АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.09.2017


ЖҰМЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 70 рет оқылды

Сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ауданымызға келді. Өңір басшысының орынбасарымен аудан әкімі Абат Шыныбеков бірге болды. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ауданымыздағы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бүгінгі таңда аудан орталығы Қазталов, Бостандық, Жаңажол, Жалпақтал, Қараөзен, Ақпәтер, Қайыңды, Талдыапан ауылдық округтерінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауызсу тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


АУДАН СПОРТШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Күні: , 166 рет оқылды

2 қыркүйек күні ауданымыздың Жалпақтал ауылдық округінің мәдениет үйінің кіші мәжіліс залында облыстық және аудандық спорт мектебінің жетекшілері, жаттықтырушылары, ауданымыздың білім ордаларының дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары бас қосқан кеңес өтті. Кеңес жұмысына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қатысты. Отырыста, бұқаралық, спортты дамыту, мамандар әзірлеу, елдің спорттық имиджін арттыру, саланы қаржыландыру жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланып нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғарғы спорт жетістіктерінің бөлім басшысы Асылбек Өтешев, аталмыш бөлімінің бас маманы Әскербек Нұрмұханов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметовтердің хабарламалары тыңдалды. Аудан бойынша 82 дене шынықтыру ұйымдары жұмыс жасауда. салауатты өмір салтын қолдау мақсатында аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен айналысушылар саны 8580 адамды құрайды. Спорт түрлері бойынша 2497 адам спорт секциялары мен үйірмелерде айналысуда. Жалпы аудан бойынша 27,9 пайыз спортпен тұрақты түрде айналысып келеді. Сонымен қатар Жалпақтал ауылындағы аудандық спорт мектебінде спорттың 12 түрінен 486 спортшыға 22 жаттықтырушы болса, аудан орталығындағы спорт мектебінде 166 спортшы спорттың 8 түрінен жаттығып, 8 жаттықтырушы жұмыс жасауда. Облыстық жарыстарда аудан спортшылары әртүрлі жас ерекшеліктеріне сай 2015 жылы 22 алтын, 26 күміс және 26 қола медальдарды еншіледі. Ал 2016 жылы 15 алты, 17 күміс, 29 қола медальдарды иеленді. 2017 жылдың 8 ай ішінде 19 алтын, 14 күміс және 7 қола медаль иеленіпті. Ауыр атлетика, пауэрлифтинг, волейбол, дзюдо және қазақ күресі секілді спорт түрлерінен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Кездесу барысында басқарма басшысы Әсия Рахымқызы ең басты спортшылардың жетістіктерін көрсету, әр түрлі деңгейдегі жарыстарға жасөспірім спортшыларды қатыстырып, шыңдау керектігін айтты. -Егерде нәтиже көрсете алмайтын болса, онда басқа спорт түрін ашуымызға тура келеді. Қазталов ауданында қысқы спорт түрін дамыту қажет. Сонымен қатар спорттың жеңіл атлетика түрі нашар. Аудандық орта мектептердің дене шынықтыру пәнінің ұстаздары спорттың жеңіл атлетика түрін неге дамытпасқа? Орта мектептерде барлық жағдай жасалған. Спорттық құрал жабдықтар жеткілікті,-деді Әсия Рахымқызы. Кездесуде спорт мектептерінің жаттықтырушылары атынан әртүрлі ұсыныс-пікірлер айтылды. -Сонымен қатар ауданда ұлттық спорт түрлерін дамытуымыз қажет. Сіздердің әрқайсысыңызды дене тәрбиесімен және спортпен белсенді түрде шұғылдануға шақырамын. «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Спорт қана адамдарға денсаулық, күш-жігер, сұлулық сыйлайды, қиындықтарды жеңуге үйретеді,-деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Кеңес жиынын аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы қорытындылады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


СЫҢҒЫРЛА, ҚОҢЫРАУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҮНІ

Күні: , 108 рет оқылды

Күз мезгілінің алғашқы айының бірінші күні Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келуіне орай 2 қыркүйек күні ауданымыздың іргелі мектептердің бірі Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде күмбірлеген қоңырау соғылды. «Мектеп — кеме, білім — теңіз». Сол білім теңізінде шұғылалы сәуле шашып, нұр құятын — мектеп. Ал, алтын ұя алыстан «мен мұндалап» жарқырап тұрса, қай шәкірттің болмасын, кеудесін қуаныш кернейтіні айқын. Білім ошағы жалпы саны 430 шәкіртті құшақ жая қарсы алса, соның ішінде 40 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Мерекелік шарада мектеп басшысы Гүлмайра Нариманқызы сөз сөйлеп, 1 сыныпқа қабылданып отырған оқушыларды, ата-аналарды, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Сонымен қатар мерекеміздің мәртебелі қонағы – облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өз лебізін білдірді. Әсем би, әуезді әнмен көмкерліген жиынға жиналғандар да ыстық лебіздерін жолдап, тіпті, өлең-жырларын да арнап жатты. Салтанатты шараның маңызды рәсімі, яғни, қоңырау соғу құрметі мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған 1 сынып оқушылары Айбын Телжан мен Сабина Нигмитуллинаға бұйырды. Олар соққан сыңғырлаған қоңырау үнімен оқушылар «асыға жеткен, сағына күткен» алтын ұяларына қарай бет алып, «Мен патриотымын!» тақырыбындағы алғашқы сабақтарын бастап та жіберді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ЕҢБЕК ЕРІ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Күні: , 116 рет оқылды

