АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 03.11.2017


Несиенің нәсібі немесе ақшаның азабы

Күні: , 402 рет оқылды

-Мама-а-а, телефонға шақылып жатыл. Тағы да «кледит» («р» әрпіне тілі келіңкіремейтін қызымыз әркез осылай айтады),-деген Гүлімнің дауысы бүгін де азанмен шықты. Таңсәріден оянатын бес жасар балғынымыз мектепке барады. Ол сабаққа баратын уақытта ылғи да банктен осы үйге қоңырау шалынады. Сондықтан бұл жағдай Гүлімге таңсық емес. Үйреншікті әуен. Бұл әуеннің мәтіні былай болатын.


Жас та болса да, отбасында болып жатқан «атмосфераны» жіті қадағалап, өзінше пайымдап отыратын бүлдіршініміз әке-шешесінің бұрын қомақты несие алғандығынан  хабардар.  Алғашында мол ақшаны көргенде жанұя мүшелері қуанып төбелері көкке бір елі жетпей қалды. Үйде бұрын-соңды болмаған жиһаздар пайда болып, сондай-ақ, бұл шіркіндердің әрқайсысына ойыншықтар бұйырды. Тіпті, әкелері темір тұлпарды да ерттеп алып еді. Әйтеуір не керек, Қаратаевтар әулеті бір байып қалды. Сол  кезде Гүлім: — Әке, бізге соншама кө-ө-өп ақшаны кім белді? Қайдан  алдыңыздал?- деген болатын. Ал әкесі: — Несие алдық, қызым. Несие дегеніміз жеке адамға мемлекет тарапынан берілетін қарыз ақша. Біздер қарызға алдық, сосын қайтарып беру керекпіз, — деп сұрақ қойғыш кішкентай балапанына егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Осылайша бүге-шігесіне дейін түбегейлі айтып бермесе, бұл ханшайымнан құтылмайтындығын бәрі де біледі. Сөйтіп, әке-шешесі тапқан табыстарын бес баланың аузынан жырып, ай сайын  несиелерін жауып отырды. Бір ай, екі ай…, он ай қатарынан уақытылы төлеп келе жатыр еді…. Кенет отағасы жұмыстан қысқарып қалды (қалалық ірі компанияда күзетші болып жасайтұғын). Балабақшада тәрбиеші болып жасайтын аналарының  ақшасы  кредит түгелі балалардың оқуынан, тамағынан ауыспайтын болды. Арнайы мамандығы жоқ, кез-келген жұмыстың басын қайырып жүрген әкелері болса, әлі де тұрақты жұмыстың  ретін таба аламай жүр. Кредитке алған машина болса, ол да тұр, жүрмейді. Бір темір керек дейді, оны жөндеу үшін тағы да ақшаға тіреледі.  Несие болса, төленбей жатыр. Пайыздық өсім күн санап қосылуда. Әркімдерден қарыз да сұрады. Тек ғана анасының табысы қайсысына жетсін? Біреуден қарызға алады, одан алған ақшаны басқа біреуге береді. Анаған да, мынаған да бере-жақ болып, қарызға белшесінен батады. Енді басқа банктен несие алуға бел буып, құжаттарын арқалап, тағы да әр банктің есігін қағады. Ештеңе өнбеді. Кредит белгіленген мерзімге сай төленбегендіктен бұлар «қара тізімге» ілініп кетіпті. Несиенің нәсібі ғой деп, кезінде көзді жұмып қойып бәрін де алып еді, енді міне, ақшаның азабын тартып отыр. Банк қызмтекерлерінің үй немесе қалта телефонға қоңырау шалғаны былай тұрсын, тіпті тума-туыс, көрші-қолаңдарға да телефон соғатындары бұлардың әбден жүйкесін жұқартты. Әрине, өздері де кінәлі. Көрпелеріңе  қарай көсілу керек еді. Елге қарауға бет жоқ. Кездесіп қалса болғаны: — Несиелерінді әлі төлемей жүрсіңдер ме, біздің үйге қайта-қайта қоңырау шалып, мазамызды алып болды, — деп уәждерін де білдіріп кетеді. Ұят-ай, масқара! Ал, мына қорлықты қараңыз, әнеугүні осы үйдің  ортаншы  ұлы көршінің қызын кездесуге шақырайын деп барса, қыздың анасы: — Балам, жақсы келдің, мамаңа айта баршы, өткенде алған 30 мың теңгені қайтарсың, хабарласудан қалды ғой өздері, — деп бұл баланы бір ұялтқаны бар. Осыдан кейін Асхаттың қызға бару «операциясы» тоқтатылды. Гүлім би үйірмесіне қатысушы еді, дер кезінде ақша төленбегендіктен ол да жайына қалды. Ұғымтал бала оны да түсінді. «Мама, қызым үйілмеге қатыспай қалды деп уайымдамаңыз, мен өскенде енді биші болмаймын, көп ақша шығалушы боламын. Сөйтемін де, кледит төлейміз, әлі ешкімнен ақша сұламаймыз. Бітпейтін ақша болады», — деп балалық көңілмен анасын жұбатып, һәм жылатып алды. Анасы жыламағанда қайтсін? Ақша құрғырдың жоқтығы алқымын қысып барады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, жоқтықты уайымдап байғұс ана соңғы уақытта жүдеп бітті. Жолдасының көк базарда арба сүйреп тапқан тиын-тебені күнделікті жол ақысынан  артылмады. Мардымсыз ақшаны былай тартты, олай тартты, ақыры жетпеді. «Қаптың түбін қырнап қала барды». Ата-анасының күн  сайын «уһілеп» күрсініп отырғаны, әрине, балалардың көңілдеріне кірбің түсіретіні анық. Әйтсе де, әке-шешесінің қиналып жүргенін түсінуге тырысады. Әзірге, бұлардың қолдан келетіні тек оқып, білім алу. Шүкір, тәрбиелеп отырған балалары ақылды, білімді болып өсіп келеді. Бесеуінің де арманы — жақсы мамандық алып, қайткен күнде де ақша азабынан құтқару, ата-анасына көмектесу. Міне, кезінде темір тұлпарға мініп алып, жүйіткіп жүрген Қаратаевтар әулеті ілініп-салынып көш соңында келеді. Бәлкім, балаларының арманы орындалып, көшті бастар, кім білген? Әйткенмен де, бұл «көк қағаз» кімге жеткен? Әне, төргі бөлмеде тұрған қара телефон бүгін тағы да азанмен безгек қағып жатыр. Ал, Гүлім болса,«ақша сұлаушылал болал» деп орнынан тұра жөнелді… Үйреншікті көрініс.

