АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.09.2017


«ОТБАСЫ КҮНІНЕ» АРНАЛҒАН ҚУАТ АХМЕТОВТЫҢ ӘДЕМІ ӘН КЕШІ

Күні: , 147 рет оқылды

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет болып та табылады. Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып аталып өтеді. Осыған орай 10 қыркүйек күні «Достық» саябағына жиналған жұртшылықты Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев құттықтап, әрбір отбасына бақыт пен береке тіледі. Мерекеге байланысты жергілікті әуесқой сазгер, әнші Қуат Ахметов өзінің концерттік бағдарламасын жұртшылыққа ұсынды. Сахна шымылдығын өзі шығарған «Сүйгенім» әнімен ашқан Қуат көптеген әндерді орындады.Саханада «Батыс», «Это время», «Однокласники», «Жәнібек шекара жасағы», «Достарым» әндері шырқалды. Сондай-ақ Қуат Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнін де орындаса, бард дауысты әншінің «…Қыр баласы тауға қарап өспейді» әнінің мазмұны мен ойын жеткізгенін айтқанымыз жөн. Расында да Индерден түлеп ұшқан, қазақтың бағына біткен, әттең өмірден ерте өткен Табылдының әндерін тыңдай қалсаң әр жолында үлкен ой, мағына жатады. Аласұрған теңіз толқынындай сөзі мен әні бір-бірімен ұйқасып, адамды үлкен бір биіктерге бастайды. Тек осындай әндер, шындығы керек, сахналарда сирек айтылып жүр. Міне, осындай әндерді Қуат халық арасында насихаттап жүр десек артық айтқандық болмас. Сондай-ақ Қуаттың шәкірті деуге болады, мектеп оқушысы Бекзат Ахметов те осындай әндерді орындап, тыңдармандарын баурап алып жүргендерін білеміз. Міне, бұның өзі Қуат сияқты ағаларынан үлгі алып, жүр деген сөз. Сонымен қатар концерттік бағдарламада Қуат өзінің әндерінің тарихын да жеткізіп, жұртшылыққа таныстырып отырды. Бұның өзі әрбір әннің тарихын тыңдарман біліп жүргенін және сол әндер Сарыөзеннің бойында дүниеге келгенін де түсінгендері дұрыс дейміз. Шекара қызметінде үлгілі қызмет істеп жүрген өнегелі отбасының иесі Қуат Ахметов жексенбі күні жерлестерін әнмен бір сусындатып тастады.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


РЕСЕЙДІҢ КӨРШІ АУДАН БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 80 рет оқылды

Ресейдің көршілес жатқан аудандарымен үнемі тығыз байланыс жасалып келеді. Осы орайда екі елдің арасындағы айтулы мерекелік күндер достық қарым-қатынаста жоғарғы деңгейде өткізілуде. Саратов облысының Новоузенск, Александров-Гай аудандарында тұратын қандас бауырлармен байланыс еш үзіліп көрген жоқ.  Соның айғағындай 8 қыркүйек күні Қазталов ауданы əкімі Абат Шыныбеков Новоузенск ауданының құрылғанына 89 жыл толуына орай өткізілген мерекеге арнайы барып қайтты. Осы мерекелік шарада Жəнібек ауданы əкімі А.Сафималиев болды. Екі ауданның əкімі Саратов облысының губернаторы В.Радаевпен кездесті. Мерекелік шара әуелеген ән, күмбірлеген күй және мың бұралған бимен өрнектелген концерттік бағдарламаға ұласып жатты. Қазталов ауданы əкімі Абат Шыныбеков Александров-Гай муниципалдық ауданының басшысы С.Федечкинмен кездесті. Кездесу барысында шекаралас аудандар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілу туралы əңгімелесті. Сондай-ақ Қазталов ауданы əкімі Абат Шыныбеков, — Тарихы ортақ, мәдени тығыз байланыс орнаған екі аудан арасындағы достық қатынас ешқашан үзілмесін, -деген тілекпен, қазақи оюмен безендірілген тұмарды табыс етті.

