АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 09.11.2017


«ҚАУІПСІЗ ЖОЛ»

Күні: , 148 рет оқылды

Бүгінде ел-халықтың дәулеті артып, тұрмыс-тіршіліктері түзеліп келеді. Содан болар жыл өткен сайын автокөліктер қатары көбейіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауда күрмеуі қиын мәселелер де туындауда. Соған орай ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министірлігінің 2017 жылғы 06 қарашадағы № 1-5-4-117/4247-и нұсқауына сәйкес бекіткен жедел-профилактикалық іс-шаралар мен көліктегі апаттылықты төмендету мақсатында Батыс Қазақстан облысы аумағында 09-11 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы оздырылуда. Шара кезінде Қазталов АІІб, Жалпақтал Пб-нің жеке құрамы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған жумыстар атқаруда. — Жол қауіпсіздігін тек әкімшілік полиция қызметкерлері ғана емес, бүкіл ел болып жол қауіпсіздігін сақтауға, көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзбауын бақылауға алуымыз қажет,- деді Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі МАИ қызметінің полиция капитаны Ақылжан Меңдіғұлов.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АУДАНЫМЫЗДАҒЫ АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТЕР ҚЫСҚА ДАЙЫН

Күні: , 128 рет оқылды

9 қараша күні Қазталов ауданы орталығында «Қыс-2017» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуда арнайы қызметтердің қысқа дайындығын аудан әкімінің орынбасары, оқу-жаттығудың басшысы Сағынғали Бекжанов тексерді. Оқу-жаттығу кезінде азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесі, басқару органдарының күштері мен құралдарының дайындығы айқындалды. Сонымен қатар құлақтандыру және байланыс жүйелерінің әзірлігі дайындыққа келтірілді. Қатысқан 13 азаматтық қорғау қызметтері, 41 бірлік техника және 87 адам «Қыс-2017» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қоырытындысы бойынша дайын екендіктерін көрсетті.

Қайрат ЖАҚЫП


АТА КӘСІПТІ ҚОЛҒА АЛҒАН

Күні: , 80 рет оқылды

Ауданымыздың негізгі кәсіп көзі – ауыл шаруашылығы. Ата кәсіпті жандандыруға ниетті жандар жетерлік. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен жергілікті шаруалар ата кәсіпті жандандыруға білек сыбана кірісіп, еңбектерінің жемісін көріп жатыр. Туған жер төсінде төрт түлік мал өсіріп, еңбекқорлығымен елге танылған жандардың бірі – Сансызбай Сапаров ағамыз. Қараоба ауылдық округіне қарасты Энгельс қыстағында орналасқан «Бірлес» шаруа қожалығының жай-күйімен танысып қайтқан болатынбыз. 1997 жылы кеңшары тарағаннан кейін өз алдына шаруа қожалығын құрып, ата кәсіпті қолға алған бұл шаруашылықта 140-қа тарта ірі қара, 50 бас жылқы, 50 бас ұсақ мал және 1 түйе бар. Қыстақтан қазіргі заманға сай үй салынып, күн сәулесінен қуат алатын батарея арқылы электр желісін пайдалануда. Мал азығын дайындауға кереті техникалардың бәрі бар. Сонымен қатар мал қарауға даланың ойлы-қырылы жерінде еркін жүретін квадроцикл көлігі де сатып алынған. Шаруашылық жетекшісі Сансызбай ағамызды әңгімеге тарттық,- Мен кезінде Қараоба кеңшарында бригадир болып қызмет атқардым. Тоқырау басталғаннан кейін өз шаруашылығымызды құруға ниеттендім. Әрине, басында қиын болды. Қазір құдайға шүкір жағдайымыз жаман емес. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алдық. Ең бастысы ерінбей еңбектену қажет,- деді Әрине, зейнетінен бейнеті көп ата кәсіпті игеру үшін қажыр-қайрат пен еңбекқорлықты қажет ететіні жасырын емес. Зейнеткерлік жасты еңсерген ағамыздың еңбекқорлығына риза болып қайттық.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚАРАӨЗЕН-ЖАЛПАҚТАЛ АРАСЫНДА ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Күні: , 120 рет оқылды

