АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Октябрь, 2017


МЕРЕКЕЛІК ДАСТАРХАН БАСЫНДА БАС ҚОСТЫ

Күні: , 137 рет оқылды

Үлкендерге құрмет-қошемет көрсету – халқымыздың қанына сіңген дәстүрлі әдет-ғұрпы. Еліміздің басқа өңірлеріндегідей, біздің ауданымызда да жыл сайын 1-31 қазан аралығында дәстүрлі «Қайырымдылық» айлығы өтті. Көптеген игі шаралар атқарылды. Осыған орай 31 қазан күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданның бір топ ардагерлерімен дастархан басында кездесті. Емен-жарқын кездесу барысында аудан әкімі елімізде әркезде де жасы үлкендерге қамқорлық пен қолдаудың бола беретінін айта келіп, қарияларымыздың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Осындай жылы шырайлы кездесу үшін ауыл ақсақалдары алғыстарын жеткізді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ

Күні: , 124 рет оқылды

31 қазан күні аудандық қоғамдық келісімнің кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңеске аудан әкімі Абат Шыныбеков, мекеме-кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер мен жастар кеңесі мүшелері қатысты. Кеңесте аудандағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы, алда тұрған міндеттері туралы кеңес төрағасы Тауфих Мұқанов хабарлама жасады. -Ауданда қоғамдық келісім кеңесі 2013 жылы құрылған. Осы уақыттан бері кеңес билікпен бірлесіп түрлі жұмыстар атқаруда. Ауылда болып жатырған келеңсіз оқиғалар, түрлі жағдайларға тап болған аналар мен әкелердің мәселелері, ауыл тазалығы, жастар арасындағы құқық бұзушылықты жою сынды күрделенген мәселелердің оңтайлы шешімін табуға ықпал етуде. Аудандағы 16 ауылдық округте қоғамдық келісім кеңесімен 48 отырыс оздырылып, түрлі деңгейдегі мәселелер қарастырылған. Кеңес мүшелері түрлі қайырымдылық акцияларына да ат салысып келеді. Сондай-ақ ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңесінің жалпы кәсіби емес 13 медиатор жұмыс атқарып келеді. Келісім кеңесі алдағы уақытта да Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысын жаңдандыра беретін болады, -деді кеңес төрағасы Тауфих Уәшұлы. Кеңейтілген отырыста ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасын ұсыну, бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар туралы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің аудандағы жетекшісі Мирбол Адаялиев, латын әліпбиіне көшу жөнінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалі Мирболат Мырзағалиев сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті. Кеңесте ауылдық округтердегі әр елді мекеннің ауылнайы туралы ережемен де таныстырылып, Ережесі бекітілді. Ауданымызда 30-ға жуық кіші елді мекендерде қоғамдық негізде тұрғындардың келісімімен ауылнайлар сайланған еді. Кеңес соңында осы және басқа да қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


