АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 17.11.2017


ЖАҢА НЫСАНДАҒЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Күні: , 308 рет оқылды

16 қараша күні Қазталов ауданы орталығында жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті түсіндіру бойынша семинар өтті. Аталмыш семинарға ауылдық округ әкімдері, округ әкімі аппаратының мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары, ассистенттер қатысты. Семинарда сөз алған Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев,- Елбасымыздың 100 нақты қадам ұлт жоспарының 84-ші қадамында кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетіні айтылған. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа үлгідегі түріне көшірілетін болады. Бұрын табыстары күн көріс деңгейінен 40 пайыз төмен отбасыларға, табыстары 60 пайыздан төмен 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға және 4 баласы және одан көп балалары бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленіп келсе, келесі жылдан бастап бұл көмектер отбасылардың табыстарына қарап бір ғана атаулы әлеуметтік көмекке біріктірілмек. Сондай-ақ жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де бұрынғыдан жоғары болады. Біздің мақсатымыз – жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек туралы халыққа кеңінен түсіндіріп, кіріс төмен отбасылардың тұрмысын көтеру болып табылады,- деді. Семинарда осы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті қандай отбасыларға тиесілі екендігі, қандай құжаттар рәсімдеу керектігі, алынған қаражаттың масатты жұмсалуы туралы кеңінен түсіндіріліп, осы мәселеге қатысты басқа да сұрақтарға жауаптар берілді. Сонымен қатар семинарда зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы да айтылды. Семинар соңында қатысушылардың тест сұрақтар арқылы біліктіліктері де тексерілді.

Қайрат ЖАҚЫП


КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 102 рет оқылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» № 290 бұйрығына сәйкес ауыл шаруашылығының өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру бойынша Қазталов ауданында да ағымдағы жылдың 13 қазан күні арнайы комиссия құрылған болатын. Осы орайда 15 қараша күні облысымызда алғаш рет жер учаскесін конкурс арқылы жалға беру үшін, келіп түскен өтініштер мен құжаттарды қарау мақсатында құрылған аудандық комиссия отырысы өтті. Облысымызда ең алғаш рет өткізіліп отырған бұл комиссия отырысына Ақжайық, Сырым және Қаратөбе аудандарының өкілдері қатысты. Ашық түрде өткен комиссия отырысында конкурстың өткізілу тәртібі туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Артур Айтжанов баяндама жасаса, сондай-ақ комиссия мүшелеріне конвертке салынған конкурсқа қатысушылардың құжаттары ұсынылды. Конкурсқа ауданымызға қарасты 8 ауылдық округі бойынша 9 лот шығарылған. Жалпы жер көлемі 5700,0 гектар. Осы лоттар бойынша қатысушылардан 18 өтінім қабылданған. Комиссия отырысында осы лоттар бойынша жер учаскелері көрсетіліп, конкурсқа қатысушылар да таныстырылып, оларға сұрақтар қойылды. Бұл өткізілген конкурстың қорытындысы 2 күнтізбелік күн ішінде жарияланатын болады. Тағы бір айта кететіні конкурстың қорытындысы шығарылған уақыттан бастап екі жұмыс күннен кеш емес мерзімде жергілікті атқарушы органның «Жер учаскесіне жалгерлік құқығын беру туралы» шешімі қабылданады. Шешім қабылданған уақыттан бастап бір жұмыс күн ішінде «Жер учаскесін жалға беру туралы» шарт жасалатын болады.

