АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 14.12.2017


ҚАЗТАЛОВТА 22 ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 139 рет оқылды

14 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Қазталов ауылында 22 коммуналдық-жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға кілті табысталды. Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов тұрғындарды ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтап, баспаналы болған отбасыларға кілтттер табыстап, — Жаңа қоныстарыңыздың іші тек қуанышқа толы болсын,- деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімі атынан жаңа үй иесі Әсем Бекжановаға теледидар сыйға тартты. Жаңа тұрғын үйдің иесі, мемлекеттік қызметкер Ментай Серікова: -Бүгін біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш! Біз мемлекеттің қолдауымен көптен күткен үйге қол жеткіздік. Жанұямызда 5 бала бар. Әсіресе, балдарымыз қуанып жатыр. Барша ел ағаларына алғысымды білдіремін,- деді. Айта кетсек, бұл 22 коммуналдық-жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына 166 355,7 мың тенге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Жолаушы жол» ЖШС сапалы әрі мерзімінен бұрын аяқтады. Жаңа үйлерге қоныстанған тұрғындарға барлық жағдайлар жасалып, комуникация жүйелері тартылған. Қоныс тойларыңыз құтты болсын!

Қайрат ЖАҚЫП


ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Күні: , 108 рет оқылды

14 желтоқсан күні Қазталов ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов келді. Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары кезінде аудан орталығы Қазталов ауылында болып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Соның ішінде Қазталов орта мектебі және жақында ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесін аралап көрді. Әсіресе, Ғабидолла Абдоллаұлы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысына оң бағасын берді.

Қайрат ЖАҚЫП


«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ҚАЗТАЛОВ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Күні: , 120 рет оқылды

14 желтоқсан күні аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы бірінші орынбасары Серік Сүлейменов, Саяси кеңес, Саяси Бюро мүшелері, бөлім, мекеме басшылары мен қоғамдық ұйымдар қатысты. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Қазталов ауданы филилалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Ерболат Мұратқалиұлы Бекмулдин таныстырылды. Ерболат Мұратқалиұлын отырысқа қатысушыларға «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы бірінші орынбасары Серік Сүлейменов таныстырып, қызметіне табыс тіледі. Өз кезегінде Ерболат Бекмулдин жаңа қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтып, Елбасының саясатын ауданда жүзеге асыруда аянбай жұмыс жасайтынын жеткізді. Отырыста аудандық мәслихат депутаты Марат Тоясов, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов Ерболат Мұратқалиұлын жаңа қызметімен құттықтап, лебіздерін білдірді. Ерболат Мұратқалиұлы Бекмулдин 1980 жылы БҚО, Қазталов ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Білімі –жоғары. 2003 жылдан бастап партия мүшесі. 2001-2004 жылдары Жаңажол орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі. 2004-2006 жылдары Қараөзен мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі. 2006-2010 жылдары Қараөзен мектеп-лицейінің тәрбие ісінің меңгерушісі. 2010-2015 жылдары Қарасу орта мектебінің директоры. 2006-2010 жылдары «Қараөзен» БПҰ төрағасы 2012-2015 жылдары «Қарасу» БПҰ төрағасы 2012 жыл жоғары партия мектебін аяқтаған. 2016 жылдан бастап осы күнге дейін Қазталов ауданының білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


АУДАН ӘКІМІ БЕЛГІЛІ ОПЕРА ӘНШІСІ ДИНА ХАМЗИНАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 106 рет оқылды

