АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 22.09.2017


47 ШАҚЫРЫМДЫ 4 САҒАТТА ЖҮГІРІП ӨТТІ

Күні: , 123 рет оқылды

Марат Жыланбаев – Гиннесс рекордтар кітабының марафон жүгіру спорты бойынша 7 мәрте рекордшысы. Ол — әлемдегі жалғыз төрткүл дүниенің ең үлкен құмды шөлдерін бір өзі ғана жүргіріп өткен марафоншы. Мысалы, ол Қарамқұмнан (1993 жылы 25 ақпан мен 23 наурызда) 1700 шақырымды 24 күнде жүгіріп өткен. Енді Марат ағаларының ізін жалғастырушылар Бостандық ауылынан шықты. 20 қыркүйек күні бостандықтық Еділжан Қосболов пен Мержан Серіков Жалпақтал ауылынан Бостандық ауылы арасындағы 47 шақырым қашықтықты 4 сағатта бағындырды. Таңғы сағат 6-00-де жүгіруді бастаған олар 10-00-де Бостандық ауылына келіп жетті. Осындай марафоншы жігіттерді Бостандық ауылының тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Бұның өзі ауданымызда елдің атын шығарар спортшы жастардың көп екенін байқатады. Тек соларға уақытында қолдау болып жатса, болашақта тек марафоннан емес, басқа спорт түрлерінен де рекордшылар табылатыны сөзсіз. Сондықтан Еділжан мен Мержанға Марат Жыланбаевтай Гиннесс рекордтар кітабына есімдерің жазылсын деген тілегімізді оқырмандар атынан білдіреміз!

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


НАИБ ИМАМ ОҚУШЫЛАРМЕН БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕ ОЙ БӨЛІСТІ

Күні: , 66 рет оқылды

21 қыркүйек күні Қазталов және Алма Оразбаева мектептерінде «Аманат Жайық» қоғамдық қорының теологі, облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабыралиев жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде «Аманат Жайық» қоғамдық қорының теологі, облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабыралиев мектеп ұстаздары мен ата-ананың балаларға тәрбие берудегі рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде бұдан бұрын Сырым ауданында имам болып қызмет атқарғанда мектеп оқушылары арасында имандылық, адамгершілік бағытында жұмыстар атқарғанын айта келіп, сол бағыттағы жұмыстарға сырым ауданында басшы қызметін атқарған Абат Абайұлының қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдіріп өтті. Білікті маман, теолог, -Адамгершілігі мол, иманды, тәрбиелі адам кез келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттіліктің кепілі, сол елдің мақтанышы. Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді тіктеген кезеңде қолданар ісіміздің бірі де, бірегейі де – ұрпақ тәрбиесі болып табылады. Мектеп қабырғасында тәрбиеленген жас тәрбиелі, білімді, мәдениеті, дене тәрбиесі мықты болуы шарт. Тәрбиелілік — иман жүзді, адамгершілікті, өзін өзгенің орнына қойып түсіне білуі керек. Бұл орайда хакім Абай өзінің ұлағатты «қара сөздерінде», өлеңдерінде де айтып кетті. Міне, сондықтан бүгінгі партада отырған сіздер ертеңгі ел болашағысыздар. Сол себепті білімнің алдында ең бірінші тәрбие тұрады. Тәрбиесіз алған білім ештеңеге жарамайтынын өмір дәлелдеп отыр. Сондай-ақ сіздер ғылымның қай түрін болса да игерулеріңіз қажет. Сонда ғана нағыз саналы азамат боласыздар, -деді. Кездесуде мектеп оқушылары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

Әсем БОЛАТ


НАИБ ИМАМ ЖАМАҒАТПЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 72 рет оқылды

21 қыркүйек күні Қазталов мешітінде «Аманат Жайық» қоғамдық қорының теологі, облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабыралиев жамағатпен кездесті. Кездесуде сөз алған «Аманат Жайық» қоғамдық қорының теологі Бақытжан Сабыралиев, -Дін – қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы. Бүгінгі өскелең ұрпақ яғни жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулу — әрбір адамзаттың міндеті болып қала бермек.Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұстайтын болады. Өйткені, Мұхаммед пайғамбарымыз : «Отанды сүю иманнан» басталады, -деді. Кездесуге қатысқан жамағат қауымы өздерін толғандырып жүрген діни әдет-ғұрыптарды орынды пайдалана білуі жөніндегі сауалдарын жолдап, оған тұшымды жауаптар алды.