БҰЛ КӨШЕ МЕРЕКЕСІ БАСҚАЛАРДАН ӨЗГЕШЕ

Күні: , 348 рет оқылды

Елбасымыздың «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы адамдарға жаңа серпін беруде. Күні кеше ауданымызда өткен Жерлестер форумы алдағы биік мұраттарды іске асырудың тың жобаларын өмірге әкелді. Бүгінгі күнде қай округте болмасын көше мерекесі тойлануда. Әрине, бұл мереке концерттік шара, сол көше тұрғындарына алғыс xат немесе естелік сыйлықтар табыс етумен шектеліп жатыр десек қателескен болар едік. Бұл мереке жаңаша сипат алуда. Біз соның куәсі болдық. Ол — Ақпәтерде өткен көше мерекесі. Бұл ауылда біршама іргелі істердің басы қайтарылып жатыр. Енді соның жалғасындай ауылда өзгеше түрде өткен көше мерекесі руxани жаңғырудың айшықтысы деуге болады. Бейбітшілік, Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова көшелері жасанған, жасарған… Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері Наурыз Байсовтың есімімен аталатын көшеге осы азаматтың банері орнатылған. Көше атаулары да (табличка) жаңартылған. Сонымен қатар қала көшелерінен көріп жүргеніміздей есімдері елге белгілі адамдардың суреттері салынған билбордтар да орнатылған. Ал осы ауылда кіндік қаны тамған, болашақ үлкен өнерге қанат қағуына Ақпәтердің ақ қойларын бағып жүріп, сар даланың самал желіне қосылып ән салып үйренген (өзі ылғи да мысал келтіретін) Тұрсынбек Қабатов ағамыз қомақты қаржыға «МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ АҚПӘТЕР» композициялық белгісін өзі тұрған Бейбітшілік көшесіне орнатыпты. Сондай-ақ көшеге жарық шамдары да орнатылған. Ақпәтерліктер: -Түнде жүргенде жерге түсіп қалған тиын табылады,-дейді. Міне, ғажап! Ақпәтерліктер «Туған жер» бағдарламасын заманауи түрде жаңғыртуды бастап кеткен… Бұл күні (28 қазан) ақпәтерліктер мерекелік бағдарламасын тұрғындарға және келген қонақтарға ұсынды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов және Бейбітшілік көшесінің үлкен тұрғыны Жұмабай Тоқпаев,- Туған жердің келбетін өзгерту — өзіміздің қолымызда. Ал осындай ұлағатты бастамаларды көріп, біліп өскен бүгінгі жас ұрпақ бұл игі істі әрі қарай жалғастырары анық, -деді. Шарада әсем ән шырқалып, флешмоб биленіп, көрініс те көрсетілді. Сондай-ақ киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлттық ойындарға да кезек берілді. Бұнымен ақпәтерліктердің «Туған жер» бағдарламасына орай мерекелік шаралары біткен жоқ, алдағы күндері басқа көшелердің де мерекесі жалғасын табатын болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, мереке өткен көшелер айнадай тап-таза! Керемет!!!

Әсем БОЛАТ


..ЖАЛПАҚТАЛДА БАБА КҮЙІ САРҚЫЛМАСЫН…

Күні: , 142 рет оқылды

Қазақтың өзі домбыра, жаны — қобыз, Күйменен сәлемдестік тәңірге біз. Жетіген, сыбызғыны сызылтқанда, Сазымен жаратылдық тағы да егіз… дегендей Жалпақтал ауылындағы балалар өнер мектебіне барғанда ғажайып музаға тап болдық. Жеті муза… Өнерлі балалар әлем сүйсініп тыңдайтын бүкіл музыкалық аспаптарды игерген. Бұл мектептен түлеп ұшқан таланттар еліміздің әр қиырында жүр. Олар жәй жүрген жоқ, жұртшылықты өнерлерімен тамсандырып жүр! Өнер мектебінің ғимараты со-о-о-нау ХХ ғасырдың бас кезінде салынған. Осы көне де, тариxи ғимаратта бүгінгі тәуелсіз елдің дарынды балалары білім алуда. Оларға 27 ұстаз өнерден дәріс берсе, 254 оқушы саз және көркемсурет бөлімдері бойынша дәріс алады. Сондай-ақ өнер мектебінде Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол ауылдарындағы мектеп оқушылары да өнердің алғышарттарынан білім алуда. Домбыра, қобыз, флейта, баян, терме, вокал, көркемсөз, сурет, кескіндеме, композиция, сәндік өнер, мүсін, ағаш өңдеу, домбыра жасау, зергерлік өнер, бәрі, бәрі бар… Күні ертең бұл өнер мектебінен болашақтың «Ш.Қажығалиевы», «Т.Шәмілові», «А.Алматовы», «А.Үлкенбаевы», «Ә.Қастееві» шығары сөзсіз. Олар қосөзен елінің даңқын алысқа апарады. Жалпақтал балалар өнер мектебі 2016 жылы бөлек отау болып шықты. Қуаныш Әбілов жетекшілік ететін мектеп ұжымы әлі талай асуларды алары анық. Қазақтың оркестрі нұр кешінде, Саз қосқан көне ғимарат іргесінде. Жалпақталда баба күйі сарқылмасын, Бет алған қазағымның бұл көшінде!

