АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 10.10.2017


«БӘРІМІЗ БІРДЕЙМІЗ, КЕМСІТУДІ БІЛМЕЙМІЗ»

Күні: , 127 рет оқылды

10 қыркүйек күні Жалпақтал мәдениет үйінде»Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аудандық байқау өтті.  Аталмыш байқау 2013 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ол мүгедектігі бар дарынды жандарды анықтауға және қолдауға, олардың шығармашылық қызметтеріне қоғам назарын аударуға бағытталған. Байқауда сөз алған аудан әкімі аппараты ұйымдастыру — бақылау жұмыстары және мемлекеттік қызмет мониторингі бөлімінің басшысы Аязбай Шамұратов, — Олар — өмірге құштарлығы арқасында көп қиындықты жеңе білген жігерлі азаматтар. Тал бойындағы талантын көпке танытуды қалайтын арманшыл жандар. Ерік-жігерінің мықтылығымен бірге қабілет-қарымының да өзгелерден кем түспейтінін байқатып жүргендері көп арамызда. Сондай жандардың кейбіреуі «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауына қатысып отыр. Осы байқау олардың өмірлеріне бір мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ендеше, сіздерге әрқашан сәттілік тілеп,өмірге, өнерге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін! -деді. Шарада мүмкіндігі шектеулі жандар «Ана», «Туған жер», «Әке» туралы әндер шырқаса, мың бұрала билеп, қазақтың қара домбырасымен күй орындады. Байқауға қатысқан үміткерлер алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ Жалпақтал ауылындағы мекеме ұйымдар мен демеушілердің дайындаған сыйлықтары табыс етілді.

Жұлдыз АСҚАР


ЕКПЕ АЛСАҢ, АУЫРМАЙСЫҢ!

Күні: , 74 рет оқылды

Еліміздің барлық аймақтарында жылдың суық кезеңі басталды. Осы кезде суық тиіп, тұмауратып қалуыңыз мүмкін. Иммунитеті әлсіз, аурушаң жандар қыс бойы бір емес, бірнеше рет тұмау ауруына шалдығады. Енді көп ұзамай жұқпалы тұмау кең етек алып, ауырып қалу мүмкіндігіңіз бірнеше есе жоғарылайды. Ауруды өткеруді жеңілдетіп, тұмаудан сақтап қалуға вакцинаның көмегі жайлы естіген боларсыз. Тұмауға қарсы вакцинаның еш қаупі жоқ па? Пайдасы қанша? Осы сұраққа жауап алу үшін Қазталов орталық аурухана директоры Қайырбай Алтаевқа жолықтық. — Жыл сайын тұмау ауруының жаңа түрлері пайда болып, олардың денсаулыққа зияны арта түскенін түрлі ақпарат беттерінде жиі айтылып жатады. Жыл сайын тұмау вирусы өзгеріп, оны тасымалдайтын жануарлар да ауысып жатады. Биылғы тұмау қандай болмақ? Оны дәл басып айту мүмкін болмас. Бірақ тұмаудың алдын алу үшін сақтанған жөн. Бұл орайда тұмауға қарсы вакцинаны әрбір адам қабылдаған дұрыс деп санаймыз. Ол эпидемия кезінде аурудан сақтап, тұмауға шалдыққан жағдайда, ауруды тез әрі жеңіл өткеруге көмектеседі. Кішкентай бүлдіршіндер үлкендерге қарағанда тұмауды қиын өткереді. Сол себепті балаларға да екпе жасатқан дұрыс. Вакцина балалар арасындағы аурудың асқынуын 30%-ға төмендетеді. Биыл да ауданымызда тұмауға қарсы шаралар кеңінен жүргізілуде. Осы бағытта шамамен 1232 адам тұмауға қарсы екпеден өтуге тиіс болса, соның 145-і медицина қызметкерлері және 62-і алты айға дейінгі нәрестелер, 56-ы — жүкті әйелдер. Сондай-ақ 207-і — балалар мекемелерінен және 762-і — осы тұмауға тез шалдығатындарды екпеден өткізу жоспарланды. Бүгінгі күнде бұл 57 пайызға ғана орындалды. Әрбір адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамау қажет. Сондықтан ақпарат құралын пайдалана отырып, аудан тұрғындарын тұмауға қарсы екпе алуға шақырамын! -деді бас дәрігер.