Әсем БОЛАТ


«АТА СӨЗІ – БАТА СӨЗІ» БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР БАЙҚАУЫ

Күні: , 94 рет оқылды

21 қыркүйек күні С.Садықов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ата сөзі – бата сөзі» атты батагөй қариялар байқауы өтті. Байқауға 63-75 жас аралығындағы қарияларымыз: Жалмұхан Айтмағанбетов (Қазталов ауылы), Насиболла Өзенбаев (Жұлдыз ауылы), Демеу Қатауов (Қараөзен ауылы), Исмағұл Мусин (Жаңатаң ауылы), Тұяқ Мырзағалиев (Қараоба ауылы), Қайыр Мұхамбеткереев (Жаңажол ауылы), Орынғали Даутов (Бостандық ауылы), Шамұрат Жұмашев (Тереңкөл ауылы) қатысты. Өзін таныстыру, «Ел есіндегі баталар», «Батамен ел көгерер» айналымдары бойынша бақтарын сынағын қарияларымызға әділқазылар бағаларын берді. Бірінші айналым бойынша қатысушы қариялар өздерін қазақтың қара домбырасының сүйемелдеуімен әндетіп таныстырса, енді бірі қара сөзбен таныстырды. «Ел есіндегі баталар» айналымында Қарасай батырдың, Бауыржан Момышұлының, Кененнің келіндерге берген батасынан үзінділерді оқыса, «Батаменен ел көгерер» айналымында қатысушылар бата түрлерінен 1 бата жатқа айтты. Әділқазылардың қатысушыларға берген бағаларының нәтижесінде 3 орынды Тұяқ Мырзағалиев, 2 орынды Насиболла Өзенбаев, 1 орынды Жалмұхан Айтмағанбетов иеленсе, бас жүлдені Жаңатаң ауылынан қатысқан батагөй қариямыз Исмағұл Мусин қанжығалады. Сайысқа қатысушылардың барлығына да алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ байқауға қатысқан батагөй қарияларды қолдап келген жанкүйерлері ақ жарма тілектерін білдіріп, сыйлықтарын берді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


СЫБАЙЛАСТЫҚ СЫЙЛАСТЫҚ ЕМЕС

Күні: , 94 рет оқылды

21 қыркүйек күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ кездесу өткізді. Кездесуге ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, салалық мекемелер қызметкерлері қатысты. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин мобильдік топтың құрамымен таныстырып өтті. Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов сөз алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мемлекет қызметінің басты стратегиялық бағыттарының бірі екендігі, соңғы жылдары Қазақстан жемқорлық деңгейін төмендету бойынша едәуір қадам жасағандығы, осы бағытта 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына тоқталып өтті. -Жемқорлықпен күрестегі ең бірінші міндет – мемлекеттік қызметте сыбайластықты болдырмау. Осыған орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған» стратегия қабылданған болатын. Бәріңізге белгілі, Елбасы тапсырмасына сәйкес парақорлықпен күреске мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп отыр. Сондықтан оны болдырмау жолында барлық тетіктерді іске қосу қажет. Әр мемлекеттік қызметші жемқорлыққа жол бермей, өз қызметіне адал болуы тиіс. Сыбайластыққа жол берген пара беруші де, пара алушы да жазаланады! -деді Болат Әлмұқанұлы. Сондай-ақ кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев мемлекеттік жазалау шаралары, оның бұлтартпастығы мен заңның үстемдігі туралы айтып өтті. Жиын барсыныда жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-шаралар баяндалған бейнероликтер де көрсетілді. Кездесуде аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Зәйлім Мәжитова аудан бойынша жемқорлыққа қарсы атқарылып жатырған шаралар жөнінде баяндады. Кездесуден соң Болат Әлмұқанұлы мен Мақсат Аманқұлұлы тұрғындарға жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ҚОС КӨШЕНІҢ МЕРЕКЕСІ