Қайрат ЖАҚЫП


«НҰРБАЛАПАН» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ БҮЛДІРШІНДЕРІ АЛТЫН КҮЗДІ ҚАРСЫ АЛДЫ

Күні: , 136 рет оқылды

Жайдарлы жаздың жайма шуақ күндері артта қалып, қоңыр күздің салқын лебі мен сарғайған жапырақтары да келіп жетті. Міне, осындай алтын күзді «Нұрбалапан» балабақшасындағы «Ақ сұңқар», «Болашақ», «Бәйтерек» топтарының бүлдіршіндері де жарқын жүзбен қарсы алды. Керемет көңіл-күймен басталған ертеңгілікте бүлдіршіндер балдай тілдерімен тақпақтарын айтып, мың бұрала би билеп, әсем ән шырқап, «Арайлы алтын күз» тақырыбымен басталған бұл ертеңгілік күздің мерекелік кешіне ұласты.  Ертеңгілікте сөз алған «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Мәнсия Қадемова барша бүлдіршіндерді күз мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, бақытты балалық шақ тіледі. Сондай-ақ «Дәміне қарай ажырат» атты балалармен ойын ойнатылып, әр түрлі жеміс-жидек болып киінген бүлдіршіндердің киімдері ерекше көзге түсіп, кештің шырайын аша түсті. Осындай мәнді де мағыналы ертеңгілікті өткізіп, бүлдіршіндердің қызығушылығын оятып, талаптарының таудай болуына үлестерін қосқан «Ақ сұңқар», «Болашақ», «Бәйтерек» топтарының тәрбиешілері Жеңсұлу Есқақова, Эльмира Каирова, Айгүл Бақатова, Әсем Ердина, Арайлым Хамзина, Нұрсәуле Ғиззатоваға ата-аналар дән риза. Әрқашан еңбектеріңізге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз.

Әсем БОЛАТ


БІР КҮНДІК «ӘСКЕРИ КҮН»

Күні: , 136 рет оқылды

14 қараша күні «Нұр Отан» облыстық партиясының желілік кестесіне сәйкес А.Оразбаева мектебінің оқушылары Қазталов шекара заставасына «Әскери күн» патриоттық тақырыпта экскурсияға барды. Экскурсияға қатысқан оқушылар алдында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Гүлфия Кушваева, — Мемлекет өзінің шекарасымен айқындалады. Шекара Отан үшін қасиетті ұғым. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі шекара күзетінде тұратындар сіздер болып табыласыздар. Сондықтан бүгінгі шекара қызметінде жүрген ағаларыңыздың күнделікті атқарып жатырған жұмыстарымен танысқандарыңыз өздеріңіз үшін үлкен сабақ болады, -деді.  Экскурсия қатысушыларға шекара қызметкерлері өздерінің қызметтері жөнінде әңгімелеп берсе, оқушылар да шекарашы ағаларына түрлі сұрақтар қойып, оған жауаптар алды.

Жұлдыз АСҚАР


ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Күні: , 150 рет оқылды

14 қараша күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков бір топ аудан тұрғындарын өз өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде тұрғындардың айтқан өтініштері мен ұсыныстары өз кезегімен уақытында шешімін табатындығы айтылды.

Жұлдыз АСҚАР


«ИБАТШЕГЕНДЕГІ» ИБАТОВТЫҢ ТАБЫСЫ

Күні: , 214 рет оқылды

Жарықтық, Сарыөзеннің бойы мал бағуға қолайлы жер ғой. Осы жерде «Ибатшеген» деген мал қыстағы бар. Сол орынға Есенгелді Ибатов деген азамат » Наурыз-97″ шаруа қожалығын құрып, шаруасын дөңгелетуде. 20 жылдың ішінде адал еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Ол мал өсірудің, оның табыс көзіне жетудің бірден-бір көзі- мал тұқымын асылдандыру. Қожалықтағы 256 бас ірі қараның 90 бас аналығынан 90 бұзау алса, қой-ешкі 700-ге, жылқы 300 басқа жетіп отыр. Есенгелді ағамыз биылғы жылы «Ангар» деп аталатын мал қорасын және арнайы малға ветеринарлық сауықтыру жұмыстарын жүргізетін орын да салып алды. Сарыөзен бойын малға толтырып жатқан Есенгелді ағаның толағай табыстары әлі алда деп білеміз. (Фотода ұлы Медет)

Гауhар ӘДІЛЖАН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.