Оқушылардың ала жаздайғы асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген. Биылғы жылдың ерекшелегі Құрбан Айт мерекесінің 1 қыркүйек Білім күнімен тұспа-тұс келуіне орай 2 қыркүйек күні еліміздің барлық елді мекендеріндегі сияқты Жалпақтал ауылдық округіндегі қос білім ұяларында алғашқы қоңырау салнататы болып, білім күнінің алғашқы сабағы өтті. Осындай айшықты шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, ардагер ұстаздары, мектеп табалдырығын алғашқы болып аттап отырған мекметп түлектері, ауыл тұрғындары қатысты. Білім күніндегі салтанатты мерекеде Әнұран орындалғаннан соң, К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп басшысы Салтанат Өтеғұлова жиынды ашып берді. Оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, мектепте білім алушылар мен мұғалімдер жайында қысқаша баяндады. Білім ордасында 2016-2017 оқу жылында 480 оқушы білім алса, биылғы жаңа оқу жылында 477 шәкірт ұстаздардан сабақ алмақшы. Олардың қатарында мектеп табалдырығын енді аттаған 49 бүлдіршін болса, 25 түлек киелі қара шаңырақ — мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасайды. Талай түлектерді ұшырған Еңбек Ері К.Меңдәлиев атындағы білім ордасынан әлі де көптеген үлгілі шәкірттердің шығарына сенім артқан мектеп директоры ұжымды бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Мұнан соң құттықтау сөз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Рахымқызы, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызына беріліп, барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді. Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін жарқын болашақтың кішкентай бүлдіршіндері жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Барлық мектептерде алғашқы қоңырау үні естіледі. К.Меңдәлиев атындағы орта мектебіндегі жиында алғашқы қоңырау соғу құрметі мектеп партасына алғаш отырғалы отырған Жанереке Қабиден мен Болат Исламға бұйырды. Олар баршаға айнала қоңырау үнін естіртіп, жаңа оқу жылының басталғанын ұғындырды. Мектеп оқушылары «Мен патриотпын» тақырыбында өткізілетін білім сабағына қатысты.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢА ИНТЕРНАТ

Күні: , 126 рет оқылды

«Көптен күткен ұлы той» демекші, Қазталов ауданы орталығында Қазталов орта мектебі жанындағы 100 орындық жаңа интернат құрылысы аяқталып, 2 қыркүйек күні пайдалануға берілді. Жаңа интернат салу мәселесі көптен бері көтеріліп, қаражат тапшылығынан жылма-жыл кейінге шегеріліп келген еді. Қыс мезгілінде бөлмелері суық және барлық санитарлық талаптарға сай емес ескі интернатта ауылдан келген оқушылардың білім алып, тынығуына көп кедергі келтірілгені рас. Міне, былтырғы жылы ел басқарып отырған азаматтардың тікелей араласуымен жаңа интернат салу мәселесі шешіліп, құрылысы басталған болатын. Былтырғы жылдан құрылыс жұмыстарына білегін сыбана кіріскен мердігер «СәттіСәулет» ЖШС облыстық бюджет есебінен бөлінген 286 млн. 485 мың 044 теңге қаражатты толығымен игеріп, екі қабатты жаңа нысанды сапалы да бүгінгі заманға сай салып берді. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков жаңа нысанның ашылуымен құттықтаса, «СәттіСәулет» ЖШС-нің инженері Наурызбек Аймашев мектеп директоры Әлия Жақсыбаеваға интернаттың кілтін табыс етті. Бұл жаңа жатақханада әзірге 60 бала орналасқан. Алдағы уақытта толық қамтылатын болады. Жаңа интернатқа келіп орналасқан оқушылардың қуанышында шек жоқ. Заманауи тұрғыдан толық жабдықталған интернатта оқушылардың сапалы білім алып, тәрбиеленулеріне бар мүмкіндік қарастырылған. Айта кетсек, биылғы жылы ауданымызда білім нысандарын күрделі жөндеу мен жаңадан салу жұмыстарына 545 млн. теңге қаражат бөлінген болатын.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА — ЖАҢАРТЫЛҒАН МЕКТЕП