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисті, халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз, Жаңажол ауылының тумасы Дина Хамзина Жалпақтал ауылына сапармен келуіне орай қабылдады. Табиғат ана кең тынысты меццо-сопрано дауыс, әншілік дарын сыйлаған Дина Мерекеқызы қазақ, орыс, шетел классиктерінің шығармаларын орындап, талай әлемдік өнер байқауларында бас жүлдені жеңіп алды. Голливудтың 3 алтын, 1 күміс медалінің иегері атанды. Ол Татарстандағы опера театрымен тығыз байланыста жұмыс жасап, Еуропаның көптеген елдерінде, Голландия, Португалия, Кипр, Греция, Нидерланды т.б. шетел сахналарында өнер көрсетіп, еліміз мәртебесінің биіктеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Классикалық шығармалардағы Аналық (М. Төлебаевтың «Біржан және Сара»), Қамқа (Е. Брусиловский, «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов, Л. Хамиди, «Абай»), Мерседес, Кармен (Ж. Бизе, «Кармен»), Азучена (Дж. Верди «Трубадур»), Полина (П.И. Чайковский, «Пиковая дама»), Ольга (П. Чайковский, «Евгений Онегин») т.б. партияларын нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. -Осындай өңірден шыққаным үшін өзімді бақытты санаймын. Сондықтан өзімнің туған жерімнен күш-қуат аламын. Биыл қалайда ауылға баруды жоспарлап, соның бүгін сәті түсіп отыр. Қуаныштымын сіздермен жүздесіп, көріскеніме қатты қуанып отырмын. Өнерді бағалап, құрмет қошемет көрсеткен аудан әкімі Абат Абайұлына және барша ауылдастарыма шексіз алғысымды білдіремін,-дейді Дина Хамзина.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«ЕҢБЕГІМЕН ӨРЛЕГЕН, ЕЛІН СҮЙГЕН — КӘРІМ АҒА

Күні: , 149 рет оқылды

13 желтоқсан күні Ақпәтер ауылында ұзақ жылдар ауданымыздың әлеуметтік — экономикалық дамуына зор үлес қосқан, еңбек ардагері, «Қазталов ауданының құрметті азаматы» Кәрім Өтеғұловтың 80 жасқа толуына орай «Еңбегімен өрлеген, елін сүйген — Кәрім аға» атты кеш өтті.


Мектеп оқушыларының орындауындағы әдеби композициямен бастау алған бұл кеште Кәрім Тәжмағанбетұлының еңбек жолы мен өнегелі істерінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов қарияны мерейлі жасымен құттықтай отырып, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Бүгінгі ұрпаққа тәлімі мен тәрбиесі мол кеш барысында Кәрім Тәжмағанбетұлы өз өмірінің қызықты сәттерін әңгімелей отырып, өзімен қызметтес болған ағаларын да еске алды. Ән, күй, би көрініс тапқан кеште сөз алған Кәрім ағаның үзеңгілес және қызметтес болған жолдастары мен замандастары мерейтой иесі туралы жылы лебіздерін білдіріп, иығына шапан жауып, алғыс хаттарын табыстап, Ақпәтер ауылының бір топ азаматтары сәйгүлік мінгізді. Кеш соңында Кәрім Өтеғұловтың «Әрекеті адал болса, азамат аласармайды» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Қайрат ЖАҚЫП


ƏДІЛЖАН — БАС ЖҮЛДЕ, АСЫЛ — БІРІНШІ ОРЫН

Күні: , 98 рет оқылды

Алматы қаласында өткен «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» атты Республикалық Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мəнерлеп оқу байқауынан Батыс Қазақстан облысы атынан Қазталов ауданы, Жұлдыз ауылы А.Хұсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 6 сынып оқушысы Əділжан Хайредденов (ұстазы Дана Ғинятова) БАС ЖҮЛДЕНІ (ортаңғы топ, 110 қатысушы) қанжығасына байлады. Сонымен қатар Ақпəтер орта жалпы білім беретін мектебінің оқушысы 10 сынып оқушысы Асыл Нариманова 1 орынды (жоғарғы топ, 90 қатысушы) иеленді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылардың арасынан озып шығып, облысымыздың, ауданымыздың мерейін Алатаудан да асқақтатып жіберді. Талай таланттыларды ұшырып жатырған ауданымыздан əлі де осындай дарындылар шыға берсін демекпіз. Бұл жүлде Тəуелсіздік мерекесіне арналған сый деп қабылдаймыз. Ұстаздар мен ата-аналардың қуанышына ортақпыз.

