АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.10.2017


ЕМДЕЛУШІЛЕРГЕ АРНАЛЫП ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ

Күні: , 160 рет оқылды

6 қазан күні «Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығында қайырымдылық айлығына байланысты әлеуметтік қызмет алушыларға арнайы мерекелік дастархан жайылды. Мерекелік дастарханда сөз алған орталықтың директоры Альберт Талпахов: -Өмірде қиындыққа тап болған, қамқорлықты қажет ететін жандарға мемлекетіміз әрдайымда қолдау жасап келеді. Соның айғағындай біздің мекемедегі ем алушыларға да барлық жағдай жасалған. Бүгінгі мерекелік шара да соның бір айғағы,- деді. Осы мерекелік шараға арнайы шақырылған Әжібай ауылының имамы Садыр Жәндетов жұма күнгі құран оқып, емделушілердің сауығып кетулеріне тілегін жолдады. Айтылған тілектермен қатар мекеменің қызметкерлері және ем алушылардың бірлескен концерті дастарханның шырайын келтіре түсті. Осындай шараға демеушілік жасаған «Айжан» шаруа қожалығының жетекшісі Биғабыл Рушановқа орталықтың алғысы шексіз болды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ҚАЗТАЛОВТЫҚТАР ОРАЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ƏЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚТАҒЫ ЖЕРЛЕСТЕРІН ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛДЫ

Күні: , 138 рет оқылды

Қайырымдылық айлығына орай Қазталов ауданының делегациясы 6 қазан күні Орал қаласындағы арнаулы əлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды.
Аталмыш ауданнан əлеуметтік орталықта 23-ке жуық адам өмір сүруде. Қариялар ауылдастарымен əңгіме дүкен құрып, жерлес өнерпаздардың концертін тамашалады. Қазталов аудандық жұмыспен қамту және əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қадер Нұрғалиев аудан əкімшілігі атынан барша қарияларды құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Мерекелік концерт соңында əлеуметтік орталықтың əлеуметтік істері жөніндегі орынбасары Айгүл Махамбетқызы, қариялар атынан сөз алған Бисенбиев Ғайса ақсақал өз ризашылықтарын білдірді. Шара соңында қазталовтықтардың мерекелік дастарханы жайылды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ТҰРАРБЕК ТАҒЫ ДА ЧЕМПИОН

Күні: , 149 рет оқылды

Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Данияр Елеусінов ағасының жолын қуған Бостандық орта мектебінің 11 сынып оқушысы Тұрарбек Қалиев бокста өнер көрсетіп жүрген жаңа есім. Ол осындай жас кезеңінде кез келген жете бермейтін биіктік «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын иеленді. Енді тағы бір қуанышты xабар жетті. Ақтөбеде өткен спорт шебері Андрей Ескиньді еске алу облыстық ашық турнирде 49 келі салмақта бақ сынасып, чемпион атанды. Ал бұл жарысқа 24 команда қатысқанын, олардың арасында Ресей мен Өзбекстанның мықтылары болғанын да айтқан жөн. Тұрарбек інімізге алдағы уақытта да Данияр ағандай қарсыласыңды ринг төрінде сұлата бер дейміз!

Әсем БОЛАТ


МАРАТ ЕЛЕУСІНОВ АТЫНДАҒЫ БОКСТАН ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Күні: , 120 рет оқылды

5 қазан күні аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде КСРО спорт шебері Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы» Марат Тəліпұлы Елеусіновтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы дəстүрлі v-ші Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында аудан əкімі Абат Шыныбеков жəне ауданымызда ұзақ жылдар басшылық қызметте болған Насипкали Имангалиулы сөз алып, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі.  Жарысқа əр өңірлерден келген төрешілер таныстырып, спортшыларға əсем əндер шырқалды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ»

