұлтан», «Д.Сүлейменова», «Зере», » Kazt Corporation» сынды жеке кәсіпкерлерге және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымында көпбалалы отбасы саналатын 2 балаға облыстық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған шыршаға қатысуға ықпал жасағандары үшін мекеме ұжымы ризашылықтарын білдіреді.

Әсем БОЛАТ


«ТУҒАН ӨЛКЕМ — ҚАРАОБА» КОМПОЗИЦИЯСЫ

Күні: , 134 рет оқылды

Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде Қараоба ауылдық округінде жерлестер форумы өткен болатын. Сол форумда қараобалық жерлестер бас қосып, игі істі қолға алды.
23 желтоқсан күні Қараоба ауылында «Туған өлкем- Қараоба» атты композициясының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында сөз алған аудан əкімі Абат Шыныбеков осындай игі істі қолға алған Қараоба ауылының тұрғындарына өз ризашылығын жеткізді.

«АЛАШ ИДЕЯСЫ ҺƏМ ҒҰМАР ФЕНОМЕНІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТƏЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

Күні: , 284 рет оқылды

23 желтоқсан күні Ғұмар Қараш Қараоба Мектеп-гимназиясында Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Конференцияға келген қонақтар Ғ.Қараш бюстіне гүл шоқтарын қойып, тарихи-өлкетану мұражайы мен мектеп оқушылапының көрмесін аралады.  «Алаш идеясы һəм Ғұмар феномені» атты ғылыми-тəжірибелік конференцияда аудан əкімі Абат Шыныбеков, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дəметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы Самат Құрманалин, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы жəне өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі Жаңабек Жақсығалиев сөз алып, «Батыс Қазақстан өңірінің зиялысы — Мəжит Шомболов», «Ғұмар Қараш — қоғамдық-саяси тұлға», «Алаш қозғалысының тарихи тағылымы», «Рухани жаңғыру: Алаш идеясы жəне азаттық сабақтастығы» тақырыптарында баяндама оқыды. Сондай-ақ Жəнібек ауданы «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов Ғұмар Қараш Қараоба мектеп-гимназиясының директоры Руслан Жұмағұловқа 1942 жылы Жəнібек ауданы Тау ауылдық кеңесі Қандықұдық елді мекені тұсына құлаған Қызыл Армия ұшағының қалдықтарын табыс етті. Конференция «Ұрпағың ұлықтайды Ғұмар баба» атты ашық тəрбие сағатымен жалғасып, мектеп оқушыларының «Бала Ғұмардан-Дана Ғұмарға дейін» қойылымы тамашаланды. Конференция «Туған елім — тірегім» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Жұлдыз АСҚАР


БАС ЖҮЛДЕ НҰРАЙНАДА

Күні: , 188 рет оқылды

Бүгін ҚР-ның Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жəне Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында алаштың айбоз ұлы, ақын, ойшыл, журналист Ғұмар Қараштың өлеңдерін жеткіншек ұрпаққа насихаттау бағытында Жəнібек аудандық мəдениет үйінде аудан əкімдігінің қолдауымен аймақтық II «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауы оздырылды. Байқауға Қазталов, Жəнібек жəне Бөкей орда аудандарынан оқушылар қатысты. Аймақтық II «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауында ауданымыздың Көктерек орта мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрайна Аманғалиева бас жүлдеге ие болды. Нұрайнаның жетекшісі Гүлнəр Нұрымқызы оқушысын тыңғылықты дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Жүлделі орын алған оқушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Нұрайна жүлдең құтты болсын!

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖАҢА БАСШЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Күні: , 138 рет оқылды

22 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті бастығының 21 желтоқсан 2017 жылғы № 298-ші бұйрығымен Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып полиция подполковнигі Ренат Маратұлы Дегенбаев тағайындалды. Жаңа басшыны аудан активіне Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Абуов таныстырып, Ренат Маратұлының жаңа жұмысына сәттілік тіледі. Ренат Маратұлы Дегенбаев 1980 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. Білімі -жоғары. 2006 жылы М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Алғаш еңбек жолын 1997-1999 жылдары Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжінің тыңдаушысынан бастап, 1999-2002 жылдары Жаңақала ауданының ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, 2002-2007 жылдары Жаңақала ауданының ішкі істер бөлімі криминалдық полиция тобының жедел уәкілі, 2007-2009 жылдары Жаңақала ауданының ішкі істер бөлімі криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілі, 2009-2010 жылдары Жаңақала ауданының ішкі істер бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары әрі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, 2010-2013 жылдары Жаңақала ауданының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, 2013-2015 жылдары Қазталов ауданының ішкі істер бөлімі Жалпақтал полиция бөлімі бастығының орынбасары, 2015 жылы Ақжайық ауданының ішкі істер бөлімі Тайпақ полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, 2015-2017 жылдары Ақжайық ауданының ішкі істер бөлімі Тайпақ полиция бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ПРОЦЕССУАЛДЫҚ НЕГІЗДЕРІН ЖАҢҒЫРТУ