Күні: , 68 рет оқылды

Сәрсенбінің сәтінде көше мерекесін Қ.Сәукенов және Қараөзен көшесінің тұрғындары жалғастырды. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей Қараөзен өзенінің жағасында орналасқан қос көшеде орыс, белорус, татар, қарақалпақ ұлт өкілдері қазақ бауырларының ортасында қуанышын да, қайғысында бірге бөлісіп тіршілік етуде. Бүгінде қос көшеде жалпы 71 отбасы, 371 адам тату-тәтті тұрып жатыр. Көше тойын автошерумен бастаған тұрғындары Абай, Байқоңыр, І.Масалиев, С.Датұлы, С.Ақсыйқов көшелерімен өтіп, Қараөзен көшесіне тоқтады. Мұнда арнайы көше тұрғындарының өз қаражаттарына жасақталған билбордты ашып, Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Сәукеновтың ұлы Марс Сәукенов, арнайы құрылған комиссия мүшесі Ғилым Едекешев сөз сөйлеп, тілектерін білдірді. Қос көшенің тазалығын, ұйымшылдығын көрген комиссия мүшелері үлгілі аула Асылбек Жамангариннің, жас отбасы Ернар Хамзиннің, көшенің үлгілі анасы Баян Қабиеваның, қос көшенің ақсақалдары Бақтен Сұлташевтың, Жақия Мусинның шаңырақтарында болып, дәмнен ауыз тиіп, отбасы мүшелеріне игі тілектерін айтса, көшенің ақсақалы Бактен ата ақ батасын берді. Мұнан кейін арнайы тігілген киіз үйде бас қосқан қонақтар ауыл тұрғындарымен дастархан басында кездесіп, көше тұрғындарының ұсыныс пікірлерін тыңдады. Бүгінде осы қос көшеде соңғы жылдары тұрғындардың үй салуы жиілеп, тұрақтап қалуы көңіл көншітеді. Жалпы қос көшеде алты тұрғын үй салынып, оның екеуі қоныс тойын тойласа, қалған төртеуі жақын күндері қоныс тойын тойламақ. Мерекелік шара орталық саябақта жалғасын тапты. Күні кеше дүние есігін ашқан, Жамангариндер отбасының немерелі болғанын жар салған көшеміздің жасөсіпірімі барша көрермендерді тұсау кесу рәсіміне шақырды. Баян Құбайқызының немересі Әнсаяның тұсау кесілді Әнсая бөбегіміздің тұсауын көшеміздің анасы Галя Мусина кесіп, бөбегімізге ақ тілгегін айтып, шашу шашылды, батасын берді. Концерттік шара Жалпақтал өнер мектебінің ұстазы, көшеміздің әншісі Асылхан Бултановтың арнау әнімен ашылды. Концерттік шара қазақ, орыс, ағылшынша үш тілде жүргізілді. Осы кеште достық биін ардагер ұстаз Ақсұлу Бажекенова бастаған мың бұралған бишілеріміз, жезтаңдай әншілеріміз, Баян Құбайқызы жетекшілік еткен әжелеріміз бар өнерлерін ортаға салды. Кеш барысында арнайы жасалған қос көше жайында бейне баян көрсетілді. Ал спортшыларымызда осы кештен табылып, оларды өнерлерін ортаға салды. Екі сағатқа созылған көше мерекесінде көше тұрғындарынан жасақталған хор «Бейбітшілік сақталады», Баян Қабиеваның «Ажарлы ауылым» әнімен аяқталды. Комиссия төрағасы Кенжебай Үмбетов, ішкі істер органының ардагері, Қараөзен, Қ.Сәукенов көшесінің байырғы тұрғыны Марс Сәукенов тамаша ұйымдастырылған кештің куәсі болғанын айтып, игі тілектерін білдірді. Осынау көше мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан көше тұрғындарына, ақжаулықты әжелерімізге, көшеміздің кәсіпкерлері Серік Дүйсенғалиевке, Ляззат Баетоваға көше тұрғындары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз

Тұрарбек АҚМЫРЗА


АУДАНДЫҚ СОТТА ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Күні: , 70 рет оқылды