Әсем БОЛАТ


ЕНДІ ҚАЛАҒА САБЫЛМАЙ-АҚ РАУАН АҒА ТАПСЫРЫСТЫ ОРЫНДАЙДЫ

Күні: , 80 рет оқылды

Ауылдың еңбекқор адамдары қандайма кәсіпті болсын дөңгелетуде. Жалпақтал ауылының тұрғыны Рауан Байжұмашев «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы негізінде мемлекеттен қайтарымсыз 2 млн. теңге қаражаттың грантына ие болған. Он саусағынан өнер тамған Рауан аға бұл күнде мәрмәр, гранит тастарынан құлпытас, зират қоршаулары, қақпалар және басқа да түрлі тұрмысқа қажетті заттарды жасауда. Бүгінгі күнде ағамызға аудан тұрғындарынан тапсырыс көп. Рауан ағамыз айтады: -Бұл жұмыстарды атқаруға бір жұмысшыны жұмысқа қабылдадым. Енді алдағы уақытта арнайы цеx ашуды жоспарлаудамын. Сол кезде тағы да жұмыс күшін тартатын боламын. Ал бұл дегеніміз — ауыл адамдарын жұмыспен қамту болып табылады, -деді. Ел болғасын түрлі жағдайлар болып қалады… Сол кезде 300 шақырым жердегі Орал қаласындағы шеберлерге тапсырыс беретін едік. Енді қалаға сабылмай, Рауан ағамыздың қолынан шыққан өнімдерді пайдаланатын болдық. Осындай шеберлер қай ауылда да толып жатыр. Тек сол «көмбені» алып, xалық игілігі үшін пайдалансақ, ұтарымыз көп болмақ.