Самал ЖАМЕТ, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы


«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ»

Күні: , 154 рет оқылды

2 қараша күні аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру » мақаласындағы латын əліпбиіне көшу туралы тапсырмасына сәйкес «Латын əліпбиіне көшу – заман талабы» атты дөңгелек үстел өтті. Семинарда кітапхана әдіскері Гүлжан Базартаева «Рухани жаңғыру. Латын әліпбиіне көшу – өркениетті Қазақстанның дамуы» атты баяндама оқыды. Дөңгелек үстелде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова: -Мемлекет басшысы қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе өзінің салиқалы шешімін айтты. Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды. Енді осы латын әліпбиіне көшу туралы біз ақпараттық топтар арқылы қарапайым халыққа түсінік жүргізуіміз қажет, -деді. Сондай-ақ дөңгелек үстелде «Нұр Отан» партиясын аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Тоясов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, А.Оразбаева мектебінің мұғалімі Мерболат Мырзағалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Тұяқ Жалмұқанов, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мербол Адайәлі, Қараоба ауылдық кітапханасының кітапханашысы Лаура Әдиетова латын әліпбиі туралы өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен алмасты. Сонымен қатар шара барысында латын әліпбиіне көшу тарулы және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаеваның аудандық кітапханамен байланысы, сол кітапханадағы латын қарпінде жазылған кітаптар мен қолтаңбалар туралы бейнекөрініс көрсетілді. Шараны аудандық кітапхананың директоры Гүлдана Дәулетова қорытындылап, шақырулы қонақтарға алғысын жеткізді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ТУРАЛЫ КЕҢЕС ӨТТІ

Күні: , 136 рет оқылды

1 қараша күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданымызда 2017 жылдың 9 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарын қорытындылау бойынша кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық етіп, Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы , генерал-майор Жасұлан Жұмашев, Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Назарәлі Селимов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мен №19 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары қатысты. Кеңесте 9 айда ауданда атқарылған жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Абай Насипов пен №19 өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Танат Құдайберген баяндамалар жасады. Баяндамаларға қысқаша тоқталсақ, 2017 жылдың 3-ші тоқсанының қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің ақпараттарды есепке алу кітабына 67 хабарлама тіркелген. Соның ішінде 19 өрт оқиғасы (3-і дала өрті), 27 дала жану оқиғалары, 3 суға бату оқиғалары, 2 авариялық құтқару жұмыстары, 15 қоқыс жану оқиғалары және 1 ғимараттың төбе жабыны ұшу оқиғасы орын алған. Орын алған оқиғалардың 3-і төтенше жағдай ретінде тіркелген. Кеңесте сөз алған Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы , генерал-майор Жасұлан Жұмашев биылғы жылы жаз айларында ауданымызда орын алған төтенше жағдайлар туралы түсінік бере келіп, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын-алу жұмыстарын күшейту туралы тоқталып өтті. Сонымен қатар кеңесте жергілікті тұрғындар тарапынан кадр даярлау үшін Көкшетау техникалық институтына оқуға үміткерлерді тарту туралы да әңгіме қозғалды.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.