Жұлдыз АСҚАР


БЕЛГІЛІ ӘНШІ ДИНА ХАМЗИНАМЕН КЕЗДЕСУ

Күні: , 94 рет оқылды

Жалпақтал ауылындағы К.Меңдәлиев атындағы мәжіліс залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзина ұстаздармен және оқушылармен кездесіп, шеберлік класын өткізді. Алдымен мектептің мұражайымен танысқан опера әншісі Дина Мерекеқызы өзінің қолтаңбасын қалдырды. Кездесудің мақсаты – оқушылар арасында музыкалық талғамды дамыту, тәжірбиемен бөлісу, опера әлеміне деген жанашырлық мен махаббатты қалыптастырып, жастарда патриотизм мен мақтаныш сезімін ояту, оларға үлгі көрсете отырып, биік жетістіктерге баулу. Қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерінде ән орындайды. Дина Мерекеқызы көптеген елдерде гастрольде болып, әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетті. Кшиштоф Пендерецкий, Гинтарас Ринкявичус, Марко Боэми, Ренат Салауатов сияқты танымал дирижерлермен жұмыс істеген. Голливудқа барып, «Орындаушылардың әлемдік өнері» чемпионатына қатысып, дүниежүзінің 35 елінен 4 мыңнан астам дүлдүл мен бұлбұлдар бақ сынаған аламан бәйгеде 3 алтын мен 1 күмісті қанжығасына байлап, Қазақ елін бүкіл әлемге танытты. Аналық (М. Төлебаевтың «Біржан және Сара»), Қамқа (Е. Брусиловский, «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов, Л. Хамиди, «Абай»),Жанка (Е. Брусиловский, «ЕрТарғын»), Мерседес, Кармен (Ж. Бизе, «Кармен»), Азучена (Дж. Верди, «Трубадур»), Полина (П.И. Чайковский, «Пиковая дама»), Ольга, няня (П.И. Чайковский, «Евгений Онегин»), Лаура (П.И. Чайковский, «Иоланта»), Сузуки (Дж. Пуччини, «Чио-Чио-сан»), Зибөль (Ш. Гуно, «Фауст») партияларын, Дж. Вердидің «Реквиемінде» мецц-партиясын; Маддалена, («Риголетто»), Флора («Травиата» Дж. Верди) меццо-сопрано партияларын орындаған. Дина Хамзинамен болған кездесу нағыз сыр-сұхбатқа, соңы керемет, әсерлі концертке ұласты. Оқушылар тарапынан опера әншісінің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылды. Дина Мерекеқызына операға қалай келгені туралы айтты. «Әннің өзі мен үшін спектакль. Айтатын ойыңды 1-2 минутта жеткізуің керек. Бұл үлкен жауапкершілік»,- деп атап өтті кеш қонағы. Дина Хамзина сөз барысында өзінің жастық шағы, мұғалімдеріне алғыс айтты. Сонымен қатар, шығармашылығы мен өмірі жайлы басынан өткерген біршама қызыққа толы оқиғаларымен бөлісті. Әнімен әлемге әйгілі болған Дина Хамзина бұл кеште өнер сүйер қауымға әннен шашу сыйлап, оқушылардың ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында аталмыш білім ошағының және Жалпақтал өнер мектебінің басшылары Салтанат Өтеғұлова, Қуаныш Әбілов әйгілі опера әншісі Дина Хамзинаға естелік сый тарту етті.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