Қазіргі күнде жолаушылар тасымалы жолға қойылып келеді. Соның бір айғағындай Қараөзен-Жалпақтал арасында жолаушылар автобусы қатынаса бастады. Бізбен хабарласқан «Әлібекова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Индира Әлібекова былай дейді: -Жалпақтал мен Қараөзеннің арасының қашықтығы 1 шақырымдай. Ауыл тұрғындары Жалпақталға күн сайын жиі барса, сонымен қатар балаларын да балабақшаға апарады. Осы кездерде қиындықтар кездесетін еді. Соның шешімі табылғандай. «Газель» автокөлігі Қараөзен-Жалпақтал бағытында таңғы сағат 7-00-ден кешкі сағат 21-00-ге дейін арасына сағат салып жолаушылар тасиды. Белгіленген аялдамаларға тоқтайды. Балалар үшін жолақысы 50 теңге болса, ересектерге 100 теңге. Болашақта бұл маршрут Жаңажолға дейін жалғастырылатын болса, одан кейін Қазталовқа дейін де баратын маршрут ашу ойымызда бар, -деді. Бұндай жолаушылар таситын автобус ауыл тұрғындары үшін тиімді болады деп санаймыз.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢБЕКПЕН ЕҢСЕРГЕН

Күні: , 70 рет оқылды

Ауданымыздың Көктерек ауылдық округі шаруаға қолайлы, табиғаты тамаша жер. Бұл жерде біраз адам шаруа қожалықтарын ашып, даланы малға толтырып, еңбек етуде.  Солардың бірі – «Мұрагер» шаруа қожалығын басқарып отырған Айболат Шоқпаров. І топтағы мүгедек екеніне қарамастан ол: «мемлекет асырайды» -деп үйінде жатқан жоқ. Керісінше тиянақты тірлігі талайлардан көш ілгері. Тағдырдың теперішіне мойымай, төрт түлікті түлетіп, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айболат аға Төсқұдық-1 қыстағынан 2007 жылы «Мұрагер» шаруа қожалығын ашты. Малды бағып, өзінің адал еңбегімен өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. «Мұрагер» шаруа қожалығында бүгінде 700 бас қой, 86 ірі қара, 65 жылқы, 3 түйе бар. Айболат аға өз қаражатына өткен жылы МТЗ-82 тракторы мен рулон жинайтын техника сатып алып, пайдасын көруде. Сонымен қатар бұл қожалықтың жазғы орны да бар. Ал су ішетін құдыққа сорғы қондырып, малдарды да қиналмай суарады. Үй-жайы, қора-қопсысы да тап-тұйнақтай. Мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыға ғана телмірмей, өз шама-шарқынша еңбек етіп жүрген Айболат ағаның алға қойған межесі де айқын. Қой мен сиыр санын қазіргіден 3-4 есеге арттырып, тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтымақшы. Олай болса, Айболат ағаның еңбегіне тек табыс қана тілейміз.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


МЕРЕЙЛІ ЖАСЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 84 рет оқылды

8 қараша күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысы өтті. Актив жиналысында аудан әкімі Абат Шыныбеков «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, мәслихат депутаты Марат Харесұлы Тоясовты мерейлі жасымен құттықтап, алғыс хат табыс етіп, иығына шапан жапты. -Сіз ұзақ жылдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, адал да қажырлы еңбек еттіңіз. Сіздің еңбек жолыңыз жас буынға үлгі. Енді міне, зейнеткерлік жасқа абыроймен жетіп отырсыз. Сізді барша актив, депутаттар, аудандық партия мүшелерінің атынан мерейлі жасыңызбен құттықтап, еңбегіңізге алғыс білдіре отырып, деніңізге саулық, шаңырғыңызға шаттық тілейміз деді, -аудан әкімі Абат Абайұлы. Сондай-ақ жиналыста «Нұр Отан» партиясы БҚО бойынша филиалының партиялық бақылау инспекторы Махамбет Мұқашев мерейтой иесін облыстық партия филиалы атынан туған күнімен құттықтап, алғыс хат пен естелік сыйлық тарту етті. Жиында мерейтой иесінің бірқатар әріптестері лебіздерін білдірсе,Марат Харесұлы өзіне көрсетіп жатырған құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалмайтынын жеткізді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ДІНИ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Күні: , 151 рет оқылды

7 қараша күні ауданымызда құрылған ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері Талдықұдық, Қараөзен ауылдық округтерінің орталықтарында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесулерде топ мүшелері аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілепберген Нұралиев және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирбол Адайәлі ауданымыздағы діни ахуал жәйін және Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар туралы түсініктер жүргізіп, жат діни ағымдардан сақтану туралы бейнеролитер көрсетті. Кездесулерде имандылық пен ата дінімізді сақтап, жат ағымдардың жетегінде кетпеу туралы әңгімелеп берген имамның сөзінен байқағанымыздай ауданымызда діни ахуал тұрақты.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.