АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 22.11.2017


«БЕЙБАРЫС СҰЛТАН» ПЬЕСАСЫН САХНАЛАДЫ

Күні: , 188 рет оқылды

20 қараша күні аудандық мәдениет үйінің жанындағы халық театры Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын сахналады. Бұл оқиға – тақ пен сордың егіз туғанын дәлелдеді. Енді кезінде кісенмен құл болып келіп, Мысыр билеген Бейбарыс жалғыз. Қаннан да, сатқындықтан да шаршады. Махаббаты Тәжбақыт та оның жанына демеу бола алар емес. Ол күн сайын бір түс көреді: жусан иісті даласы, Ақжайығы, Сарайшығы, сағыныш шекпенін жамылған анасы шақырады, сағыныш шөбі жусанның ашқылтым иісін сезінеді. Бейбарыс шөлдеді, Жайық суын аңсайды. «Өз елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғысы» келетіндігін Тәжбақытқа айтады. Оның жанын түсінген патшайым Египет елінің алғысын айтып, Сұлтанды босатты… Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық емес пе? Рөлдерді сомдаған мәдениет үйінің қызметкерлерінің қай-қайсысы да өз шеберліктерін көрсетті. Соның нәтижесі болар кешегі облыстық байқауда бірінші орын алуы. Сондықтан туған жердің қадір-қасиетін білгіңіз келсе, сағыныш шөбінің қасиетін ұғынғыңыз келсе, жусан иісін аңсасаңыз осы қойылым қайтадан жұртшылыққа ұсынылса, «Сұлтан Бейбарысты» тамашалаңыз.

Жұлдыз АСҚАР


ЖАЛПАҚТАЛДА «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ

Күні: , 200 рет оқылды

21 қараша күні аудан әкімі Абат Шыныбеков және мекеме-кәсіпорын басшылары Жалпақтал ауылында болып, «Ашық есік» күніне орай қабылдау өткізді. Мәдениет үйінің фоесінде оздырылған «Ашық есік» күніне 11 ауыл тұрғындары өздерінің өтініш тілектерімен келді. Аудан басшысы тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, олардың көтерген сауалдарының ескерусіз қалмайтынын мәлім етті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Күні: , 163 рет оқылды

20 қараша күні Қазталов аудандық сотында 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбеков,-1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні болып ресми түрде жарияланғаннан бері Елбасымыз Қазақстанды халықаралық аренада жаңа деңгейге көтерді дей келіп, барша шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ дөңгелек үстелде аудандық соттың жетекші маманы Есбол Сақауов және аудандық соттың меңгерушісі Руслан Қаженов Сот жүйесіне қатысты жаңашылдықтарды жеткізе отырып, сот органдарында «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электрондық іс жүргізу тәртібіне тоқталып өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне арнап өз тілектерін білдіріп, ойларын ортаға салды.

Әсем БОЛАТ


АҚПӘТЕР, ҚАРАСУ, ҚАРАӨЗЕН, ӘЖІБАЙДА ЖҰМЫСТАР БАСТАЛЫП КЕТТІ

Күні: , 62 рет оқылды

Ауданымызда өткен «Жерлестер форумында» «Туған жерге туыңды тік!» аясында 2009-2017 жылдар аралығында атқарылған жұмыстар сараланып, болашақта жасалатын жоспарлар нақтыланғаны белгілі. Келер жылға 75 жоба іске асырылу жоспарланса, бұл жұмыстар басталып та кетті. Соның айғағындай, Ақпәтер ауылдық округінде қазірдің өзінде демеушілердің күшімен 4 млн. 500 мың теңге қаражаттың жұмысы атқарылып отыр. Атап айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы және Социалистік Еңбек Еріне арналған лайт-бокс орнатылса, «Менің жүрегім — Ақпәтер» белгісі жасалды. Ауыл ішіндегі бірнеше көшелерге 18 жарық шам және 6 түрлі мазмұндағы билборд орнатылып, 6 көшенің атаулары жаңартылды. Бұнымен қоса, Ақпәтер ауылында 10 соғыс ардагері тұрған үйлерге мемориялдық тақта орнатылды. Сонымен қатар Қарасу ауылдық округіне қарасты Бостандық ауылындағы бастауыш мектеп ғимаратының шатырын Ахметқали Қарағойшин жетекшілік ететін «Жиенбай» ЖШС 1 млн. 500 теңге қаражат жұмсап, жөндеп берді. Ал Қараөзен мектеп-лицейінің шағын орталығына КазИИТУ білім кешені 830 мың теңге қаражатқа заманауи дәліз салды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов 1 млн. теңге қаражатқа Бірік ауылдық округіндегі мектеп жатақханасын жөндеуден өткізді. Осындай жұмыстар басқа округтерде де қарқын алмақшы.

ГауҺар ӘДІЛЖАН


ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Күні: , 125 рет оқылды

20 қараша күні Жалпақтал ауылында арнайы техникалардың дайындығы тексерілді. Комиссиялық тексеруге аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ақылбек Сағитов, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Жандос Дүйсенғалиев, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин қатысты. Аудандық комиссия алдағы күзгі-қысқы маусымда пайдаланылатын арнаулы техникалардың дайындығы қарап, тексерді. Басшылардың есебін тыңдаған комиссия, алдағы қысқы маусымдағы міндеттерді талқылады. Әр көліктің техникалық қалпы, жанар-жағар маймен қамтылуы, сондай-ақ көктайғаққа қарсы материалдардың нормативті қоры, диспечерлік қызмет даярлығы, оның күндіз-түні кезекшілік атқаратын тәжірибелі кадрлермен қамтылуы бақыланды. Аудандық шұғыл әрекет ету құрамына 8 мекеме, 75 адам, 38 дана техникадан құрылған. Аудандық шұғыл әрекет ету құрамының басшыларына жаттығудың өту мақсатын айтып, күзгі-қысқы кезеңінде төтенше жағдайлардың қаупі бола қалған жағдайда атқарылатын іс-әрекеттер нақтыланды. Аудандық шұғыл әрекет ету жасағы құрамаларының күзгі-қысқы кезеңіне дайын екендіктерін көрсетті. Сонымен қатар аудандық комиссия мүшелері биылғы қыстың қатты болатындығын, төтенше жағдай бола қалған уақытта санаспай жұмыс істеу керектігін ескертті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.