АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 31.10.2017


МЕРЕКЕЛІК ДАСТАРХАН БАСЫНДА БАС ҚОСТЫ

Күні: , 201 рет оқылды

Үлкендерге құрмет-қошемет көрсету – халқымыздың қанына сіңген дәстүрлі әдет-ғұрпы. Еліміздің басқа өңірлеріндегідей, біздің ауданымызда да жыл сайын 1-31 қазан аралығында дәстүрлі «Қайырымдылық» айлығы өтті. Көптеген игі шаралар атқарылды. Осыған орай 31 қазан күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданның бір топ ардагерлерімен дастархан басында кездесті. Емен-жарқын кездесу барысында аудан әкімі елімізде әркезде де жасы үлкендерге қамқорлық пен қолдаудың бола беретінін айта келіп, қарияларымыздың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Осындай жылы шырайлы кездесу үшін ауыл ақсақалдары алғыстарын жеткізді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ

Күні: , 164 рет оқылды

31 қазан күні аудандық қоғамдық келісімнің кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңеске аудан әкімі Абат Шыныбеков, мекеме-кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер мен жастар кеңесі мүшелері қатысты. Кеңесте аудандағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы, алда тұрған міндеттері туралы кеңес төрағасы Тауфих Мұқанов хабарлама жасады. -Ауданда қоғамдық келісім кеңесі 2013 жылы құрылған. Осы уақыттан бері кеңес билікпен бірлесіп түрлі жұмыстар атқаруда. Ауылда болып жатырған келеңсіз оқиғалар, түрлі жағдайларға тап болған аналар мен әкелердің мәселелері, ауыл тазалығы, жастар арасындағы құқық бұзушылықты жою сынды күрделенген мәселелердің оңтайлы шешімін табуға ықпал етуде. Аудандағы 16 ауылдық округте қоғамдық келісім кеңесімен 48 отырыс оздырылып, түрлі деңгейдегі мәселелер қарастырылған. Кеңес мүшелері түрлі қайырымдылық акцияларына да ат салысып келеді. Сондай-ақ ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңесінің жалпы кәсіби емес 13 медиатор жұмыс атқарып келеді. Келісім кеңесі алдағы уақытта да Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысын жаңдандыра беретін болады, -деді кеңес төрағасы Тауфих Уәшұлы. Кеңейтілген отырыста ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасын ұсыну, бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар туралы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің аудандағы жетекшісі Мирбол Адаялиев, латын әліпбиіне көшу жөнінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалі Мирболат Мырзағалиев сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті. Кеңесте ауылдық округтердегі әр елді мекеннің ауылнайы туралы ережемен де таныстырылып, Ережесі бекітілді. Ауданымызда 30-ға жуық кіші елді мекендерде қоғамдық негізде тұрғындардың келісімімен ауылнайлар сайланған еді. Кеңес соңында осы және басқа да қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


БҰЛ КӨШЕ МЕРЕКЕСІ БАСҚАЛАРДАН ӨЗГЕШЕ

Күні: , 426 рет оқылды

Елбасымыздың «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы адамдарға жаңа серпін беруде. Күні кеше ауданымызда өткен Жерлестер форумы алдағы биік мұраттарды іске асырудың тың жобаларын өмірге әкелді. Бүгінгі күнде қай округте болмасын көше мерекесі тойлануда. Әрине, бұл мереке концерттік шара, сол көше тұрғындарына алғыс xат немесе естелік сыйлықтар табыс етумен шектеліп жатыр десек қателескен болар едік. Бұл мереке жаңаша сипат алуда. Біз соның куәсі болдық. Ол — Ақпәтерде өткен көше мерекесі. Бұл ауылда біршама іргелі істердің басы қайтарылып жатыр. Енді соның жалғасындай ауылда өзгеше түрде өткен көше мерекесі руxани жаңғырудың айшықтысы деуге болады. Бейбітшілік, Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова көшелері жасанған, жасарған… Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері Наурыз Байсовтың есімімен аталатын көшеге осы азаматтың банері орнатылған. Көше атаулары да (табличка) жаңартылған. Сонымен қатар қала көшелерінен көріп жүргеніміздей есімдері елге белгілі адамдардың суреттері салынған билбордтар да орнатылған. Ал осы ауылда кіндік қаны тамған, болашақ үлкен өнерге қанат қағуына Ақпәтердің ақ қойларын бағып жүріп, сар даланың самал желіне қосылып ән салып үйренген (өзі ылғи да мысал келтіретін) Тұрсынбек Қабатов ағамыз қомақты қаржыға «МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ АҚПӘТЕР» композициялық белгісін өзі тұрған Бейбітшілік көшесіне орнатыпты. Сондай-ақ көшеге жарық шамдары да орнатылған. Ақпәтерліктер: -Түнде жүргенде жерге түсіп қалған тиын табылады,-дейді. Міне, ғажап! Ақпәтерліктер «Туған жер» бағдарламасын заманауи түрде жаңғыртуды бастап кеткен… Бұл күні (28 қазан) ақпәтерліктер мерекелік бағдарламасын тұрғындарға және келген қонақтарға ұсынды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов және Бейбітшілік көшесінің үлкен тұрғыны Жұмабай Тоқпаев,- Туған жердің келбетін өзгерту — өзіміздің қолымызда. Ал осындай ұлағатты бастамаларды көріп, біліп өскен бүгінгі жас ұрпақ бұл игі істі әрі қарай жалғастырары анық, -деді. Шарада әсем ән шырқалып, флешмоб биленіп, көрініс те көрсетілді. Сондай-ақ киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлттық ойындарға да кезек берілді. Бұнымен ақпәтерліктердің «Туған жер» бағдарламасына орай мерекелік шаралары біткен жоқ, алдағы күндері басқа көшелердің де мерекесі жалғасын табатын болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, мереке өткен көшелер айнадай тап-таза! Керемет!!!