Күні: , 126 рет оқылды

Қошанкөл орта жалпы білім беретін мектебінде де алғашқы қоңыраудың да сыңғыры естілді. Тап-таза тілекпен, қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстап, алтын ұя мектептеріне асығып бара жатқан мектеп оқушыларының көңілдері көтеріңкі, жүздері жылы… Себебі, жаңа сабақ, жаңа мектеп, жаңа өмір… Алғашқы қоңырау салтанатты жиынында аудан әкімі Абат Шыныбеков, — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: — «Елімізді дамытудың басты факторы – білім беруді дамыту» екенін нақты айтқан болатын. Соңғы жылдары еліміз бойынша білім беру саласына көп көңіл бөлінуде. Бүгін Қошанкөл ауылы тұрғындарының қуанышына айналған білім ошағы алғаш рет есігін айқара ашып, жас бүлдіршіндерді қарсы алып тұр. Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі, ол — Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болатын жас ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету, тәрбиелеу. Биылғы оқу жылыда Құрбан айт мейрамымен тұспа-тұс келуі де тегін емес деп ойлаймыз. Биылғы жылы аудан бюджетінің 51,3 пайызы білім саласына жұмсалуда. Оның ішінде 545 млн теңге аудан мектептеріне құрал-жабдықтар алуға жұмсалып отыр. Жаңартылған білім жүйесінжүзеге асыру мақсатында барлық мектептер 140 млн. теңгеге жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Бұның өзі білім саласындағы басты жетістеріміз, -деп барлық ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты жиында ардагер ұстаз Роза Жәнібекқызы, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлсамал Елтайқызы ауыл тұрғындарына, мектеп ұжымына және жас бүлдіршіндерге жүрекжарды тілектерін білдіріп, жоғары жетістіктерге жетуде сәттілік тіледі. -1983 жылы қаланған бұл мектеп 34 жыл бойы мектеп ұжымның күтіп ұстауының арқасында бүгінгі күнге дейін тозған жоқ. Дегенмен ескінің аты ескі ғой. Күрделі жөндеуді талап ететін. Аудан, облыс басшылары болып осы мәселені шешіп берді. Бүгін қуанышымызда шек жоқ. Осы жұмысты жауапкершілікпен атқарып, мерзімінен бұрын аяқтап берген «БатысСтройСервис» ЖШС-ны алғысымызды білдіреміз. Әрине, білім күні қарсаңында мектеп ішіндегі безендірулерді алдын-ала дайындап, жаңа оқу жылына қабырғаларға жаңа көрнекіліктер іліп қойдық. Оқушыларымыз бен оқытушыларымыз жаңа оқу жылына дайын. Сондай-ақ биылғы жылы мектепке 1 жас маман жұмысқа орналасып жатыр. Енді жаңа оқу жылына жаңа жетістіктерге жететінімізге сенеміз, — деді мектеп директоры Ернар Ильясов. Ұлттың болашағы – білімді де тәрбиелі ұрпағының қолында. Сондықтан мектеп ұстаздарына: «Бүгінгі заман талабына сай сіздер тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз болашақта өткенін ұмытпайтын, салт-дәстүрін сақтайтын білімді де саналы, туған елінің төл перзенті болып өссін, тәрбиелі шәкірттеріңіз көбейіп, толағай табыстарға жетіңіздер! Қуаныштарыңыз құтты болсын!» демекпіз. Сондай-ақ аудан басшысы мектепті аралап, жаңарып, жаңғырған сынып бөлмелерін, су жаңа жиһаз-жабдықтарды көріп, 9 сыныпта өтіп жатырған «Мен – елімнің патриотымын!» атты тәрбие сағатына қатысты.

Жұлдыз АСҚАР


БОСТАНДЫҚ МЕКТЕБІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

Күні: , 98 рет оқылды

Үш ай жаз демалыста болған оқушылар бүгін мектеппен сағына көрісті. Себебі бүгін 2 қыркүйек -білім күні. Осы күні Бостандық орта жалпы білім беретін мектебінде салтанатты шара өтті. Шарада мектеп директоры Ақылбек Құсайынов сөз алып, барша ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында жетістіктер тіледі. Сонымен қатар шараға қатысқан Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетов, аудандық қаржы бөлімінің басшысы Жанболат Темірғалиев, «Нұр Отан» партиясы Бостандық бастауыш ұйымының төрайымы Алтын Ақбаева, ардагер-ұстаз Жәмила Айболатова барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. Шара барысында елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып келген оқушылар флешмоб жасаса, мектеп табалдырығын аттап 1 сыныпқа барған бір топ бүлдіршіндер үш тілде тақпақтарын оқып, Аяна Жүсіпова мектебіне ән шырқады. Сонымен қатар мектеп ұстаздары білім бөлімінің алғыс xаттарымен марапатталды. Биылғы «Мектепке жол» акциясы негізінде ауыл тұрғыны болған, қазіргі таңда Орал қаласының тұрғындары Қуаныш-Самал Садмановтар төрт отбасыға мектепке қажетті құралдар тарту етті. Шара соңында 1 сыныпқа барған екі бүлдіршін қоңырау соқты.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ҚОНЫС МЕКТЕБІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