Жұлдыз АСҚАР


«ТУҒАН ӨЛКЕ» ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫН ҚАРСЫ АЛДЫ

Күні: , 164 рет оқылды

10 қыркүйек күні «Туған жер» бағдарламасы аясында «Ғұмар Қараш ізімен» атты тарихи-туристік экспедиция Қазталов ауылына келіп жетті. Қараоба ауылынан басталған Қошанкөл-Нұрсай-Күйгенкөл (Жәнібек ауданы)-Жәнібек-Хан Ордасы (Бөкей ордасы ауданы)-Көктерек-Жалпақтал-Бостандық-Қазталов маршруттарымен жүріп өткен экспедиция мүшелері туған жердің тарихы мен өткеннен мағлұмат деректер алды. Экспедиция мүшелері сонымен қатар өздері болған жерде ауданымыздағы атқарылып жатқан жұмыстар бағытында түрлі шараларды да таныстырып өтті. Экспедиция мүшелерін күре жолдың бойындағы аудан қақпасының алдында салтанатты түрде қарсылау рәсімі өткізілді. Туристік экспедиция мүшелері Қазталов ауылының Тәуелсіздік, Х.Жақып, Ихсанов, Құрманғазы, Шарафутдинов көшелерімен жүріп өтіп, «Құрмет шеңберін» жасады. Бұл биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Алаш қозғалысына деген бір тағзым болып табылады. Экспедиция мүшелерін «Достық» саябағында аудан жұртшылығы, мектеп оқушылары қошеметпен қарсылап алды. Экспедиция мүшелерінің және жиналған жұртшылықтың алдында сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, -Жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналған «Туған жер» бағдарламасымен бағыт алған, ұлы дала өркенитіне өрнектеп жол салған жоба аясында сіздер үлкен істер атқарып келдіңіздер.Енді жақын арада осы экспедицияның жұмысы дөңгелек үстел басында келелі әңгімеге айналады. Сіздерге осындай патриоттық бағыттағы экспедицияға қатысқандарыңыз үшін аудан әкімі Абат Абайұлының ыстық ықыласын жеткіземіз. Сонымен қатар экспедицияның жалғасы күні ертең аудандық «Ауыл айнасы» газетінің қызметкерлерінен құралған топ Сырым еліне аттанатын болады. Бұндағы мақсат — Алаш қозғалысының астанасы болған Жымпитының тарихи орындарымен танысып, арнайы бейнефильм жасалып және ақпарат беттерінде жарияланатын болады, -деді. Салтанатты жиында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов, аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының директоры Нұрлан Жасқалиев, өлкетанушы Миржан Қарабалин, аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиев сөз алып, «Туған жер» бағдарламасының және Алаш қозғалысының 100 жылдығына тоқталып өтті. Салтанатты жиынның соңын аудан көркемөнерпаздарының әншілері Туған жер туралы әнмен өрнектесе және экспедиция мүшесі Аман Қабошев орындаған «Қазталовым — бесігімсің, сен менің» әніне салтанатқа қатысушылардың барлығы қосыла шырқады. Қыркүйектің салқын лебімен бірге көк аспанға туған жер туралы сазды ән қалықтап жатты…

Әсем БОЛАТ


ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ӘНГЕ БӨЛЕДІ

Күні: , 142 рет оқылды

9 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова мен әнші-термеші Мейрамгүл Орашева «Бақыттың жүрмін жолында» концертін көрермендерге ұсынды. Кең де ашық дауысты Сұлушаш Нұрмағамбетова тыңдармандарын өзінің талантымен бірден баурап алды. Әрбір әннің тарихын келтіре отырып, әнді жүрекке жеткізе айтты. Сонымен қатар әнші-термеші Мейрамгүл Орашева Мұхиттың, Махамбеттің термелерін орындаумен қатар күні кеше ғана Орал қаласында еске алу кеші өткен жерлесіміз Темірәлі Бақтыгереевтің де әндерін орындап, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады. Осындай әннен әдемі кеш сыйлаған қос өнер жұлдызына аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин алғыс хат және естелік сыйлық табыстады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАППАЙ ЖҮГІРУ ӨТТІ. «ТАЗАЛЫҚ АЙЛЫҒЫ» БАСТАЛДЫ