Әсем БОЛАТ


ЖАЛПАҚТАЛ ТӨСІНДЕ ЖЕРЛЕСТЕР ЖҮЗДЕСТІ

Күні: , 119 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жерге тағзым» атты бағдарламасын негізге алған ауылдас ағайындар 27 қазан күні Жалпақтал ауылында ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов бастаған Жалпақтал өңірінің тумалары профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі елімізге белгілі азамат Марат Құлманов, дәрігер Уайыс Бисенғалиев, Орал қаласының мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов және бірқатар жалпақталдық жерлестер туған жерде жүздесті. Аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин мәртебелі меймандарды ауылға кіре берісте қазақи салт-дәстүрмен қарсылап алды. Келген қонақтар ауыл шетінде зиратқа барып, ата-баба рухына тағзым етіп, Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы Тілепберген Нұралиев құран бағыштап, дұға оқыды. Мұнан кейін К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің мұражайымен танысып, академик Марат Есенғалиұлы өзінің қолтаңбасын қалдырды. Мұнан кейін Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен кездесті. -Қазіргі заманда оқу керек. Білімсіз күнің қараң. Сондықтанда оқу оқып шыңдалған оқушы ғана өзінің мақсат-мұратына жете алады. Ал білімдеріңді шыңдап, жақсы жетістіктерге жетуге тілектеспін,-деді кездесу барысында Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің түлегі, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Садықұлы. Мұнан кейін Атырау облысында белгілі дәрігер болып қызмет атқарған, Жалпақталдың тумасы Уайыс Бисенғалиев: -Сіздерге болашақта табыс тілеймін. Келер оқу жылын жақсы аяқтап, қазіргі заман ағымынан қалмай еңбектеніңдер. Сонда ғана ойлаған армандарыңа жетесіздер. Сіздерді дәрігер болуға шақырамын,-десе, 11 сыныптың оқушысы Гүлжайна Сайранқызы жерлес ағалардың сенім ақтап, білім ді де, білікті маман болатындықтарын нық сеніммен айтты. Мұнан кейін жалпақталдық жерлестер мәдениет үйінде еңбек ардагерлерімен дөңгелек үстел басында кездесті. Дөңгелек үстелді жүргізген аудан басшысының орынбасары Сағынғали Ғабидоллаұлы мәртебелі меймандар жайында айтып, Жалпақтал өңірінің тумалары академик Марат Құлмановты, Уайыс Бисенғалиевті таныстырды. Дөңгелек үстел басында алғашқы болып сөз алған «Қазталов ауданының құрметті азаматы», ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов: -Бүгінде келудегі мақсат өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесу. Қазана йының басында болған облыстық жерлестер форумына аудан басшыларыңыз Абат Абайұлы арнайы шақырған болатын. Сағынғали Ғабидоллаұлы Марат Есенғалиұлы және Уайыс Бисенғалиев жөнінде жақсы таныстырып өтті. Бұл ағаларымызбен жақсы араласып, етене танысып кеткен болатынбыз. Содан ауылған баруды жоспарлап жүрген уақытта, бүгін сәтті түсіп отыр. Ауылдың жеткен жетістіктеріне әрдайым қуанып жүремін. Ауылда болып жатырған жақсы жаңалықтарды естіп жүреміз. Жалпақтал ауылында қолға алынған жақсы үрдістің бірі ол мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің туған ауылына тарту жасап жатырғаны мен үшін қуаныш. Осындай игі дәстүр қазіргі күні Жалпақтал ауылынан үлгі алып, басқа да ауылдық округтерінде жалғасуда. Ауылдың азаматтарына шын көңілден ризамын. Соынмен қатар ауылдың ақсақалдарымен, ақ жаулықты әжелерімен кездескеніме өте қуаныштымын,-деді кездесуінде. -Құрметті ауылдас ағайындар мен сіздермен кездескеніме қатты қуанып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Туған жер қашанда ыстық. Әрдайым туған жер бару бір арманым еді. Міне келіп, туған жердің топырағын басу мен үшін өте ыстық. Осы кездесу барысында студенттің шақты бірге өткізген Қайнеш Қыдырбайұлын көріп отырмын. Қайнеш екеуміз бір комнатада емес, бір керуетте жатттық. Сондай сыйлас болдық. Сонымен қатар осы шарада сыныптасым Меңсұлу Хафезованы көріп, қуанып отырмын. Бәріңізге амандық тілеймін. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ақсақалдарымыз, ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Жалпақтал ауылы өсіп-өркендеп, көркейе берсін,-деген академик Марат Құлманов қуанышын жасыра алмай. Атырау облысында еңбек еткен Уайыс Бисенғалиев: -Құрметті жалпақталдық ағайындар мен де сіздермен кездескеніме қуанып отырмын. 1962 жылы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, дәрігер мамандығын алып шықтым. Атырау облысында 40 жылға жуық жұмыс істеп, қазіргі күні Орал қаласына көшіп келдім. Марат екеумізді туған жерімізге алып келіп, сіздемен кездестіріп отырғандарына көп рахметімді айтқым келеді. Ауылдық көркейіп, жақсы болғанын тілейміз. Ауылдың жастарының осындай игі іс жасап отырған көпке үлгі. Бұл елін, туған жерін сүйгендігінің арқасы. Сіздердің, үлкендердің тәрбиесі деп білемін. Ауылымыз көркейе берсін. Ел аман жұртымыз тыныш болсын,-деп өзінің лебізін білдірді. Осы кездесу барысында еңбек ардагерлері Мариям Бекешева, Нағым Ризуанов, Мұқсан Бақтыгереев, Қайнеш Қыдырбайұлы, Әлібек Қоңырбаев, Шынболат Өтешқалиев, Сәрсенғали Бисенғалиев келген меймандарға игі лебіздерін білдіріп, арқа-жарқа әңгімелесіп, өткенді еске алды. -Бұл жолдың келуі, салынуы Елбасының сарабдал саясатының арқасында салынып жатыр. Міне өздеріңіз көргендей Жалпақтал ауылына жетіп, Алла бұйыртса Қазталов, әр қарай Жәнібек ауданына асамыз деген ойдамыз. Жол салуда бір қатар жобаларымыз бар. Оны іске асыруда барымызша жұмыстанып отырмыз. Әрдайым елдің жақсылығын бірге көрейік, Сіздермен кездесудің өзі бір мәртебе. Сіздер аман болыңыздар,-деп игі тілегін жеткізді Замир Сағынов. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Ғабидоллаұлы келген қонақтарға, ауылдың үлкендеріне ризашылығын білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