Қазталов аудандық сотында «Қазталов аудандық жастар кеңесі» ЖҚБ-нің, Қазталов ауданды ішкі істер бөлімінің, Қазталов аудандық №1 пробация қызметі және аудандық сот қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде аудандық соттың төрағасы Райбек Хайырбеков ҚР Жоғарғы Соттың Төрағасымен «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша» пилоттық жобаның іске асу барысын айтты. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты — татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау болып табылады. Сонымен бірге медиацияны жүргізуді қажет ететін даулардың қосымша санаттары туралы айтылып, қазіргі таңда 16 азаматтық іс медиация тәртібімен аяқталса, соның ішінде аталған жоба аясында 12 азаматтық іс бітімге келумен аяқталғанын жеткізді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап сот бұйрығы электронды нысанда қаралып, бұйрық арқылы іс жүргізу істерінің 100 пайызы электронды нысанда қаралуын қамтамасыз етілгендігін мәлімденді. Сот төрағасы дөңгелек үстелде қатысушыларға ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінен облыс соттарында енгізілген «Электронды қылмыстық іс» пилоттық жобасы мен аталған жобамен қоса қылмыстық заңнаманың талабы негізінде жасалған қылмысқа және сотталушының жеке басының қасиеттеріне сәйкес жазаны дұрыс тағайындауға бағдарлануына мүмкіндік беретін «Жазаны тағайындау» аналитикалық пилоттық сервисі жөнінде де таныстырды. Жаңашылдықтар қағаз жүзіндегі құжат айналымын қысқартып, қылмыстық іс жүргізудің ашықтығын арттыратынын тілге тиек етті.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ» АТТЫ БОСТАНДЫҚТАҒЫ КӨШЕ ТОЙЫ

Күні: , 86 рет оқылды

20 қыркүйек күні Елбасының «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Бостандық ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» атты Абай, Е.Аязбаев, Т.Рысқұлов, М.Досқалиев көшелерінде көше тойы өтті. Шарада сөз алған Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетов барша ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ризашылығын білдірсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жапақов аталмыш көшелердің тариxына тоқталып өтті. Көше тойында ауыл тұрғынжары «Үлгілі әже», «Үлгілі ата», «Үлгілі үй», «Үлгілі келін» номинациялары бойынша марапатталды. Сондай-ақ шара барысында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындар өз өнерлерін ортаға салды. Көше тойында ауыл тұрғыны Бақыт әженің қолөнер бұйымдары көрсетіліп, жас келіндер ауыл үлкендеріне дәм ұсынды. Көшн тойының соңы қызу сауда-саттыққа ұласты.

«Ауыл айнасы» ақпарат


«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ҰЙЫТҚЫСЫ»

Күні: , 78 рет оқылды

22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні мерекесіне орай аудандық кітапхананың оқырмандар бөлімінің ұйымдастыруымен Қазталов мектебі жанындағы жатақханадағы оқушыларға «Мемлекеттік тіл – татулық ұйытқысы» атты шара өтті. Шараның мақсаты – оқырмандарға мемлекеттік тілдің маңызын, қасиетін ұғындыру, елін, жерін, өз тілін, Отанын сүюге тәрбиелеу. Шара барысында «Тіл туралы» заңы жөнінде кеңінен айтылып, бейнекөріністер көрсетілді. Жатақхана оқушылары қазақ тіліне арнап жазылған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, мақал-мәтелдердің жалғасын тапты. Шара соңында қазақ тілі туралы кітапкөрмеге шолу жасалды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ТОП ЖАЛПАҚТАЛДА

Күні: , 38 рет оқылды

20 қыркүйек күні ауданымыздың Жалпақтал ауылында жастар қоғамдық бірлестігінің «Өрле, Қазақстан» жастар ақпараттық түсіндіру жұмыстары бойынша облыс жастары мәдениет үйінде бас қосты. «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің менеджері, облыстық «Жас эколог» бірлестігінің төрағасы Саламат Ергенұлы, «Аманат-Жайық» ҚҚ теологі, облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабыралиев, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Белен Абзалұлы, облыстық жастар бірлестігінің менеджері Үміт Жəңгірова қатысты. Кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, округ əкімі Самиғолла Ақмурзин мекеме кәсіпорын басшылары, ауыл жастары болды. Кездесуде дін мәселесі сөз болды. Кездесуде ауыл жастар ұсыныс пікірлерін айтты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.