АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.09.2017


«ҒҰМАР ҚАРАШ ІЗІМЕН» АТТЫ ЭКСПЕДИЦИЯ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Күні: , 161 рет оқылды

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жанғыру» мақаласы «Туған жер бағдарламасы» шеңберінде және Алаш Орданың 100 жылдығына орай «Ғұмар Қараш ізімен» атты жастардан, оқушылардан құралған тарихи танымдық-туристік экспедициясы 6 қыркүйек күні Қараоба ауылынан бастау алды. Экспедиция 10 қыркүйекке дейін Қараоба-Қошанкөл-Нұрсай-Күйгенкөл (Жәнібек ауданы)-Жәнібек-Хан Ордасы-Көктерек-Жалпақтал-Бостандық-Казталов ауылдарын қамтиды. Экспедеция құрамында жастар ресурстық орталығының және туризм орталығының мамандары, ұстаздар, оқушылар, блогерлер, журналистер барлығы 41 мүше бар. Экспедицияның мақсаты — өз өлкемізді тану, тарихи жерлерді, жер-су атауларын зерттеу, нәтижесінде бейнефильм шығару, фотокөрме, өлке туралы анықтамалық, альбом, эссе, мақалалар топтамасы, жол күнделігі, рефераттар шығару. Сонымен қатар аудандық жастар ресуртсық орталығының Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына арнайы «Туған жер-алтын бесігім» атты бағдарламасы, театрландырылған көріністермен көрерменге ұсынылады. Көктерек тоғайында 5 қыркүйек күні бастау алған «Туған жердің қадірі» атты Жастар саяси лагерінде 6 қыркүйек күні аудан әкімі Абат Абайұлыны аудан жастарымен бейресми кездесуі ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Ауданымызда бастау алып жатырған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер бағдарламасы» шеңберінде өз ой-пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды, тың идеяларыңыз болса бізбен бөлісуге болады. Олай болса іске сәт, экспедиция мүшелері!

Әсем БОЛАТ


БАҒУСЫЗ МАЛ, ТАПАЛҒАН БАУ-БАҚША…

Күні: , 168 рет оқылды

Қолына кетпен-күрек ұстап, бау-бақша егудің бейнеті мен зейнетін көріп жүрген азаматтар саусақпен санарлық. Ауызға оңай айтылғанымен көктемнен қара күзге дейін тынбай жердің төсін емген, «құмырсқадай» еңбекқор азаматтар ғана еккен өнімнің жемісін көрмек. Жылма-жыл Сарыөзен бойынан бақша салып жүрген Ғарифолла Ғаббасов, Алишев және Қосшыбай Қапрахимов ағаларымыздың еңбеқорлығына риза боласың. «Балапанды күзде сана» демекші өнімізді енді жинаймыз деп отырғанда Мышымдағы бұл бақшаны мал тапап тастаған екен. Бұл хабарды редакцияға Қосшы ағамыз айтып келді. Өз көзімізбен көрейік деп Мышымға арнайы барып қайттық. Алдымыздан мына суреттерден көріп отырғандарыңыздай көңілсіз көрініс шыға келді. Әр жерде малдың жапасы мен тұяғының ізі. Қаз-қатар егілген көкөністерді жегенін жеп, жемегенін тапап кеткен. Есіл еңбектің еш кеткені-ай! — деп осыны айтарсың. Бақша басында жүрген Қосшы, Еділ ағаларымыз,- Биылғы жылы бақша егуді кеш бастадық. Оның себебі жер жыртатын техника уақытында келмеді. Жаздай күтіп, баптап енді өнім алып жатырғанымызда бақшаны мал тапап жатыр. Жаз бойы мал қайтарумен жүрміз. Бақшаға Қазталов ауылының бағылатыны бар, бағылмайтыны бар сиыры мен қой-ешкісі «жау» болып тұр. Арасында жылқы да келеді. Бұл жыл сайын айтылып жүрген мәселе. Ауыл әкімдігі қайда қарап отыр? Біз айта-айта шаршадық. Мал бағылымын дұрыс ұйымдастыруы керек қой. Малды қараусыз қалдырғандарға тиісті шара неге қолданбайды? Біз бақша өнімін ала алмасақ, алған несиені қалай қайтарамыз? — деген реніштерін жеткізді. Мемлекетіміз,- адамдарға қол қусырып отырмай, кәсіп жаса,- деп жатырғанда маусымды кезде қолына кетпен ұстаған адамдардың еңбектерінің еш болғаны өкінішті.