Күні: , 179 рет оқылды

9 қыркүйек күні – денсаулық күніне орай жаппай жүгіру шарасы өтті. Жаппай жүгіруге Қазталов және А.Оразбаева орта мектебі оқушылары, мекеме-ұйым қызметкерлері қатысты. Шарада Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев сөз сөйлеп, жүгіруге қатысушыларға сәттілік тілеп, сонымен қатар аудан бойынша «Тазалық айлығының» басталғанын да хабарлады. Осы күні орталық базарда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтсе, аудандық мекеме, ұйымдардың қызметкерлері сенбілікке шығып, көше бойлары мен Қарасу тоғанының жағалауын қалдықтардан тазалады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ӘЖІБАЙДАҒЫ КӨШЕ ТОЙЫ

Күні: , 154 рет оқылды

8 қыркүйек күні Әжібай ауылында Елбасының «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Бейбітшілік және Қызылту көшелерінде көше тойы мерекесі өтті. Шарада Бірік ауылдық округі әкімі Батырxан Байғонақов және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ораш Малаев сөз алып, көше тойын ұйымдастыруға атсалысқан барша ауыл тұрғындарына алғыстарын білдірді. Шарада Бейбітшілік көшесінің тұрғыны Уәлиxан Жағыпаров, Қызылту көшесінің тұрғындары Артур Қабделов және Алтынғаным Садетова «Үлгілі үй» тұрғыны номинациясымен марапатталса, Орын Мақашев Бейбітшілік көшесінің «Ең үлкен» тұрғыны, Еркежан Дәулетқызына Ең жас» тұрғыны ретінде дипломдар табысталды. Сондай-ақ көше тойында «Талпын» шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Мұқашев пен ауыл тұрғыны Венера Хайдарова аз қамтылған отбасыларға демеушілік білдірді. Осындай көше тойы сынды игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Әсем БОЛАТ