АЛҒАШ РЕТ «БАЛАПАН ЖҰЛДЫЗ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Күні: , 115 рет оқылды

27 қазан күні «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасында алғаш рет аудандық білім беру ұйымының қолдауымен мектепке дейінгі тәрбиеленушілер арасында «Балапан жұлдыз» байқауы өтті. Байқауда аудандық білім беру бөлімінің Айымгүл сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға әрбір ауылдық округтерден келген бүлдіршіндеріміз ән, би, көркемсөз жанры бойынша өз өнерлерін паш етті. Нәтижесінде ән жанры бойынша бас жүлдені Тереңкөл ауылынан «Жігер» бөбекжай-балабақшасы (Адина Идиат), 1 орынды Жалпақтал ауылынан «Ертегі» бөбекжай-балабақшасы, (Әмір Маратов пен Айару Ертілеу), би жанры бойынша бас жүлдені Қараоба ауылынан «Арай» бөбекжай-балабақшасы, 1 орынды Қазталов ауылынан «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасы (Әбілмансұр Елентай мен Інжу Орынғали), көркемсөз жанры бойынша бас жүлдені Қазталов ауылынан «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасы (Тоғжан Амантай), 1 орынды Жалпақтал ауылынан «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы (Айзере Қадерова) иеленіп, алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл аудандық байқауда барлық бүлдіршіндер алғаш рет өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынады. Әлбетте, байқаудың өту барысы мен ережесінде қатысушы қандай талапқа сай өнер көрсету керек екендігі ескерілмеген. Дегенменде, байқауда барлық балабақша, соның ішінде аудандағы балабақшалар барлық жанр бойынша өнер көрсету керек еді (Шалғайдағы округтер ауа-райының қолайсыздығына байланысты қатыса алмады). Бұл байқаудағы ең басты талап – әрбір бүлдіршіннің көрермен алдында жоғары деңгейде өнер көрсетуі мен сахна мәдениетін еркін меңгеру еді. Дегенмен әділқазылар алқасынан бұл мәселе ескерілмей қалған сияқты. Қорыта айтқанда, бүлдіршіндер арасындағы байқау жоғары деңгейде өтті. Бұл болашақ бүлдіршіндердің үлкен өнерге деген бірінші баспалдақтары болып табылады деп санаймыз.