Әсем БОЛАТ


..ЖАЛПАҚТАЛДА БАБА КҮЙІ САРҚЫЛМАСЫН…

Күні: , 206 рет оқылды

Қазақтың өзі домбыра, жаны — қобыз, Күйменен сәлемдестік тәңірге біз. Жетіген, сыбызғыны сызылтқанда, Сазымен жаратылдық тағы да егіз… дегендей Жалпақтал ауылындағы балалар өнер мектебіне барғанда ғажайып музаға тап болдық. Жеті муза… Өнерлі балалар әлем сүйсініп тыңдайтын бүкіл музыкалық аспаптарды игерген. Бұл мектептен түлеп ұшқан таланттар еліміздің әр қиырында жүр. Олар жәй жүрген жоқ, жұртшылықты өнерлерімен тамсандырып жүр! Өнер мектебінің ғимараты со-о-о-нау ХХ ғасырдың бас кезінде салынған. Осы көне де, тариxи ғимаратта бүгінгі тәуелсіз елдің дарынды балалары білім алуда. Оларға 27 ұстаз өнерден дәріс берсе, 254 оқушы саз және көркемсурет бөлімдері бойынша дәріс алады. Сондай-ақ өнер мектебінде Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол ауылдарындағы мектеп оқушылары да өнердің алғышарттарынан білім алуда. Домбыра, қобыз, флейта, баян, терме, вокал, көркемсөз, сурет, кескіндеме, композиция, сәндік өнер, мүсін, ағаш өңдеу, домбыра жасау, зергерлік өнер, бәрі, бәрі бар… Күні ертең бұл өнер мектебінен болашақтың «Ш.Қажығалиевы», «Т.Шәмілові», «А.Алматовы», «А.Үлкенбаевы», «Ә.Қастееві» шығары сөзсіз. Олар қосөзен елінің даңқын алысқа апарады. Жалпақтал балалар өнер мектебі 2016 жылы бөлек отау болып шықты. Қуаныш Әбілов жетекшілік ететін мектеп ұжымы әлі талай асуларды алары анық. Қазақтың оркестрі нұр кешінде, Саз қосқан көне ғимарат іргесінде. Жалпақталда баба күйі сарқылмасын, Бет алған қазағымның бұл көшінде!

Әсем БОЛАТ


ЕНДІ ҚАЛАҒА САБЫЛМАЙ-АҚ РАУАН АҒА ТАПСЫРЫСТЫ ОРЫНДАЙДЫ

Күні: , 104 рет оқылды

Ауылдың еңбекқор адамдары қандайма кәсіпті болсын дөңгелетуде. Жалпақтал ауылының тұрғыны Рауан Байжұмашев «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы негізінде мемлекеттен қайтарымсыз 2 млн. теңге қаражаттың грантына ие болған. Он саусағынан өнер тамған Рауан аға бұл күнде мәрмәр, гранит тастарынан құлпытас, зират қоршаулары, қақпалар және басқа да түрлі тұрмысқа қажетті заттарды жасауда. Бүгінгі күнде ағамызға аудан тұрғындарынан тапсырыс көп. Рауан ағамыз айтады: -Бұл жұмыстарды атқаруға бір жұмысшыны жұмысқа қабылдадым. Енді алдағы уақытта арнайы цеx ашуды жоспарлаудамын. Сол кезде тағы да жұмыс күшін тартатын боламын. Ал бұл дегеніміз — ауыл адамдарын жұмыспен қамту болып табылады, -деді. Ел болғасын түрлі жағдайлар болып қалады… Сол кезде 300 шақырым жердегі Орал қаласындағы шеберлерге тапсырыс беретін едік. Енді қалаға сабылмай, Рауан ағамыздың қолынан шыққан өнімдерді пайдаланатын болдық. Осындай шеберлер қай ауылда да толып жатыр. Тек сол «көмбені» алып, xалық игілігі үшін пайдалансақ, ұтарымыз көп болмақ.