«ҒҰМАР ҚАРАШ ІЗІМЕН» АТТЫ ЭКСПЕДИЦИЯ

Күні: , 196 рет оқылды

7 қыркүйек күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» мақаласы шеңберінде және Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында аудан жастарынан құрылған «Ғұмар Қараш ізімен» атты танымдық-туристік экспедиция мүшелері Нұрсай, Күйгенкөл (Жәнібек ауданы), Жәнібек ауданында болып, ауыл жастарымен кездесті. Нұрсай ауылында өткен кездесуде сөз алған ауыл әкімі Ернар Ғалымов пен ауылдың ардагері Едіге Шоқанов экспедиция мүшелеріне алғыстарын білдіріп, сапарларыңыз оң болсын! -деген тілектерін жеткізді. Осы орайда Жәнібектік ағайындарға Елбасымыздың «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы негізінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының арнайы даярлаған «Туған жер аяулы, алтын бесігім» атты шығармашылық концерті ұсынылды. Бұл шығармашылық кеште әсем ән де шырқалды, көрініс те қойылды. Жастардың белсенділігіне риза болған жәнібектіктер шығармашылық кешке жоғары деген баға берді. 1971 жылы М.Мəметова ескерткіші Жəнібек аудан орталығында сол кездегі Жəнібек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Чарльз Қойшыбаев ағамыздың сол замандағы аудан жастарын ұтымды ұйымдастыра білген ұтқырлығының арқасында бой түзеді. Жəнібек кентіне үлкендердің айтуы бойынша, 1969 жылы М.Мəметованың анасы Əмина апамыз Хиуаз Доспановамен бірге арнайы келген. Сол сапардан араға 2 жыл салып Батыр ескерткіші бой түзеген. «Ғұмар Қараш ізімен» «Туған өлке» тарихи-танымдық экспедициясына шыққан Қазталов ауданының туристері,мектеп оқушылары, жастары шығыстың қос шынарының бірі болған Маншүк апамыздың ескерткішінде болды. «Туған өлке» тарихи танымдық экспедициясының мүшелері Қараоба ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Омар Жазықұлының бейітіне барып, тағзым етті. Ғұмар Қараштың ұстазы болған Омар бабамызды ел ішінде Қалпи деп атаған екен. 1841-1890 жылдары аралығында өмір сүрген Қалпи бабамыз өз заманында дана да, дара адам болған. Экспедициясы мүшелерін Энгельс елді мекендерінде орналасқан баба зиратына Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының директоры Р.Жұмағұлов пен Қараоба ауылдық округі аппаратының бас маманы Ж.Абдрахманов бастап барды.Сапар барысында Руслан Бекежанұлы экспедиция мүшелеріне біраз тарихи мағұлматтардың бетін ашып, топтың тың тарихи шежіремен құлақтануына себепкер болды. Жалпы қараобалықтардың еліміздің өткен тарихын түгендеп, ата-бабаларымыздың аруақтарын қадірлеудегі ерекше талпыныстарына риза болдық. Бөкей Орда ауданы, Мұратсай ауылдық округі жанындағы Мұратсай көлін «Туған өлке» тарихи-танымдық экспедициясының мүшелері тамашалап, тарихымен танысты. Бұдан бұрын баяндағанымыздай ел игілігі үшін ауқымды іс тыңдыруды басты мақсат етіп қойған экспедиция мүшелері Хан Ордасына ат басын тіреді. Тұңғыштар мекені əрі қалың тарихтың Отаны саналатын Орда топырағында аудандық тарихи-өлкетану мұражайымен танысып, біраз мағұлматтар алды. Солардың ішінде белсенді топ өкілдері еліміз бойынша тұңғыш қазақ атты əскер полкінің қалаушы Бисен Жəнекешовке арнап тұрғызылған мəдениет үйі алаңындағы ескеркішке барып, тарихы тұлғаның өмір жолымен, еңбегімен танысты. Ескерткішке бас сұққан кезде Бөкей Ордасы аудандық тарихи-мұражай кешені директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева, Қазталов аудандық БЖТ ж ЭО-нің өлкетану бөлімінің меңгерушісі Мержан Карабалин тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі жөнінде жан-жақты баяндады. Көбіміз қазақтың ең ежелгі мұражайы Батыс Қазақстан облысының Хан ордасы ауылында ашылғанын біле бермейміз.Осы мұражай араға ғасыр салып, 1962 жылы қайта ашылды. Орда мемлекеттік музейі 2002 жылы тарихи кешенге айналды.Хан ордасы ауылындағы 1868 жылы салынған қазынашылық үйі қаз-қалпында сақталған. Осы мұражайға экспедиция мүшелері ат басын тіреп, толығырақ тарихи деректермен танысты. Сондай-ақ Бөкей ордасы аудандық тарихи мұражайының директордың орынбасары Назымгүл Мəдиқызы аудандық экология жəне туризм орталығының өлкетану бөлімінің меңгерушісі Миржан Карабалинге Бөкей ордасы аудандық тарихи мұражай кешенінің анықтамалығы мен кіші жүз руларының шежіресін естелікке тапсырды. Экспедиция мүшелері 225 шақырым жолдан кейін Көктерек ауылына да келді. Ең алғаш Көктерек орта жалпы білім беретін мектебіне бас сұғып, мектеп тарихымен танысты. Сондай-ақ экспедиция мүшелері мектеп оқушыларымен дөңгелек үстел ұйымдастырды.Дөңгелек үстел барысында Бірік ауылдық округі бойынша жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы Аман Қабошев, А.Оразбаева мектебінің оқушысы Бекзат Досжанұлы эспедицияда алған əсерлерімен бөлісті. Экспедиция мұражайда жалғасын тапты.