Күні: , 220 рет оқылды

«Қазталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығының кітапханашысы Ғалия Бижанованың ұйымдастыруымен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты дөңгелек ұстел өтті. Шараның мақсаты – қамқорланушылардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, жақсы мен жаманды ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу. Шара барысында сөз алған орталықтың директоры Альберт Талпахов: -Біздің халқымыз ежелден адамгершілікті, инабаттылықты сыйластық пен сыпайылық қасиеттерді өз бойына сіңіре білген, салиқалы санаты от ауызды, орақ тілді дана қарттарымызды әрқашан құрметтей білетін дана халық! Бүгінгі «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты бағдарламамызға қош келдіңіздер, -деді. Дөңгелек үстелге қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, ауыл ақсақалы Валериян Бекмұрханов, аудандық кітапхананың қызметкері Жазира Егізәлиева қариялардың даналығы, олардың қоғамдағы орны, тәлім-тәрбие берудегі ғибратты сөздері жөнінде ойларын ортаға салды. Сонымен қатар орталықта әлеуметтік қызмет алушы Ақылбек Ахметов, Гүлнұр Досболатова көркем сөзді нақышына келтіре оқыды. Шара соңында орталықтың кітапханашысы Ғалия Бижанова мән-маңызы зор ойларымен бөліскендері үшін ризашылығын білдіріп, қорытындылады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«ТУҒАН ЖЕР — ТҰҒЫРЫҢ, ТУҒАН ЕЛ — ҚЫДЫРЫҢ»