Жұлдыз АСҚАР


ЖЕТПІСКЕ КЕЛСЕ ДЕ КӘСІПТЕН ҚАЛМАҒАН ЧИОСЛАН АПА

Күні: , 108 рет оқылды

Еңбек түбі — береке. Еңбек еткен адам ғана мұратына жетеді. Бүгінде тынымсыз еңбектің арқасында өз мұратына жетіп, кәсібінен нәсіп тауып отырған аналарымыз қаншама. Осындай шаруақор аналарымыздың бірі — Қазталов ауылының тұрғыны, жетпістің төріне келген Чиослан Адошева анамыз. Отағасы Қорғанбай аға мен Чиослан апамыздың үйіне әдейілеп барған едік. Әдеттегідей дастархан толы өздерінің қолдан жасаған өнімдері. Былайша айтқанда жасанды емес, нағыз денсаулыққа пайдалы табиғи өнімдер. Осындай кең дастархан басында апамыздың тәтті шәйінің дәмін тата отырып, әңгімеге тарттық. Чиослан апа айтады: — Бүгінде еңбек етемін деген адамға барлық мүмкіндік туып отыр. Кәсіп ашып, жұмыс жасаймын деген жастарға да мемлекет тарапынан көп қолдау табылуда. Бұндай мемлекет тарапынан жасалып отырған зор мүмкіндікті жастар пайдаланып қалулары тиіс. . Ағаң екеуміз «Агробизнес -2020» бағдарламасымен 2014 жылы малдану мақсатында 1 млн. 500 мың теңге несие алған болатынбыз. Алғашында сол қаражатқа 4 сиыр, 3 бұзау, 5 қой алдық. Кейін олар өз төлдері есебінен көбейді. Көктем айында осы ірі қаралардан күніне 30 литр, ал күз айында 12-15 литрге дейін сүт аламыз. Біреулер мал бағуды азап көрсе, біз осы төрт түліктің өнімінің арқасында күнделікті тірлікті көріп, ешкімнен кем қалып жатырған жоқпыз. Сиыр малының өзінен 13 түрлі өнім дайындаймын. Бұлардың өзімізден артылғанын базарға апарып, сатамыз. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бұл өзімізге қаражат жетпегендіктен емес, адал еңбектің артығын тұрғындар да пайдалансын деген ой ғой. Сонымен қатар осы сүт өнімдерінен 13 түрлі тағам дайындаймын. Мал ұстамайтын тек үкіметтен көмек сұрай беретін жастарды көргенде іштей налимыз. Сондықтан да жастарға айтарым, әркез ерінбей, осындай бағдарламаларды ұтымды пайдаланса, тұрмыстарың жақсарады ғой деп айтқым келеді, -деді. Расында да осындай Чиослан апамыз сынды еңбекке жаны жақын жандардың тірлігін көріп, риза болдық. Міне, барлығы да Чиослан апамыздан үлгі алса екен дейміз!

Әсем БОЛАТ


СОТТА – ЖАҢА ТӨРАҒА

Күні: , 150 рет оқылды

№2 Қазталов аудандық сотының жаңа төрағасы болып, Айбар Серікұлы Бижанов тағайындалды. 25 қазан күні Батыс Қазақстан облыстың сотының төрағасы Бек Әметов ауданымыздың Жалпақтал ауылына арнайы іссапармен келді. Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активімен болған жиынға аудан әкімі Абат Шыныбеков, мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық соттың төрағасы Бек Әметов осы уақытқа дейін №2 Қазталов аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған Азамат Жұмаұлының Орал қалалық сотына ауысқандығын айтып, активке №2 Қазталов аудандық сотының төрағасы Айбар Серікұлы Бижановты таныстырды. Айбар Серікұлы Бижанов 1970 жылы бұрыңғы Фурманов ауданы, қазіргі Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің құрылыс институтын, Орал Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген. Мамандығы заңгер. 1988-1990 жылдары әскер қатарында болған. Еңбек жолын 1990 жылы Фурманов ауданының Қараөзен қой совхозында қатардағы жұмысшыдан бастаған. 1996-1998 жылдары Орал қалалық «Жайықжылуқуат» мекемесінде және «Құрылысгаз» акционерлік қоғамында участік шебері болып еңбек еткен. 1998-2004 жылдары Орал қалалық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы, БҚО ІІБ-сы штабының аға инспекторы, 2004-2007 жылы Орал қалалық №2 сотының судьясы болып қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Жаңақала аудандық сотының төрағасы, 2012 жылдан күні бүгінге дейін Жәнібек аудандық сотының төрағасы болып еңбек етті. 2017 жылдын қазанынан №2 Қазталов аудандық сотының төрағасы. Облыстық сот төрағасы Бек Әметов, аудан әкімі Абат Абайұлы, аудандық ақсақалдар төрағасы Нағым Ризуанов Айбар Бижановты жаңа тағайындауымен құттықтап, абыройлы қызмет, еңбекте табыс тіледі. Айбар Серікұлы өзіне көрсетілген сенімге ризашылық білдіріп, соған лайықты қызмет жасауға бар күш-жігерін жұмсайтыны жайында айтты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Күні: , 204 рет оқылды

