АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 16.10.2017


КІШІ ФУТБОЛДАН АУДАН БІРІНШІЛІГІ

Күні: , 172 рет оқылды

Қазталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2000-2001 жылғы туылған жасөспірімдер арасында кіші футболдан аудан біріншілігі өтті. Жарысқа Ақпәтер, Талдыапан, Тереңкөл, Бостандық,Алма Оразбаева орта мектептері, Жалпақтал спорт мектебі, Ғ.Қараш мектеп-гимназиясы, Қазталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша Қазталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1 орын, Жалпақтал Спорт мектебі 2 орын, Алма Оразбаева орта мектебі 3 орынды иеленсе, Ернұр Сансызбаев (Жалпақтал спорт мектебі) «Үздік қақпашы», Назар Насибуллин (А.Оразбаева орта мектебі) «Үздік қорғаушы», Ернұр Қайыржанов (Жалпақтал спорт мектебі) «Үздік шабуылшы», Мейрамбек Мұсаев (Қазталов аудандық орта мектебі) «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

Күні: , 153 рет оқылды

12-14 қазан күндері Қостанай қаласы, Жетіқара қаласында еркін күрестен 2005-2007 жылы туылған және 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Турнирге Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтау, Қарағанды, Орал, Қостанай, Теміртау қалалары, Ресейден 2 команда, Қостанай облысының аудандарынан жалпы 17 команда қатысып, 250-ден астам спортшылар өз бақтарын сынады. Осы турнирге Қазталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары да қатысып, жүлдемен оралды. Атап айтар болсақ, 20 келі салмақта Нұрсат Жалмұқан 1 орынды, 23 келіде Асылхан Ерболат 1 орынды, 35 келіде Әділбек Ерболатов 2 орынды, 25 келі Нұралы Жалмұхан 2 орынды, 35 келіде Бақтияр Оразғалиев 3 орынды иеленіп, жаттықтырушылары Мейрам Ғиляжов пен ауданымыздың мерейін көтеріп тастады. Жас өрендерге жеңісті күндерің көп болсын демекпіз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ЖАС КІТАПХАНАШЫ — 2017» АНЫҚТАЛДЫ

Күні: , 194 рет оқылды

Қазталов аудандық кітапханасында 35 жасқа дейінгі жас кітапханашылар арасында «Жас кітапханашы — 2017» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты — жас кітапханашылардың шығармашылық жетістіктерін айқындау, еңбектің жаңа формалары мен әдістерін енгізуге ықпал ету, кітапхана мен оның қызметкерлері, яғни кітапханашылардың имиджін нығайту болды. Байқауға 7 үміткер қатысты. Байқауға қатысушыларға кітапхана әдіскері Г.Базартаева сәттілік тіледі. Байқау қорытындысында «Бас жүлдені» аудандық кітапханасының кітапханашысы Ләззат Сүйінішқалиева, І орынды Қаракөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсел Сейітова, ІІ орынды аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Жанна Әлімова, ІІІ орынды Жалпақтал орталық кітапханасының машықкер кітапханашысы Мөлдір Ғазизова жеңіп алды. Ал «Көрермен көзайымы» номинациясын Жас ауылдық кітапханасының кітапханашысы Индира Ибатова, «Ізденімпаз кітапханашы» номинациясын Қарасу ауылдық округіне қарасты Бостандық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнаш Мақсотова, «Жаңашыл кітапханашы» номинациясын Оразғали ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсем Иманғалиева иеленді.