АҚҚУЛЫ КӨЛДІҢ ЕРКЕСІ – ӘНШІ ДИНА

Күні: , 132 рет оқылды

Бүгін Жалпақтал мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзинаның «Туған жерге тағзым» атты жеке концерті өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижер Қанат Ахметовтың (Алматы) басқаруымен және Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық мазмұнын насихаттау, жерлесіміз, Жаңажол ауылының тумасы, дара өнер иесі Дина Хамзинаның шығармашылық кеші арқылы жас ұрпаққа музыкалы-эстетикалық тәрбие берудің үлгісін көрсету және бұқара халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру шараның басты мақсаты болмақ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисті Дина Хамзинамен «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Айбар Хайырхановпен бірге Д.Қажымовтың «Ақжайық – ару мекенім», Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық-ай», Н.Тілендиевтің «Құстар әні», Ә.Бейсеуовтың «Алтыным», Бизенің «Хабанера», Гомездің «Аве Мария», «Щедриннің «Варвара», А.Эшпайдың «Увертюра», А.Пахмутованың «Нежность», Р.Рождественскийдің «Эхо любви», И.Крутойдың «Танго», «Загадай желание», қазақ королінің вальсі Шәшші Қалдаяқовтың Ана туралы жыр» әндерін шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Тамаша кештің куәсі болған аудан әкімі Абат Шыныбеков сахна төріне шығып, Дина Мерекеқызына ыстық ықыласын білдіріп, естелік сыйлық тарту етті. Осы күнгі әр жерлерде болған кездесулерде Дина Мерекеқызы өз бойына осындай ұлы дарын бергені үшін алдымен туған жеріне, ата-анасына, өнердегі алғашқы ұстазы Жанат Қалиұлына шексіз ризашылығын білдірді. Міне шағын ғана ауылдан түлеп ұшқан, қарапайым отбасыда дүниеге келіп, кешегі қаршадай қыз бүгінде әлемді аузына қаратқан тума талант иесі. Қазір өмірден өткен ата-анасы, ауылдағы ағалары, тума-туыстары, құрбылары сол кезде Динаны осындай биік дәрежеге жетеді деп ойламаған шығар. Бұл кездесу алдында мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін талай қиындықты бағындырып, тер төгіп, аянбай еңбектеніп, ұмытылған жан ғана биікті бағындыратынын тағы бір дәлелдегендей болды. Ендеше киелі жердің топырағынан жаралып, табиғатынан нәр алған Дина Мерекеқызына алар асуың, жетер биігің әлі алда болсын дейік. Туған елің, жерлестерің сенімен мақтансын, сен туған жеріңмен мақтан, Дина!

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЖАЛПАҚТАЛДЫҚТАР ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

13 желтоқсан күні Жалпақтал мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Округ әкімі Самиғолла Ақмурзин жиынға қатысушыларды, сондай-ақ, барлық жалпақталдықтарды мемлекеттік мерекемен құттықтады. Ауыл әкімі өз сөзінде атап өткендей, Тәуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тарих тұрғысынан қысқа мерзім ішінде халқымыз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдай отырып, әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсті. Қазақстан Республикасы өзін бейбітшіл әрі жасампаз ел ретінде әлемге танытты. Президент дамудың негізгі басымдықтарын айта келе, елдігіміз бен тәуелсіздікті нығайту жолында, береке-бірлік пен ішкі татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Жалпақтал жұртшылығы Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, қойылған міндеттерді өз дәрежесінде орындаумен келеді. Халқымызды ынтымақ пен бірлікке үндеп, экономикамызды нығайту жолында қызмет атқарып жүрген жалпақталдықтар еліміздің болашағының баяндылығына белсенділікпен ат салысып келеді. Тәуелсіздік күні құрметіне Отан алдындағы еңбегі үшін бір топ кәсіпорын басшылары, қызметкерлер аудан әкімінің және бір топ жастар алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар Жалпақтал ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Сапахова, тәуелсіздіктің құрдасы Айдар Боранғалиев Тәуелсіздік күнімен құттықтап, лебіздерін білдірді. Салтанатты шара соңы «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты мерекелік концертпен жалғасты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


РЕЙДТІК ІС-ШАРА ЖҮРГІЗІЛДІ

Күні: , 92 рет оқылды

13 желтоқсан күні Қазталов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан бойынша қалыптасқан көлік құралы салығынан берешектерді азайту мақсатында ішкі істер бөлімімен және сот орындаушылармен бірігіп рейдтік іс-шаралар жүргізді. Рейдтік іс-шара кезінде көлік салығын төлемей жүрген жүргізушілерге ҚР Салық кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес, салық салу саласында әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тарту яғни сот арқылы мәжбүрлеп өндіру, жылжымайтын мүлкін тәркілеу, есепшоттарына шектеу қою, Қазақстан аумағынан тыс шығуға тыйым салу, аутокөлікті айыптұраққа қамау сынды ескертулер берілді. Міне, осыны ескере келіп салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді уақтылы төлеу, салық заңдылықтарын сақтау — мемлекет алдындағы ортақ борыш екенін ұмытпайық, ағайын!

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.