Әсем БОЛАТ


ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

Күні: , 146 рет оқылды

9 қазан күні аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысында «2017 жылдың жаз айларында орын алған төтенше жағдайлар, ескертулер және алдағы күщзі-қысқы мезгілдегі төтенше жағдайлардың алдын алу міндеттері туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Абай Нәсіпов хабарлама жасады. -2017 жылдың 3-ші тоқсаны бойынша төтенше жағдайлар бөліміне 64 хабарлама түсті. Соның ішінде 16 – өрт оқиғасы, соның ішінде 3 – дала өрті, 27 – дала жану оқиғалары, 3 – суға бату оқиғасы, 2 – авариялық құтқару жұмыстары, 15 – қоқыс жану оқиғалары, 1 – ғимараттың төбе жабыны ұшып, қирау оқиғасы тіркелді. Орын алған оқиғалардың 3-уі төтенше жағдай ретінде тіркелді. Осы өрт оқиғалары салдарынан барлығы 11719 гектар далалық жерлер отқа оранды. Осыған орай өртті уақытында ауыздықтау үшін шалғай елді мекендерде мемлекеттік емес өрт бекеттері ашылса немесе ауылдық округтер заман талабына сай өрт сөндіруге оңтайландырылған техникалармен қамтамасыз етілсе, -деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы. Сондай-ақ Абай Нәсіпов жылыту маусымының басталуына байланысты аудан аумағында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланғанын хабарлап өтті. Отырыста «Күштер мен құралдардың 2017-2018 жылдардың күзгі-қысқы мезгілінде жұмыс істеуге дайындық барысы туралы» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов хабарлама жасады. Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, -биылғы орын алған өрт оқиғаларынан сабақ алып, алдағы уақытта қайталанбауы жолында жұмыстануымыз керек. Әрбір округ әкімдері техника иелерімен, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізулері тиіс. Сонымен қатар қыс мезгілдерінде жолдарды қардан аршу, ауыл іші жолдарын тазалау жұмыстары да уақытылы қолға алынуы керек. Осыған орай техникалары бар шаруа қожалық иелерімен келісім-шарт жасасып, төтенше жағдайлардың орын алмауы үшін қысқа барынша дайындықпен кіруіміз қажет, -деді. Отырыста аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

Күні: , 132 рет оқылды

9 қазан күні аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметовтің төрағалық етуімен қоғамдық кеңес отырысы өтті. Кеңесте аудан әкімі Абат Шыныбеков тоғыз ай ішінде ауданда атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасады. Қоғамдық кеңестің мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін айтып, алда атқарылар жұмыстар туралы ой бөлісті. Сондай-ақ қоғамдық кеңесте аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Артур Айтжанов «Қазталов ауданының 2017-2018 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану туралы» хабарлама жасады. Қоғамдық кеңесте қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Әсем БОЛАТ


МАРАФОНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН АЛДЫ

Күні: , 134 рет оқылды

6 қазан күні Орал қаласының орталық саябағында қалалық спорт жəне дене шынықтыру бөлімінің қолдауымен Fiesta дүкенінің ұйымдастыруымен Fiesta CROSS марафоны өтті. Марафонда 400 адам 6 шақырымды жүгіріп өтеді деп белгіленген. Осы марафонға күні кеше ғана 47 шақырымды 4 сағатта бағындырған бостандықтық Еділжан Қосболов қатысты. Марафонда Еділжан жүлделі 2 орынды жеңіп, 50 мың теңгенің сертифактын алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАЗТАЛОВТЫҚТАР «ДƏСТҮР» АТТЫ ШАРАДА БАС ҚОСТЫ

