АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Декабрь, 2017


«СПОРТШЫЛАР БАЛЫ – 2017»

Күні: , 122 рет оқылды

Биылғы жыл ауданымыз үшін табысты жыл болды. Көптеген республикалық, xалықаралық додаларда жерлес спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, елдің қуанышына айналуда. Спорт түрлері футбол, қазақ күресі, жеңіл және ауыр атлетика, сонымен қатар күні кеше оздырылған облыс орталығындағы волейболдан облыс әкімі кубогының жеңісі аудан еншісінде. 2017 жылы жоғарғы лига аудан құрама командасы шағын футболдан 3 орынды иеленді. Осындай дарабоз спортшылардың басын қосып құрметтеу және марапаттау үшін аудан орталығында 27 желтоқсан күні «Спортшылар балы – 2017» шарасы оздырылды. Бұл салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков барша жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып,- Биылғы жылы ауданымыздың спортшылары үлкен табыстарға қол жеткізді. Халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау жолында бұл жетістіктердің үлгі болары сөзсіз. Төрімізге енгелі тұрған 2018 жыл баршамызға құт-береке мен мол табыстар әкелсін! -деген тілегін жеткізді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен оздырылған бұл салтанатты шарада «Үздік спорт ардагерлері», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік төреші», «Үздік спортшы», «Үздік команда» аталымдарымен қатар «Спортттық шараларға белсене қатысқан ұжым», «Белсенді ауылдық округ әкімдері», «Белсенді демеуші» атаулары бойынша да алғыс хаттар табыс етілді. Балға қатысушы спортшылардың құрметіне аудан көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен қатар мекерекелік фуршет ұйымдастырылды.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

Күні: , 95 рет оқылды

27 желтоқсан күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен құқық бұзушылыққа қарсы күрес жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия мүшелерімен қатар отырысқа ауылдық округ әкімдері, жергілікті полицияның учаскелік инспекторлары және дербес бөлім басшылары қатысты. Комиссия отырысында күн тәртібінде қоғамдық орындарда, соның ішінде көшеде жасалатын ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу, жою туралы, құқық қорғау және білім беру ұйымдарымен бірлесіп балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелері қаралды. Зорлық-зомбылықты анықтау, алдын алу, ескерту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикалық бағытында алдын алу мақсатында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен атқарылған іс-шаралар, аудандағы сапасыз, заңсыз салынған құрылыс және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау туралы баяндамалар жасалды. Сонымен қатар комиссия отырысында учаскелік полиция инспекторларының соңғы 11 ай ішінде атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Күні: , 148 рет оқылды

27 желтоқсан күні аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен алда атқарылар міндеттер жөнінде қаралған жиын өтті. Жиында аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің меңгерушісі Мирбол Адаялиев атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Сонымен қатар «ТУҒАН ЕЛ — KZ» сайтының таныстырылымы болып өтті. Осы қаралған мәселе бойынша Қошанкөл, Талдықұдық ауылдық округтерінің әкімдері Радж Шәріпов, Арман Алдабергенов, аудандық мұражай меңгерушісі Назкеш Адаялиева, саз мектебінің директоры Жадыра Тілеубаева, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Асыл Кенжеғалиева өз салалары бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы айтып өтті. Жиында аудан әкімі мына мәселелерге тоқталып өтті. -«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстарды жоспарладық. Ал осы жұмыстардың дені көпшілігі әлі өз бастауын алған жоқ. Сонымен қатар округтерде арнайы есепшот ашу жұмыстары да тежеліп тұр. Бүгінгі ашылған сайтта әрбір округтің өзіндік бағдарламалары тұруы қажет. Сондай-ақ туған жер бағдарламасы аясында атқарылатын жер-су атауларын анықтау, олардың тарихын зерттеу де уақыт күтпейтін жұмыс болып табылады. А.Оразбаева мектебінің 150 жылдығын да лайықты атап өту жұмыстары тұр. Рухани жаңғыру бір күннің немесе науқаншылдықпен атқарылатын жұмыс болмау керек. Әрбір атқарылған істің өз нәтижесі болуы қажет. Сонда ғана ол көздеген мақсатына жетіп, бүгінгі жас ұрпаққа ой салатын іс болып қалады, — деді. Жиын соңында аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне, қоғамдық ұйым жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ТАҢДАУШЫЛАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Күні: , 134 рет оқылды