Әсем БОЛАТ


ЖАЛПАҚТАЛ ТӨСІНДЕ ЖЕРЛЕСТЕР ЖҮЗДЕСТІ

Күні: , 177 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жерге тағзым» атты бағдарламасын негізге алған ауылдас ағайындар 27 қазан күні Жалпақтал ауылында ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов бастаған Жалпақтал өңірінің тумалары профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі елімізге белгілі азамат Марат Құлманов, дәрігер Уайыс Бисенғалиев, Орал қаласының мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов және бірқатар жалпақталдық жерлестер туған жерде жүздесті. Аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин мәртебелі меймандарды ауылға кіре берісте қазақи салт-дәстүрмен қарсылап алды. Келген қонақтар ауыл шетінде зиратқа барып, ата-баба рухына тағзым етіп, Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы Тілепберген Нұралиев құран бағыштап, дұға оқыды. Мұнан кейін К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің мұражайымен танысып, академик Марат Есенғалиұлы өзінің қолтаңбасын қалдырды. Мұнан кейін Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен кездесті. -Қазіргі заманда оқу керек. Білімсіз күнің қараң. Сондықтанда оқу оқып шыңдалған оқушы ғана өзінің мақсат-мұратына жете алады. Ал білімдеріңді шыңдап, жақсы жетістіктерге жетуге тілектеспін,-деді кездесу барысында Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің түлегі, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Садықұлы. Мұнан кейін Атырау облысында белгілі дәрігер болып қызмет атқарған, Жалпақталдың тумасы Уайыс Бисенғалиев: -Сіздерге болашақта табыс тілеймін. Келер оқу жылын жақсы аяқтап, қазіргі заман ағымынан қалмай еңбектеніңдер. Сонда ғана ойлаған армандарыңа жетесіздер. Сіздерді дәрігер болуға шақырамын,-десе, 11 сыныптың оқушысы Гүлжайна Сайранқызы жерлес ағалардың сенім ақтап, білім ді де, білікті маман болатындықтарын нық сеніммен айтты. Мұнан кейін жалпақталдық жерлестер мәдениет үйінде еңбек ардагерлерімен дөңгелек үстел басында кездесті. Дөңгелек үстелді жүргізген аудан басшысының орынбасары Сағынғали Ғабидоллаұлы мәртебелі меймандар жайында айтып, Жалпақтал өңірінің тумалары академик Марат Құлмановты, Уайыс Бисенғалиевті таныстырды. Дөңгелек үстел басында алғашқы болып сөз алған «Қазталов ауданының құрметті азаматы», ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов: -Бүгінде келудегі мақсат өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесу. Қазана йының басында болған облыстық жерлестер форумына аудан басшыларыңыз Абат Абайұлы арнайы шақырған болатын. Сағынғали Ғабидоллаұлы Марат Есенғалиұлы және Уайыс Бисенғалиев жөнінде жақсы таныстырып өтті. Бұл ағаларымызбен жақсы араласып, етене танысып кеткен болатынбыз. Содан ауылған баруды жоспарлап жүрген уақытта, бүгін сәтті түсіп отыр. Ауылдың жеткен жетістіктеріне әрдайым қуанып жүремін. Ауылда болып жатырған жақсы жаңалықтарды естіп жүреміз. Жалпақтал ауылында қолға алынған жақсы үрдістің бірі ол мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің туған ауылына тарту жасап жатырғаны мен үшін қуаныш. Осындай игі дәстүр қазіргі күні Жалпақтал ауылынан үлгі алып, басқа да ауылдық округтерінде жалғасуда. Ауылдың азаматтарына шын көңілден ризамын. Соынмен қатар ауылдың ақсақалдарымен, ақ жаулықты әжелерімен кездескеніме өте қуаныштымын,-деді кездесуінде. -Құрметті ауылдас ағайындар мен сіздермен кездескеніме қатты қуанып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Туған жер қашанда ыстық. Әрдайым туған жер бару бір арманым еді. Міне келіп, туған жердің топырағын басу мен үшін өте ыстық. Осы кездесу барысында студенттің шақты бірге өткізген Қайнеш Қыдырбайұлын көріп отырмын. Қайнеш екеуміз бір комнатада емес, бір керуетте жатттық. Сондай сыйлас болдық. Сонымен қатар осы шарада сыныптасым Меңсұлу Хафезованы көріп, қуанып отырмын. Бәріңізге амандық тілеймін. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ақсақалдарымыз, ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Жалпақтал ауылы өсіп-өркендеп, көркейе берсін,-деген академик Марат Құлманов қуанышын жасыра алмай. Атырау облысында еңбек еткен Уайыс Бисенғалиев: -Құрметті жалпақталдық ағайындар мен де сіздермен кездескеніме қуанып отырмын. 1962 жылы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, дәрігер мамандығын алып шықтым. Атырау облысында 40 жылға жуық жұмыс істеп, қазіргі күні Орал қаласына көшіп келдім. Марат екеумізді туған жерімізге алып келіп, сіздемен кездестіріп отырғандарына көп рахметімді айтқым келеді. Ауылдық көркейіп, жақсы болғанын тілейміз. Ауылдың жастарының осындай игі іс жасап отырған көпке үлгі. Бұл елін, туған жерін сүйгендігінің арқасы. Сіздердің, үлкендердің тәрбиесі деп білемін. Ауылымыз көркейе берсін. Ел аман жұртымыз тыныш болсын,-деп өзінің лебізін білдірді. Осы кездесу барысында еңбек ардагерлері Мариям Бекешева, Нағым Ризуанов, Мұқсан Бақтыгереев, Қайнеш Қыдырбайұлы, Әлібек Қоңырбаев, Шынболат Өтешқалиев, Сәрсенғали Бисенғалиев келген меймандарға игі лебіздерін білдіріп, арқа-жарқа әңгімелесіп, өткенді еске алды. -Бұл жолдың келуі, салынуы Елбасының сарабдал саясатының арқасында салынып жатыр. Міне өздеріңіз көргендей Жалпақтал ауылына жетіп, Алла бұйыртса Қазталов, әр қарай Жәнібек ауданына асамыз деген ойдамыз. Жол салуда бір қатар жобаларымыз бар. Оны іске асыруда барымызша жұмыстанып отырмыз. Әрдайым елдің жақсылығын бірге көрейік, Сіздермен кездесудің өзі бір мәртебе. Сіздер аман болыңыздар,-деп игі тілегін жеткізді Замир Сағынов. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Ғабидоллаұлы келген қонақтарға, ауылдың үлкендеріне ризашылығын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