«Ауыл айнасы»  ақпарат


«АЙБАРЛЫ ЕЛДІҢ АРЫСТАРЫ»

Күні: , 148 рет оқылды

Қазталов аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен ауыл кітапханашыларының арасында Бірік ауылдық модельді кітапханасында Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Айбарлы елдің арыстары» атты оқырмандар конференциясы өтті. Конференцияға қатысушылар Алаш қозғалысының қайраткерлері М. Ғатаулин мен Х.Есенбаевтардың туған жері «Ағаш үйдегі» аруақтар қауымы басына барып, ауыл молдасы Садыр Жәндетовпен құран бағыштады. Конференцияның ашылуында кітапхана директоры Гүлдана Дәулетова сөз сөйлеп, қатысушыларға шараның басты мақсатын түсіндіріп өтті. Конференция барысында «Біз алаштың ұрпағымыз» атты әдеби-альянста кітапхана қызметкерлері алаш туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Бірік ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері патриоттық әндер тарту етті. Конфернцияға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының «Өлкетану» бөлімінің жетекшісі Миржан Карабалин, Бірік орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Марат Бисенғалиев, ауыл ақсақалы Ораш Малаев, ауыл иманы Садыр Жәндетов және алаш қайраткері Ибрагим Мұлқашевтың туған келіні Шәрипа апайлар өз ойларын ортаға салды. Шара барысында алаш қайтаркерлері Ғұмар Қараш, Мансұр Ғатаулин, Ибрагим Мұлқашев, Халел Есенбаевтар туралы баяндамалар оқылып, талқыланды. Конференция барысында біздің ауданнан Сырым ауданына кеткен делегациямен онлайн байланысқа шығып, Сырым елінің мұаржайымен танысты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АҚПƏТЕРДЕ ӨТКЕН КӨШЕ ТОЙЫ

Күні: , 166 рет оқылды

14 қазан күні Ақпəтер ауылдық округінде Н.Байсов атындағы көше тұрғындарының мерекелік концерті өтті. Бұл көше тойына аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов қатысып, құттықтау лебізін білдірді. -Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуын, бұқаралық санның ашықтығын, еліміздің көркейіп жаңаруын мақсатқа алады. Туған жерге, өскен ауылға деген сүйіспеншілікті арттыруға, туған мекенді өркендетуге шақырады. Елбасымыздың бағдарламасын басшылыққа алған ауданның əр ауылдық округінде көше мерекелері ұйымдастырылып, ауылдық гүлденуіне, көркейуіне əр тұрғын өз үлестерін қосып келеді. Бүгін міне Ақпəтер ауылдық округіндегі Н.Байсов атындағы тұрғындарының көше мерекесінің куəсі болып отырмыз. Ақпəтер ауылындағы біркелкі жұмыстар атқарылды. Ол жұмыстар əлі де өз жалғасын таба бермек. Ауылда «Ақбұлақ» бағдарламасы іске асып, алдағы күндері бағдарламаның игілігін көрмек. Бүгінгі ұйымшылдықпен өткізіліп отырған көше тойларыңыз құтты болсын, -деді Сағынғали Ғабидоллаұлы. Мұнан кейін Н.Байсов атындағы көшенің ақсақалы Амантай Дүйсенғалиев өзінің жылы лебізін білдіріп, көше мейрамында жəрмеңке өтіп, сауда саттық ұйымдастырылды. Мәдени шарада спорттық жарыстар өтіп, мәдениет үйінде көше тұрғындарының мерекелік концерті ұласты.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ТАЛДЫҚҰДЫҚ АУЫЛЫНА ҚАСҚЫР ШАПТЫ