27 желтоқсан күні Қазталов аудандық сайлау учаскесінде таңдаушылар Қазталов ауылдық округі әкімі лауазымы үміткерлеріне дауыс берді. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» №148 Заңының 36-1 бабына сәйкес Казталов аудандық сайлау комиссиясының хаттамасын негізге ала отырып, Казталов аудандық сайлау комиссиясы сайланған Казталов ауылдық округінің әкімі жөнінде хабарлайды: Жалпы таңдаушылар саны – 13, соның ішінде дауыс беруге қатысқандар – 9, әкімдікке үміткерлерге жақтап дауыс бергендері: Т.Есболовқа – 0, Ж.Шакуовқа – 9, Р.Шәріпқалиевке – 0. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 0. Казталов ауылдық округінің әкімі болып Жүсіп Ғабдылханұлы Шакуов сайланды, 1959 жылы туған, ұлты қазақ, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, Казталов ауылында тұрады.

Қазталов аудандық сайлау комиссиясы


КӘСІПКЕРЛЕР БАС ҚОСҚАН БАЛ

Күні: , 148 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудан кәсіпкерлерінің бас қосқан Жаңа жылдық балы өтті. Әр түрлі кәсіп иелерінің бұндай бас қосуы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Еңбектері елене бермейтін, шаруаларынан басқаға мойын бұра бермейтін жандардың бас қосуына аудандық кәсіпкерлік бөлімі мұрындық болды. Салтанатқа жиналған кәсіп иелерін аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, — Бүгінгі таңда еліміздің дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлердің еңбегін атап өткеніміз жөн. Елімізде кәсіпкерлік саласы үлкен қолдауға ие болып, күннен-күнге өркендеп келеді. Баршаңызды қадам басқалы отырған Жаңа жылдарыңызбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін! — деген ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімі бір топ кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыс етіп, осы салада ұзақ жылдар қызмет жасаған, еңбек ардагері Әмина Кумаева анамызбен Жаңа жылдық шыршаны жақты. Тамаша өткен балда жиналға көпшілік әдемі әуендерге билеп, әндер шырқап, Аяз ата мен Ақшақардың таратқан мол сыйлықтарына да ие болды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Күні: , 153 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудандық мәдениет үйінде 2018 жылдан бастап төленетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндіру үшін аудан тұрғындарының басын қосқан жиын өтті. Жиында аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының директоры Жүсіп Шакуов, орталықтың мамандары және Қазталов ауылдық округі әкімдігі аппаратының мамандары қатысып, жиналған көпшілікке жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар қайтарылды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫ

Күні: , 185 рет оқылды

26 желтоқсан күні аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде аудандық білім беру ұйымының ұйымдастыруымен аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасы өтті. Жаңа жылдың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков сөз алып, — Біз үшін тауық жылы ерекше есте қаларлықтай жыл болды. Осы жылда еліміз, жалпы ауданымыз толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде халықаралық «ЭКСПО -2017» көрмесі өтсе, сонымен қатар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай көптеген игілікті істер атқарылуда. Бұл біздің ауданымызда да көрініс табуда. Осының барлығы жас ұрпақ үшін жасалып жатыр. Сондықтан сендер, Жаңа жылда білімде де, басқа да өздерін алға қойған мақсаттарда биіктерде жете беріңіздер, — деген тілегін жолдады.  Жаңа жылдық шыршаға аудан мектептерінен 90-ға жуық оқушы қатысты. Салтанатқа қатысушылар Елбасының құттықтауын экран арқылы тыңдады. Биылғы Жаңа жылдық бағдарлама «Қалқанқұлақ» ертегісі желісінде құрылған. Шыршаны шыр айнала билеген оқушылар ертегі желісінде түрлі көріністерді суреттеді. Сонымен қатар «Қарлығаш», «Шаттық» би ансамблдерінің мүшелері мың бұрала билесе, аудандық саз мектебі, аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің оқушылары мен «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері өнерлерін ортаға салды. Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алған оқушылар түрлі ойындарға да кезек берді. Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балалар үлкен әсерге бөленді. Осындай мерекелік бағдарламаны жасауға атсалысқан аудандық тәрбие орталығы, аудандық саз мектебі, аудандық психологиялық -педагогикалық түзеу кабинеті және «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының ұжымдары мен аудандық мәдениет бөлімінің режиссері Данагүл Жұмабаеваның, мәдениет қызметкерлерінің еңбектері бір төбе деуге болады.