Күні: , 377 рет оқылды

4 қазан күні Жалпақтал ауылында облыстық деңгейде «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» атты жерлестер форумы өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында тұңғыш рет өткізіліп отырған форумға еліміздің түпкір-түпкірінде жүрген 300-ге тарта жерлестеріміз шақырылып, жүздесті. Форум жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық ішкі саясат, білім, мәдениет басқармаларының өкілдері, Орал қаласы, Тасқала, Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандарының делегациялары, шаруа қожалығы жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты. Келген қонақтарды Жалпақтал ауылының қақпасынан қарсылап алған аудан басшысы Абат Абайұлы қош келдіңіз айтып, оларды ауылды аралап көруге шақырды. Ең алдымен келген меймандар Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновтың, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевтің кеуде тұғырына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің тарихи-өлкетану мұражайын аралап көрді. Мұнан кейін «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде  салынған әлеуметтік  нысандармен танысты. Жалпақтал ауылындағы «Туған жерге тағзым» аясында салынған әлеуметтік нысандар оның ішінде ең алғаш акциясын бастаған 1969 жылы туылған перзенттер жаяу жүргіншілер алаңы мен субұрқақ, 1977 жылдары туған азаматтар футбол алаңы мен 1978 жылы дүниеге келгендер ойын алаңын салып берген болатын. Ал 1979 жылы дүние есігін ашқан перзенттердің және 1980 жылы туған азаматтар өз қаражаттарына «Менің жүрегім Жалпақтал» жарық-диодты композициясын сыйға тартты. Сонымен қатар жерлестер орталық алаңда «Туған жер бағдарламасы» аясында ауданнның 16 ауылдық округінде жүзеге асырылған және болашқта жүзеге асырылатын  жобалармен танысып, қолөнер шеберлерінің этноауыл көрмесін тамашалады. Форумға қатысушылар Ақпәтер ауылында бас қосып, Ақпәтер ауылдындағы тарихи-өлкетану мұражайында, «Ана мен бала» монументінде болыпп, боздақтарға арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, бұл мұражайды еңбек ардагері, ауданымыздың «Құрметті азаматы», ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов өз қаражатына жасақтаған болатын. Сондай-ақ ол 3 жарым миллион теңгеге «Ана мен бала» монументін жаңғыртып, сыйға тартты. Форум түсткен кейін Жалпақтал мәдениет үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел және К.Меңдәлиев атындағы орта мектебінде семинар-тренинг арқылы жалғасын тапты. Семинар-тренингке жиналған көпшілік алдында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жобалары мен тәсілдері туралы өңірлік жоба кеңсесі жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева таныстырып өтті. Мұның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа, тың жобалар жасақтау, 12 ауданға түрлі пресс-турлар ұйымдастыру, «Жылдың үздік меценаты», «Жомарт жүрек», «Жылдың үздік волентері» сынды шаралар ұйымдастыру да бар. Дөңгелек үстелде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Қазталов ауданында атқарылған игі істерге тоқталып, осындай істердің басқа да аудандарға үлгі болатынын атап өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан ел ағалары, әр түрлі жылдары ауданымызға басшылық жасаған азаматтар, көрші аудандардан келген қонақтар ауданымызда жасалып жатырған жұмыстарға жоғары баға беріп, алдағы уақытта атқарылатын істерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстелден кейін «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырң» Қазталов ауданының жерлестер форумы басталды. Форумның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөз сөйлеп, облыс әкімі Алтзай Көлгіновтің құттықтау хатын табыс етті. -Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туғна жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады. Форумға әр жақта жүрген жерлестеріміздің келуі – шынайы патриолттық сезімдерімізді білдірмей ме? –деді Арман Кәрімұлы. Форумда сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран. Ал оның басты бағыты – ұлттық патриотизмге негізделген «Туған жер» бағдарламасы — уақыт талабынан туындаған идеология жинағы. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету – перзенттік парызымыз. Бүгін біз форумға келген 300-ден аса жерлесімізбен қауышқанымыза қуаныштымыз. Бүгінде біздің жерлестеріміз табысқа жетпеген саласы жоқ. Олар әдебиет пен өнер, ғылым және спорт саласында ауданымыздың атын шығарып жүр. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып, ауданымызда  келелі істер атқарған, елдің алғысына бөленген азаматтарымыз да  баршылық. Осындай  жаны жайсаң  жерлестеріміз «Туған  жерге  тағзым» акциясы аясында  2009-2017 жылдар  аралығында  өскелең  ұрпақ үлгі  алатындай 141 млн. 760 мың теңгені құрайтын 53 жобаны ауданымызда іске асырды. Игі істердің бас-қасында жүріп, ел қуанышымен ризашылығына бөленген атымтай азаматтарымызға алғысымызды білдіреміз. Ал алдағы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда 75 жоба жүзеге асыруды көздеп отырмыз, -деді. Форумда облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданымыздың дамуына айрықша үлес қосқан Рахметолла Сүйербаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, өлкетанушы Ұлдай Ержанова, қазақстандық танымал актер Тұрсынбек Қабатов сөз сөйлеп, жерлестерге деген ізгі лебіздерін жеткізді. Форумда еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет жасап жүрген жерлестердің құттықтау жеделхаттары оқылып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан бір топ азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен және «Жерлестер форумы» естелік сыйлығымен марапатталды. Сонымен қатар форум аясында 7 өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойылуы да айта қаларлықтай нәтиже. Форум барысында жерлестер 20 миллион теңге қаражатқа түрлі демеушілік жұмыстарын атқаратынын жеткізді. Атап айтсақ, Талдыапан ауылдық окургіне қарасты Сарықұдық елді мекеніне «Дархан» шаруа қожалығы жетекшісі Жолдыбай Тапауов құны 8 миллион теңгеге жаңадан клуб үй ғимаратын салып беруге, Талдыапан ауылына «Асқар» шаруа қожалығы жетекшісі Дархан Қыдырәліұлы 800 мың теңгеге «Алтыбақан» алаңын салуға, «Прожж Инвест» ЖШС жетекшісі Самат Ержанов Болашақ ауылындағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстарына 1 миллион теңге қаражат демеушілік етпек. Форум соңында қатысушыларға Үндеу жолданып. жерлес өнерпаздардың мерекелік концерті тамашаланып, жастардың флешмобы және отшашумен аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, Президентіміздің «Рухани жаңғыру» жөніндегі мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы бұл форум туған жерін қастерлей беретін қазталовтықтарға жаңа серпін берді.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Қайрат ЖАҚЫП