Күні: , 203 рет оқылды

14 қазан күні Қазталов ауданының Талдықұдық ауылына қасқыр «қонаққа келген». Таңғы уақытта қорадағы малын далаға айдауға шыққан 8 сынып оқушысы Мəди Өтегенов түз тағысымен бетпе-бет кездесіпті. -Таңертеңгі 7:30дардың шамасында ағам екеуміз қорадағы малды далаға айдауға шыққан едік. Бір уақытта тауықтар айқайлап, шыңғырып жатқан даусын естідім. Дереу солай қарай барсам үлкен сұр қасқыр тұр. Алғашында ит деп ойладым. Аузы-басы қан, маған қарай шапты. Содан қаштым. Жерге еңкейіп, тас лақтырдым. Қашып бара жатқанда оң аяғымнан жабысты. Жанталасып аяғыммен басынан теуіп, қораның төбесіне мініп кеттім. Мал шығарып жүрген ауылдың үлкендерін айқайлап шақырдым. Жанболат есімді ағай келіп қасқырды атты. Оғы дұрыс тимеді ме? Бірақ қасқыр біраз жер жүрген соң сұлқ құлады-дейді Мəди. Содан Талдықұдық ауылдық фельдшерлік пунктінде Мəдиге алғашқы көмек көрсетіліп, Жалпақтал ауруханасына жеткізіліпті. Аурухананың бас дəрігері Алмас Тоғайбайұлымен кездесіп, мəн-жайды білген едік. -14 қазан күні Талдықұдық медициналық пунктінде хабарлама түскен. 2004 жылғы балаға қасқыр шабуылдады деген. Дереу біздің медбикеміз алғашқы көмегін көрсетіп, Жалпақтал ауруханасына жеткізді. Жалпақтал ауруханасына жеткен бойда хирург дəрігер Зинұр Сəткеш құтырмаға қарсы вакцина жасады. Жарасына алғашқы хирургиялық өңдеу жасаған. Қазіргі таңда бала хирургиялық бөлімде бақылауда жатыр. Жалпы жағдай қанағаттанарлық. Ауырсыну белгілері жоқ. Жарасы таза. Қосымша дəрілер тағайындалып, берілуде. Облыстық бас хирургпен хабарласып, мəн-жайды айтып ескерттік. Жалпы жағдайы жақсы, бақылауда ұстайтын боламыз,-дейді бас дəрігер. Қазіргі таңда қасқырдың миы ветзертханаға жіберілген.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


АУДАН ƏКІМІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Күні: , 134 рет оқылды

14 қазан күні аудан əкімі Абат Шыныбеков Бостандық, Бірік ауылдық округіне қарасты Қаракөл, Қызыл Ту елді мекендеріне барып, тұрғындармен жүздесті. Іссапар барысында аудан əкімі Қаракөл, Қызыл Ту елді мекеніндегі тұрғындардың сауалдарын тыңдап, аудан бойынша жүзеге асып жатырған жұмыстар туралы айтып өтті. Сондай-ақ құрылыс, жұмыспен қамту, ветеринария бөлімінің басшылары мен мамандары жəне Бостандық ауылдық округінің учаскелік инспекторының көмекшісі Азамат Əубекеров жұмыс барысы туралы баяндап, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауаптар берді. Кездесуде Бостандық, Бірік ауылдық округтерінің əкімдері округте жүзеге асқан, алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларымен бөлісті.  Сонымен қатар аудан əкімі Бостандық ауылындағы жүргізіліп жатырған «Ақбұлақ» бағдарламасының жұмыс барысымен танысты.