25 қазан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен және Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің арнайы қатысуымен Қазталов ауданы ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің 2017 жылғы 9 ай ішінде атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдалған жиын өтті. Жиында аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Әділ Ғазизов 9 ай ішінде аудан бойынша атқарылған жұмыстары туралы есептік баяндама жасады. Баяндамаға қысқаша тоқталып өтсек, Қазталов жергілікті полиция қызметінде штаттық құрылым бойынша 18 қызметкер, ал Жалпақтал жергілікті полиция қызметінде штаттық құрылым бойынша 20 қызметкер, яғни жергілікті учаскелік инспекторлар өз қызметін атқаруда. 2017 жылдың 9-ай ішінде аудан көлемінде барлығы 206-қылмыс оқиғасы тіркеліп, соның 167 ашылған, ашылуы 89,3%. (2016ж. 247/204/82,6%). Оның ішінде ұрлық-89, ашылғаны-66, (2016ж. 107/62), мал ұрлығы 30, ашылғаны-19, пәтер ұрлығы-18, ашылғаны-16, ұялы телефон-11, ашылғаны-10. Осы орын алған 206-қылмыс оқиғасының (142 қылмыс, 64 қылмыстық теріс қылық), соның ішінде 61 35/26 /2016ж.-61/ қылмысты учаскелік полиция инспекторлары жеке дара ашқан, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі УПИ-ның қатысуымен 4-/2016ж.-3/ қылмыс жеке дара ашылған. Қазталов ауданында тұрғындар көбінесе мал шаруашалығымен айналысқанына байланысты мал ұрлығы азаймай отыр. Мысалы осы 2017 жылдың 9 айында 30- мал ұрлығы фактісі орын алса (2016 жылы — 42) ұрлық дерегі тіркелген. Осы санаттағы қылмыстарды ашылу пайызы ағымдағы жылдың 9-ай ішінде 73,1% болса (2016 жыл -45,5%) құраған. Аудан бойынша мал ұрлығы көп орын алған Талдыапан ауылдық округі, өткен 9-ай ішінде 9-мал ұрлығы оқиғасы тіркелген, мал ұрлықтарына талдау анықтағандай оның 80-пайызы иелерінің малдарына қарамай иесіз жіберетіндіктерінен жайылымнан жоғалып, олар қылмыскерге оңай олжа болуы себеп болған. Сонымен қатар мал иелері өз күштерімен малды іздеп тым кеш арызданатындары қылмыстың ашылуына өз кезегінде кедергісін тигізеді, себебі мал ізі суып кеткеннен кейін шұғыл жедел іздестіру жұмыстары оң нәтиже бермейді. Сондықтан, мал ұрлығы жөніңде қозғалған қылмыстық істердің тергеуі қаншама сапалы жүргізілсе де оның ашылуының тиімділігі төмен. Баяндамадан кейін жергілікті полиция қызметіне байланысты қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Осы жиында көтерілген мәселелерді атап өтсек, мал ұрлығы, соның ішінде қылмыс жасаған тұлғалардың жеңіл жазалармен құтылып кетуі де қылмыстың қайта жасалуына әкеліп соғуы, аудан бойынша тұрғындардың мас күйінде көлік басқарып, жол-көлік оқиғаларының жиелеуі, жануарларды аудан аумағынан тыс жерге тасымалдау аудандық жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар берген ветеринариялық паспорты мен ветеринариялық өңдеулер жүргізілгендігі туралы белгісі бар белгіленген үлгідегі ветеринариялық анықтамасы болмауы немесе берілген уақытынан асып кетуі, «Маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарды емдеу туралы» Заңына сай, мәжбүрлі емдеуге жіберуге денсаулық сақтау органдарының тікелей міндеті болса да, жергілікті жерде денсаулық сақтау ұйымдары маскүнемдерді мәжбүрлі түрде емдеге жіберуге құлшыныс білдірмеуі, аудан орталығы Қазталов ауылына және Жалпақтал ауылына қосымша бақылау бейне камераларын орнату, жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі мектеп полиция инспекторлары штатының жеткіліксіздігі, кейбір ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларының қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз етілмегендігі туралы болды. Жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар беріліп, жиынға қатысушылар тарапынан болашақта жергілікті полиция қызметінің материалдық техникалық базасын нығайту, сонымен қатар ауданда құқық бұзушылықты тоқтату мақсатында бірқатар жоспарлы жұмыстарды бірлесіп атқару туралы ұсыныстар да білдірілді.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.