Жұлдыз АСҚАР

 


ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАР ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІН ҚАРСЫЛАДЫ

Күні: , 134 рет оқылды

26 желтоқсан күні Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік шарада Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Альберт Талпахов барша қызмет алушыларды келер жаңа жылмен құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Жаңа жыл кешіне арнайы келген клоун, аю, жалмауыз кемпір сынды ертегі кейіпкерлері ертегіден үзінді көрініс қойды. Көңілді өткен мерекеде әлеуметтік қызмет алушылар ескі жыл тауық жылын шығарып салып, Жаңа жылдың басты қонағы саналатын Аяз ата мен ақшақарды қуана қарсылады. Мерекеде әлеуметтік қызмет алушылар Аяз ата мен ақшақарға өздерінің Жаңа жылға дайындаған тақпақтарын айтып, сыйлықтарын алды. Жаңа жыл кешінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері әсем әннен шашу шашып, қызмет алушылармен бірге би де биледі. Осындай көңілдері жарты жандарға аз да болса көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің жақсы өтуіне атсалысып, демеушілік білдірген «Саматком», «Бексұлтан», «Д.Сүлейменова», «Зере», » Kazt Corporation» сынды жеке кәсіпкерлерге және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымында көпбалалы отбасы саналатын 2 балаға облыстық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған шыршаға қатысуға ықпал жасағандары үшін мекеме ұжымы ризашылықтарын білдіреді.

Әсем БОЛАТ


«ТУҒАН ӨЛКЕМ — ҚАРАОБА» КОМПОЗИЦИЯСЫ

Күні: , 136 рет оқылды

Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде Қараоба ауылдық округінде жерлестер форумы өткен болатын. Сол форумда қараобалық жерлестер бас қосып, игі істі қолға алды.
23 желтоқсан күні Қараоба ауылында «Туған өлкем- Қараоба» атты композициясының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында сөз алған аудан əкімі Абат Шыныбеков осындай игі істі қолға алған Қараоба ауылының тұрғындарына өз ризашылығын жеткізді.

«АЛАШ ИДЕЯСЫ ҺƏМ ҒҰМАР ФЕНОМЕНІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТƏЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

Күні: , 294 рет оқылды

23 желтоқсан күні Ғұмар Қараш Қараоба Мектеп-гимназиясында Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Конференцияға келген қонақтар Ғ.Қараш бюстіне гүл шоқтарын қойып, тарихи-өлкетану мұражайы мен мектеп оқушылапының көрмесін аралады.  «Алаш идеясы һəм Ғұмар феномені» атты ғылыми-тəжірибелік конференцияда аудан əкімі Абат Шыныбеков, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дəметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы Самат Құрманалин, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы жəне өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі Жаңабек Жақсығалиев сөз алып, «Батыс Қазақстан өңірінің зиялысы — Мəжит Шомболов», «Ғұмар Қараш — қоғамдық-саяси тұлға», «Алаш қозғалысының тарихи тағылымы», «Рухани жаңғыру: Алаш идеясы жəне азаттық сабақтастығы» тақырыптарында баяндама оқыды. Сондай-ақ Жəнібек ауданы «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов Ғұмар Қараш Қараоба мектеп-гимназиясының директоры Руслан Жұмағұловқа 1942 жылы Жəнібек ауданы Тау ауылдық кеңесі Қандықұдық елді мекені тұсына құлаған Қызыл Армия ұшағының қалдықтарын табыс етті. Конференция «Ұрпағың ұлықтайды Ғұмар баба» атты ашық тəрбие сағатымен жалғасып, мектеп оқушыларының «Бала Ғұмардан-Дана Ғұмарға дейін» қойылымы тамашаланды. Конференция «Туған елім — тірегім» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.