Күні: , 126 рет оқылды

Бүгін облысымыздың Орал шаһарының жаңа алаңында «Дəстүр» атты мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрімізді алдағы өркендеудің берік діңі етіп алып, болашаққа сеніммен бет алып, алға нық қадам басу» қажеттігі туралы айтқан болатын. Осы бағытта жас ұрпақтың санасына патриоттық сезім ұялатып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау мақсатында өткен шараға халық көп жиналды. Ұйымдастырылған шараға Қазталов ауданының делегациясы қатысып, қос киіз үй тігілді. Мәдени шараға облыс əкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов арнайы қатысып, Орал қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтап, Қазталов делегациясының киіз үйінде жерлестеріміз бен жүздесті. Қазталовтық өнерпаздар көрісу, амандасу, қонақ қарсылау, қонақ кəде сыйлау, шашу шашты, ақ ұсыну секілді ұлттық дəстүрімізді көрсетіп, дəріптеді. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді жұртшылық назарына ұсынған әдемі шарада əн мен жыр төгіліп, қалалық, облыстық өнер ұжымдарының концертіне ұласты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ЛƏЗЗАТ ЕРМЕКҚАЛИҚЫЗЫ Ы.АЛТЫНСАРИН ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Күні: , 125 рет оқылды

Қуанышты хабар. Бүгін облыстық қазақ драма театрында ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті. Сол мерекелік шарада Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының ұстазы Ләззат Есекенова Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Қуаныштымыз!Ұстаздың еңбегінің жемісі деген осы емес пе?! Лəззат Ермекқалиқызы өзі түлеп ұшқан «Алтын ұя» мектебінде 25 жылдан бері аянбай еңбек етіп келеді.Ардақты ұстаз əрбір шəкірттің бойына поэзия деген əлемнің жарық нұрын шашады. Ол жанның поэзияға деген махаббаты бір бөлек дүние деуге болады. Міне, шəкірттерін де сол поэзия əлеміне баулып, тəрбиелеп келеді. Соның арқасында аяулы ұстаздың шəкірттері республикалық жыр байқауларында жүлдегер атанып, биік белестерді бағындыруда. Міне, тамаша! Ендеше,еңбегіңіз бағалана берсін демекпіз. Тағы да құтты болсын!

Жұлдыз АСҚАР


ДҮРКІРЕГЕН ТОЙ ӨТТІ

Күні: , 124 рет оқылды

6 қазан күні Қазталов ауданына қарасты Талдықұдық ауылдық округінде Талдықұдық ауылының құрылғанына 85 жыл толуына орай дала қызықтары және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша жерлестер форумы өтті. Талдықұдық топырағында кіндік қаны тамып, өсіп-өнген, осы ауылда қызмет атқарған жерлес азаматтардың басын қосқан бұл мерекенің шымылдығы округ орталығында орналасқан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған мемориалға гүл шоқтарын қою арқылы өз бастауын алды. «Өлі разы болмай, тірі байымас» — демекші ауылға келген қонақтар ауыл мешітінде өмірден озған барша ауылдастардың аруағына арнап Құран бағыштап, ел тыныштығы үшін де дұға қылды. Мерекелік шара ауыл шетінде арнайы дайындалған алаңда жалғасты. Бұл шараға қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков Талдықұдық ауылының тарихына тоқталып, осы мерекеге жиналған жұртшылықты Талдықұдық ауылының 85 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар шарада аудан, ауыл көркемөнерпаздарының «Ауылым — алтын бесігім» атты концерттік бағдарламасы ұсынылып, алаңға жиналған көрермендерді бір серпілтіп тастады. Кезек дала қызықтарына берілді. Білектерінде бұлшық еттері ойнаған, тепсе темір үзетін балуандар күресімен қатар әр қазақтың қанын қоздыратын ат бәйгесі мен тай жарыстарын алаңға жиналған жұршылық қуана тамашалады. Мерекелік шара Талдықұдық ауылы орталығында жаңадан салынған субұрқағының ашылу рәсімімен өз жалғасын тапты. Туған еліне деген жанашырлығы мен махаббатын демеушілік арқылы білдіріп жүрген, бүгінгі күнде Орал қаласында тұратын кәсіпкер Манарбек Идрисовтің жеке қаражатына жасалған бұл субұрқағы көздің жауын алады. Бұл нысанның құрылысына кәсіпкер 700 мың теңге қаражат жұмсаған. Мұнан кейін ауыл мәдениет үйінде жерлестердің басын қосқан форуммен жалғасып, Талдықұдық ауылының дамуына үлес қосқан және осы ауылды әр жылдары басқарған азаматтардың иығына шапан жабылып, қонақ болып келген жерлестерге естелік сыйлықтар табысталды.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.