АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 20.11.2017


АҚПАРАТТЫҚ ТОП БОСТАНДЫҚТА

Күні: , 150 рет оқылды

18 қараша күні Бостандық орта мектебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласын насихаттау жəне жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру мақсатындағы ақпараттық насихат тобы кездесу өткізді. Кездесу барысында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Біздің ақпараттық топтың мақсаты — Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру » мақаласын халыққа жіті таныстыру жəне ауданымызда ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысын таныстыру, еліміздің ертеңі жастарды теріс ағымның жетегінде кетпей, дұрыс түсінік қалыптастыру болып табылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласы шеңберінде ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бір айғағы күні кеше ғана ауданымызда өткен жерлестер форумы. Осы форум барысында ауданымыздың «Атымтай» азаматтарының арқасында жүзеге асқан жобалар көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ алдағы уақытта да 75 жоба іске аспақшы. Сол жобалардың бірі — осы ауылдан 2 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын төсеу. Сонымен қатар алдағы уақытта Қаракөл елді мекеніне балалар ойын алаңын салу, Бостандық ауылында бокс залын жөндеуден өткізу жобалары жүзеге аспақшы. Жерлестер форумында 7 меморандумға қол қойылса, соның үшеуі, яғни Қараөзен, Бірік, Бостандық ауылдарында жұмыстары жүріп отыр,-деді. Кездесуде «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирбол Адайəлі жəне аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ аудандық «Ақниет» деструктивтік діни ағымдардан қорғау жəне көмек көрсету орталығының төрайымы Аяжан Ғайноллина оқушыларға жат ағымдар туралы үнпарақтарын таратты. Шарада қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


«ЗҮБӘРЖАТ ТОЙЫ». АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Күні: , 168 рет оқылды

Ұланғайыр даланы мекен еткен қазақ ұлтын айта қалсақ, оны қасиетті жануар жылқымен байланыстырмай кете алмаймыз. Өйткені қазақтың жаны да, қаны да, намысы да жылқы мінездес. Біз сондықтан да атакәсібіміздің ең ұлығы жылқыны қастерлейміз. Ал оны баптап, бағатын адам біздер үшін ең биік тұлға болып табылады. Сондықтан да жылқышы болып бүкіл саналы ғұмырын осы бір қасиетті жануардың өсіп-көбеюіне арнаған еңбек адамдарын ардақтаймыз, ұлықтаймыз. Бостандық ауылы да жылқышылар ауылы. Сарыөзеннің төскейін сәнге келтірген даланың осы бір қасиетті жануарлары. Асқар аға Құсайыновтың бүкіл саналы ғұмыры осы жылқы кәсібімен байланысты. Асқар ағаны білмейтін адам кемде-кем шығар. Оны айтып тұрған себебіме тоқталайын. Іс сапармен басқа ауылдарға бара қалсам: -Қызым, қай ауылдан боласың? -деп сұрайды. -Бостандықтанмын,- десем, -жылқышы Асқардың ауылынан екенсің ғой,-деп айтады. Сондай-ақ бүгінде өнер көгінде жүрген Сыйлық және Жайнагүл, оның қызы Кәмшат сахнаға шығып өлең айта қалса, жұртшылық: -Бостандықтағы жылқышы Асқар Құсайыновтың қызы және жиені ғой,-деп айтатынын естіп жүрмін. Міне, бұл Асқар ағаның ел алдындағы биік дәрежесі болса, екінші жағынан «Жақсы әке ұрпағына мәңгілік азық болады» деген сөз осыдан қалса керек… Сол Асқар аға Құсайынов сексеннің сеңгіріне шықты. Бұнымен қоса өмірлік жұбайы Әдемі апамызбен отау құрғанына 55 жыл толды. Мерейлі жас және » Зүбәржат тойы». Бұндай бақытты күнге біреулер жетеді, біреулер жете алмай кетеді… Өмір болған соң солай ғой! Ал Асқар аға мен Әдемі апамыз шынында да бақытты, шынында да әдемі. Асқар ағамыз бен Әдемі апамыз 10 бала тәрбиелеп өсірген отбасы. 18 қараша күні «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы негізінде және » Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «Туған жер» бағдарламасына орай Бостандық «Нұр Отан» бастауыш партиясы ұйымының және «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаеваның ұйымдастыруымен «Ел үшін еңбек еткен — қос ардагер» атты мерекелік кеш өтті. Құрмет осындайдан көрінеді. Қаракөлден сән-салтанатымен келген қос ардагерді ауылдастары мәдениет үйінде қошеметпен қарсылап алып, сахна төріне отырғызды. Шарада сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирбол Адайәлі, Бостандық ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Максим Қожағалиев, ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Жапахов, «Асыл әжелер» ансамблі және Қаракөлдік жерлестері ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпаттарын ұсынды. Сондай-ақ белгілі кәсіпкер,Қаракөл ауылының тумасы Жасұлан Байғонақов Асқар аға мен Әдемі апаны мерейлі жастарымен құттықтап, қазақы ұлттық нақыштағы сияпатын жасады. Осы салтанатта өнерлерімен елге қызмет жасап жүрген қыздары Сыйлық, Жайнагүл, Кәмшат әннен шашу шашты. Әннен шашу шашып ұрпақтары да осындай сәтті бастан кешіргеннің өзі де бақыт емес пе?! Сондай-ақ Бостандық орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары «Қара жорға» биін билеп, көрермендерді бір серпілтіп тастаса, би ырғағы Асқар ағаны сонау жастық шағында сәйгүлікке мініп кең далада шапқанын есіне түсірген болар!.. Ұлағатты өткен шара мейрамханада жалғасын тапты. Осындай шараны ұйымдастырып, басы қасында жүрген Алтын Ақбаеваға және басқа да ұйымдастырушыларға тұрғындар ризашылықтарын білдіргендерін айтқан жөн. Гауһар ӘДІЛЖАН