Күні: , 160 рет оқылды

21 желтоқсан күні Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде аудандық сот төрағасы Райбек Хайырбековтың төрағалық етуімен «Құқық қорғау қызметінің процесстік негіздерін жаңғырту» тақырыбында кездесу өткізілді. Кездесуге аудан прокурорының м.а. Адат Мұқанғалиев, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының м.а. Амангелді Убишев және аудандық ішкі істер бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері қатысты. Іс-шараны сот төрағасы өзі жүргізіп, қылмыстық реформаның маңыздылығына тоқталып, қылмыстық сот ісін жүргізудегі тұлғаларды құқықтарымен және заңды мүдделерімен қамтамасыз ету туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар заңды гуманизациялау және процесстік үнемдеу принципін, тұлғаны оған қатысты жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілгені туралы міндетті түрде хабарлау қажеттігіне бағытталған ұсынылған өзгерістерді қылмыстық процесстің жаңа реформалары ретінде атап өтті. Кездесу барысында аудандық сот төрағасы,- заң талаптарына сәйкес, адамды санкциясыз ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартылады. Ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағат болады. Бірақ 72 сағат мерзімі мынандай күрделі істер — аса ауыр қылмыстар, терроризм және экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топтар жасаған қылмыс; заңсыз есірткі айналымы және кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар; адам өліміне әкелген қасақана іс-әрекеттер болғанда қалады. Енгізіліп жатқан тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институт енгізілмек. Яғни, теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімі қысқарады. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ ешкім дау көтермесе, ондай жағдайда «Бұйрық өндірісі» қолданылады. Демек, ұзақ тергеу мен сот процесін жүргізудің қажет жоқ. Бұған қоса, адвокаттардың мүмкіндіктері кеңейтіліп отыр. Қорғаушы тергеушінің позициясымен, прокурордың шешімімен келіспесе, сот арқылы тергеушіні өз талабын орындауға мәжбүрлей алады. Жалпы алғанда, реформа қылмыстық процесстегі адам құқығын қорғауды нығайту, тараптардың жарыспалылығын арттыру, соттық бақылауды кеңейту, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында құзыреттілікті нақты бөліп, оның қайталануын болдырмауға және процессте уақыт пен шығынды үнемдеуге бағытталған,- деді Шара қатысушылар қылмыстық процесс пен құқық қорғау қызметінің басқа да аспектілерін реформалау мәселелеріне қатысты өз ойларымен де бөлісті.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ЖЫЛ ҮЗДІГІ — 2017» ЖАСТАР ПРЕМИЯСЫН ТАБЫСТАУ САЛТАНАТЫ

Күні: , 130 рет оқылды

20 желтоқсан күні «Ақниет» мейрамханасында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және аудандық Жастар Кеңесі ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен ауданымызда алғаш рет «Жыл үздігі — 2017» Жастар премиясын табыстау салтанаты өтті. Салтанатты шара үштілде жүргізіліп, жоғары деңгейде өтті. Шарада барша жастар алдында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Бүгінде жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп келеді. «Жастар — болашаққа апаратын алтын көпір» демекші ел сенімін, үмітін ақтау — тек жастардың қолында, -деп барша жігерлі жастарға сәттілік тіледі. Салтанатты шарада «Жыл үздігі — 2017» Жастар премиясының «Жас ғалым» аталымы бойынша Уфада білім алып жүрген болашақ жас ғалым Нәби Әли Ғаббасұлы, «Үздік жас дәрігер» Данагүл Базарғалиева, «Үздік жас журналист» Жұлдыз Асқар, «Үздік жас мектеп көшбасшысы» Айзере Есенгелдина, «Үздік жас ұстаз» Тоғжан Қабошева, «Үздік жас маман» Аида Мұстақапова, «Үздік жас кәсіпкер» Данияр Жорасов, «Үздік жас көшбасшы» Аян Каримоллин «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша Мұхаммед Құрманалиев марапатталса, «Үздік жас өнерпаз» аталымымен Мирлан Нұролла марапатталды. Шарада түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, әсем ән шырқалып, күмбірлете күй де тартылды. Сондай-ақ аудандық саз мектебі ұжымы «Despacito» композициясын аспаптар арқылы орындап, көрерменге әсерлі жеткізе білді. Жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара көңілді кешке ұласты.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.