Жұлдыз АСҚАР


«ҚЫЗ ЖІБЕК» АНСАМБЛІН ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 130 рет оқылды

Қазталов ауданының мерейін асқақтатып, киелі өнер көгінде, соның ішінде дәстүрлі өнерде қанаттары талмай қалықтап жүрген «Қыз Жібек» термешілер ансамблін айтуға болады. Ауданымыз ғана емес облысымыздың атағын шетелдерге танытқан да осы ансамбль болатын. Дарынды ұстаздар Баян Қабиева мен Асылхан Болтанов жетекшілік ететін термешілер ансамблі 2013 жылы Жалпақтал өнер мектебі жанынан құрылып, содан бері бұл ансамбльге Жалпақтал ауылындағы қос білім ордасынан талантты да талапты оқушылар тартылып, ансамбль мүшелері талай облыстық, республикалық және халықаралық өнер сайыстарында топ жарып жүргеніне бәріміз күәміз. Ал биылғы жылы еліміздің елеулі оқиғасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде «Қыз Жібек» ансамблі концерттік бағдарлама беріп, жырдан шашу шашып, Елордамызға жиналған көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар «Қыз Жібек» ансамблі 30 тамыз күні Астана қаласында өткен Конституция күніне арналған концертте де өз өнерлерін көрсетіп қайтқан болатын. Қазақ эстрадасының өнер жұлдыздарымен қатар ән айтқан «Қыз Жібек» ансамблінің бұл жетістігі ауданымыздың мәртебесі деп толық айтуға болады. Осыған орай 7 қыркүйек күні аудан әкімі Абат Шыныбеков «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшілері мен мүшелерін қабылдады. Қабылдауда сөз алған аудан әкімі,- Мен бұрыннан «Қыз Жібек» ансамблі туралы естіп жүретінмін. Міне, бүгін сәтін салып кездесіп жатырмыз. Сіздердің Елордамыздың төрінде өтіп жатырған «ЭКСПО-2017» көрмесінде өз үлестеріңді қосып, сондай-ақ Ата Заңымыздың мерекесіне арналған концертке қатысып қайтқандарыңыз ауданымыздың ғана емес облысымыздың да мерейі деп білемін. Осындай ансамбльдің Қазталов ауданында құрылып, өнерлерімен барша халықты сусындатып жүруі біз үшін үлкен мақтаныш. Баян Құбайқызы бастаған ансамбльге болашақта шығармашылық табыс тілеймін! – деген тілегін жеткізіп, ансамбль жетекшілері мен мүшелеріне алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Қабылдауда ансамбль жетекшілері Баян Қабиева мен Асылхан Болтанов аудан әкіміне өз алғыстарын айта отырып, алдағы уақыттағы жоспарлары мен қатар ұсыныстарын да білдірді. Қабылдауға қатысқандар ансамбль мүшелерінің орындауындағы тамаша әндерді тыңдап, үлкен әсерге бөленді.

Қайрат ЖАҚЫП


«АБАЙДЫ ӘЛЕМ ТАНЫҒАН»

Күні: , 124 рет оқылды

7 қыркүйек күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» мақаласы аясында аудандық жастар демалыс орталығының әдіскері Нұрия Хабибуллинаның ұйымдастыруымен «Абайды әлем таныған» атты шара оздырылды. Шарада ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер бейнекөрініс көрсетілді. Сондай-ақ аудандық кітапxана мен «Нұрбалапан» бөбекжай балабақшасының қызметкерлері және Қазталов пен Алма Оразбаева орта мектептерінің оқушылары ақынның шығармаларынан үзінді оқыды. Шара соңында аудандық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі Абай өлеңдерінен попури айтып, әсем әннен шашу шашты.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.