«ҮЗДІК ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІ» — 3 орын

Күні: , 146 рет оқылды

Күні кеше ғана Елбасымыздың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген Саяси Кеңесінің отырысы өткені белгілі. Еліміздегі жүріп жатқан реформалардың басында тұрған партия көптеген істердің ұйымдастырушысы болуда. Осы орайда аудандық «Нұр Отан» партиясы да өз жұмысын жаңашылдандыруда. Соның айғағындай тұрғындарды қабылдау кестесі жаңғыра түсуде. Соның айғағындай болар «Нұр Отан» партиясының «Үздік қоғамдық қабылдау бөлімі» облыстық байқауында Қазталов «Нұр Отан» аудандық филиалы ҮШІНШІ орынды иеленді. Өткен 10 айдың ішінде партия филиалына 105 қабылдау өткізіліп, 170 адам қабылдауда болды. Қабылдауда болғандардың 30 пайызының өтініштері орындалып, 68 пайызына кеңестер берілсе, 2 пайызы жұмыстану үстінде. Қабылдауды аудан әкімі және түрлі саланың жетекшілері өткізді. «Нұр Отан» партиясының филиалына ауданның партия мүшелері атынан алдағы уақытта да табыстар тілейміз.

Әсем БОЛАТ


БІЗДІҢ ФУТБОЛШЫЛАР ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ

Күні: , 192 рет оқылды

17 қараша күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Қазталов ауданының футбол құрама командасының мүшелерін қабылдады. Дұрысын айтсақ, футбол десе ішкен асын жерге қоятын жастар бар. Олар өздерінің қызметтерінің әр түрлі болуына қарамастан футбол жарыстарынан бірде-бір қалып жатқан жоқ. Сол жарыстардан құр да қайтып келіп жатқан жоқ. Нәтижесінде Қазталов футбол құрама командасы БҚО-ның жоғарғы лигасында өнер көрсетеді. Аудан әкімі футболшылардың табыстарына риза екенін айта келіп, алдағы уақытта да миллиондардың жүрегін жаулап алатын осы бір теңбіл доп додасында алда болып, ауданымыздан еліміздің Көк Туын шет елде желбірететін футболшылар шықсын деген тілегін жеткізіп, спорттық киімдерді сыйға тартты.

Жұлдыз АСҚАР


ЖАС ПАЛУАНДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 78 рет оқылды

17 қараша күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Тереңкөл орта жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы «Жас барыс — 2017» турнирінің жүлдегері Еркебұлан Жұмажанұлын қабылдады. Еркебұлан қазақ күресінен өзіндік орнын көрсетіп келе жатырған жас палуан. Ауданымызда бокс түрінен жеңімпаз спортшылар шыға бастаса, енді міне қазақ күресінен де жеңімпаздар шығуда. Аудан әкімі жас палуанға алдағы уақытта да спорт пен білімді қатар алып жүруге, түрлі сайыстарға қатысып, елдің атын шығара беруіне тілегін білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

Жұлдыз АСҚАР


АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАДЫ

Күні: , 144 рет оқылды

17 қараша күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ұзақ жылдар жауапты қызметтерде болған Илан Бекенұлы Нағымовты қабылдады. Қабылдауда аудан әкімі Илан Бекенұлының қандай қызметті атқарса да жауапкершілікпен атқарғанын, халық сеніміне ие болғанын айта келіп, алғыс хат табыстады. Илан Бекенұлы ұзақ жылдар Қазталов аудандық атқару комитетінде, аудан әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарса, А.Оразбаева мектебінің директоры қызметінде де абыройлы жұмыстар жасады. Сонымен қатар осы кезге дейін ауданды тәрбие орталығының директоры қызметінде болып, оқушылардың мектептен тыс уақыттарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда іскерлік танытып келді. Сондай-ақ бұл мекеменің материалдық базасының нығаюына да өзіндік үлес қосса, тәрбие орталығы жанындағы «Нұрлы бақ» саябағының жасалуына да көп еңбек сіңірді. Қандайма қоғамдық жұмыстарды зор жауапкершілікпен атқарғанын айтқан жөн. Қабылдауда Илан Нағымов өзіне осындай құрмет көрсеткендері үшін аудан әкімдігіне алғысын жеткізіп, қызметтеріне табыс тіледі.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.