ТУҒАН ЖЕРІМ – ТҮП ҚАЗЫҒЫМ, ТҰРАҒЫМ

Күні: , 172 рет оқылды

3 қазан күні Бостандық ауылдық округінде Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған жерім – түп қазығым, тұрағым» атты жерлестер форумы өтті. Форумға ауылдан түлеп ұшқан, қазіргі таңда түрлі қызмет, басқа аймақта жүрген жерлестер қатысты. Форумға қатысушылар Бостандық орта жалпы білім беретін мектебінде орналасқан «Тәуелсіздік залын» тамашалаудан бастап, ұзақ жылдар осы мектепте еңбек еткен Есеңгелді Дүйсақов атындағы физика кабинетін, Қатима Ғабдуллина атындағы бастауыш білім беру кабинеттерін аралап, оқушылардың спорт саласында жеткен жетістік теріге арналған көрмені тамашалады. Сонымен қатар Ұлы отан соғысына қатысқан майдангерлерді еске алу тақтасына жəне «Атамекен» саябағындағы саяси қуғын-сүргін құрбаны Ерғали Аязбаев ескерткішіне гүл шоғын қойды. Биылғы жылы ашылған шағын футбол алаңымен танысты. Ауылдық мәдениет үйінде жерлестерді «Асыл әжелер» ансамбілі қарсылап, шашу шашты. Мәдениет ауласында орналасқан «Жерлестер алеясына» терек отырғызды. Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, округ әкімі Манарбек Сүндетов барша форумға қатысушыларға қош келдіңіздер айтып, «Туған жер» бағдарламасы аясында округте атқарылған жұмыстарға, болашақта жасалуға тиіс жұмыстарға тоқталды. Форумда сөз алған ауылдық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Жапақов, Қайыңды орта мектебінің директоры Серікжан Сүлейменов, Қазақстан – Орал телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева, Даринск ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұржан Тасболатов және бірқатар кәсіпорын басшылары атқарылап жатырған жұмыстарға оң бағаларын беріп, болашақта жасалатын жобаларға өз үлестерін қосып, демеушілік білдіретіндіктерін жеткізді. Шарада ауыл өнерпаздары мен «Асыл əжелер» ансамбілі өз өнерлерін ортаға салып, тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ТУҒАН ЖЕР, СЫРЛЫ ӨЛКЕМ — ӘЖІБАЙЫМ!

Күні: , 154 рет оқылды

3 қазан күні «Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған жер, сырлы өлкем — Әжібайым!» атты Бірік ауылдық округінде жерлестер форумы өтті. Форумға өңіріміздің әр түпкірінде жүрген жерлестер қатысып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Бұдан кейін Бірік орта мектебінде «Мен де бір перзентімін туған елдің» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелде сөз алған Бірік ауылдық округінің әкімі Батырхан Байғонақов: -Жерлестер қош келіп жатырсыздар! «Рухани жаңғыру» аясында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Сондай бір жұмыстардың ұшығы біздің ауылымызда да жүргізілуде. Алдағы жүргізілетін жұмыстарға сіздердің ұсыныстарыңыз қалай, оған қандай қолдауларыңыз болады. Осы жөнінде кездесуді мақсат еттік,-деді. Дөңгелек үстелде сөз алған Бірік орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Уәлихан Жағыпаров, ҚазақССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер Сердеш Қажымұратов, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы, «Мәдениет саласының үздігі» Сәуле Қарабалина, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың оқытушысы Алтынай Жұрасова, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетова, ауданымыздың және облысымыздың қаржы саласында қызмет істеген Әнуарбек Қабашев, облыстық шығармашылық-техникалық орталықтың директоры Шаймардан Шоңыраев, БҚО геологиялық және пайдаланбаған қазба байлықтарын зерттеу аймақтық инспекциясының бас директоры Мирболат Тналиев округте атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере келіп, алдағы атқарылар жұмыстарға қолұшын созу туралы өз ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысқан ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қазыбай Бозымов Бірік ауылдық округінде ауыл шаруашылығын дамыту саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, әр кезде де өз тарапынан көмектер болатынын айтып өтті. Бір айта кетер жәйт бұл азамат Әжібай ауылындағы балабақшаны жөндеу үшін бір миллион теңге қаражаттан демеуші болған еді. Дөңгелек үстелге қатысқандар алдында Сердеш Қажымұратов туған ел туралы ән орындап берсе, республикалық «Жас журналистер» конкурсында бас бәйгені иеленген Бірік мектебінің оқушысы Аяжан Ғаппарова өзінің өлеңін оқыды. Дөңгелек үстел жұмысын аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин қорытындылып, әжібайлықтардың атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі. Жерлестер форумына ауыл көркемөнерпаздары және сол жерде кіндік қаны тамған өнер иелері концерттік бағдарлама ұсынды. Талай тұңғыштарды дүниеге әкелген бұл өңірден өнерден де, басқа да салалардан таланттар көптеп шықты. Соның айғағындай концертте бүгінгі жас өнерпаздар өздерінің әсем әндерімен де, билерімен де көрермендерді тамсантты. Ал бүгінгі күнде аудандық мәдениет үйінде қызмет жасайтын Нафхат Базарғалиев С.Садықовтың «Сәл нәрсе» әнін айтқанда зал дүр сілкінді. Әрине, мына өмір-өзенде адамдар бір-біріне қонақ… Сол өмір-өзенде адамдар бір-бірімен сәл нәрсе үшін ренішпесе екен деген ой келеді… Ән мазмұны осыған жетелейді. Мәдениет үйіндегі салтанатта ауыл әкімі Батырхан Байғонақов елге демеуші болып жүрген және әркезде де қолдау көрсететін бір топ азаматтарға алғыс хат табыстады. Ал жерлестерге арналған дастархан үстінде профессор Қазыбай Бозымов, актер Сердеш Қажымұратов ағаларымыз және әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетова апамыз орындаған туған жер мен адамдар туралы әндер жерлестердің елге деген патриоттық сезімдерін оятты десе болғандай. Сондай-ақ осы әндерде жерлесіміз Сәуле Қарабалинаның сөзіне жазылған әндер әжібайлықтардың мерейін бір көтеріп тастады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ТОЙ ӨТТІ ҚАРАӨЗЕНДЕ