АЛҒАШ РЕТ «БАЛАПАН ЖҰЛДЫЗ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Күні: , 155 рет оқылды

27 қазан күні «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасында алғаш рет аудандық білім беру ұйымының қолдауымен мектепке дейінгі тәрбиеленушілер арасында «Балапан жұлдыз» байқауы өтті. Байқауда аудандық білім беру бөлімінің Айымгүл сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға әрбір ауылдық округтерден келген бүлдіршіндеріміз ән, би, көркемсөз жанры бойынша өз өнерлерін паш етті. Нәтижесінде ән жанры бойынша бас жүлдені Тереңкөл ауылынан «Жігер» бөбекжай-балабақшасы (Адина Идиат), 1 орынды Жалпақтал ауылынан «Ертегі» бөбекжай-балабақшасы, (Әмір Маратов пен Айару Ертілеу), би жанры бойынша бас жүлдені Қараоба ауылынан «Арай» бөбекжай-балабақшасы, 1 орынды Қазталов ауылынан «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасы (Әбілмансұр Елентай мен Інжу Орынғали), көркемсөз жанры бойынша бас жүлдені Қазталов ауылынан «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасы (Тоғжан Амантай), 1 орынды Жалпақтал ауылынан «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы (Айзере Қадерова) иеленіп, алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл аудандық байқауда барлық бүлдіршіндер алғаш рет өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынады. Әлбетте, байқаудың өту барысы мен ережесінде қатысушы қандай талапқа сай өнер көрсету керек екендігі ескерілмеген. Дегенменде, байқауда барлық балабақша, соның ішінде аудандағы балабақшалар барлық жанр бойынша өнер көрсету керек еді (Шалғайдағы округтер ауа-райының қолайсыздығына байланысты қатыса алмады). Бұл байқаудағы ең басты талап – әрбір бүлдіршіннің көрермен алдында жоғары деңгейде өнер көрсетуі мен сахна мәдениетін еркін меңгеру еді. Дегенмен әділқазылар алқасынан бұл мәселе ескерілмей қалған сияқты. Қорыта айтқанда, бүлдіршіндер арасындағы байқау жоғары деңгейде өтті. Бұл болашақ бүлдіршіндердің үлкен өнерге деген бірінші баспалдақтары болып табылады деп санаймыз.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.