Қайрат ЖАҚЫП


НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

Күні: , 159 рет оқылды

4 қыркүйек күні «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» негізгі ережелері және оны жүзеге асыруға бағдарламаның әлеуетті қатысушыларының, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдар өкілдерінің қатысу тетіктері бойынша семинар өтті. Семинарға «Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институты» мекемесінің директоры Үмбетқали Жаңабеков, «БҚО Азаматтық Альянс Ассоциациясы» заңды тұлғалардың бірлестігінің директоры Жаннат Танабаева, ауылдық округ әкімдері мен мамандары қатысты. Семинарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі бағыттары және оның жүзеге асырылу барысы туралы Үмбетқали Жаңабаев айтып өтсе, осы бағдарлама бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме қызметтерін жүргізуді заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жетілдіру жолдарын Жаннат Танабаева түсіндіріп өтті. Семинар барысында кәсіпкерлік оқыту мен жұмысқа орналастыру туралы қатысушылар сұрақтар қойып, бағдарламаның ауылдық округтерде жүзеге асырылуының тәжірибелік қырлары бойынша тренинг өткізілді. Семинар соңында бағдарлама бойынша тестілеу жүргізілді.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Күні: , 134 рет оқылды

4 қыркүйек күні аудандық ерікті мүгедектер қоғамының есеп беру және сайлау конференциясы өтті. Конференцияға «Батыс Қазақстан облыстық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қадер Нұрғалиев, ауылдық округ әкімдері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Конференцияда аудандық ерікті мүгедектер қоғамының 2012-2017 жылдары атқарған жұмысы туралы қоғамдық бірлестік төрағасы Альберт Нығметов, мүгедектерге ұсынылатын теxникалық көмекші құралдар мен әлеуметтік қызмет түрлерін монетизациялау жобасы және бөлім бойынша мүгедектерді оңалту жұмысы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бақытжамал Қазиxанова баяндама жасады. Ауданымыз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың саны — 976 болса, оның 93-і 1 топ мүгедегіне жатады. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, олардың қоғамнан тыс қалмауы бағытында мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Мекеме ғимараттарын бейімдеу жұмыстары да үнемі назарда ұсталып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша бейімдеу жұмыстары 78 пайызға орындалған. Яғни, бұл мекеме алдына пандустар орнату, зағип жандар үшін арнайы белгілер қою, мүгедектерге арналған автотұрақ сынды жұмыстар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту да қолға алынды. Оларды кәсіпкерлікке тарту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданған. Осы бағдардамалар аясында ауданда 6 мүмкіндігі шектеулі жандар 9 миллион теңге көлемінде несие алып, бүгінде кәсіптерін ашып отыр. Сондай-ақ ерікті мүгедектер қоғамы арқылы да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қайырымдылық арқылы түскен қаражаттарға түрлі шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік көмектер беріліп келеді. Конференцияда сөз алған «Батыс Қазақстан облыстық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытында атқарылып жатырған жұмыстарға тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын да айта кетті. Ал түйінді мәселелер біздің ауданымызда да жоқ емес. Мәселен бірі кәсіпкерлік ашу кезінде кездесіп отырған кедергілер, мекемелердегі мүгедектерге арналған арнайы кезектің жоқтығы жөнінде айтып өтсе, кейбіреулері тұрғын үй мәселесі жөніндегі қиындықтарын жеткізді. Конференцияда аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Альберт Нығметовтің өз еркімен төрағалықты тапсыруына байланысты төраға орнына кандидаттар ұсынылып, талқыға салынды. Конференция соңында қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.