Күні: , 112 рет оқылды

«Кел, балалар, оқылық!» деп ұлттың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, 2 қыркүйек күні Қазақстанның барлық білім ордалары жаңа оқу жылына есіктерін айқара ашып, білім алушыларды қуана қарсы алды. Қоныс орта мектебі де жаз бойы демалып, есейген оқушыларын ыстық ықыласпен күтіп алды. Өз ұжымын және оқушыларды мектеп директоры Өбила Аяп құттықтап, -Сіздерге сәтті оқу жылын, еңбекте жеміс, жаңа жетістіктер тілеймін,- деді. Сонымен қатар салтанатты шараға қатысушы қонақтар мен ата-аналар да өз жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қоныс орта мектебі жаңа 2017-2018 оқу жылын 82 оқушымен бастап отыр. Былтыр 4 оқушы мектептен түлеп ұшса, биыл 11 бүлдіршін 1 сынып табалдырығын аттады. Салтанатты шарада мектеп оқушылары ән шырқап, би де биледі. Жаңа оқу жылының алғашқы күні сыныптарда «Мен патриотпын» атты тәрбие сағаты өткізіліп, 1 сынып оқушыларына мектеп ішінде экскурсия ұйымдастырылды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


АЛМА ОРАЗБАЕВА МЕКТЕБІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

Күні: , 132 рет оқылды

Күздің алғашқы күні мектеп оқушылары үшін қуанышты күн. Үш ай бойына демалып, мектебін, достарын сағынған оқушылар мен биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау соғылар күн. Алғашқы қоңырау сыңғырын асыға күткен Алма Оразбаева орта мектебі оқушыларының таңсәріден қуаныштарында шек жоқ. Алғашқы қоңырау салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин, және Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Алия Гусманова барша оқушыларды алғашқы оқу жылымен құттықтап, жаңа оқу жылын табысты бастауға тілектерін білдірді. Мерекеде 1 сынып оқушылары тақпақтарын айтып, 8 сынып оқушысы Сұлтан Бақытжан Пауле Пицегонидің «Либер танго» шығармасын орындаса, 9 сынып оқушысы Кәмшат Аюпова әсем әннен шашу шашты. Салтанатты шарадан соң барлық оқушыларға «Мен өз елімнің патриотымын» атты алғашқы сабақ өткізілді.

Әсем ХАЛИУЛЛИНА


БАТЫР КӨШЕСІНДЕГІ МЕРЕКЕ

Күні: , 121 рет оқылды

«Туған жер» аясында ұйымдастырылған көше мерекесін 1 қыркүйек күні Жалпақтал ауылының бас көшесі Сырым Датұлы көшесінің тұрғындары жалғастырды. Алдымен арнайы құрылған əділқазы алқасы Сырым бабамыздың көшесіне аралап, бас көшенің ақсақалдары, еңбек ардагерлері Жүсіп Ахметовтың, Əлібек Қоңырбаевтың шаңырақтарында және үлгілі аула Дулат Ихсановтың отбасында болып, көше мерекесімен тұспа-тұс келген Ұлық мереке Құрбан Айт мейрамымен және Білім күнімен құттықтады. Бүгінде Сырым бабамыздың бас көшесінде 65 отбасы, 260 тұрғын тұрып жатыр. Бұл көше тұрғындар жиналып, Құрбан айт мерекесіне орай Жалпақтал мешітінде құрбан шалып, көшенің көп балалы отбасыларына таратты. Кешкісін орталық саябақта дастархан мәзірі əзірленіп, шашу шашылды. Сонымен қатар дəмі тіл үйірер тəттілер жиналған жұртшылыққа ұсынылды. Əсем кешті Сырым Датұлының ең жас тұрғындарының флеш-мобымен басталды. Сахнада əн əуелеп, мың бұралған бишілермен қатар қазақтың қара домбырасымен күй тартылып,арнау айтылды. Бұған қоса қалың көрерменнің көңілін көтерген жеңгелеріміз бен келіндеріміздің əзіл-қалжың билері көрсетілді. Сонымен қатар батыр бабамыздың тұрғындары Тұяқбаевтар отбасы əсем əндерімен осы кештен табылып, жұртшылықты əсем əндерімен тәнті етті. Осылайша жан-жақтылығын дәлелдеген Сырым бабамыздың бас көшесінің тұрғындары көше мерекесін жоғары деңгейде өткізді.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.