Күні: , 120 рет оқылды

Қараөзен ауылдық округінде қыркүйек айының басында басталған «Туған жерге тағзым» аясында көше мерекесі өз мәресіне жетіп, гала-концерті оздырылды. Шараға Қараөзен ауылдық округінің әкімі Мұрат Рахметуллин және ауыл тұрғындары қатысты. Қыркүйек айының басында ұйымдастырылған көше мерекесінде ең үздіктер осы күні анықталды. Концерттік шараға ең үздік деген көше тұрғындарының өнерпаздары қатысып, номинациялар табыс етілді. Округтегі ең жас «Күміс алқа» иегері болып Айгүл Садыкова танылса, ең жас «Алтын алқа» иегері Ділда Шындәулетова анықталды. Сонымен қатар Демеу Қатауов белсенді қатысушы болса, ең үздік аула иегері Махамбет Қисетов, Болат Бекешев «Ұлағатты» отбасы атанды. Ал Әлішер Кұбаев ең үздік жеке орындаушы атанса, Жас елді мекенінің әжелер ең үздік әжелер тобы болып танылды. Мәдениет үйінде өткен шарада көше тұрғындарының әсем әндер шырқап, мың бұралған бишілердің билері халық көңілінен шығып жатты. Осындай игі шара ұйымдастырушыларға ауылдастар өз алғыстарын жаудырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАРИЯЛАР ҮЙІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

Күні: , 136 рет оқылды

Жалпақтал ауылындағы арнаулы әлеуметтік орталығында қарияларымыздың халықаралық мерекесі аталып өтті. Бұл мереке аға буын өкілдерін құрметтейтін, қарияларға қамқорлық танытатын мереке болып саналады. 2 қазан күні Жалпақтал ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Қайырлы Спашева, Жалпақтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Шынболат Өтешқалиев әлеуметтік орталықта болып, қарияларды құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Бүгінде әлеуметтік орталықта 47 қамқорланушы тұрып жатыр. Үш ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазіргі күні әлеуметтік орталықта барынша жағдайлар жасалған. Әлеуметтік орталықта 1 қазаннан бастап қайырымдылық айлығына байланысты іс-шаралар өз жалғасын таппақ. Әлеуметтік орталықтың қызметкерлері қамқорлауншыларға ән шашу сыйлап, мерекелік дастархан жайылды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.