АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.09.2017


САЛАЛЫҚ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫМЕН ӨТКЕН БРИФИНГ

Күні: , 82 рет оқылды

19 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО бойынша филиалы Қазталов аудандық бөлімшесі мекемелері басшылары БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Брифингте аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров: -Қазіргі таңда «Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы» атауы «Қоғамдық денсаулық сақтау» басқармасы болып өзгертілуде. Біздің мекеме мекемелер мен кәсіпкерлік объектілерін тексерулермен айналысады. Ағымдағы жылдың 8 айында жоспарлы 106 тексерудің 105-і өтті. 90 объекттен бұзушылықтар анықталды. 90 адамға 2 миллионнан астам айыппұл салынды. Елімізде жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялағаннан кейін шағын және орта кәсіпкерлікті тексеру азайды. Биыл тек 15 жеке кәсіпкерге тексеру жүргіздік. Сондай-ақ қазіргі күнде санитарлық аудит (тәуелсіз тексеру) арқылы да мекемелер мен жеке объектілер өздері тексерту жүргізе алады. Ауданымызда 10 объект осы аудитті шақыртып, тексеруден өтті. Оларға біз енді тексеру жүргізе алмаймыз. Күз айлары келгендіктен біздер тұрғындар арасында тұмауға қарсы екпе жұмыстары бастап жатырмыз. Өткен жылы жоспар бойынша тұрғындардың 10 пайызы (3060 адам) егілуі тиіс болса, олардың 6,8 пайызы (2079 адам) екпе алды. Жазғы маусымда жұмыс жасаған жазғы лагерьлерде тамақтан улану не басқа да аурулар тіркелген жоқ. Сонымен қатар тұрғындар арасынан да жеке кәсіпкерлік немесе мекемелерге қатысты шағымдар болмады, -деді өз сөзінде. Брифингте «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО бойынша филиалы Қазталов аудандық бөлімшесінің басшысы Ерболат Изимов те өз саласы бойынша атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндап өтті. -Біздің бөлімшеде 2 зертхана жұмыс жасайды. Санитарлық-химиялық зертханада қоршаған орта, тағам өнімдеріне зерттеулер жүргіземіз. Біздің аудан Каустин Яр, Азғыр полигондарына жақын орналасқандықтан, ай сайын белгіленген елді мекендерден су, топырақтан сынама алып, радиациялық ахуалын анықтау үшін облыстық зертханаға жібереміз. Ағымдағы жылы алынған 55 сынамадан ауытқулар байқаламады. Сонымен қатар құбыр суларынан 82 сынама алынып, еш ауытқу байқалмаса, ашық су қоймаларынан алынған сынамалардан 5 сәйкессіздік (кермектік, хлорид) анықталды. Бұл көктемгі мезгілде болатын құбылыс. Яғни ашық су көздерінің қар суымен, жауындармен толыққан кезінде орын алады. Ал паразитологиялық-бактериолгилық зерттеулер кезінде ешқандай қауіп анықталған жоқ, -деді Ерболат Рамазанұлы. Брифинге «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Гүлфия Көшбаева партияның аудан бойынша атқарып жатырған жұмыстарына тоқталып өтті. -Аудан бойынша 2501 партия мүшесі болса, олардың дені жастар. Партия мүшелері қатары жылдан жылға толығып келеді. Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясы қатарына 118 мүше қабылданды. Партия биыл тұрғындар арасында 90 жеке қабылдау жүргізіп, оған 143 азамат қатысса, олардың 92-сінің мәселесі оң шешімін тапты. Бастауыш партия ұйымдарының жұмыстары да жоғары деңгейде. Атап айтсақ, Қошанкөл, Тереңкөл БПҰ аудан, облыс бойынша үздік деп танылып отыр. 7 партиялық жоба да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар партиялық бақылау үнемі жүргізіліп келеді, -деді. Брифинг барысында мекемелерге сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды. Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Күні: , 118 рет оқылды

18 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру жөнінде кездесу өтті. Кездесуге қоғамдық келісім кеңесі, аудандық ардагерлер ұйымы, аналар кеңесі, ауыл мешітінің имамы, жастар жетекшілері қатысты. Кездесуде №1 Қазталов аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет лейтенанты Азамат Иманғалиев: -Пробация қызметінің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды. Жалпы Қазталов ауданы бойынша 27 адам тіркеуде тұр. Оның 18-29 жас аралығындағы 7 адам бар. Қазіргі күнде пробация қызметін қолданып жүрген 1 адамды оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыру жұмыстары жүруде. Ауылымызда тұрақты жұмыс болмағандықтан келісім-шарт бойынша жұмыстарға жібереміз. Ауданның Бостандық, Әжібай, Қазталов ауылдық округтері пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар жағынан алдыңғы орында. Осы күнге дейін жастармен бірігіп жұмыстар жүргізіп келеміз,- деді. Шарада аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тауфих Мұқанов, ауыл мешітінің имамы Жандосбек Құсайынов және жастар жетекшілері өмірде шалыс басқан адамдарды қоғамдық ортаға тарту, жұмысқа орналастыру, білім алуына ықпал ету, мектептерде осы мәселеге қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


АУДАН ӘКІМІ «ҒҰМАР ҚАРАШ ІЗІМЕН» АТТЫ ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 80 рет оқылды

18 қыркүйек күні Алма Оразбаева мектебінде аудан әкімі Абат Шыныбеков «Ғұмар Қараш ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция мүшелерін қабылдады. Бұдан бұрын жазғанымыздай «Ғұмар Қараш ізімен» атты экспедиция 6-10 қыркүйек аралығында Қараоба-Қошанкөл-Нұрсай-Күйгенкөл (Жәнібек ауданы)-Жәнібек-Хан Ордасы-Көктерек-Жалпақтал-Бостандық-Қазталов ауылдарын қамтыған болатын. Қабылдауда сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков, -Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған, төрт күнге созылған бұл экспедицияның алар орны зор. Өйткені әрбір адамның өзінің кіндік қаны тамған туған жердің тарихын білу — азаматтық борышы болып табылады. Бұл орайда біздің өңіріміздің тарихы бай да, шежірелі. Оның өскелең ұрпаққа берері зор. Міне, осындай тағылымы мол экспедицияны сіздер абыройлы атқарып келдіңіздер, -деді. Қабылдауда Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Ғұмар Қараштың өмір дерегі мен шығармашылығына тоқталса, сонымен қатар экспедицияның сапарын баяндайтын бейнекөрініс те көрсетілді. Қабылдау кезінде экспедиция мүшелері өздерінің сапарлары кезіндегі қызғылықты сәттерінен әңгімелер айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Осындай экспедицияның шығуына қолдау көрсеткен аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізіп, экспедиция сапарын бейнелейтін естелік табыс етті. Сондай-ақ қабылдауда қоғамдық ұйым өкілдері және мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері «Рухани жаңғырудан» туындайтын міндеттерге байланысты алда атқарылар жұмыстар жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.