Жұлдыз АСҚАР


МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ САЙЫС

Күні: , 158 рет оқылды

14 қазан күні «Достық» саябағында мектеп оқушылары арасындағы аудандық күзгі спартакиада мен «Экскурсиялық бағдарлау» жарысының ашылу салтанаты өтті. Шарада сөз алған аудандық білім хберу бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин: -«Туған жер » бағдарламасы шеңберінде өткізіліп отырған бұл шара мектеп партасында отырған өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беріп, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау болып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін, -деді. Сонымен қатар шарада жеңіл атлетика жəне «Экскурсиялық бағдарлау » жарыстарының өту барысымен бас төреші Ж.Тасболатов пен М.Қарабалин таныстырды. Ашылу салтанатынан соң округтардан келген мектеп оқушылары əр бөлімге бөлінді. Спартакиадаға қатысатын оқушылар белгіленген жарыс өтетін жерге бағыт алса, «Экскурсиялық бағдарлау » жарысына қатысатын оқушылар Қазталов орта мектебінде өздерінің туған жерлері туралы дайындап əкелген призентацияларын қорғауға жəне ауданның ескерткіштерінің тарихын зерттеу үшін картамен жұмыс жасауға аттанды. «Достық» саябағында ашылу салтанаты өткеннен соң əр мектептен келген 4 оқушы екіге бөлінді. Бірінші екі оқушы Қазталов орта мектебінде өздері дайындап əкелген «Үздік экскурсиялық маршрут» аты призентацияларын қорғаса, екінші екі оқушы «Тілсіз карта» арқылы Қазталов ауылы ішіндегі ескерткіштерді тауып, тарихымен таныстырды. Айта кету керек, бұл жарыс «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп, оқушыларды тарихи-мəдени мұралармен таныстыру, оларға ата-бабалардың ерліктерін насихаттай отырып, патриоттық тəрбие беру мақсатында ұйымдастырылған. Жарысқа 14-16 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша «Тілсіз картада» сайысында Жас мектебі 1 орын, К.Меңдəлиев атындағы мектеп 2 орын, Сатыбалды мектебі 3 орын иеленсе, «Үздік экскурсиялық маршрут» сайысында Жас мектебі 1 орын, Қазталов орта мектебі 2 орын, К.Меңдəлиев мектебі 3 орын алды. Барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ҚОСОБАЛЫҚТАРҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНДІ

Күні: , 72 рет оқылды

Шілде айының соңында болған ірі дала өртінен ауданымыздағы Қособа ауылы тұрғындарының 598 бас ұсақ малдары тірілей өртеніп кеткен еді. Осы төтенше жағдайға байланысты комиссия құрылып, шығынды есептеген болатын. Осыған орай 13 отбасының 250 бас малының өтемі ретінде облыс әкімдігінің резерв қорынан 5 миллион 300 мың теңге қаражат аударылып, 13 қазан күні мал иелерінің қолдарына апарып берді. Бұдан басқа тамыз айында шаруа қожалықтары жетекшілері, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындарының демеушілігі арқасында 360 бас қой-ешкі жиналып, 16 отбасыға апарып берілген болатын. Сонымен қатар республика көлемінде өткен «Мектепке жол» акциясына орай Қособа ауылындағы мектеп оқушыларына 400 мың теңге көлемінде киім-кешек алынып, демеушілік жасалды.
Бауыржан Нұрғалиев: -Шілде айының соңында ауылымызда өрт оқиғасы орын алып, тұрғындардың ұсақ малдары жанып кетіп, біраз шығынға қалған едік. Сол кезде ел болып жылу жинап, жерлестер көмек қолдарын созған еді. Енді, міне, бүгін ақшалай өтем әкеліп беріп жатыр. Осындай қиын күндерде бізге бей-жай қарамай, көмектескен аудан басшылығына, жерлестерге, қол ұшын созған барлық азаматтарға алғысымызды айтамын. Мұндай жағдай енді қайталанбасын дегім келеді. Тастемір Қойшыбаев: -Барша көмектескен жандарға қособалықтардың алғысы шексіз. Малдай да, ақшалай да өртенген малдың орнын толтырып жатыр. Бастарына тек амандық, жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын деп тілейміз.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


АҚ ХАЛАТТЫЛАР ДА ИГІ ШАРАДАН ТЫС ҚАЛМАУДА

Күні: , 146 рет оқылды

Қазан айы — қайырымдылық айы. Мерйірім мен шапағатқа толы ай кезінде әр адам мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, барынша ықылас танытып жататыны анық. Осындай қамқорлыққа толы игі істерден дәрігерлер қауымы да тыс қалмауда. 13 қазан күні аудандық орталық аурухананың ақ халатты абзал жандары «Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болып, әлеуметтік қызмет алушыларға концерттік бағдарламаларын ұсынды. Шара барысында Қазталов аудандық орталық ауруханасы кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанна Жәрдемалиева қатысушыларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Әсем әнмен, мың бұралған бимен көмкерілген шара көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.